- Ақпарат
- 08 Мамыр, 2025
Әлі жеткен әлімжеттік көрсетпеуі үшін

Ақбота Мұсабекқызы,
«Ana tili»
БҰҰ күнтізбесі бойынша, 4 мамыр – Білім беру ұйымдарындағы буллингіге және қысым жасауға қарсы күрес күні. Бұл күн – балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама. Жалпы, буллинг (қорлау, мазақ ету, жәбір көрсету) пен кибербуллингіге қарсы тұру, оқушының құқығын қорғау және психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету, мектепте зорлық-зомбылықсыз, қолдаушы орта қалыптастыру, мұғалім, ата-ана және оқушы арасында серіктестікті нығайту мақсатында бұл күннің маңызы зор. 2023 жылы «Білім туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, буллингінің алдын алу мен оған қарсы әрекет ету білім беру ұйымының міндеті ретінде заңдастырылған.
Баршаға белгілі, буллинг, әлдінің әлсізге күш көрсетуі көбіне шағын қала мен шағын ауданда көп кездеседі. Осы кезде жаңадан құрылған, шағын аудандардан тұратын Алатау қаласы ойымызға оралды. Бұл қала былтыр Президенттің жарлығымен құрылған. Жарлыққа сәйкес, Алматы облысының Іле ауданындағы Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қалаға айналып, атауы Алатау қаласы болып өзгертілді. Қазіргі таңда Алатау қаласында 12 шағын аудан бар, олардың ішінде Арна, Дәулет, Еңбек, Жетіген, Жаңаарна, Жаңаталап, Жаңадәуір, Заречный, Қоянқұс, Құйған, Қайрат және Ынтымақ ауылдары бар. Біз осы жаңа қаланың оқушыларының қал-жағдайын білгіміз келіп, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен буллингіге қарсы күресі туралы мамандардың пікірін білген едік.
Жалпы алғанда, буллингіге қарсы күрес болғанда арнайы тақырыптық сабақ, семинар, тренинг өткізіледі, психологтер мен әлеуметтік педагогтер оқушыларға, ата-аналарға кеңес береді, балалардың бір-біріне деген құрметі мен эмпатияны тәрбиелеу жұмысы күшейтіледі және «Сенім жәшіктері», онлайн қолдау желілері, анонимді сауалдамалар жүргізіледі.
«Алматы облысы бойынша психологиялық қолдау оқу-әдістемелік орталығы» КММ Алатау қаласы бойынша психологиялық қолдау әдістемелік орталығының үйлестіруші-әдіскері Әлия Кенжебекқызының айтуынша, шағын қаладағы және мектептегі буллинг мәселесін бірнеше негізгі тұрғыдан қарастыруға болады. Бұл жағдайды тек жеке тұлғалық емес, сонымен қатар әлеуметтік, мәдени және білім беру жүйесіне байланысты құбылыс ретінде сипатталады.
«Шағын қалада адам бір-бірін жақсы таниды. Бұл кейде оң әсер берсе де, кері жағдайға да әкелуі мүмкін. Көп жағдайда буллингінің ұшы мектеп немесе жұмыс ұжымы ішінде қалыптасқан, тығыз әлеуметтік топтарда байқалады. Жәбірленушіге қарсы топтық қысым көрсету, оны шеттету – кең таралған жағдай. Шағын ортада қысқа түсінік, теріс көзқарас басым болуы мүмкін. Бұл ерекшелігі өзгеше балаларды (мысалы, интроверт, ұлт өкілі, мүгедектігі бар бала) буллингіге ұшыратуы мүмкін. Баланың мінезі немесе сыртқы келбеті басқалардан өзгеше болса, ол автоматты түрде нысанаға айналады. Бұл тұрғыда, психологиялық қолдаудың жеткіліксіздігі байқалады. Ауылдық және шағын қала мектептерінде психолог мамандар жетпейді немесе жұмыс жүктемесі тым көп. Кейбір мектепте бір ғана психолог бірнеше жүз оқушымен жұмыс істейді. Бұл нақты психологиялық қолдаудың көрсетілуіне кедергі жасайды. Буллингінің ұзақмерзімді салдары бар екенін де атап өткеніміз жөн. Буллинг құрбаны өз-өзіне сенімсіздік, депрессия, қоғамнан оқшаулану, тіпті суицидтік ой сияқты күрделі психологиялық зардапқа ұшырауы мүмкін. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін, мектепте буллингіге қарсы бағдарламаларды енгізу, ата-ана мен ұстазға психологиялық тренинг өткізу, балаларға эмоциялық интеллект пен қарым-қатынас дағдыларын үйрету және жеткілікті психолог кадрлармен қамтамасыз ету маңызды, – дейді Әлия Кенжебекқызы.
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы 2022 жылғы зерттеуіне сәйкес, әрбір үшінші оқушы мектепте кемсіту мен қорлауға ұшырағанын мойындаған. Ал көп жағдайда мұны мұғалім немесе ата-ана ескермейді.
«Мектептегі буллинг – қазіргі таңда Қазақстандағы да, әлемдегі де өзекті әлеуметтік-психологиялық мәселе. Ол оқушының психикалық, эмоциялық және физикалық денсаулығына ұзақмерзімді зиян келтіруі мүмкін. Бұл құбылыс – жеке баланың мәселесі емес, бүкіл мектеп қауымдастығының (оқушы, ата-ана, мұғалім, әкімшілік) қатысуымен шешілуге тиіс жүйелік проблема. Қазір қоғамда буллингінің түрі көп. Атап айтқанда, физикалық (ұру, итеру, заттарын бүлдіру), вербалды (мазақ ету, келеке, қорқыту, балағаттау), әлеуметтік (топтан шеттету, өсек тарату), кибербуллинг (әлеуметтік желі арқылы қорқыту, кемсіту). Шындыққа тура қарасақ, буллинг – тек агрессия емес, билік пен бақылауға негізделген жүйелі қорлау формасы. Көп жағдайда оның себебі – баланың өзгеше болуы: ұлты, тілі, киімі, дене пішіні немесе әлеуметтік мәртебесі», – дейді Әлия Кенжебекқызы.
Қазіргі таңда әр мектепте әлеуметтік педагог қызмет атқарады. Ол – оқушылардың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз етуге, құқығын қорғауға және білім беру процесіне барынша тең қатысуына көмектесетін маңызды маман. Бұл маманның қызметі психологтен бөлек, бірақ тығыз байланыста жұмыс істейді. Ал Жаңаталап ықшамауданы №25 мектептің әлеуметтік педагогі Жұлдызай Бәкірованың айтуынша, маманның бірнеше негізгі қызметі бар.
«Әлеуметтік педагогтің қызметі, біріншіден, әлеуметтік қорғау және көмек көрсету. Мектептегі аз қамтылған, мүгедектігі бар, көпбалалы отбасыдан шыққан немесе тәуекел тобындағы балалармен жеке жұмыс жүргізеді. Атаулы әлеуметтік көмек пен тегін тамақтану, мектеп формасы, оқу құралдарымен қамтылуына ықпал етеді.
Барлық оқушыға тең білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуді мақсат етеді. Екіншіден, құқықтық және профилактикалық жұмыс. Онда оқушы құқығының бұзылуын анықтау және оның алдын алу үшін жұмыс істейді, құқық қорғау органдарымен, қамқоршылық кеңеспен, ПД инспекторларымен бірлескен профилактикалық шара ұйымдастырады. Буллинг, қатыгездік, отбасыдағы зорлық-зомбылық жағдайында бала мүддесін қорғайды. Үшіншіден, ата-анамен байланыс орнатады. Ата-анаға түсіндіру, кеңес беру жұмысын жүргізеді. Отбасыда қиын жағдайы бар оқушының ата-анасымен психоәлеуметтік қолдау бағытында қызмет атқарады. Төртіншіден, мектеп ұжымымен және психологпен бірлесіп жұмыс істейді. Психологпен және сынып жетекшісімен бірігіп, оқушының мінез-құлқы мен отбасыдағы жағдайын зерттейді. Тәртіп бұзушылықтың, буллингінің алдын алу шарасына қатысады. Мәселен, қиын мінезді балаға бейімделу жоспарын құрастырып, оқу үрдісінен тыс дамытушы ортаға тартуға күш саламыз. Бесіншіден, әлеуметтік бейімдеу және дамыту бағытында жұмыс істейді. Мысалы, жаңа келген оқушыны ұжымға бейімдеу, мектеп ішіндегі достық, толеранттық қарым-қатынасты қалыптастыру жобасын ұйымдастыру деген сияқты жауапты істерді атқарады», – дейді Жұлдызай Бәкірова.
Білім беру ұйымдарындағы буллингімен күресте мектеп инспекторларының да қызметі маңызды. Иә, қазіргі таңда Қазақстан мектептерінде мектеп инспекторлары қызмет атқарады. Алайда олардың саны мен қызмет көрсету сапасы өңірлер бойынша әртүрлі болып келеді. Мәселен, Ақтөбе облысында 456 білім беру мекемесі болса, олардың 114-інде ғана инспектор бар. Батыс Қазақстан облысында Мектеп инспекторларының саны 83 болса, оның 47-сі мектепте жұмыс істейді. Ал Шымкентте 69 мектеп инспекторы жұмыс істейді, алайда 12 мектепте инспектор жоқ. Сонымен, Алатау қаласы полиция бөлімінің ЮПТ инспекторы, полиция лейтенанты Тастемір Қайратұлы мектеп инспекторларының негізгі міндеттерін атап берді.
«Біріншіден, құқықбұзушылықтың алдын алу. Оқушылар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыс жүргізеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Яғни мектепте оқушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бейнебақылау камераларын орнату және күзет қызметтерін ұйымдастырады. Ата-анамен тығыз байланыста болып, олардың құқығы мен міндетін түсіндіреді. Ұстаздар мен мектеп әкімшілігі бірлесіп, тәртіп мәселелерін шешеді», – дейді Тастемір Қадыр.
Оның айтуынша, мектептегі буллинг әлеуметтік-құқықтық проблема ретінде бағаланады. Бұл құбылыс тек тәртіпбұзушылық емес, қылмыстық құқықбұзушылыққа әкелуі мүмкін жағдай ретінде қарастырылады.
«Буллинг – жасөспірімдер арасындағы құқыққа қайшы мінез-құлықтың бастапқы белгісі. Оны дер кезінде тоқтатпаса, зорлық-зомбылық, бопсалау, ұрып-соғу секілді ауыр формаларға әкеп соғуы мүмкін. Егер буллинг физикалық күш қолдану, қорқыту, бопсалау, қорлау сипатында болса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс немесе Қылмыстық кодекс баптары бойынша қарастырылады: ҚК 131-бабы – жала жабу, ҚК 194-бабы – бопсалау, ӘҚБтК 73-бабы – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер. Мұндай жағдайда куәгерлерден жауап алып, мән-жайды анықтаймыз. Ата-анаға түсіндіру жұмысы жүргізіліп, оқушының заң алдындағы жауапкершілігі түсіндіріледі. Психолог және әлеуметтік педагогпен бірлесіп жұмыс істейміз. Бұл жәбірленуші мен агрессордың психологиялық жағдайын зерттеуге көмектеседі. Қажет болған жағдайда әкімшілік хаттама жасаймыз. Егер буллинг заң бұзушылыққа жатса, хаттама толтырылып, іс бөлімге жіберіледі. Балалар істері жөніндегі комиссиямен байланыс орнатқан қиын жасөспірім ретінде тіркеуге қою мәселесі қаралады. Жалпы, мектептегі инспектордың рөлі қандай деген заңды сұрақ туындайды. Біз буллингінің алдын алуға тырысамыз. Мектепте құқықтық тәрбие сағатын өткізіп, буллингінің зиянын түсіндіреміз. Ашықтық пен қауіпсіздік құрамыз, оқушылар инспекторға сеніп, оқиғаны дер кезінде хабарлай алуға тиіс. Кешенді әрекет етеміз, буллингінің тек жазамен емес, тәрбиелік және психологиялық тәсілдермен шешілуін қадағалаймыз», – дейді Тастемір Қайратұлы.
Ал, Алатау қаласы әдістеме бөлімінің басшысы Эльмира Ғабитованың айтуынша, шағын қалаларда ПД инспекторы, мәдениет үйі, Жастар ресурстық орталығы сынды құрылымдармен бірігіп, топтық іс-шара мен лагерь ұйымдастыру арқылы достық ортаны дамытуға болады. Оның сөзінше, жергілікті құрылымдармен бірлесе жұмыс істеу – буллингінің алдын алудағы басты құралының бірі. Себебі бұл ұйымдар оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасап, жағымды орта қалыптастырады.
«Мәселен, ПД инспекторы (Ювеналды полиция) арқылы құқықтық тренинг өткізіп, «Менің құқығым және міндетім», «Буллингінің заңдық салдары» атты кездесу ұйымдастыруға болады. Соның аясында, құқықтық ойын ұйымдастырылса, атап айтқанда, симуляциялық сот процесі (мектеп ішіндегі құқықбұзушылық мысалында). Қазір мектепте «Сенім – қауіпсіздік кепілі» акциясы бар. Оқушыларға инспекторлармен ашық форматтағы диалог ұйымдастыруға болады. Мәдениет үйімен бірлесіп, психологиялық театр қойылымын, оның ішінде буллинг тақырыбына арналған сахналық көрініс көрсету де жақсы бір құрал бола алады деп ойлаймын. Арт-фестивальдар, музыкалық және би студиясы арқылы әлеуметтік бейімделуі қиын балаларды шығармашылық ортаға тартуға болады. Жастар ресурстық орталығы арқылы мотивациялық тренинг, дос болуға үйрететін жазғы лагерьлерде буллингіні болдырмау мақсатында топтық ойын, психологиялық жаттығу жасау маңызды. Сонымен қатар еріктілер клубы арқылы жасөспірімдерге әлеуметтік жауапкершілік сезімін дамытуға болады деп ойлаймын. Осындай іс-шара арқылы оқушы басқаларды құрметтеуге, түсінуге үйренеді. Қоғамдық белсенділік пен өз-өзіне сенімділікті дамытады. Агрессия мен буллингіге бейім мінез-құлықтан алыстайды», – дейді Эльмира Ғабитова.
Буллинг сөзі ағылшынша «bullying» сөзінен алынған. Қазақша баламасы – «қорқыту». Мамандардың айтуынша, қорқыту бастауыш және орта мектепте жиі кездеседі. 10–11-сыныпта ми құрылымдарының жетілу процесі мен жасөспірімдердің өзін-өзі реттеу қабілеті аясында ол біртіндеп жоғалады. Буллингіде үш негізгі рөлдер бар. Біріншісі – булли (қорқытуды ойлап табады және басқарады), екіншісі – бақылаушылар (жанжалдан тыс, бірақ агрессорларды мақұлдайды немесе айыптайды). Үшіншісі – жәбірленуші. Білім беру ұйымдарында, өкінішке қарай, бұл үш тарап та бар. Кейбір жерде бұл мәселе ашық көрініп жатса, кей жерде жасырын өтіп жатқаны рас. Өйткені барлық бала мені бопсалап жатыр, қорқытып жатыр деп айта бермейді, оны ар санауы мүмкін. Бірақ баланың психологиялық көңіл күйін ата-анасы да, ұстаздары мен мектеп басшылығы да, психолог пен инспектор да бақылап отырғаны абзал.
Жасөспірімді қорқыту – күрделі тәсілді қажет ететін мәселе. Мектептегі буллингімен бала жалғыз өзі күресе алмайды, оған шамасы да жетпейді, қалай әрекет етуді де түсінбеуі қалыпты. Бірақ барлық тарап, яғни ата-ана, мұғалім және оқушының өзі бірігіп күрессе, мұндай келеңсіздікті жеңіп шығуға болады. Буллингіге тап болғандар, психолог мамандардың көмегіне жүгінуден ұялып, бас тартпағаны жөн.
Өйткені баланың психологиялық жағдайы оның болашағына тікелей әсер етеді. Жақсы адам, білікті маман болуы да осы мәселеге тікелей байланысты болса керек. Қазіргі қоғамда «мені қорқытып жатыр», «баламды бопсалап жатыр», «оқушым зәбір көріп жүр» деп дабыл қағуы маңызды. Сонда ғана жауапты мамандар өз жұмысын істеп, жағдайды түзетуге немесе оқиғаның алдын алуға мүмкіндік туады.

3641 рет
көрсетілді0
пікір