• Ақпарат
  • 08 Мамыр, 2025

Жігер МҰРАТҰЛЫ, бірінші ұлттық контингенттің командирі: Әр сарбаз – елдің абыройы

– Жігер Мұратұлы, қазақстандық бітімгершілік күштерінің өз елінен тыс, шиеленіс аймағында қызмет атқаруы Қазақстан үшін қандай халықаралық жауапкершілікті білдіреді? Бұл миссияның жекелеген сарбаз үшін де, мемлекет үшін де маңызы не?
– БҰҰ-ның миссиясы бейбіт елде құрылмайды. Әдетте мұндай миссиялар шиеленіс болған жерде ғана жасақталады. Өйткені ол – бейбіт өмірге бастар жолдың бірі. Қай мемлекетте де белгілі бір уақытта жағдай тұрақты болғанымен, ертең не болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан дайындық кезінде әртүрлі сценарийлерге – оқыс оқиға, қарулы қақтығыс, халықтың ішіндегі болатын дүрбелең сияқ­ты жағдайлардың бәріне дайын боламыз. «Жау қайда деме, жар астында, бөрі қайда деме, бөрік астында» дегендей, мақсатымыз – кез келген жағдайға тас түйін дайын болу. Шетелде қызмет еткенде адам рухани жағынан да, психологиялық тұрғыдан да сыналады. Әсіресе өз елінен алғаш рет жыраққа шыққан әскери қызметші үшін. Туған жерінен жырақта жүріп, бөтен елдің топырағында табан тіреу оңай емес. Отбасы, бала-шағасы елде қалып, жалғыз өзі шет жерге аттанады. Ондай сәттерде жауынгерге моральдық және психологиялық жағынан қолдау аса қажет. 
Қазақ «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деп бекер айтпаған. Өзге елдің тілі басқа, салт-дәстүрі, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі өзгеше. Мұндай ортаға түскенде сарбаздың іштей дайындығы, тәртібі мен төзімі сынға түседі. Екіншіден, әр әскери азаматтың отбасында күтпеген жағдай болып қалса, ешкімді миссиядан бет алды үйіне жібермейтіні тағы бар. Себебі ол – БҰҰ миссиясының жауынгері. Сол ұйымның талаптарын орындап жатқан әскери азамат. Үшіншіден, бітімгершілік миссия кезінде біздің сарбаздар жергілікті тұрғындардың арасында жүреді. Олар күнделікті қызмет барысында әскери форма киіп, қаруын иығына асынып, оқ-дәрісін беліне тағып жүреді. Әр жауынгер – елдің абыройын арқалап жүрген азамат. Әскери азаматтың тәртібі мен мінезі – елдің айнасы. Бір адам шалыс басса, елдің атына сын келеді. Сондықтан әр сарбаздың бойында тәртіп пен тәлім-тәрбие қатар жүруі керек. Біз «Қазақстан – бейбітсүйгіш ел» деп ұрандаймыз. Бітімгершілік операцияға қатысу арқылы сол сөзімізді нақты іспен дәлелдеп келеміз.
– Бітімгершілікке дайындық қалай жүргізіледі? Арнайы оқу бағдарламалары бар ма? Қызметшілерді халықаралық стандарттарға сәйкес оқыту қалай жүзеге асады? Қандай жаттығу немесе оқу-жаттығу жиыны өткізіледі?
– Бітімгершілік операцияларына қатысу жай ғана бұйрықпен барып-келетін жұмыс емес. Бұл – ұзақ әрі кешенді дайындықты талап ететін халықаралық міндет. Бізде арнайы оқу бағдарламалары бар. Сол бо­йынша бітімгершілік дайындыққа кемінде 6 ай уақыт бөлінеді. Бұл уақыт аралығында жеке құрам түрлі сынақтан өтеді, білімін толықтырады, физикалық және моральдық тұрғыдан шыңдалады. Ең алдымен, біз сарбаздың денсаулығына ерекше назар аударамыз. Себебі шетелге қызметке жіберілетін жауынгердің денсаулығы мінсіз болуы шарт. Қан қысымы, жүрек, көру, есту, жүйке жүйесі – бәрі толық тексеруден өтеді. Денсаулығы мықты болмаса, ешқандай әскери дайындық көмектесе алмайды.
Екіншіден, оның кәсіби дайындығы міндетті түрде ескеріледі. Яғни сарбаз өз мамандығы бойынша тәжірибелі, тапсырманы орындауға қабілетті болуы қажет. Қолындағы қаруды қалай ұстайтыны, тактикалық әрекеттерді қаншалықты игергені – бәрі бағаланады. Үшіншіден, офицерлер мен сержанттар ағылшын тілінде емін-еркін сөйлей алуы шарт. Өйт­кені БҰҰ-ның бітімгершілік миссиялары кезінде барлық пәрмен, жиналыс, ресми және күнделікті қарым-қатынас ағылшын тілінде жүргізіледі. Егер сарбаз келіп түскен бұйрықты дұрыс түсінбесе, тапсырманы да дұрыс орындай алмайды. Ал бұл – миссия қауіпсіздігіне, елдің беделіне әсер ететін мәселе. 
Қазақстандық әскери қызметшілер БҰҰ-ның нақты талаптары мен халықаралық стандарттарына сай іріктеуден өтеді. Бұл іріктеуден өткендер – «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққандар. Мұнда әскери адамның бойындағы тәртіпке бағыну, психологиялық тұрақтылық, тез шешім қабылдай алуы, мәдениеттілік пен жауапкершілік сияқты қасиеттері де ескеріледі. Дайындық барысында әскери тактикалық жаттығулар Қарулы күштер бағдарламасы бойынша өтеді. Бұл – атыс дайындығы, қорғану, жылжу, байланыс орнату сияқты күнделікті жауынгерлік машықтарды шыңдайтын кезең. Ал бітімгершілікке арнайы бағытталған дайындық – БҰҰ-ның ережелерімен, талаптарымен таныстырудан басталады. Миссия барысында орындалатын нақты тапсырмалар – күзет, бақылау бекеттерінде қызмет ету, жергілікті халықпен байланыс орнату, гуманитарлық көмекті қамтамасыз ету – осының барлығына арнайы симуляциялық жаттығулар арқылы дайындық жасалады. Жауынгерлер мәдениетаралық қарым-қатынас, дағдарыс жағдайында шешім қабылдау, бейбіт тұрғындармен жұмыс істеу, тіпті қажет болса, медиация бағытында да білім алады. Өйткені бұл миссиялар тек қарумен жүріп, қарауылда тұру емес, ол жерде ел мен елді, халық пен билікті байланыстыратын өкілге айналасың. Әрбір сарбаз жауынгерлік қызметпен қатар, елшінің де міндетін атқарады деуге келеді. Біз осы жауапкершілікті сарбаздардың санасына сіңіріп, дайындық барысында барлығын жіті ескереміз.
Бітімгершілік дайындықтың негізгі бөлігі – жауынгерлерді нақты миссия барысында атқаратын жұмыстарға бейімдеу. Соның ішінде патруль жасау, медициналық эвакуация ұйымдастыру, базаны күзету мен күшейту, қауіп төнген жағдайда әрекет ету сынды нақты тапсырмалар бар. Әр сарбаз бұл тапсырмалардың қыр-сырын іс жүзінде меңгеріп шығуға тиіс.
Одан бөлек, біз бара жатқан елдің салт-дәстүрінен, мәдениетінен, тұрмыс-тіршілігінен хабардар болу міндет. Бұл да БҰҰ бекіткен талаптардың біріне кіреді. Себебі сол аймақтағы халықтың өкіліне байқаусыз­да реніш білдіріп қойсаң, ол бүкіл миссия жұмысына, қарым-қатынас­қа, тіпті елдің беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан әр әскери азамат мәдениетаралық қарым-қатынас, этикет, жергілікті халықпен сыпайы әрі сабырлы сөйлесу, ым-ишара мәдениетін дұрыс қолдану сияқ­ты бағыттар бойынша арнайы сабақтан өтеді. Әр бітімгер жергілікті тұрғынға құрметпен қарауы керек. Түсініспеушілікке, тіл табыса алмауға, әсіресе қақтығыс тудыруға жол берілмеуге тиіс. 
Дайындық кезеңінің соңында арнайы 1 апталық оқу-жаттығу жиыны өтеді. Бұл – қорытынды кезең. Осы апта ішінде бітімгершілік аймақта атқарылатын нақты тапсырмалар толық қамтылады. Жаттығу тәулік бойы – 24 сағат ішінде, 7 күн қатарынан өткізіледі. Алғашқы 2 күні – дайындық, ал келесі 5 күні – белсенді кезең. Сол аптада жеке құрам тәуліктің кез келген уақытында әрекет етуге дайын болуы керек. Себебі шынайы миссия кезінде қауіптің қай уақытта туындайтынын ешкім де болжай алмайды. Жаттығу соңында рота толығымен бағаланады. Бағалау арқылы командирлер «Бұл рота миссияны орындауға толық да­йын ба, әлде әлі де қосымша да­йындық қажет пе?» деген шешім шығарады. Сол сияқты, бітімгерлердің әр күні жоспармен жүреді. Жеке құрам таңғы 06:00-да оянады, одан кейін міндетті түрде дене шынықтыру жаттығуларын жасайды. Содан соң әр сарбаз сол күнгі сабақтарға өзін психологиялық тұрғыдан дайындайды. Күндізгі сабақтар басталған соң, әскери дайындық, миссия кезіндегі іс-қимылдар, жергілікті халықпен жұмыс, заң нормалары, командалық тапсырмалар сияқты түрлі бағыттар қамтылады. Сабақтардан кейін жеке құрам келесі күнгі тақырыптарға алдын ала дайындалады. Әр сарбаз өткен материалды санасына бекітіп, жаттап, келесі тапсырмаға дайын болуға тиіс. Кешке қарай тағы да дене шынықтыру жаттығуларын жасайды. Бұл кезде сарбаздар 5–10 км жүгіреді, белтемірге тартылады т.б. Жаттығулардың саны, түрі, кезеңі көп, сондықтан оларды жіліктеп айтып шығу оңай емес. Себебі дайындық бағдарламасының көлемі үлкен, ал әр кезең өзіне тән мақсат пен талапты қамтиды.
– Қазақстанның бітімгершілік контингенті қандай құрылымнан тұрады? Әр бөлімшенің атқаратын міндеті мен дайындығы қандай деңгейде ұйымдастырылған?
– Контингентке іріктеу басталғанда бізге келгісі келетін әскери қызметші көп болды. Алдымен олар медициналық, психологиялық және кәсіби сараптамадан өтті. Бастапқыда 250-ге жуық адам болды. Қазіргі таңда Қазақстанның бітімгершілік контингентінде барлығы 139 адам қызмет атқарып жатыр. Оның ішінде 18-і – офицер, ал қалғаны – келісімшарт негізінде қызмет ететін әскери қызметші. Бұл – кіші командирлерден бастап, арнайы да­йындықтан өткен кәсіби мамандарға дейінгі құрам. Барлық жеке құрам белгілі бір топтарға, взвод пен бөлімшелерге бөлінген. Әр взводтың өз міндеті, өз ерекшелігі бар. Мысалы, бітімгершілік миссия құрамында қызмет ететін «Жедел ден қою» тобы – шұғыл жағдай кезінде патрульге шығатын негізгі күш. Олар әрқашан сақадай сай жүреді. Бұл топқа бұйрық түскен сәттен бастап 15 минут ішінде базадан толық жабдықпен шығып кету міндеті жүктелген. Қаруы, оқ-дәрісі, байланыс құралдары, жеке қорғаныс құралдары – барлығы дайын тұруға тиіс. Бұл топта 24 адам бар. Олар күтпеген жағдайға бірінші болып әрекет етеді. Ал «ГБР-2» – екінші жедел ден қою тобы, оның құрамында 12 адам бар. Бұл топ бірінші резерв ретінде дайын тұрады. Бірінші топ шығып кеткеннен кейін, 15 минуттан соң бұлар да толық дайын болуға тиіс. Оларға 30 минут ішінде көтерілу міндеттеледі. Бұл резервтегі қауіпсіздік кепілі іспетті.
Миссияның ең маңызды және күрделі бағыттарының бірі – инженерлік-саперлік взвод. Бұл взводтың негізгі міндеті – табылған жарылғыш заттарды жою, залалсыздандыру. Олар сол өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты күштің бірі. Себебі бейбіт халықтың өміріне қауіп төндіретін заттардың көзін жою асқан дәлдік пен тәжірибені қажет етеді. Бұдан бөлек, құрамда медициналық пункт бар. Бұл – медициналық эвакуация кезінде, түрлі жарақат алған немесе науқастанған сарбазға алғашқы медициналық көмек көрсететін арнайы даярлықтағы қызмет. Жедел жағдайда жаралыны алып шығу, оған алғашқы көмек көрсету – жауапкершілігі зор іс. Тағы бір өте маңызды бөлім – материалдық-техникалық қамтамасыз ету взводы. Көп жағдайда бұл топ көзге көрінбейтіндей көрінгенімен, аса жауапкершілікті істерді атқарады. Себебі олар қару-жарақ пен техниканың толық жарамды күйде болуын қадағалап, ақау болса дереу жөндейді, қажет болса ауыстырады. Бұл взводтың ішінде аспаздар да бар. Күні бойы қызметте жүрген ер адамға уақытында берілген ыстық ас тек физикалық қажеттілік емес, моральдық қуаттың да рөлін атқарады. Әр бөлім өзіне жүктелген міндетті бұлжытпай орындауға тиіс. Бітімгершілік миссия – елге артылған жауапкершілік. Елдің намысы – әр сарбаздың иығында.
– Голан жоталарындағы қызмет Қазақстанның Қарулы күштерінің тәжірибесін қалай арттырады? Бұл миссияның әскери және дипломатиялық тұрғыдан қандай маңызы бар?
– Миссия Қазақстанның халықаралық аренада бейбітсүйер ел екенін нақты дәлелдеді, елдің беделін арттыра түсті. Оған дейін Астанада Сирия мәселесіне қатысты бейбіт келіссөздер өткен болатын. Сол келіссөздерден кейін біздің бітімгерлер Сирияға аттанып, бітімгершілік миссиясын орындады. Бұл – Қазақстанның шиеленісті жағдайды бейбіт жолмен шешуге бағытталған тағы бір қадамы. Миссия барысында біз өзге елдердің әскери қызметшілерімен, БҰҰ-дағы басшылықпен кездесіп, Қазақстан армиясының дайындық деңгейін көрсеттік. Бұл да еліміздің халықаралық беделін нығайтатын бір фактор деп ойлаймын. 
– Қазақстанның Голан жоталарындағы бітімгершілік миссиясы халықаралық қатынастарды нығайтуға қалай әсер етеді? Бұл сапар Қазақстан мен халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты қалай дамытады
– Осы жаттығулардан кейін біз БҰҰ-ның талаптары мен стандарттары бойынша дайындыққа кірістік. Бұл кезең шамамен 3 айға созылды. Осы уақыт ішінде жеке құрам бітімгершілік миссияда атқаратын барлық бағыт бойынша сабақтан өтті. Оқу бағдарламасы аяқталған соң комплекстік (кешенді) жаттығулар ұйымдастырылып, толық дайындықтан соң миссияға аттандық. Біз Қазақстанның БҰҰ аясындағы алғашқы жеке бітімгершілік контингенті болғандықтан, барлық әскери техника, қару-жарақ, оқ-дәрі сияқты материалдық ресурсты өзіміз дайындадық. Техникаларды тиеу, тіркеу, жөнелту – бәрі үлкен ұйымдас­тырушылықты талап етті.
Көлік логистикасы да күрделі болды. Біз техникаларымызды Алматыдан Ақтауға дейін теміржол арқылы жеткіздік. Арнайы вагондарға тиеп, тіркеп, Ақтауға жөнелттік. Сол жерден жүк ұшақтарымен Сирияға жеткізілді. Ал 2024 жылғы 21 ақпанда алдыңғы топты жібердік. Бұл топ Сирияға алдын ала барып, техникаларды күтіп алу, оларды базаға жеткізу, орналастыру жұмысын атқарды.
Негізгі жеке құрам 2024 жылғы 14 наурызда жолға шығып, 15 наурыз күні Сирия Араб республикасына жетті. Бізге жеке база бөлінді. Осы жерде өзіміздің тікелей міндеттерімізді атқара бастадық. Сол кезде Ирландияның бітімгершілік контингентін алмастырдық. Олар бізге жауапты аймақты тапсырды. Жергілікті жағдай, жол, қауіп төнетін нүкте, шабуыл болған жағдайда не істеу керек – осының барлығын ирландия­лықтар бізге екі апта бойы үйретті. Бұл қабылдап-тапсыру үдерісі нақты жоспармен өтті.
2024 жылғы 22 наурызда Ирландия командирінен рәміз – туды ресми түрде қабылдап, құжаттарға қол қойдық. Осы күннен бастап Қазақстанның бітімгершілік ротасы өз міндетін толық көлемде атқара бастады. Жалпы, миссия барысында айтарлықтай қиындықтар туындаған жоқ. Барлығы жоспарға сай жүргізілді. 
Өздеріңіз білетіндей, 2024 жылдың қарашасының соңы мен желтоқсанның басында Сирияда мемлекетаралық саяси дағдарыс болды, билік ауысты. Осы кезеңде жағдай шиеленісіп, бірқатар БҰҰ өкілдеріне қауіп төнді. Сол кезде біздің контингент шұғыл әрекет етіп, БҰҰ-ның 24 қызметкерін қауіп аймағынан эвакуациялап, қауіпсіз жерге жеткізді. Сонымен қатар БҰҰ базаларын қарулы топтардың басып алуынан қорғап қалдық. Осы оқиғалардан кейін БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Жан-Пьер Лакруа арнайы келіп, біздің жауапты аймаққа ат басын бұрып, қазақстандық бітімгершілік күшіне ресми алғыс білдірді. Бұл – біз үшін үлкен абырой. Сол алғыс БҰҰ-ның ресми жиынында да айтылды. Осылайша, біз өз борышымызды адал атқарып, ел атынан халықаралық деңгейде қызмет көрсеттік. Бұл – Қазақстанды БҰҰ-ның сенімді серіктесі ретінде мойындата түскен нақты қадам. Миссия сәтті аяқталды. 2025 жылғы 11 сәуірде елге оралдық, ал 14 сәуір күні жеке құрам марапатталды. 
– Әскери қызметке деген бала кездегі арманыңыз кәсіби жолыңызды таңдауға және бүгінде бітімгершілік контингентін басқаруға қаншалықты ықпал етті?
– Әскери қызметкер болуды бала кезімнен армандадым. Ол кезде не бары бес-алты жастамын. Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданындағы Өрел ауылында туып-өстім. Ауылымызда шекаралық застава болатын. Таңғы сағат алтыда сарбаздар саппен жүгіріп өтетін. Сол сәттер санамда әлі күнге дейін жаңғырып тұр. Таңертең ерте сол әскери адамдарды көру үшін оянып, терезеден қарап тұратынмын. Баламын ғой, қашан есейемін, мен де әскери форма киіп, солармен бірге сапта жүремін деп армандайтынмын. Әсіресе шекарашы болсам дейтінмін.
1990 жылдардың басында Алматы қаласына ата-анамның қолына көшіп келдім. Оған дейін мен ата-әжемнің тәрбиесінде болдым. 1999 жылы Астанада С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің ашылғанын естідім. Сол кезде әкеме әскери мектепке түсіп, болашақта әскери қызметші болғым келетінін айттым. Әкем де әскери қызметші болған, қазір зейнетте. Ол кісі менің таңдауымды қолдады. Сөйтіп, сол мектепке оқуға қабылданып, 2004 жылы бітіріп шықтым. Сол жылы Ресей Федерациясының Рязань қаласындағы әуе-десанттық училищесіне оқуға түстім. Бұл оқу орнын 2009 жылы аяқтадым. Одан кейін 2016 жылға дейін десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамында взвод командирінен бастап батальон командирінің орынбасарына дейін қызмет атқардым. 2016 жылы қазіргі қызмет ететін орталыққа келіп, ағылшын тілін меңгере бастадым. Себебі сол кезеңде БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына Қазақстаннан әскери қызметшілердің жіберілетіні туралы ақпарат тарай бастады. Сол мүмкіндікті пайдаланып, тәжірибе жинақтағым келді. 2018 жылы Қазақстан бітімгершілік полкі командирінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. Кейінгі 16 жыл ішінде Қазақстаннан 600-ден астам әскери қызметші БҰҰ-ның Азия, Таяу Шығыс және Африка елдерінде өткен жеті түрлі бітімгершілік миссиясына қатыстық. 2019 жылы Ливанда Үндістанмен бірлескен бітімгершілік миссияда контингент командирі болдым. Ал 2022 жылға дейін Қазақстан бітімгершілік полкінің штаб бастығы қызметін атқардым. 2024 жылы контингент командирі қызметіне ұсыныс түсті. Бала күнгі арманыма қол жеткізіп, бүгінде еліме адал қызмет етуім – үлкен жауапкершілік әрі борыш.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан 
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

608 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы