• Ақпарат
  • 08 Мамыр, 2025

Аманатқа адал болу – азаматтың парызы

Отанды тек қарумен қорғаймыз ба? Бейбіт заманда да әр азамат Отан тыныштығының күзетінде тұруы керек-ау. Түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтар Отан алдындағы борышын қалай өтеп жүргенін өздерінен сұрап білу мақсатында әскери салада, білім мен медицинада, қарапайым еңбегімен еліне қызмет етіп жүрген азаматтарды сөзге тарттық. 

 

Әділқайыр БАСШЫБАЕВ, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі: 

 

Антымыз да, сертіміз де осы

 

– Отан қорғаушысы болу – аса маңызды, мәртебелі, абыройлы әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Саналы түрде әскери қызметтің барлық ауыртпалығына төзе жүріп қызмет ету жігерлілікті, шыдамдылықты, табандылықты, төзімділікті, ептілікті және батылдықты қажет етеді. Конституциямыздың 36-бабында: «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті борышы әрі міндеті» деп атап көрсетілген. Сондықтан жасы 18-ге толған әрбір азамат мерзімді әскери борышын өтеуге барып, әскери іс пен тәртіпке машықтанып, нағыз азамат болып оралуға тиіс.
Қазір әскер қатарына білімді, білікті, физикалық тұрғыдан мықты, жан-жақты дамыған азаматтар қажет. Өйткені заман талабы өзгерді  бүгінгі ұрыс қимылдары мүлде өзгеше сипат алды. Жаңа әскери техника, заманауи қару-жарақ, әскери роботтар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын меңгеру  әскери қызметшілердің басты міндеттерінің біріне айналды. Сондықтан мемлекетіміз қорғаныс саласына ерекше назар аударып, әскери әлеуетімізді күшейтуге күш салып отыр деп ойлаймын. Бұл – еліміздің Тәуел­сіздігі мен қауіпсіздігінің кепілі. Отанды қорғау  тек әскерде қызмет ету емес, әрбір азаматтың жүрек түбіндегі борышы. Әрбір жас, әрбір азамат Отанға адал қызмет етуге, оның абыройын асқақтатуға, тыныштығы мен тұтастығын сақтауға үлес қосса, міне, нағыз патриотизм деген осы.
Біз Кеңес Одағының сарбаздары болдық. 1979–1981 жылдары Ресейдің Чита облысы Борзя ауданындағы Забайкальск стансасында орналасқан «Победа» гарнизонында танк жүргізуші-механик болып мерзімді әскери қызмет атқардым. Әскери ант қабылдап, оны адал орындап, барлық тапсырманы тыңғылықты әрі абыроймен атқарып жүрдім. Сол еңбегім үшін мақтау мен марапаттарға ие болдым. Әскерден оралған соң, 1981 жылы ауыл мектебіне мұғалім болып орналастым. Бір жылдан кейін Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына сырттай оқуға түсіп, оны 1987 жылы бітірдім. Содан бері 44 жыл өтіпті, оның 39 жылында мектепте әскери жетекші болып еңбек етіп келемін. Қазір Алматы облысы Іле ауданы Байсерке ауылындағы №12 орта мектептің әскери дайындық пәнінің мұғалімімін. Талай түлек тәрбиеледім, олардың біразы бүгінде әскери қызмет пен құқық қорғау органдарында елге қызмет етіп жатыр. Бұл –менің педагогикалық еңбегімнің жемісі әрі мектебіміздің мақтанышы.
Жасым 64-те, әскери міндеттен босатылғанмын. Бірақ, Алла бетін аулақ қылсын, ел басына күн туса, қолыма қару алып, Отанымды, елімді, жерімді қорғауға дайынмын. Міне, біздің антымыз да, сертіміз де – осы.

 

Манас ӘДІЛБЕКҰЛЫ,қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі:

 

Бейбіт өмірдің қызметшісімін

 

– Отанды қорғау – соғыс кезінде ғана емес, бейбіт заманда да әр азаматтың қасиетті борышы. Қару ұстап шепте тұру бір міндет, ал бейбіт күнде елдің берекесін, тыныштығын сақтау  баршамызға ортақ парыз. Ең әуелі Отанға деген сүйіспеншілік жүректен басталады. Оны сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеу керек. Сонымен қатар жастарға патриоттық тәрбие беру аса маңызды. Оларды Отанды сүюге, тарих пен мәдениетті құрметтеуге, ата-бабаның аманатына адал болуға баулу қажет. Қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін төзімділік, сыйластық, бірлік болуға тиіс. Бір-бірімізді тыңдай білу, сабырлы болу, араздық пен жікшілдікке жол бермеу  тыныштықтың кепілі. Отанды қорғау – тек шекара күзету емес, елдің ішкі тұтастығын, тұрақтылығын сақтау. Білім алып, ғылымға үлес қосу, қоршаған ортаны қорғау, елдің абыройын әлемге асқақтату – мұның бәрі де Отанға қызмет етудің бейбіт жолы. 
Мен де Отаным – Қазақстан алдында салтанатты түрде әскери ант бердім. Ол жүрегімнің түкпірінен шыққан шынайы серт еді. Сол кезде берген сертім: Отанды адал қорғау, халыққа қалтқысыз қызмет ету, Конституция мен заңдарды құрметтеу, елдің тыныштығы мен бірлігін сақтау, тапсырылған істі абыроймен орындау болды. Жауапкершілік жүгін арқалап, сеніп тапсырылған істі тыңғылықты атқару  мен үшін ерлікпен парапар міндет еді. Қай жерде жүрсем де, қай салада қызмет етсем де, бойымдағы адалдық пен намыс сол серттің рухынан нәр алды. Алматы облысы Іле ауданы Байсерке ауылындағы  №12 орта мектепте ұстазбын. Мектепте де оқушыларға осындай ұстанымды сіңіремін.  
Ал қазір Отан алдына берер сертім одан да биік, кең, мағыналы: елімнің тыныштығы мен Тәуелсіздігін көздің қарашығындай қорғауға, қандай қиындық туса да, мойымай, халқымның үмітін ақтауға, жастарға үлгі болуға, Отаным үшін жанымды аямай қызмет етуге дайынмын. Егер ел басына күн туса, қару алып сапқа тұрудан да тайынбас едім. Бірақ бейбіт күнде де менің сертім бар: адал еңбек ету, туған жердің гүлденуі үшін тер төгу, жастарды отансүйгіштікке баулу, әділдік пен ізгілік жолынан айнымау. Мен үшін Отан – қасиетті ұғым. Ол – туған жердің топырағы, анамның әлдиі, халқымның үні, тарихтың аманаты. Сол аманатқа адал болу –  әр азаматтың парызы. Сондықтан менің жүрегімде әрдайым мынадай серт бар: «Елім, жерім, халқым үшін жан аямаймын. Туған жердің бір уыс топырағы үшін соңғы демім қалғанша күресуге әзірмін! Елімнің ертеңі – жастарға өнеге болып, оларды Отанды сүйе білуге, оны қорғауға үйретемін. Тек бейбітшілік болсын, тек аспанымыз ашық болсын – мен соған қызмет етуге ант етемін!»

 

Думан БАКЕРБЕКОВ,  Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының дәрігері: 

 

Әр адамға мейіріммен қараймын

– Дәрігер ретінде Отан алдындағы борышымды күн сайын, әр науқастың жанын арашалап, әр баланың денсаулығы үшін күресіп, атқарып келемін. Менің сертім – адам өмірін сақтап қалу. Бұл – менің мамандығым ғана емес, азаматтық борышым. Өйткені дені сау ұлт – елдің болашағы. Ал ұлттың денсаулығын сақтау, шын мәнінде, ел қорғаны болу деген сөз. Бейбіт күнде Отанды қорғау дегеніміз – ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау, ұрпақты дені сау, білімді, отансүйгіш етіп тәрбиелеу, өз ісіңе адал болу, әр мамандық иесінің өз орнында жауапкершілікпен қызмет атқаруы. Күн сайын науқастарды қабылдай отырып, олардың амандығын тілеймін. Әр адамның бойынан өмірге деген құштарлықты, отбасына, еліне деген махаббатты көремін. Осы сезім мені де өз міндетімді асқан ыждағаттылықпен атқаруға итермелейді. 
Отаным алдында: 
– әр адамға мейіріммен қарауға;
– білімімді үнемі жетілдіріп отыруға;
– халық денсаулығы үшін бар күш-жігерімді аямай жұмсауға:
– тыныш күннің қадірін біліп, сол тыныштықты сақтау жолында еңбек етуге серт бердім.
Отан – біз өмір сүріп жатқан жер ғана емес, әрбір баланың күлкісі, әрбір ананың амандығы, әрбір шаңырақтың берекесі. Сол үшін біз, дәрігерлер, Отан алдындағы парызымызды абыроймен атқаруға әрдайым дайынбыз! Мен, ортопед-дәрігер ретінде, Отан алдындағы борышымды адам денсаулығын сақтау арқылы өтеп келемін. Әсіресе тірек-қимыл жүйесі бұзылған балалар мен ересектерге көмектесу – мен үшін тек мамандық емес, азаматтық жауапкершілік. Өйткені адам еркін қимылдап, еңбек етіп, елге пайдасын тигізуі үшін алдымен дені сау болуы керек. Мен үшін бейбіт заманда Отанды қорғау – әр науқастың ертеңгі күнге сенімін ояту, аурудан арылту, өмір сапасын жақсарту. Әрбір адам елдің бір бөлшегі, ал денсаулығы мықты адам – мықты мемлекет кепілі. Отан алдындағы сертім – осы ұлы мақсатқа қалтқысыз қызмет ету. Ортопед болу – тек сүйекті түзету емес, адамға еркіндік, қозғалыс, сенім сыйлау. Ал бұл – елге деген үлкен қызмет. Әрбір сауығып, аяғына нық тұрған адам – менің еңбегімнің ғана емес, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығының көрінісі. Отанға деген сүйіспеншілік – менің кәсіби шеберлігім арқылы көрініс табуға тиіс. Бұл – менің үнсіз сертім, менің Отан алдындағы адалдығым.

 

Ерасыл САНАНОВ, сарбаз:

 

Бірлігіміз – күшіміз
 

 

– Отан алдындағы борышын өтеуге келген жас сарбазбын. Әскердегі алғашқы күндерден бастап-ақ, «Отанды сүю – иманнан» деген сөздің мәнін жүрегіммен түсіне бастадым. Отан – біздің туған жеріміз, ата-бабамыздың қаны тамған қасиетті мекен. Ал сол жерді қорғау, бейбіт заманда да оны сақтап қалу әр азаматтың қасиетті борышы деп білемін. Бүгінде еліміз тыныш, аспанымыз ашық. Бірақ бұл бейбітшілік өздігінен келіп жатқан жоқ. Оны күн сайын күзетіп, қорғап жүрген шекарашылар, сарбаздар, полиция мен басқа да күштік құрылымдар бар. Мен де солардың бірімін. Бейбіт заманда да Отанды қорғау – қару ұстап шекарада тұру емес. Бұл – өз жұмысыңа адал болу, заңға бағыну, халыққа қызмет ету, әрбір ісің арқылы елге пайда келтіру.
Біздің бірлігіміз – күшіміз. Сондықтан ел ішінде алауыздық туындамас үшін татулықты сақтап, әртүрлі ұлт пен ұлысты бауыр ретінде көріп, бейбіт қатар өмір сүруді үйренуіміз керек. Қарапайым халық үшін тыныштық — ең үлкен байлық. Сол байлықты сақтау үшін біз, әскерде жүргендер, уақытша болса да отбасымыздан алыста жүрміз. Қара күздің салқынында, қарлы боранда да жауынгерлік дайындықпен айналысамыз, тәртіп пен жауапкершілікті үйренеміз. Өйткені біз Отанның қалқаны болуға ант берген азаматтармыз. Отан алдында серт бердім: елімді қорғауға, халқыма адал қызмет етуге, елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін жанымды аямауға дайынмын. Егер менің қолымнан келсе, болашақта да елімнің дамуына үлес қосқым келеді. Білім алып, жақсы маман болу – Отанға қызмет етудің бір жолы. Қай салада жүрсем де, елімнің абыройын асырып, жұртымның сенімін ақтаймын деп серт беремін. Менің арманым – еркін, өркениетті, бірлігі бекем Қазақстанның бақытты азаматы болу. Ал сол арманды жүзеге асыру үшін әрқайсысымыз Отан алдындағы парызымызды түсініп, адалдықпен орындауымыз керек.

 

Жарқын НАҒАШБЕКОВ, Абай облысы Бидайық ауылы әкімдігінің бас маманы:
 

Отанды сүю жай сөз емес

 

– Отан алдындағы борышымды бір кездері өтеуге аттанған азаматтардың бірімін. Сол бір кезең адамды қалыптастыратын, азамат ретінде айқындайтын өмір мектебі болды. Әскер – тек тәртіп пен талаптың ортасы емес, өзіңмен бетпе-бет келетін, сабыр мен төзімнің мәнін түсінетін алаң. Таңнан кешке дейінгі жаттығулар, кезекшілік пен қарауыл, үнсіздік пен ортақ үн – бәрі-бәрі де жүрекке жазылған естеліктер болып қалды. Әскерде жүрген күндерімде ұққаным: Отанды сүю – жай сөз емес, ол – әрекет, үнсіз берілген уәде, ішкі серт. Бейбіт заманда да Отанды қорғауымыз керек. Қару ұстап тұру міндет емес, бірақ жүректе жауапкершілік, елге деген адалдық сезімі болу  әр қазақтың борышы. Әскерден оралған соң, қарапайым еңбек жолымды жалғастырдым. Бірақ қай салада жүрсем де, елге қызмет етуге тырыстым. Тыныштықтың өзі де күзетті талап етеді. Сол күзет – әрбір азаматтың адалдығы, еңбекке деген ықыласы, ұлтқа деген жанашырлығы. Шекара күзетінде болмасақ та, шекарасыз сана, шексіз жауапкершілікпен елге қызмет ете аламыз. Ата-бабамыз найзамен қорғаған жерді енді біз біліммен, бірлікпен, біліктілікпен қорғаймыз. 
Отанға қандай серт бердім? Жас сарбаз кезімде берген уәдем қажет кезде сапқа қайта тұруға, өз халқыма адал болуға дайын болу еді. Сол серттің салмағы жүректе. Бүгінгі бейбіт күнім үшін тағы бір мәрте уәде беру қажет болса, мен үндемей тұрып, әрекетпен жауап беремін. Өйткені Отанға деген адалдық дабырамен емес, іштей пісіп жетілген сеніммен өлшенеді. Егер әр азамат Отанға деген махаббатын жүрекпен сезінсе, тек мерекеде ғана емес, күнделікті өмірінде ел мүддесін ойласа, сонда біз өз еліміздің шын қорғаушылары боламыз.

 

Мадияр ӘБДІМҮТӘЛІПҰЛЫ,әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әскери кафедрасының студенті: 

Ел мәртебесін биіктетуге күш саламын

 

– Бейбіт заманда Отанды қорғау  – тек әскери борышты өтеу немесе қару асынып шекара күзету ғана емес, ең алдымен, елге адал қызмет ету, заңды сақтау, қоғамдағы ауызбірлік пен татулықты нығайту дер едім. Әрбір азамат күнделікті өмірде, жұмыста, оқуда өз міндетін адал атқарса, бұл да Отанды қорғаудың бір жолы. Патриотизм тек асқақ ұрандардан немесе мерекелік іс-шаралардан қалыптаспайды, ол өз үйіңе, ауылыңа, қалаңа, қоршаған ортаңа деген қамқорлықтан басталады. Жастар өз елінің тарихын, мәдениетін, дәстүрін білсе, оны құрметтесе, бұл – шынайы отансүйгіштіктің белгісі. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтау да маңызды. «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп бекер айтылмаған. Әр адам жол ережесін сақтап, заңға бағынса, қоршаған ортаға зиян келтірмесе, басқа адамның құқығын құрметтесе, қоғамда тыныштық пен тұрақтылық орнайды. Қоғамда тәртіп орнаса, елдің дамуы мен өркендеуі де тұрақты болады. Бейбіт күнде Отан алдындағы парыз – сапалы білім алу, адал еңбек ету, табиғатты қорғау, кедей-кемтарларға көмек беру, еріктілер қозғалысына қатысу сияқты игі істерден де көрінеді. Мысалы, сенбіліктерге шығып, айналаны таза ұстау, көшет отырғызу, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беру – бұлардың барлығы қоғамға пайдалы әрекет, ал қоғамға қызмет ету – Отанға қызмет ету.
Бейбіт заманда Отанды қорғау – баршамыз­ға ортақ міндет. Әркім өз ісіне жауапты болып, жақсылық пен әділдік үшін қызмет етсе, еліміздегі бейбітшілік пен тыныштық нығая түседі. Сол арқылы Отанымыздың мызғымас тірегі бола аламыз. Әр Отан қорғаушы әскер қатарына кіре отырып, салтанатты түрде ант қабылдайды. Мен де Отанымды – Қазақстан Республикасын адал қорғауға, халқына адал қызмет етуге, Конституция мен заңды қатаң сақтауға, ел тыныштығы мен бірлігін сақтау жолында аянбай еңбек етуге ант етемін. Бұл – менің қасиетті борышым, парызым.
Сондай-ақ Отан алдында берер сертім – Қазақстан азаматы ретінде елімнің гүлденуі үшін жан аямай қызмет ету, халқымның сенімін ақтау, еңбек етіп, өз қабілетімді елдің дамуына жұмсау. Қиындықтардан қаймықпай, адалдық пен әділдік жолынан таймай, елімнің мәртебесін биіктетуге күш салуға әзірмін. Ел қорғаны болу  тек әскери борыш қана емес, ол – әрбір азаматтың жүрек түкпіріндегі міндеті. Сондықтан мен, қай салада жүрсем де, Отанымның мүддесін бәрінен биік қойып, Қазақстанның жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуге серт беремін. 

 

Отанды қорғау – әр азаматтың жүрек түкпіріндегі қасиетті борышы. Қару ұстап шепте тұру – бір міндет, ал бейбіт заманда елдің тыныштығын сақтау – баршамыздың ортақ парызымыз. Әр адам өз ісіне адал болып, қоғамда заңдылық пен тәртіпті сақтауға атсалысса, бұл – Отан қорғаудың ең биік көрінісі. Әрбір мамандық иесі – ел қорғаны. Білім алып, ғылыммен шұғылдану, медицинада адам өмірін сақтап қалу, шәкірт тәрбиелеу, табиғатты қорғау – мұның бәрі бейбіт күнде Отанға қызмет етудің жолы. 

Әзірлегендер:
Аяжан ТОҚТАСЫНОВА,
Алтынай ҚАЙРАТ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 
баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының  2-курс студенттері

 

 

473 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы