• Ақпарат
  • 01 Мамыр, 2025

Достық атты қазына аралы бар

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ ,

«Ana tili»
 

Бұл күн ерекше маңыз­ды. Өйткені 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бірлік бар жерде ынтымақ, береке бар. Ынтымағы жарасқан елге ырыс келеді. Береке-бірлік, ынтымақ болмаған жерде бақыт болмайды. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұл – татулық пен тыныштықтың, тұрақтылық пен бейбітшіліктің символы саналатын мерейлі мереке. Қазақ жерін мекен еткен сан алуан этностың мәдениеті, діні мен дәстүрі өзара үндесіп, бірегей өркениетке айналды. Бүгінде еліміздің барша азаматы біртұтас ұлт болып Әділетті Қазақстанды құрып отыр. Ырысты ынтымақтың арқасында халқымыздың қуаты арта түседі. Сондықтан біз бірлігімізді нығайтуға бар күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек. Бұл – әрбір азаматтың мәртебелі міндеті әрі перзенттік парызы» деп атап көрсеткені белгілі. 

 

Демек, біз отаншылдықты, өзара сыйластық пен татулықты жан-жақты дәріптеуіміз керек. Бұл – мемлекеттің ғана емес, барша азаматымыздың ортақ міндеті. Жалпыұлттық бірлік – қуатты мемлекет болудың басты кепілі. 
Өткенге үңілсек, 1995 жылы Президенттің жарлығымен 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні болып жарияланды. Кеңес Одағының бүкіл экономикалық құрылымы күйреп, кейбір елде әлеуметтік жарылыс басталған сол бір алмағайып кезең үшін ел бірлігі, ынтымақ ауадай қажет еді. Бүгін де бұл мәселе өзекті. Қазақстан осы күнге дейін әжептәуір экономикасы бар азат елге айналса, сол тұрақтылық пен бірлік-берекенің арқасы екені сөзсіз.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, қазақ халқы расында толерантты халықпыз. Елдегі тыныштық пен береке алдымен халқымыздың сонау көшпелі кезінен қалыптасқан кеңқолтық, бауырмал қасиетіне, мінезіне байланысты деп пайымдау керек. Елімізде тұратын этнос өкілдері де жергілікті ұлттың сол қасиетін біледі, бағалайды, сыйластық содан қалыптасқан. Герольд Бельгерді дүниеден өткенше Гераға атағандардың ішінде өзіміз де бармыз. Манап Көкеновпен айтысқан ақын Надежда Лушникованы, қазақша ән айтып сайрап тұрған әйгілі үш Татьянаны (Мартыненко, Бурмистрова, Полтавская) қазақ өз қызындай көрді. «Сыйға – сый, сыраға – бал» деген осы. Қазақша сөйлейтін этнос өкілдерін халқымыз қазір де қалтқысыз көңілімен сыйлайды. Асылы Осман апай бастаған қазақшасы қамшы салдырмайтын қыздар мен жігіттерді қарындасымыздай, ініміздей көреміз. 
Қазақ халқының шын мәніндегі ұлы ақындарының бірі Қадыр Мырза-Әлидің «Достық мектебінде есеп пәні жүрмейді» деген керемет қанатты сөзі осындайда еске түседі. Қанында мәрт мінезі бар қазақ атаулы достыққа келгенде есептеспейді. Ол қай этностың өкілі, бұрын кім еді, қазір кім... Өзі секілді досының да алғаусыз көңілін көргісі келеді. Содан да ақ көңіл, кейде тіпті аңғырт қазақ Қазақстандағы барлық халық қазақша сөйлегенін қалайтын шығар…
Әрине, халқымыз бодандықтың ауыр зардабын көрді. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» деп ескертетіні содан. Қазақ өз тарихынан да «Дос – егіз, дұшпан – сегіз» екенін ұқты. Досымен араздасса, жауы той жасағанын көрді. «Досыңның пышағымен мүйіз кес,
Дұшпаныңның пышағымен киіз кес», – деп өсиет етті. Мұндай халықтың пайым-парасатын әйгілейтін қанатты сөз аз емес, бірақ бәрін түгендеп жатуды да мақсат етпедік. 
Мемлекеттік тіл мәселесін көтеруде Мұхтар Шахановтың алдына түскен ешкім жоқ. Біздің бәріміз бір жылдары сол Мұхтар ағаның айналасына топтасқанымызды жұрт біледі. Мұхаңның орыстың ұлы ақындары Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенскийлермен достығының өзі үлкен үлгі. Қазақ ақындарында достық пен махаббатты жырлауда да Мұхтар Шахановтың алдына түскеніміз кемде-кем шығар. 
Достық деген ізгіліктің алаңы,
Оған куә ғасырлар мен замандар.
Отанын да сатып кете алады,
Қиын шақта досын сатқан адамдар! – деген өлең жолдарын бала күнімізде жаттасақ, жігіттік шақта:
Ізгілік пен ізеттің байлауында,
Мама қаздар самғайтын қойнауында.
Достық атты қазына аралы бар,
Сонау Мақсат тауының жайлауында.
Жұрттың бәрі баруға құштар оған,
Құштар бол деп тіпті ешкім қыстамаған.
Өзін мәңгі бақытты санайды екен,
Сол аралдан от алып ұшқан адам. 
Расында, дос­тық – қазына аралы. Өйткені онда бірлік-береке, ынтымақ, даму, бейбіт өмір, байлық – бәрі бар. Ілкіде айтқанымыздай, шын дос санаған адамыңнан өзің де сондай ниет көргің келетіні табиғи жағдай. Сонда ғана еліміз достық аралына, қазына аралына айналмақ. 
Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын!

770 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы