• Ақпарат
  • 08 Мамыр, 2025

«Көке» атанған ақын

Қазақтың көрнекті ақыны, майдангер Тоқаш Бердияровтың туғанына алдағы күзде 100 жыл толады. Көзі тірісінде өзіне лайық құрмет көрмеген қаламгердің өмірден өткен соң да аты жөнді аталмай, қалтарыста қалып келе жатқаны ащы да болса шындық. Оны «Менің тойым болған жоқ, болмайды да» деп өзі де кезінде көрегендікпен айтқан екен. Бұған қарап аяулы есім жұрт жадынан шығып, ұмытылып кетті дей алмаймыз. Тағдыры оқшау ақынның атын өшірмей, жүрегінде әлдилеп келе жатқан оқырман еліміздің қай түкпірінде болса да баршылық. Солардың бірі Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Болат Шарахымбай Тоқаш ақын туралы біраз әңгіменің басын қайырды.


– Мен ақын Тоқаш Бердияров туралы әңгімені Алматыға алғаш табаным тигелі естіп келемін. Ол туралы әңгіме, негізінен, «тентек», «ұрыншақ», «бұзық», «шеңберге сыймайтұғын» болып келеді. Бәрі рас. Себебі Тоқаң «непредсказуемый» ақын болды. «Төбелесті күтпеген жерден бастау керек, сонда қызық болады» дейді екен шәкірттеріне. Жарықтықтың жырлары да тура өзі сияқты тосын, күтпеген жерден басталып, күтпеген жерден шолт қайырылып жатады. Өлеңі – өзі! Өзі қандай болса, өлеңі де сондай, қисық-қыңыр. Мені сонысы қызықтырды. Қадыр Мырза-Әли, Өтежан Нұрғалиев, Дулат Исабеков, Қалаубек Тұрсынқұлов, Есенбай Дүйсенбайұлы, Темірхан Медетбек, Есенғали Раушанов, Аманхан Әлім, Ұлықбек Есдәулет секілді ағалардан және басқалардан сұрастыра жүріп, ақын туралы мәлімет жинастыра бастадым. Тоқаңның тағдыры ақынның басынан сипамаған екен. Жинаған мәліметтерімді ой елегінен өткіздім, өзімше зерделедім. Соның негізінде «Қайшылықтар нүктесі» деген эссе жазылды. Бірақ, неге екені, оған қанағаттанбадым. Тосын ақынның қайшылықты тағдыры барған сайын өз иіріміне тарта түсті. Бір күні ақын туралы неге естелік кітап құрастырмасқа деген ой келді. «Мундирі жоқ генерал» Тоқаңның «адъютанттары» деген атағы бар Аманхан мен Есенғали ағаларға бардым. «Осылай да осылай, Тоқаш туралы естелік кітап құрастырсам деп едім, соған сіздер не дейсіздер?» – дедім. Елгезек Аманхан аға сөзге келген жоқ, бірден келісімін берді. Есенғали аға сәл ойланып алып: 
– Жақында... – деді Аманханға әнтек бұрылып. – Мұны біз жасауымыз керек еді? Әйтеуір, мұрнымызбен шаншыламыз да жүреміз. Аруақтың алдында ұят болды ғой...
Сонымен, іске кірістік. Тоқаң жайында зерттеулер мен естеліктер жинауды бастап кеттім. Нәтижесінде 2015 жылы Тоқаңның 90 жылдық тойы қарсаңында «Көке» деген кітап құрастырып шығардым, тұсаукесері Жазушылар одағында өтті. Кітапты жұрт өте жақсы қабылдады. Ағаларымнан жылы пікір естідім. Сол маған үлкен дем берді. Биыл Тоқаштың 100 жылдығына орай сол кітапты толықтырып, қайта шығаруды (көлемі 40 баспа табақтай) ойластырып отырған жайымыз бар.
Өкінішке қарай, Тоқаш Бердияровпен жеке таныстығым болған жоқ. Араласа алмадым, мүмкіндігім болмады. Тіпті оның қолын алған адам емеспін. Өзін бір-ақ рет көрдім. Онда да әудем жерден... Жазушылар одағында «Қаламгер» деген керемет бар болатын. Алыс-жақыннан келгеннің бәрі сонда бас қосып, гүжілдейтін де жататын. Мен Одаққа әлдебір шаруамен барып, «Қаламгерге» кездейсоқ тап болдым. Қара көлеңкелеу түкпірде бір топ жазушы даурығып отыр екен. Арасынан Тоқаш Бердияров пен Тұтқабай Иманбековті таныдым. Тағы біреуін ақын Сабырхан Асанов шығар деп шырамыттым. Қалған екеуі есімде жоқ. Ол кезде тентектікпен аты шыққан Тоқаштың даңқы жер жарып тұрған шағы. Ақынды алғаш рет сонда көрдім және соңғы рет көруім де сол болды. «Өтірік!.. Жала!.. Пәдеріңе нәлет, жала жабудың қандай екенін оларға көрсетемін әлі!..» – деп әлдекімді мықтап сыбаған Тоқаңның сондағы даусы құлағымда әлі жаңғырып тұрғандай...
Өтежан Нұрғалиев ұстазы Тоқаш Бердияров туралы көп жазды. «Қадыр да, Төлеген де, Мұқағали да, керек десеңіз, мен де – бәріміз Тоқаштың өніміміз». Тағы бір естелігінде «Неге екені, мен Тоқаштан қатты қорқатынмын. Оның мінезі – мінез емес, сәт сайын құбылып, тұратын бірдеме. Не ойлап отырғанын алдын ала болжау мүмкін емес еді». «Тоқаш соғыс көрген, қаны бұзылған алдыңғы ұрпаққа жатады», – дейді ол. Тоқаш ақын жасын ұлғайтып көрсетіп, өзі сұранып соғысқа аттанғанда не бары 16 жастан жаңа асқан бозым екен. Соғыста атақты Сталинград шайқасынан бастап Берлинге дейінгі жолды толарсақтан қан кешіп өткен. Екінші Дүниежүзілік соғысы деген сұрапылдың қақ ортасында бір қаңғыған оқтан қашан жаным жаһаннамға аттанар екен деп, содан өмірлік жазылмас қайғы арқалап оралған. Майданға 8 жыл өмірін берген. Соғыстан оралған ақын ә дегенде белгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың үйіне түскен. Себебі Кенжебаевтың үлкен ұлы Шыңғыс пен Тоқаң Балтық флотында бірге қызмет еткен, яғни сүңгуір қайықта теңізші болған. Қуанышы қойнына сыймаған Бейсекең зыр жүгіріп жүріп Тоқаш пен баласы екеуін көркемсурет училищесіне оқуға түсірген. Өйткені Тоқаңның бала күнгі арманы мүсінші болу екен. Бірақ аяқтамай тастап кетіпті. Бейсенбай Кенжебаев – Тоқаңа баласындай қамқорлық жасаған кісі, ұлынан кем көрмеген. Тоқаң да ақсақалды әкесіндей асқар тау тұтса керек. Бұл сыйластық ақыретке дейін созылған. Бұл – бір.
Екіншіден, Тоқаң – қаршадайынан жетімдіктің жеті атасын көріп өскен ақын. Ташкенттегі балалар үйінде  қара нан мен қара су ішіп ержеткен. Ол өзінің қиын тағдырын өлеңдерінде де керемет қиыстырады. «Жетімхана, дзотхана, оқхана, окопхана, жатақхана, сырахана мені тәрбиеледі» дейді.
Ноқтаға басы сыймаған бір Бердияров емес еді. Бауыржан Момышұлы, Асқар Тоқпанов, Нұрғиса Тілендиев, Қасым Аманжолов, Хамит Ерғалиев, Тайыр Жароков, Төлеужан Ысмайы­лов, Құдаш Мұқашев, Мұқағали Мақатаев, Өтежан Нұрғалиев, Тұрсынзада Есімжанов, Сәкен Иманасов... болып кете береді. «Шеңберге сыймаған» осы сияқты елу шақты адам болды. 
Жалпы, қазақ әдебиеті тарихында өз өлең мектебін қалыптастырған ақындар саусақпен санарлықтай ғана. Мысалы, өз мектебін қалыптастырған деп хакім Абайды айтуға болады, одан кейін Мағжан Жұмабаев осы санаттан. Берідегі Төлеген Айбергенов, кеше ғана дүниеден өткен Есенғали Раушанов, көзі тірі классиктерімізден Тыныштықбек Әбдікәкімовті белгілі дәрежеде өз мектебін қалыптастырған ақындар қатарына қоссақ, әдептен озбаймыз. Сосын кім бар? Әрине, Тоқаш Бердияров бар. Оны да ұлт поэзиясында өз мектебін қалаған ақын ретінде қарастыруға әбден болады. Ол туралы Өтежан Нұрғалиев былай дейді: «Мысалы, Тоқаш Бердияров – бүкіл қазақтың плеядасын тәрбиелеген адам. Бәріміздің ұстазымыз. Мұқағали Мақатаевты кішкентай бала күнінен бесігінде тербеткен. Бердияровты айтқанда, әлі күнге дейін бүкіл ақынның төбе құйқасы шымырлайды. Өйткені Бердияров бірінші пионер, ну орманға кірген пионер. Бірінші болып алтын тапқан адам. Үш шумақ, бес шумақ өлеңнен шедевр жасаған, Абай сияқты. Бірақ ешкім Абай мен Тоқашты салыс­тыр­майды...» – дейді. Бұдан асырып кім айта алсын?!
Ал Тоқаштың аты неге аз аталады, оны қалайша ұмытып кеттік деген әңгімеге келсек, ірі ақын А.Блоктың: «Бүкіл адамзат баласының екі пайызы ғана поэзияны жан-жүрегімен қабылдау­ға, талдап, тұшынып оқуға қабілетті, ал қалғаны құр дақпырттың жетегінде жүреді» дейтіні бар. Ып-рас. Даусыз нәрсе. Аса дарынды адамның трагедиясы да осында жатыр. Мысалы, орыстар Пушкин мен Есенинді, қазақтар Абай мен Махамбетті бірден таныған жоқ. Олардың маржан ойын санада саралау үшін бір ғасырға жуық уақыт керек болды. Кешегі Мұқағалидың да өзі дүниеден өткен соң барып аты шыға бастады емес пе?! Оған дейін елді бөріктіріп жүретін «дүлей», «жындысүрей», «маскүнем» атағаны өтірік емес. Жұмбақ ақын Жұмекен ше – әлі сол жұмбақ күйінде қалып келеді. Өтежанды мүлде ұмыттық деуге болады. Кезінде бүкіл ақынымыз көке деп қадірлеген қазақтың бірінші лиригі Тоқаш Бердияров та осындай немқұрайдылықтың құрбаны болып отыр.
Оңтүстіктегі Келес жерінде, Көктен ата қорымында мәңгі дамылдап жатқан Тоқаштың қабірінен алған бір уыс топырақты Кеңсайдағы Мұқағали қабірінің басына, одан бөлек Қарасаздағы Мақатаев музейіне апарып табыстадым. Бұған ең басты себеп – Мұқағали мен Тоқаштың арасындағы достық. Жоғарыда айтқанымыздай, бүкіл қазақ ақындары Тоқаш Бердияровты көкеміз деп қадірледі, ұстазымыз деп құрметтеді. Жол бастаушымыз, ту ұстаушымыз деп ардақ тұтты. Соның ішінде Мұқағали екеуінің арасындағы сыйластық пен достық ұзаққа созылды. Ол туралы Мұқағалидың жары Лашын Әзімжановадан бастап екеуінің көзін көрген бүкіл замандасы айтып өткен. Әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек «Мұқағалиға ұстаз болып қана қалмай, ақыреттік досына да айнала білді Тоқаш» дейді. Қазақ үшін достық деген ең қасиетті ұғым еді. Достық, сүйіспеншілік, махаббат ұғымы отаншылдық, елдік, азаматтық ұғымымен теңестірілетін. Қазір ондай жоқ. Достықтың құнын түсіріп жібердік. Орнына мүдде деген ұғым алға шықты. Достық пен жауапкершілік ұғымының арғы тегі бір деп қараушы едік, қазір екеуінің де мәртебесі төмендеп кетті. 
Реті келгенде айтып өтейін, «Англияның мәңгілік досы жоқ, мүддесі ғана бар» демеп пе еді Уинстон Черчилль, жарықтық. Ол мұны саяси мақсаттан шығарып айтқан. Қазір осы ұғымды жеке адам арасындағы достыққа да қолданатын дәрежеге дейін төмендедік. Әлеуметтанушыларға жүгінсек, адал достық жарқыраған күн сияқты адамға шуақ та, қуат та береді, тіпті адамның ұзақ жасауына септігі зор көрінеді. Адал достық, дос алдындағы парыз қандай ұлы ұғым. Осындай тамаша ұғымдардан күн өткен сайын алыстап бара жатқанымыз өкінішті.
2015 жылы Тоқаңның туған жері Келесте ақынның 90 жылдығы аталып өтті. Жиын барысында қарымы бөлек ақынның атын ұлықтау жөнінде көптеген ұсыныс айтылды. Сыйластығы ақыреттік достыққа айналған Тоқаш пен Мұқағалиға Шымкент пен Алматыдан қатар жатқан екі көшенің атын берейік, көше бойынан екеуіне арнап зәулім ескерткіш тұрғызайық деген пікір айттым. Ұсынысым жұртқа ұнады, жаппай қолдау көрсетті. Содан бері 10 жыл уақыт зымырап өте шықты. Өкінішке қарай, ақынға қатысты көтерген мәселеміз баяғы жартас сол жартас болып мызғымай әлі тұр. Біз де текке қарап отырғамыз жоқ. Түркістан облысы мен Шымкент, Алматы қалалары басшыларының атына бірнеше үшбу хат жазылды. Олар хатыңды алдық, ұсынысыңыз мәслихатта қаралады, күтіңіз дегеннен арыға аса алған жоқ. Егер біздің осы ұсынысымыз жүзеге асатын болса, ол ұлы достықтың символы болып асқақтап тұрар еді. Бізге керегі де осы емес пе!
Ал Алматы қаласында Тоқаш ақын тұрған Гоголь көшесіндегі үйге ескерткіш-тақта орнату туралы мәселені биыл тағы көтеріп жатырмыз. Әне-міне қалалық әкімшіліктің шешімі шығып қалар деп үміт үстінде отырмыз.
Ақындықтың жолы бірыңғай даңғыл емес. Әсіресе қос таланттың ақындық жолында көлденең жатып алған батыраштар мен қотыраштар аз болмаған. Сол баяғы қызғаныштың қызыл иті бірінен соң бірі балалап, соңына шырақ алып түсті. Ол жайында қаншама естелік жазылды, әлі жазылып жатыр. Соның бірі – «қазақ совет жазушысына тән емес қылықтары үшін» екеуінің бірге Жазушылар одағы қатарынан қуылуы. Біреулер «Одақтан шығарылған жоқ» дегісі келеді. Бірақ архивте сақталған құжаттар олардың Одақ мүшелігінен шеттетілгенін айғақтайды.
Қос ақынға әріптестерінің жасаған қиянаты өте ауыр тиді. Сырт көзге сыпайы көрінгенімен, жаны нәзік ақындар іштей күйреді, қоғамнан оқшауланып қалды. Біраз уақыт көшеге де шықпады, Жазушылар одағының есігін ашпады, көңілі кір, жүрегі лас жерден өзін аулақ ұстауға тырысты.
Сөйтіп жүргенде, 1976 жылы 45 жасқа жетер-жетпесте Мұқағали кетті өзіне-өзі келе алмаған күйі. Одан 12 жыл өткен соң, 1988 жылы, 63 жасында дуылдатып, шаңдатып, бұ дүниеден Тоқаш та көшті.
Қазақ поэзиясының телқоңырлары атанған ақындарынан қазақ осылай айырылған. Иә, кейінірек екеуінің де мүшелігі қалпына келтірілді.
Жазушылар арасында аңыз болып тараған Тоқаш ақын бастан кешкен хикаяттарды айта бастасақ, бір кітапқа жүк болады. Ал, енді үнемі бөрліктіріп жүретін Тоқаңның сонау кеңес заманында баспадан шыққан бір кітабының қаламақысына туған ауылы «Ұшқынға» асфальт жол төсеттіріп бергенін біреу білсе, біреу білмейді. Иә, Тоқаш ақын осындай үлкен жүректі, мәрт азамат болатын. Кешегі Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен кейін Жазушылар одағында өткен Г.Колбинмен кездесуде орнына жайғаса берген эмиссар басшыға жетіп барып, «Товарищ Геннадий Васильевич, ты почему подавил наш молодеж?!» деп айбат шеккен екен. Мұндай өжеттікті күтпеген Бірінші хатшы жүзі өрт сөндіргендей қарауытып кетіпті. Жағдайды тез аңғарған Жазушылар одағының басшысы О.Сүлейменов түк болмағандай, «Не обращайте на него внимания, Геннадий Васильевич, он наш контуженный» деп ойын басқа жаққа бұрып жібермегенде, істің аяғы немен бітерін ешкім болжай алмайтын еді дейді жұрт. Бұл оқиғадан да қалың көпшілік хабарсыз болуы мүмкін...
Тоқаң туралы мұндай хикаят аз емес. Жұрт ол жөнінде әлі күн аңыз қылып айтады. Сондықтан Тоқаш ақын ел есінен шығып, есімі ұмытылып кетті дей алмасақ керек. Тек ресми ортада елеп-ескерілуі керек. Қазақ барда Тоқаңдар мен Мақаңдар жасай береді. 

Жазып алған 
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ

347 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы