• Ақпарат
  • 08 Мамыр, 2025

Ғылымда бәсекелестік болса, Қазақстан ұтылмайды

Нұрхат ЖАКИЕВ, физик-ғалым, Astana IT University  ғылым және инновация департаментінің директоры

 

Нұрхат Жакиев – Қазақстандағы маңызды ғылыми жобаларды атқарып жүрген, алдыңғы қатарлы ғалымның бірі. Ол елдегі тарифтік саясаттың тиімді жүзеге асуының компьютерлік моделін жасайды. Ғалым дәл қазір қандай істер атқарып жүр, оны не алаңдатады? Осы мәселелер біздің сұқбатымызға арқау болды.

– Нұрхат, сіздің біраз ғылыми жетіс­тіктеріңізбен таныспыз. Ал қазір қандай жобамен айналысып жүрсіз?
– Қазіргі ғылыми жобамның тақырыбы «Электр энергетика нарығы ісін оңтайландыру және жаңартылмалы энергия көзіне (күн сәулесі, жел, су, су толқыны, геотермиялық жылу секілді сарқылмас, қайта қалпына келетін табиғи ресурстардан түзілетін энергия) тиімді тарифтік саясатты жүзеге асыру». Толығырақ айтсам, жаңартылмалы энергия көзі бәсекеге қабілетті болуы үшін тарифтік саясат және нарықтық механизм өзгеруі керек. Ал оның қалай өзгеруі керегін компьютерлік модельдеу көрсетеді. Біз осы компьютерлік модельдеумен айналысамыз және қазақстандық жаңармалы энергия жүйе­сінде болуы мүмкін түрлі жағдайын модельдейміз. Мысалы, жаңартылмалы энергия көзі осындай пайызға жетсе, халық үшін тариф қанша болады, оны төмендетудің қандай жолы бар, ол жерде ортақ желіге инвестиция керек бола ма, қанша пайызға жеткенде оңтайландыру мүмкін емес болады деген сияқты болуы ықтимал түрлі сценарийді талдаймыз. Ол жерде компьютерлік модельдеуді оңтайландыру деген математикалық әдіс бар. Бұл әдістер пәнаралық зерттеудің, яғни математика, информатика және электр энергетикасының ұштасқан тұсы. Аталған үш саланың барлық жайтын ескеру керек, соны біз ғылыми жобамызда қарастырамыз. Күн панельдерінің электр энергиясын өндіруін болжау деген қосымша есептеу бар, халықтың күнделікті энергия тұтыну кестесі болжамын жасау әдістемесін жетілдірудеміз. Осы тақырып аясында қала халқының энергия тұтынуын болжау бағдарламасы жүзеге асырылды. Күн энергиясынан электр өндіруді болжау әдісі жетілдірілді. Мысалы, бұрын 5–10 пайыздық қателікпен болжанатын болса, қазір 3–4 пайызға дейін төмендетілді. Бұл электр энергиясын сатушы, сатып алушы және тасымалдаушы операторлардың жұмысын жеңілдетеді әрі алдын ала жоспарлағанда қателікті азайтуға мүмкіндік береді. 
– Сонда жұмыс үдерісі қалай жүзеге асады?
– Қазір бізде электр энергиясы нарығын теңгеру нарығы және ортақ сатып алушы (оператор) нарығы бар. Сол ортақ сатып алушы нарықты тепе-теңдікте ұстап тұру үшін сұраныс пен ұсынысты, болжамды қадағалап, дұрыс бағамдап отыруы керек. Осы орайда біз екі жақтың да есептеу құрылғысын жасап береміз. Бұл жерде біздің бағдарламаның тұтынушысы – КОRЕМ (Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы) және KEGOC электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компаниясы. Бірлесіп мақала шығарып, зияткерлік меншікті қорғау бойынша авторлық құқыққа ортақ куәлік алдық. Болжамның дәлдігін жетілдіру бойынша түрлі әлемдік ғылыми конференцияға қатыстық. Мысалы, жақында Жапонияға, оның алдында Португалия, Америка, Британия, Грекия, Бельгия сынды бірнеше елдерде «Smart Grid» («Ақылды желі») тақырыбы аясында ғылыми баяндама жасап, әлем ғалымдарының жоғары бағасын алдық. 
– Сіздің ойыңызша, қазір еліміздегі энергия көздеріне қатысты дұрыс істелмей жатқан нәрсе бар ма?
– Президент 2060 жылға қарай Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізеді деген стратегиялық бастамаға қол қойды. Сондықтан 2060 жылға дейін бейтараптыққа жетудің түрлі жолын іздес­тірудеміз. Солардың бірі жаңартылмалы энергия көзін кеңінен енгізу және ол нарық сұранысына төтеп бере алатындай, бәсекелестікке қабілетті технология ретінде енуге тиіс. Оған халық тарапынан сұраныс, бизнес тарапынан тиімділік болса, сонда ғана ұзақмерзімді даму жолына түседі. Инвесторлар мен бизнес өкілдері жасыл энергетикаға мемлекеттен бөлінетін субсидиясы үшін ғана емес, тиімді әрекет жасап, көзқарасын өзгертуі керек. Әрі мұны жақсы жаққа өзгерту үшін бізге нарықтық механизмді өзгерту қажет. Сол бағытта түрлі сценарийлік анализ жасалуға тиіс. Бізде пайдаланылмай жатқан ұлан-байтақ жер бар. Оған түсетін күн мен ұйытқи соққан жел мөлшері айтарлықтай көп, бұл – ғарыштан тегін келіп жатқан энергия. Мұның барлығы – Алланың Қазақстанға беріп қойған керемет сыйы­ның бірі. Енді оларды игеру – еліміздің ғалымдары мен инженерлерінің, шешім қабылдаушы билік өкілдерінің алдына қойылған сындарлы мәселенің бірі. 
– Егер, өзіңіз айтқандай, күн мен жел энергиясы толық игерілсе, атом стансасының керегі бола ма?
– Негізі, атом электр стансасының бір оңтайлы тұсы – энергия бөлуінің тұрақтылығында. Мәселен, қазір бізге әлемдік алпауыт компания «Tesla» келіп, «зауыт саламыз, энергия жалғайтын екі сымды беріңіз» десе, бізде бере қоятын сым да, олардың талабына сай келетін энергия қуаты да жоқ. Қазір бүкіл Қазақстан бойынша тұтынатынымыз 14 000 ГВт, ал қордағыны қосқанда, 17 000 ГВт-қа дейін барады. Қазірдің өзінде 17 000 ГВт-қа таяп қалды. Егер қыстыгүні электр энергиясы әлде жылу энергиясымен қамтамасыз етеміз бе деген таңдау болса, бірінші орынға жылу энергиясына басымдық беріледі. Себебі әлеуметтік тұрғыдан қарағанда тоңып жатқан халықтан гөрі зауытты тоқтатқан тиімдірек болады. Сонда елде 2030–2032 жылдарға қарай энергия тапшылығы қаупі төніп тұр. Бұрынғы кеңестік кезеңнен қалған ескі электр стансасын өңдеп, қанша жерден жамаса да, жаңа кезіндегідей энергия бере алмайды. Қазір электр стансасында үнемі қызыл шам жанып тұрады екен. Бұл жақсы көрсеткіш емес. Отыз жылдан асқан құрылғы қанша жерден шойын мен болаттан жасалса да, бәрбір сыр береді. Оған Екібастұз бен Жамбыл жағдайында да куә болдық. Оны қайталамас үшін жаңадан электр стансасын салу керек. Егер ол көмірден болса, оны әлемдік банкілер ешқашан қолдамайды. Өйткені көмір электр стансалары бұрынғы заманның технологиясы деп есептеледі. Ал газ электр стансасы жақсы, бірақ оның бастапқы құны 30 теңге болса, тұтынушыға жеткенше 50–60 теңгеден асып кетуі мүмкін. Ал атом электр стансасының бір жақсысы, ол тұрақты электр энергиясының көзі деп есептеледі. Қасына алпауыт индустрия салынса да, қамтуға қуаты жетеді. Ал күн, жел энергиясы қосалқы энергия көзі ретінде электромобильдерге арналған энергияны өндіруге қабілетті. Күн мен жел электрстансасының қуатына сеніп зауыт сала алмайсыз. Үлкен зауыттар тек тұрақты электр энергиясы көзінің қасына ғана салынады. «Бірде жел бар, бірде жел жоқ» деп зауыттар ауа райынан келетін энергияны күтіп отыра алмайды. Бір тонна металл балқыды ма – оны қатпас бұрын қалыптарға салып, өңдеп, дәнекерлеп, бояп үлгеру қажет. Ең жоғары талаптарға сай болуы керек. Ол талапты қазақстандық зауыттар қоймаса да, шетелдік инвестор міндетті түрде талап етеді. 
Салыстырмалы түрде айтып көрейікші, Қазақстан 14 ГВт электр энергиясын тұтынады, кішкентай Оңтүстік Корея 85 ГВт тұтынады. Екеуінің арасы жер мен көктей. Ондағы 85 ГВт-тің 25 ГВт-ын атом электр стансасы қамтамасыз етіп отыр. Жапонияны алайық, жер көлемі кішкентай, бірақ тұтынатыны бізден он есе көп, яғни 120 ГВт. Әлемде ең көп атом электр стансасын қолданатын елдің бірі Францияның электр энергиясын тұтынуы 400 ГВт-қа дейін барады, 50 пайызын содан алып отыр. Бізден 30 есе көп. Қытайдың өзі соңғы бес жылдың өзінде 10–12 атом электр стансасын салып үлгерді. Енді олардың технологиялары шынымен де алға озып кетті. 
– Иә, айтып отырғаныңыз дұрыс, бірақ халықтың көкейінде кеңестік ке­зең­нен, Семей полигонынан қалған қор­қы­ныш бар секілді. Мүмкін, сол үшін АЭС-ке жаппай қолдау танытып жатқан жоқ.
– Мысалы, Ақтау қаласы Кеңес үкіметі кезінде қолданылған атом электр стансасынан зардап шеккен жоқ. Керісінше, Ақтаудың гүлденуінің бірден-бір себебі кезіндегі АЭС-ның келуінен ғой. Ондағы АЭС 1989 жылы жабылғанымен, газды да, мұнайды да белгілі бір деңгейге көтеріп алғаннан кейін барып жабылды. Сондай-ақ су тұшытатын зауыт есебінде, халыққа электр энергиясы ретінде, бүкіл ұңғымалардағы мұнайды шығаратын, газды өндіретін энергия көзі ретінде де АЭС қолданылды. Нәтижесінде қазір ақтаулықтар соның игілігін көріп отыр. Ал сіз айтып отырған үрей Семей полигонындағы жарылыстың қорқынышы болса керек. Бомбаны бейбіт мақсатта қолданса – атом энергетикасы, ал соғыс мақсатында қолданса – жарылғыш бомба болады. Пышақтың екі жүзі бар, тек қолдануыңа байланысты дегенге саяды ғой. 
Атом электр стан­сасы салынса, оны қадағалайтын, әлемдегі ядролық қауіпсіздікке жауап беретін МАГАТЭ (ха­лықаралық атом элек­тр стансасы агенттігі) деген ұйым бар. Ол ұйымның рұқсатынсыз АЭС іске қосылмайды. Іске қосылған күннің өзінде олардың қадағалауында болады. Қазақстан халықаралық деңгейде жауапкершілік алады. Планетамыз бір болған соң жауапкершілік те ортақ. 
– Жалпы, өзіңіз қай өңірдің тумасысыз, қайда білім алдыңыз? 
– Мен Батыс Қазақстандағы Сырым ауданы Жымпиты ауылында туып-өстім. Қадыр Мырза-Әли атындағы Жымпиты қазақ орта мектебінде 11-сыныпқа дейін оқыдым. Ауылда жүріп физикадан аудандық, облыстық түрлі олимпиадаға қатысқанның әсері болар, физика, информатикаға қызығушылығым өте күшті болатын. Негізінен, өмірім ғылымға арналып келеді. Еуразия ұлттық университетіне физика-информатика пәнінің мұғалімі деген мамандыққа оқуға түстім. Одан соң физикадан магистратура мен докторан­турада білім жетілдірдім. Бітіргеннен кейін Назарбаев университетіне ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа кірдім. Ол жердегі «Энергетика, экология және климат» зертханасында жүріп, компьютерлік бағдарламалау тілдерінде біліктілігімді шыңдау нәтижесінде жылу электр стансасының жұмысын, электр желілерін оңтайландыру, тарифтік саясатқа қатысты халықаралық деңгейдегі түрлі-түрлі есепті шешуде көмек болды.
– Осыған дейінгі сізді таңғалдырған ғылыми жаңалық қандай?
– 2019 жылы «Samsung» компаниясы «Galaxy Z Fold» атты экраны бүктелетін смартфонды құпия баяндама ретінде көрсетті. Бізге фантастика сияқты болып көрінді, қайта-қайта он мәрте бүктегеннен кейін ортасынан морт сынатын шығар деп ойладық. Бірақ авторлар телефонды миллион мәрте бүктейтін, ашып-жабатын аппаратқа салып, сынбайтынын көзімізше дәлелдеді. Ол телефонды қазір күнделікті өмірде айналамыздан жиі байқап жүрміз, ал сол алғаш ғылыми конференцияда естігенде мүмкін еместей көрінген. Сосын пандемия басталғанда медициналық бетпердеге мұқтаж болдық. Сөйтіп, 2018–2019 жылдары конференцияларда түрлі дизайндағы, технологиядағы бетпердені көрмеден көрдік. Одан соң 2020–2021 жылдары пандемия басталғанда әуежайларда адамның температурасын өлшейтін тепловизорлар қойылды, соны да бұрынырақта конференцияда жариялады. Мөлдір теледидар деген де болды. Мөлдір әйнек сияқты экран, бірақ оны қосса теледидар болып, кино көрсетеді. Сөндірсе, арғы жағынан өз қолың өзіңе көрінеді. Сондай түрлітехнологияларды жиі тамашалаймыз, 4–5–10 жылдан кейін солар қолданысқа еніп жатады.
Дәл қазір өзекті болып жатқаны – «Energy harvesting». Ол адамның қозғалысы арқылы өз-өзінен энергия жинайтын, киімге орнатылатын сенсорлы датчик. Мысалы, оған киімнің бүктеліп, қайта жазылуы энергия көзі бола алады. Ал жиналған энергия сенсорлы датчиктің батареясына жұмсалады. Датчикті көбіне әскери адамға пайдаланған тиімді. Оның денесіндегі түрлі өзгерістерді, яғни температурасын, жүрек соғысын алыстан бақылауға мүмкіндік туады. Ауырса, жарақаттанса, тіпті зілзаладан құлаған қабырғаның астында қалып қойса да, демалып жатыр ма, демалмай жатыр ма, айналасында су бар ма, жоқ па – соның бәрін қашықтан біліп отыру үшін болашақта ажырамас технологиялық құрылғы болып енеді. Бұл біздің көргеніміз, көрмегеніміз қанша?! Мысалы, кванттық компьютер – болашақтың технологиясы. Бұл туралы ғылыми мақалалардан оқып жүрміз. 
Жалпы айтпағым, ғылымда ғалым көп болса, бір-бірімен бәсекелестік болса, жастар лек-легімен ғылымға бет бұрса, одан Қазақстан еш ұтылмайды. Ғалым бәсекелестік арқылы шыңдалады. Екіншіден, олар өмір бойы ғылымда жұмыс істеуі міндетті емес қой. Ол мұнай саласына, қазба-кен байлығын игеруге баруы мүмкін, тіпті экономика саласының ғалымы болса да ғылыми әдістерді бойына сіңіріп, күнделікті қолдану арқылы қайда жүрсе де, ғылыми тұрғыда дәлелденген шешімге жақын болады. Және парадан, арам істерден өзін алшақ ұстайды. 
– Алдағы жоспарыңыз қандай? 
– Шәкірт тәрбиелеп, бастаған ғылыми жобаларымды жүзеге асыру. Қазір үш ғылыми жобаның жетекшісімін. Біреуі, жоғарыда айтқан энергия жүйесін модельдеу, екіншісі, Қазақстанның декорбанизациялық стратегиясын қалыптастыру, үшіншісі, климат өзгерді делік, ондағы бейімделу қадамы қандай болуы керек деген зерттеу жобасы. Ол Германиядан ұтып алған грантпен жүзеге асырылып жатыр. Оған қоса жақында Британияның король жанындағы инженерлік қоғамының грантын екі мәрте ұтып алдым. Олардың да тақырыбы осы энергетика саласына келеді. Онда зерттеу объектісі ретінде қазақстандық инфрақұрылымды аламыз. Бұл британдық ғалымдарға да қызық. 
Осыдан үш жыл бұрын Президенттің марапатын алғанда Ерлан Исекешовпен кездестік. Мен туып-өскен Жымпиты ауылын біледі екен,«сен кәдімгі ауылдан оқып шықтың ба, мүмкін, 10–11-сыныпты бір лицейден оқыған шығарсың» дейді, мен «11-сыныпқа дейін Қадыр Мырза-Әли атындағы Жымпиты орта мектебінде оқыдым» десем, ол таңғалып «онда саған респект» деді. 2024 жылдың қазанында Жапонияға делегация болып барып, көрме қойдық. Сонда жапониялық инвесторлар келіп, Қазақстаннан инвестиция жасаудың жолын қарап, сирек кездесетін металды іздеп жүргенін айтты. Оларға «сіздер Қазақстанды ресурстың көзі ретінде қарастырмаңыздар, сіздер Қазақстанды Жапонияның зауыт салатын мүмкіндігі деп қарастырыңыздар. Өздеріңде зауыт салатын жер жоқ, сіз болсаңыз минерал іздеп жүрсіз. Одан да Қазақстанға зауыт салудың жолын іздесеңіз, сізді қолдайды, мен де жылы шырай танытамын» дегенімде, жапон инвесторы жарты сағат басын изеп тұрған шығар. Сондай да қызық жайттар болып тұрады. Жалпы, болашақтан күтеріміз көп.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Элеонора Әзіржан

 

406 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы