- Ақпарат
- 08 Мамыр, 2025
Өшпес ерлік – ұрпаққа ұлағат

Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруде сөйлеген сөзінде аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат екенін атап көрсетті.
– Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек. Cоғыс жылдарында майданға 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанды. Олардың тең жартысы ерлікпен қаза тапты. Келер ұрпақтың жарқын әрі бейбіт келешегі үшін өз өмірін құрбандыққа шалды. Даңқты ұл-қыздарымыз ерліктің озық үлгісін көрсетті. Қазақтың жаужүрек ұлт екенін танытты. 500-ден астам жауынгеріміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Сағадат Нұрмағамбетов, Иван Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Нұркен Әбдіров, Мәлік Ғабдуллин, Сабыр Рахимов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Рақымжан Қошқарбаев, Хиуаз Доспанова және басқа да көптеген қаһармандарымыз өшпес із қалдырды, – деді Президент Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ тыл еңбеккерлері соғыс жылдары жанкештілік пен табандылық танытқанын айта келіп, Қазақстаннан майданға бір жарым мың вагон киім-кешек пен азық-түлік жібергенін айтты. Сол кезде елімізге жүздеген кәсіпорын көшірілді, көптеген жаңа өндіріс салынды. Олар өте қысқа мерзім ішінде майданға қажет өнімдер шығара бастады. Жұртымыз жұдырықтай жұмылып, күні-түні жұмыс істеп, қару-жарақ пен оқ-дәрі дайындады, әскери киім тікті. Соғыстағы он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды.
Президенттің айтуынша, Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге баса назар аудардық, еліміз бойынша мыңдаған маңызды, ауқымы кең іс-шара өткізіліп жатыр. 500-ге жуық көшеге Қазақстан қаһармандарының есімі берілетін болды. Елімізде қазақстандық майдангерлерге арналған «Батырларға тағзым» атты шеру өтеді. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғысқа қатысушылардың ұрпағы аталарының суреттерін көшелерде алып жүреді. Бүгінгідей жаһандық саясатқа агрессия мен қатыгездіктің жегі құрты дендеп енген кезеңде соғыстың қасіретін еліміздің барша азаматына түсіндіру аса маңызды. Ақиқатты танымай бейбітшіліктің қадірін білу мүмкін емес.
– Қазақ халқы – бейбіт халық. «Жаным – арымның садағасы» деген өр намысты, айбарлы ел. Жұртымыздың ерлік дәстүрі ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді. Алтын Орда, Қазақ хандығы кезіндегі баһадүр бабаларымыз кең-байтақ жерімізді қорғап, кейінгі буынға аманат етті. Олардың бүгінгі ізбасарлары қазақтың мемлекеттілігін қас қақпай күзетіп тұр. Айбынды армия – Тәуелсіздігіміздің қорғаны. Сарбаздарымыз елдің бейбіт өмірін, тұтастығы мен тыныштығын қорғауда. Қарулы күштеріміз әлемдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауға үлес қосып келеді. Жауынгерлеріміз Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясына ойдағыдай қатысып жатыр. Бұл – бүкіл әлемдегі Қазақстан армиясына деген зор сенім. Еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – аса маңызды міндет. Біз Қарулы күштерімізді жаңғырта бастадық, армиямызды күшейту үшін нақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы өте маңызды мәселе бойынша Парламент заң қабылдады. Мемлекет әскери қызметшілерге, арнаулы мекемелер мен азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлеріне әрдайым қолдау көрсетеді, – деді Қ.Тоқаев.
Президент сөзінің соңында «әр азаматтың бойында Отанға деген адалдық пен әділдік болуға тиіс. Ел қорғау – абыройлы міндет және зор жауапкершілік. Бұл – әр азаматтың перзенттік парызы» екенін атап өтті.
Астанада Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам салтанатты іс-шараға құрметті қонақ ретінде қатысты.
Парадқа Қазақстан Қарулы күштері құрамында және басқа да құрылымдарда қызмет ететін 4 мыңнан аса адам қатысып, 200-ден аса әскери қару-жарақ пен техника, 66 әскери авиация ұшағы мен тікұшағы көрсетілді.
Еркін ҚАЛДАН

627 рет
көрсетілді0
пікір