- Ақпарат
- 08 Мамыр, 2025
Абырой асқарында

Қандай жұмысты да шебер ұйымдастырып, оң нәтижеге қол жеткізе алатын қызметкердің биік белестерді ерте бағындыратыны заңдылық та шығар. Бірақ ондай жағдай сирек кездеседі. Осындай, өзінің ақыл-парасатымен және іскерлік қабілетімен ерте танылған азаматтың бірі – Бақытжан Әбдірайым. Бойына білім мен адамгершілік қасиетті молынан жинаған ол бүгінде ел алдында зор абыройға бөленіп отыр.
Айталық, атақты математик, академик, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев Жоғарғы Кеңестің ең жас депутаты болды. Өйткені ғылым жолында жастай айрықша жетістіктерге қол жеткізген ол ең жас академик атанып, атағы ерте шықты.
Сол сияқты, Бақытжан да не бары 27 жасында Жоғары Арбитраждық соттың ең жас
судьясы болды. Ал 30 жасында Жоғары Соттың судьясы болып сайланды. Бұл – Қазақстан тарихында болмаған жайт. Заң ғылымының докторы диссертациясын да ерте қорғады, кейін Ұлттық ғылым академиясына да толық мүше болып сайланды. Осының бәріне өзінің білімімен, іскерлігімен жетті. Ол – ол ма, көп ұзамай Жоғарғы Сот Кеңесінің мүшесі болып тағайындалды. Сол кезде өзім де осы ұйымның мүшесі едім. Ол арамыздағы ең жас әріптесіміз болатын.
Бақытжанның бір жерді шиырлап тұрып қалмай, үнемі алға ұмтылатын керемет қасиеті бар. 2000 жылы Президенттің қатысуымен өтіп, күрделі мәселелер шешімін тапқан Судьялар одағының кезекті бір съезінде Бақытжанның осы Одаққа төраға болып сайлануы жас та болса білімі мен тәжірибесі кәсіби ортада толықтай мойындалғанын көрсетеді.
Сот саласындағы судьялық қызметінен бөлек, кейін Парламент депутаты болды, Үкіметте, яғни Қорғаныс, одан кейін Әділет министрінің орынбасары қызметтерін атқарды, одан бертін мемлекеттік емес ұйымды – Кәсіподақтар федерациясын басқарды. Сонда, қарап отырсам, Конституциямен танылған үш билік тармағында – сот саласында, заң шығарушы органда, атқарушы органда қызмет атқарып, одан кейін қоғамдық ұйымды басқарып, төрт билікте де табысты қызмет етіпті. Ал әр салада абыройлы еңбек етіп, жетістікке жету әр адамның қолынан келе бермейтіні ақиқат.
Бақытжанмен танысқан кезімде оның бойындағы көптеген ізгі қасиетіне, талабына таңданыспен қарағанымды жасыра алмаймын. Бәріміз де кеңестік жүйеде тәрбиеленген ұрпақпыз. Біздің замандастарымыз көбінесе қазақ және орыс тілін ғана білді. Қазіргідей емес, арамызда ағылшын тілін білетіндер көп бола қоймайтын. Ал ана тілі мен орыс тілінде еркін сөйлейтін Бақытжан ағылшынша да жетік білетінімен таңғалдырды. Сөйтсем, анасы ағылшын тілінің мұғалімі екен. Десек те, мұны оның жас кезінен өз-өзіне жоғары талап қоя білгенінің нәтижесі дер едім.
Мәселен, тәуелсіз еліміздің алғашқы Жоғарғы Сотының төрағасы болған мемлекет және қоғам қайраткері Тамас Айтмұхамбетов ағамыз қазіргі заман талабын терең түсініп, ағылшын тілін алпыс жасында зор құлшыныспен үйрене бастады. Мұны айтып отырған себебім, Бақытжан шет тілін меңгеру арқылы жаңа көкжиектерді ашуға мүмкіндік мол болатынын және оның болашағы зор екенін ерте түсінген. Әйтпесе, біздің заманымызда «орыс тілін білмесең, өспейсің» дейтін қағида басым еді.
Негізі, Бақытжан екеуміздің әр жылдары атқарған қызметтеріміздің ұқсас тұстары да бар. Мысалы, мен облыстық соттың судьясы болсам, ол Жоғарғы Соттың судьясы лауазымын атқарды. Екеуіміз де Мәжіліс депутаты болып сайландық, Әділет министрінің орынбасары болдық. Енді бір кезеңде Парламентте Мәжіліс Аппаратының басшысы болсам, ол да кейін Сенаттың Аппаратын басқарды.
Одан кейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Президенттің Парламенттегі Өкілдігінің басшысы қызметіне тағайындалды. Мұндай өте жауапты лауазымда қандай да бір күрделі мәселені депутаттарға зор сыйластықпен, сабырмен түсіндіріп, қызметін абыроймен атқара білді.
Қалай болғанда да, елдің болашағын шынайы ойлайтын тұлға жоғары лауазымға тағайындалса, жаңа, жігерлі бастамаларды жүзеге асыра бастайды. 2007 жылы Жоғарғы Соттың жанындағы Сот әкімшілігі комитетіне басшы болып тағайындалған Бақытжан бірден Комитет жұмысын жандандырып, оңтайландыру ісін қолға алды. Өзінің білімі мен тәжірибесін, деңгейінің өте жоғары екенін ісімен-ақ дәлелдеп берді. Басқару саласында мол тәжірибе жинаған заң және экономика саласының ғылым докторларын қызметке алды. Олардың қай-қайсысы да өз саласының майталман маманы еді. Сөйтіп, осындай оң өзгерістердің арқасында Комитеттің беделі бірден артқан.
Мен ол кезде осы Комитет төрағасының орынбасары едім. Жұмысымыз үш бағыттан тұрды, бірінші – соттардың қызметін ұйымдастыру, екінші – соттардың кадр мәселесін реттеу, үшінші – соттың шешімін орындау. Үшінші бағыт бойынша атқарылатын жұмыстар менің тікелей міндетім болатын. Соны жаңа деңгейге көтеріп, жұмысты алға бастыру үшін белгілі бір пәрменді шешім қажет еді.
Бақытжан төраға болып келген соң, осы шешімдерге қол жеткізуді бірден қолға алды. Бақытжан сол кезде жас болса да, өзінің іскерлігін, білікті маман екенін көрсеткені анық. Арнайы жұмыс тобын құрып, Франциядан, Балтық жағалауы елдерінен, Ресейден ғылым мен сарапшы мамандарды шақыртты. Олармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде сот орындаушыларының құқығы мен мәртебесі туралы заң жобасы жазылып, ұсыныс енгізілді.
Сөйтіп, біз мемлекеттік сот орындаушыларының съезін өткіздік. Халықаралық сот орындаушылары одағының президенті Жак Иснар құрметті қонақ ретінде келіп, еліміздің Премьер-министрінен бастап, бес-алты салалық министр қатысқан бұл съезд ауқымды нәтижесін көрсетті. Жұмысымызға Президент Әкімшілігі және барлық мемлекеттік органдар тарапынан қолдау жасала бастады. Жеке сот орындаушыларының институтын құру ісі қолға алынды. Алдымен осы саланың материалдық жағдайын көтеру, жалақысын арттыру мәселесі шешімін тапты. Сот орындаушылар топтары жұмыс кеңселерімен, автокөліктермен қамтамасыз етілді. Көптен қызмет етіп келе жатқан Комитет қызметкерлері мен сот орындаушыларының еңбегі ескеріліп, мемлекеттік наградаларға ұсынылды.
Бұл ретте Бақытжанның өз төңірегіндегі барша адамға жақсылық жасауға жаны құштар екенін айрықша атап өтер едім. Әр азаматтың еңбегін жоғары бағалайды. Көптеген жас қызметкердің білімін жетілдіре түсуіне, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуі үшін қамқорлық жасағаны әлі де есімізде.
Осы орайда, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Бақытжанның жеке өзіме көрсеткен құрметі мен жасаған жақсылығын айтып өтейін. Осы кезеңге дейін өңірде облыстық соттың судьясы, Әділет басқармасының бастығы, Мәжіліс депутаты, Мәжіліс Аппаратының басшысы, Әділет министрінің орынбасары сияқты қызмет атқарып, жалпы еңбек өтілім қырық жылдан асса да, мемлекеттік наградаға ұсынылып көрмеппін. Өзім де ешқашан ешкімнен ештеңе сұраған адам емеспін. Шамасы, өткен жолыма зер салып, еңбегімді бағалағаны шығар, Бақытжан мені жоғары мемлекеттік марапатқа ұсыныпты. Тіпті награда парағын өз қолымен дайындап, Президент Әкімшілігіне жеткізген де өзі екен. Сөйтіп, 2007 жылы «Құрмет» орденіне ие болдым.
Кейін Бақытжан Парламент Сенатының Аппаратын басқарды. Ол кезде Сенат төрағасы Нұртай Әбіқаев болатын. Ал Әбіқаевтың қандай сұсты да талапшыл адам екенін замандастары жақсы біледі. Ал Аппарат басшысы қызметінің депутаттармен тіл табысып жұмыс істей алу, барлық қызметкердің жағдайын білу, мүмкіндігі мен іскерлігін тану, мемлекеттік саясатты заң шығару үдерісіне икемдеу сияқты кез келген адамның қолынан келе бермейтін өзіндік күрделі ерекшелігі бар. Осы ретте сөйлесу түгілі, кабинетіне кіруге әр адамның дәті жете бермейтін Сенат төрағасына Бақытжан өзінің ұстанымын нақты деректермен дәлелдеп қана қоймай, жүктелген міндеттерді ашық, таза және дер кезінде орындауы арқылы оң нәтижеге қол жеткізіп, істі алға бастыра білді.
Ал енді Бақытжанның қызмет жолын осымен қысқаша қайырып, оның ұшқан ұясы туралы айтар болсам, әкесі Жарылқасын – Қаратау қаласындағы кен байыту комбинатында инженерлік қызметтен бастап бас энергетик лауазымына дейін көтеріліп, ұзақ жыл еселі еңбек еткен, елге сыйлы ардагер ақсақал. Сол кезеңдегі жоғары білімді техника саласының білікті маманы болған. Ал анасы Қайыркүл Мәдиқызы – Алматы шет тілдері институтының түлегі. Жарылқасын екеуі отау құрып, Қаратау қаласына бірге келген. Ұзақ жыл жоғары оқу орнында және орта мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ беріп, ұлағатты ұстаз атанды. Қазіргі таңда екеуі де сексеннің сеңгіріне шығып, зейнет демалысында ұрпақ қызығын көріп отыр. Бес баланы тәрбиелеп өсірген және олардың білім мен ғылым жолында үздік нәтижеге қол жеткізуіне барлық жағдайды жасай білген өнегелі отбасы.
Бақытжанның мықты азамат болып қалыптасуына әке-шешесінің және өскен ортасының ықпалы мол болғаны анық. Жасы үлкен адамды сыйлай білуі ерекше. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білу қасиеті оның бойына ана сүтімен дарып, отбасылық тәрбиемен тереңдегені бірден байқалады. Мінезі сыпайы, салмақты, адамгершілігі мол, өте мәдениетті азамат. Қандай маңызды шешімді де асықпай, сындарлы қалыпта қабылдайды. Асығыстыққа, ашуға жол бермейді.
Ғалым ретінде қол жеткізген табысы да мол. Ол – заң ғылымының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор, бірқатар шетелдік жоғары оқу орындарының құрметті профессоры. Заң саласы бойынша жазған ғылыми еңбегі де аз емес. Өзі әлі күнге дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде заманауи бағдарлама бойынша оқу дәрістерін жүргізіп, ірі-ірі компанияларға сарапшы ретінде кеңес береді.
Оның елімізге сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері. Басқа да мерейлі марапаттары бір басына жетіп-артылады. Ал ең басты жоғары марапаты көпшіліктің оған деген шексіз құрметі дер едім. Оның еңбек жолы, тәлімді тәжірибесі кейінгі толқынға орасан үлгі-өнеге деп сеніммен айта аламын.
Ирак ЕЛЕКЕЕВ,
Қазақстанның
еңбек сіңірген заңгері

310 рет
көрсетілді0
пікір