- Ақпарат
- 08 Мамыр, 2025
Қалықтай бер, Қазақстан қыраны

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ ,
«Ana tili»
Мамыр айы мерекеге толы. Үш мерекенің де мәні мен мағынасы бейбітшілік пен достықтан бастау алады. Өйткені адам баласы үшін тыныштық пен тұрақтылықтан асқан құнды нәрсе жоқ. Бала кезден тойланып келе жатқан мерекенің мәні де жыл өткен сайын артып, бейбітшіліктің бағасын халқымызға барынша ұқтырып келе жатқандай.
Мамыр айы бірлік байрағын көтеруден басталып, Қазақстан Қарулы күштер күніне, одан кейін Жеңіс мерекесіне жалғасады. Әр мейрамның өз маңызы мен мәні, жаңашылдығы бар. Мектепте оқып жүргенде «Ақ көгершін» әнін шырқаушы едік: «Ақ көгершін, көгершін, Қолқанат құс сен едің. Бар, кезіп қайт ел үшін, Кең дүниенің көлемін». Бейбітшіліктің көгершіні көк аспанымызда, шүкір, қалықтап келеді. Композитор Ахмет Жұбановтың бұл әні қазір де асқақ, бүгін де өзекті. Әлемде геосаяси жағдай шиеленісіп тұрған сәтте, «қырғи қабақ соғыс» өршіп тұрған кезде төрткүл құрлықтың бар баласының төбесіне тұтқан құндылығы бейбітшілік екеніне бек сенеміз. Мұндай жағдайда Отанды қорғау әр азаматтың қасиетті борышы екенін ұғынамыз. Бір ғұлама «бейбітшілік – соғыс арасындағы үзіліс» депті. Қосылуға да, қосылмауға да болар. Бұл сөзді геосаяи жағдай өршіп, шекараның екі жағындағы адам бір-біріне мылтық атып тұрған кезде айтқан болар. Бірақ біз бейбітшіліктің үзіліссіз болуын тілейміз. Бабаларымыз «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды бекер аңсамаған болар. Нағыз бейбітшілік – соғыстың болмауы емес, адамның уайымсыз өмір сүруіне мүмкіндік беретін жағдай. Барша адамзат бейбіт күн мен тұрақтылықты қалағанымен, империяшыл, бүлікшіл-басқыншыл кей топтар мен көшбасшылар күн тәртібіне өзге мәселелерді қоюға ұмтылатынын да ұмытпаған абзал. Өктемшіл-өзімшіл осындай мүдделерден бейкүнә сәби мен халық зардап шегеді. Соғыс арқылы шекарасын кеңейткен елдің ұшпаққа шыққаны жоқ. Жеріңе жер қосқанмен, еліңе ел қоса алмайсың.
– Қарулы күштер еліміздің Тәуелсіздігін, тыныштығы мен тұтастығын қас қақпай күзетіп тұр. Құқық қорғау органдары заң мен тәртіпті, арнаулы қызметтер ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп келеді. Құтқарушылар ел-жұрттың амандығы үшін аянбай еңбек етіп жүр. Былтыр біз Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын алғаш рет дербес орындауға кірістік. Бұл қадам халықаралық қауымдастықтың Қазақстан армиясына сенімі жоғары екенін көрсетеді. Біз бейбіт мемлекетпіз. Барлық елмен достық қатынас орнаттық. Даулы мәселенің бәрін саяси диалог арқылы шешу керек деп санаймыз. Мен бұл Қазақстанның мызғымас ұстанымы екенін үнемі айтып жүрмін. Дегенмен қамсыз отыруға болмайды. Армиямыз кез келген сәтте өз міндетін орындауға сақадай сай тұруға тиіс, – деді Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт
Тоқаев сардарлар мен сарбаздарды құттықтаған салтанатты жиында.
Демек, мадақ та, мақсатты жұмыс та бейбітшілікке арналуға тиіс. Рас, кейінгі ұрпақ соғысты көрмесе де, аталарымыз қан майданда шайқасты. Майдан даласынан оралмағаны қаншама?! Опат болды. Сондықтан біз майдангерлер алдында бас иеміз, тағзым етеміз.
Қазақстаннан Екінші Дүниежүзілік соғысқа 1 миллион 366 мың адам қатысты. 410 мың адам туған жеріне оралмады. Майдан даласында қаза тапты. Тылда 700 мың адам тер төкті. 497 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Қазақстаннның төрт азаматы екі мәрте Батыр атағын алды. 1941–1945 жылғы Екінші Дүниежүзілік соғыста сол кездегі Кеңес Одағынан 26 миллион адам соғыстың құрбаны болды. Ордень, медаль алып, тірі оралғаны, марапатталғаны да жетерлік. Бірақ адам марапатталуы үшін майданға аттанбайды. Мұны бейбітшілікті аңсаған әрбір адам баласы бүгінде терең түсініп, ұғынyға тиіс.
– Қазақ – болмысынан жаужүрек халық. Батыр бабаларымыз кең-байтақ жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғады. «Ер – елдің айнасы» дейді. Шын мәнінде, халқымыздың ерлік дәстүрі атадан балаға жалғасып келеді. Қазақ сарбазы қай кезде де елін қорғай білген. Жерінің шетіне жау тисе, жұдырықтай жұмылып бір тудың астынан табылған. Биыл ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Жеңіс мерекесі ерен ерлікті көрсетеді. Сондай-ақ бейбіт өмірдің, бірлік пен ынтымақтың маңызын ұғындырады. Жеңіс күні арқылы ұрпаққа берілетін ең басты тағылым – осы, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тарихқа жүгінсек, 1992 жылдың 7 мамырында Президент Жарлығымен Қазақстанның Қарулы күштері құрылды. 1993 жылдың ақпанында еліміздің алғашқы Әскери доктринасы қабылданды. Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштерінің құрылуы мен қалыптасуына еліміздің бірінші Қорғаныс министрі, соғыс ардагері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов орасан зор үлес қосты.
Шүкір делік, Отанымыздың Қарулы күштері тыныштық пен ел тұтастығын қас қақпай күзетіп тұр. Біз – бейбітсүйгіш мемлекетпіз. Барлық елмен достық қарым-қатынастамыз. Территориямыз тұтас, даулы мәселе жоқ. Ал әлемдегі даулы мәселенің бәрі саяси диалог арқылы шешілуі керек. Президенттің, Қазақстанның ұстанған басты ұстанымы мен саясаты – осы.
Ал биыл 7 мамыр күні Астанада Отан қорғаушылар күні және Жеңістің 80 жылдығына арналған ауқымды әскери шеру өтті. Бұл – Қазақстан Қарулы күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың, күш құрылымдарының ардагерлері мен әскери қызметшілерінің салтанатты шеруі.
Дана халқымыз «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаған. Расында, бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайды. Бейбітшілікті, тұрақтылықты сақтау, соғыс отын тұтатпау – халықаралық қоғамдастықтың негізгі талабы. Бұқара халық әрдайым мәңгі бейбіт өмір сүруді қалайды.
Бейбітшілік – ел тірегі. Қарулы күштер – елдігіміздің, қауіпсіздігіміздің кепілі. Адамзаттың асыл құндылығы – келісім мен тұрақтылық. Мұхаммед Хайдар Дулати «Сен әлемді жаулап алма, өйткені онда сансыз қайғы-қасірет бар. Сен одан да адамның жан дүниесін меңгер. Ол жерде әдемі әлем бар екенін көресің» деген екен. Демек, бейбіт күннің ұлы құндылық екенін күллі адамзат түсінуге тиіс.

490 рет
көрсетілді0
пікір