• Білім және ғылым
  • 04 Наурыз, 2009

Менің кітабым

Біздің үйдің алдында газет-журнал сататын дүңгіршек бар. Түскі үзілісте үйге келе жатып соған бұрылып, сатушы Жамал апайға сәлем беріп, ішін көзіммен шолып өтетін күндегі әдетім. Бүгін де әдетімнен айнымай бұрылып едім, Жамал апай жаңа басылымдарды қабылдап жатыр екен. Шопыр жігіт фургон машинадан шығарған бумаларды дүңгіршекке кіргізіп жатты. Осы жерде мен өзімнің жаңа шыққан «Жеттүнде» атты кітабымның екі бумасын көрдім де, бойыма кенеттен мақтаныш сезімі ұялап, «Жамал апай, сіз енді менің кітабымды сататын боласыз» дегенді айтқым келіп еді, алайда әйел алдында кеуде ұрғым келмей, үнсіз ғана үйге қарай бұрыла бердім. ...Есікті аша бергенде-ақ тамақ иісі мұрныма келді. Жә, балаларымның анасы да күндегі әдетімен: – Қарның ашқан шығар, ә? – деп қарсы алды. – Тамағыңмен бірге өзіңді де жеп қоюға бармын, – деп шынымды айтып костюмімді шешу үшін төргі бөлмеге өттім де терезеге жақындай бере тұрдым да қалдым. Жаңағы ара адамға толып кеткен екен. «Ей, деймін өзіме өзім, бұрын мұндай болмаушы еді ғой. Мына жұрт елден алабөтен бүгін неге жинала қалған? Тегін болмағай... Осы көрініс мені терезе алдында ұстады да қалды. «Тегі, менің кітабым дүкендерге түскен-ау. Шағын киоскаға мұнша адам жиналғанда, «Кітап үйінде» не болмай жатыр десейші! Халық есікті сындыра-мындыра ішке лап қойған. Бірін бірі баса көктеп сатушыға қарай анталайды. – Кезекке тұрып, рет-реттеріңізден келіңіздер, – деп сатушылар шырылдап жүр. Оны құлаққа ілетін халық па! Анталағандар арасынан «Жеттүнде» романынан әр қолға біреуден артық берілмесін!» деген дауыстар да естіліп қалады. Сатып алушылардың анталауына ие бола алмаған дүкен директоры «Адам аяғының астында қалып бара жатырмыз» деп милиция бөлімінен көмек сұрайды. Дереу жеткен бір топ тәртіп сақшылары ондағыларды ретке келтіре бастайды. Жұрттың ең бір қырағы болып кететін жері осындайда. Кенет: – Келгені жаңа, ана милиция неге алады кітапты? – Кезектің алдындағы адамдар не қарап тұр! – Әне, бұлар тәртіп орнатады десе, алдымен өздері тәртіпсіздікке жол береді, – деген дауыстар да дүкен ішін кернеп кетті. Омырауларына Ұлы Отан соғысына қатысқандықтарын айтып тұратын белгілері бар бір топ адам алға ұмтылады. – Біз кезексіз алуға тиіспіз! – Біздің сендерден де бұрын алуға құқымыз бар! – Мүгедектің қызыл кітапшасын көтерген төрт-бес адам жұртты кимелеп барады. Осы кезде біздің балалардың шешесінің де дауысы саңқ етті. – Ей, тамағыңды ішпеуші ме едің? Менің ойым шорт үзіліп, «Дәл қазір Кітап үйінде болып жатыр-ау» деген көрініс лезде көз алдымнан ғайып болды. – Тамағыңды ішсейші! – деді тағы да жұбайым. Жоқ, мен бұл дауысқа да бұрыла алмадым. Әлгі ойымнан мен тоқ болатынмын. Жә, дүңгіршек алдындағы адамдар да сиреп қалыпты. Әдетте әр бумадан 25 кітаптан болатын да сондағы 50 кітапты 50 адамның қолына ұстата салу көп уақыт алған ба? Мен қайтып асүй жаққа бұрылмастан сыртқа беттедім де дүңгіршекке келіп Жамал апайға сәлем бердім. Әлгінде шаруасынан алаңдатпайыншы деген оймен үнсіз кеткен едім. – «Жеттүн» романынан неше кітап алдыңыз? – Елу, – деді апай. – Қаншасы қалды? – Елу... – деді Жамал апай тағы да. – Қалайша!.. – Мен тұтығып қалдым. – Газетке кезекті лотереяның тиражы шыққан, – деді Жамал апай. Тілім кесілгендей үнсіз қалған мен дәл осы сәтте жүрегім қарайып, өзегім талып, қарным ашып, ішімнің бұрап бара жатқанын бірден сезе қойдым. Үзіліс уақыты да бітіп қалған. Сонда да еркектік бір беткейлік намысым ұстап үй жағыма қайтып бұрылмастан жыбыр жүріспен кеңсеге қарай жылжи бердім. «Саяхатшы» Дүниеге сәбидің келгені себеп болды ма, әлде оның ата-әжесінің бірінің мүшелді жасқа келуі себеп болды ма, бұл жағы есімде қалмапты. Ал есімде қалғаны қаланың орталық көшелерінің бірінде бой көтерген сәулетті үйдің бір пәтеріне жинала қалдық. Арақ-шарап, тағамға майысқан столды айнала отырғандар арасынан танысты да таптым, бейтаныстар да кездесті. Осы соңғылар арасынан, егер егде тартқан еркек адамды «Жігіт ағасы» деп атасақ, сол сияқты жас жағынан «келіншек апасы» деп атауға болатын әйелден көз алмадым. Мойындаймын, ол әйел менің көзімді өңділігімен тартқан жоқ. Бұл жағынан өз әйелімнен аспайды екен. Ол менің көзімді үстіндегі, тіпті сөзбен айтып жеткізгісіз сәнмен тігілген көйлегі, жарыққа шағылысып жан-жаққа отты ұшқындар атқан сәлі-жамылғышы, көзге оттай басылатын білезігі. Білезігі жыланға ұқсатып үш-төрт рет оратылып жасалған екен. Ғажабы – әйел қолын көтергенде білезігі өз салмағымен төмен қарай сылқ етіп құламайды – кәдуілгі жыланша семіз білекті айналып барып төмендейді. Әлде жыланның осы өнерін көрсеткісі келе ме, әйелдің қолында тыным жоқ. Себеппен де, себепсіз де қайта-қайта көтеріп-түсіре береді. Кейде оны апарып құлақ-шекесіне тірейді. Әдетте адам қолымен иегін тіреуші еді, ал мына «келіншек апасы» қолын құлақ-шекесіне тіреуінде сыр бар екен. – Осылай отырса ғана сырғасы мен білезік, сақиналарының толық «горнитур» екені байқалады екен. «Үсті-басындағы әлеміштен кем түсірмейді» дегендей бет-аузын да аямай-ақ опаланғаны көрініп тұр. Ішін кім білсін, ал «келіншек апасының» сыртына көз салмаған адам жоқ. Жиналған жұрттың кезекпен тұрып осынау столдың басына жиналғандар себебіне байланысты кезекпен тұрып сөйлеп жатты. Мен «келіншек апасына» қараймын – бұл рюмкасын көтеріп түрегелсе сөзі де басқалардан ерекше шығатындай көрінеді маған. Бір уақытта ол да көтерілді-ау менің күтіп отырғанымды білгендей... Ол әуелі төбеге, содан кейін оң жақ-сол жағына қарап алды. Әлде жылан-білезіктің оралысын тағы да көрсеткісі келді ме, рюмканы столға қояр-қоймаста қайта көтеріп алады. Жанында үнсіз отырған күйеуіне де көз салып қояды. Стол басында үн жоқ... Сонан соң, тағы да төбеге бір қарап алып, ақыры үн қатты. – Осы, ана жылы Югославияға туристік сапармен барған жолымда ма екен? ...Жо-жоқ, Индия сапарында боса керек, әлде Швецияға ма екен? ...Е-е, теплоходпен Еуропаны айналып шыққан жолымда екен ғой, – деді де күйеуін түртіп қалды... – Осы мына білезік бастаған гарнитурді қайдан алып едім? – дегенмен қайта өзі сөйлеп кетті. ...Есіме жаңа түсті ғой, Каирға барғанымда... жо-жоқ, кешірерсіздер, қателесіппін, Америка сапарында екен ғой. ...Ойпырмай, не деп кеттім, Индия... Жо-жоқ бүгін маған не болған, Америкаға Кубадан кейін барған екем-ау. – Ол күйеуін тағы түртіп қалды, – Мына алтын зерлі сәліні қайдан алып едім? Күйеуі көмекке келудің орнына басын да көтерместен үнсіз отыра берді. Ал «Келіншек апасы» қай жерден не алғанын «есіне түсіре алмай» әлі жер шарын аралаумен болып жатыр... Столды қоршағандарға қарасам әр көрші екеуі өзара сыбырласып, күбірлесіп кеткен екен. Осы жерде, неге екенін білмеймін өзімнің де құлағым бітеліп қалсын. Саяхатшының сөзі былай тұрсын енді басқаның да үні маған жетпейді. Десем де «Келіншек апасының» соңғы сөзін құлағым қақты-ау әйтеуір. Ол: – Сол үшін алып қояйық! – деді де фужерді аузына төңкере салды. Сол-ақ екен тарелкада билеген пышақ пен шанышқы шақылдай бастады. Мен де көптің кәсібіне қосылып кеттім. Қалмұқан Исабай

3708 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы