• Ақпарат
  • 08 Мамыр, 2025

Айжан Ерғазиева, Б.Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы: Қазақ тіліне қоғамның сұранысы артты

Қазақ тілі күн өткен сайын қолданыс аясын кеңейтіп,  қанатын кеңге жайып келе жатқаны қуантады. Меніңше, бүгінде кез келген мекеме мемлекеттік тілдің өсіп-өркендеуіне мүдделі, оның бас­ты себебі қоғамның сұранысы артты. 

Қазіргі таңда мемлекеттік тілді «Б.Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейі» КММ кеңінен қолданады. Музейде барлық құжат, есеп, көрме, көптеген іс-шара, сұқбат мен челлендждер қазақ тілінде жүргізіледі. Оған музей қызметкерлері де белсенділік танытып, үлес қосып жүр. Музейдің ресми сайты, негізінен, қазақ тілінде, ал сайт қолданушылары үшін қазақ, орыс, ағылшын, яғни үш тілде,  әлеуметтік желі қолданушылары үшін Instagram, Facebook, TikTok парақшалары екі тілде жүргізіледі. 
Өзім музей экспонаттарының сақталуын қамтамасыз етемін, музей қорының есебін, экспонаттардың ғылыми сипаттамасын, әртүрлі жәдігердің тарихын және жиынтық каталогтерді мемлекеттік тілде әзірлеймін. Қазақ тілі өзінің көркемдігін, бай мұрасын сақтауы керек, сондықтан ұлттың ұлттығын, ғажап тілін көмкеріп, ұрпақ санасына сіңіре берген дұрыс деп есептеймін.  
Музей саласында мемлекеттік тілді кеңейтіп, қолдану саясатының жүзеге асырылуына ұдайы назар аударып отыру, сол арқылы уақыт ағымына сай туындайтын жаңа міндеттерді айқындау – жауапты мәселе. Сондықтан музейде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін ауқымды жұмыстарды қолға алған дұрыс. Атап айтқанда, экспозиция мен экспонаттар туралы ақпаратты толықтай қазақ тілінде ұсыну, қызметкерлердің тілдік біліктілігін арттыру, қазақ тіліндегі экскурсиялар санын көбейту, цифрлық контентті дамытып, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Өйткені мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге баршамыз үлес қосатын болсақ, қазақ тілінің тұғырын биіктете түсеріміз хақ.

545 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы