- Ақпарат
- 08 Мамыр, 2025
Терминдер аудармасына назар аудару қажет

Қазір өзге тілден енген терминдерді халқымыздың дүниетанымына сай бейімдеп аудару қазақ тілінің ең үлкен мәселесі болып тұр. Өйткені тілдің табиғатын бүлдіретін қазақтың байырғы төл сөзі емес, дұрыс аударылмаған кірме сөз. Көшеде, мекемеде маңдайшаға жазылған жарнама яки ақпараттық бағыттағы қате сөзден көз сүрінеді. Тіпті қатесіз маңдайша жоқ деуге болады. Ақпараттық технологиядағы терминдердің қалай аударылып жатқанын білу үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ақпараттық жүйелер кафедрасының профессоры, техника ғылымының кандидаты Бақыт Бөрібайұлымен сұқбаттастық.
– Ақпараттық технологиядағы терминдерді қазақшаға аудару, оқулық шығару ісі қай кезден басталды?
– Ақпараттық технология саласында оқулық және сөздік шығару өткен ғасырдың 90-жылдары басталды. Ең алғаш физика-математика ғылымының кандидаты, филология ғылымының докторы Қ.Бектаев информатика терминдерін қазақ тіліне аударып, сөздік шығарды. Ол кезде информатика пәні бойынша қазақ тілінде кітап жоқтың қасы еді. Олқылықтың орнын толтыру үшін Оқу және ғылым министрі болып тұрған И.Тасмағамбетов қазақ тіліндегі оқулықтарды басып шығару туралы мәселе көтерді. 1998 жылы Е.Балапанов, мен және А.Дәулетқұлов үшеуіміз бірігіп, жоғарғы оқу орындарының төменгі курстары мен орта мектептің 10–11-сыныбына арналған «Информатикадан 30 сабақ» атты оқулықты бар-жоғы үш айдың ішінде қазақ және орыс тілінде басып шығардық. Аталған оқулық жылдам сатылып, қазақ тілінде шыққан алғашқы оқулық ретінде қолданыла бастады. Кейін қоғамда қызу талқыға түсіп, аздап өзгертілген нұсқасы төрт рет қайта басылып, ұйғыр тілінде де жарық көрді. Жалпы, барлық басылымды қоса есептегенде, бір миллион таралыммен шығып, еліміздің Гиннесс рекордтар кітабына енген болатын.
– Информатика саласының терминдерін аудару кезең бойынша қалай қалыптасты?
– Терминдерді аударудың қалыптасу жолы – елімізде информатика пәні қазақ тілінде білім беру уақытынан (1988) басталады. Ол кезде мен қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университетінде сабақ бердім. Университетке жыл сайын түсетін студенттің көбі – ғылыми орыс тілін түсінбейтін ауыл баласы. Сондықтан ағылшын, орыс, қазақ тілінде терминологиялық және түсіндірмелік сөздік шығардық. Әр оқу орнында ұстаздардың ағылшын және орыс тілінен аударған заман талабына сай бірсыпыра әдістемелік құралдары басылып шықты. Қазақ тілінде оқулықтардың шығуына Мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздігі» (1999) үлкен әсер етті. Сол кезден бері ағылшын және орыс тіліндегі атауды қазақ тіліне аударып, аттай жиырма жылда 10-ға жуық оқулық пен сөздік шығаруға атсалысыппын. Атап айтсақ, Т.А. Павловскаяның «С/С++ жоғарғы деңгейлі тілде программалау» оқулығы (2012) және Бьерн Страуструптың «С++ программалау тілі» (2014) атты екі томдық кітаптары. Қазір информатика және программалау саласында жасанды интеллектінің қазақша нұсқасын қолдану жүзеге асырылып жатыр. Бірақ көп терминді дұрыс аудармайды, сондықтан оқу барысында оқулықтың негізіне сүйене отырып, ұстаздармен бірге аударамыз.
– Қандай халықаралық терминнің қате аударылғанын байқадыңыз?
– Халықаралық терминдерді аударудың өз алгоритмі бар. Соның бірі – БҰҰ-ға кіретін 7–8 тілде бір түбірден тарайтын терминді аудармай, негізгі нұсқасын қалдыру. Өкінішке қарай, біздің қоғамда бұл тәртіпті сақтамай, информацияны – ақпарат, системаны – жүйе, программаны – бағдарлама, операцияны – іс, әрекет деп әркім өз бетінше аударып жүр. Ал, негізінде, бұл терминдерді халықаралық стандарт бекітіп қойған. Осы тұрғыда информатика саласында Еуропа елдерінен енген сөздерді бастан-аяқ қазақшалауға ұмтылу да бұрыс әдіс, әйтпесе қазақ тілінде математиканы – есептану, дисплейді – ақпаралғы, функцияны – берне (А.Байтұрсынұлы солай аударған) деп атауды ұсынған нұсқалар да бар. Тіпті күнделікті тұрмыста қолданып жүрген қарапайым сөздің қателігі тайға таңба басқандай көрініп тұр. Ал оларды латын әріпімен жазған, бірақ бекітілмеген сөздердегі қателер ше...
– Қоғамдағы терминдердің дұрыс аударылмай қолданылуының басты себебі не деп ойлайсыз?
– Терминдерді біріктіретін және қадағалайтын ұйым жоқ. Мысалы, көрші Ресейде информатика ғылыми тілін аударатын 20-ға жуық институт бар. Сол институттар бірігіп шет тілінен енген терминдерді орыс тіліне бейімдеп аударып, содан соң заң жүзінде бекітеді. Біздің елімізде Астана қаласында ғана Ұлттық білім академиясы бар. Ал академияда информатика ғылымын меңгеріп, зерттеп жүрген мамандар жоқтың қасы. Сондықтан олар барлық саладағы терминдерді аударып, қадағалауы мүмкін емес.
– Техникалық терминдерді аудару барысында қандай әдіс қолданасыз?
– Ең бастысы, екі тілді де мінсіз меңгеру керек. Терминді аудару кезінде әртүрлі әдісті қолданамыз, басқа да сөздіктерден қараймыз. Бірақ түпнұсқадан аударуға тырысамыз. Мысалы, ағылшын тіліндегі «line», «string» екі түрлі мағына беретін сөзді орыс тіліне «строка» деп аударып жүр. Қазақ тіліне «string» – «сөз тіркесі», «тіркестер», ал «line» – «кесте» немесе «мәтін жолы» деп аударса, толық мағынасын ашады. Сонымен қатар «ключевое слово» деген сөзді «кілт сөз» деп тікелей аударып жүрміз. Ал оны, негізінде, «түйінді сөз», «өзекті сөз» немесе «кілтипан сөз» деп аударған дұрыс-ақ. Міне, осындай сөздерді аудару кезінде қазақ тілінің ерекшелігін салыстыру керек. Қазақ тілінің сөздерін орыс тілінен аударғаннан, ағылшын тілінде түпнұсқасынан аударған жеңіл, өйткені екі тілдің ұқсастығы бар.
– Ізіңізді жалғар шәкірттеріңіз жаңа терминдерді аударуға қызыға ма?
– Шәкірт тәрбиелеп жатырмыз, бірақ мықты студенттер оқу орнынан гөрі, жеке кәсіппен айналысқанды жөн көреді. Өйткені білім саласында жалақы мардымсыз. Қазір мектеп мұғалімінің жалақысы университет оқытушысынан жоғары болғандықтан, мектепте мұғалім болып жүрген жастар туралы естіп, көріп те жүрміз. Қазір тәжірибелі ұстаздардың алды жетпіс-сексенге келді, оларды «Могиканның соңғы тұяғы» деуге де болар. Сондықтан білім және ғылым саласына лайықты қаржы бөлінбей, аударма саласы жақсармайды. Информатика да, математика және физика секілді, іргелі ғылым. Үшеуіне ортақ термин сөздер болғанымен, қолдануға келгенде әртүрлі мағына береді. Сондықтан ақпараттық технологияның термин сөздерін аудару үшін информатика ғылымын жақсы меңгеру қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Перизат САРЫ

575 рет
көрсетілді0
пікір