- Ақпарат
- 15 Мамыр, 2025
Құс келгенде...

Қазақ дүниетанымында адам мен табиғат арасында онтологиялық байланыс бар. Себебі құс келгенде, құс қайтқанда, шілде басталғанда жүйке жүйесі асқынып, әдеттегіден тыс әрекетке барған адам туралы жиі естиміз. Психиатрия саласында бұл өзгерістерді маусымдық аффективті күймен (Seasonal Affective Disorder) байланыстырса, әдебиеттану ғылымында табиғаттағы өзгерістер адамның ішкі толқуын үдетіп, жан дүниені селдей шайып өтеді. Оған Абайдың «Күзі», Мағжанның «Толқыны», Шәкәрімнің «Ақыл құсы адаспай аспандаса» секілді өлеңдері дәлел.
Ал жанды жеген жүйке дертіне шалдыққандардың деректеріне үңілсек, 2023 жылы психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар 198,4 мың адам тіркелген. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 11,7%-ға өскен. Ол аздай 2023 жылы жүйке жүйесі ауруларынан 25,6 мың адам қайтыс болған. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 2,3% жоғары. Ал 2022 жылы жүйке жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімнің стандартталған коэффициенті 10 мың адамға шаққанда 103,5 жағдайды құраған. Бұл жағдай тек ересектерде ғана емес, балалар мен жасөспірімдер арасында да асқынып тұр. 2025 жылғы ақпан айындағы мәлімет бойынша, елімізде 44 781 бала мен жасөспірім психикалық ауытқулармен динамикалық бақылауда болса, шизофрения диагнозымен 301 бала мен жасөспірім есепте тұр. Ал дәл қазір Қазақстанда депрессияға шалдыққан адам саны 732,7 мыңға жетеді. Бұл көрсеткіш әлемдік орташа деңгейден жоғары (4,4% қарсы 3,9%). Күйзелісте жүрген қазақстандықтың да саны 700 мыңнан асады. Бұл – болжамды көрсеткіш, – дейді мамандар. Мысалы, University of Maryland School of Medicine ғалымдары көктемде бүр жаратын қарапайым ғана ағаш тозаңының депрессияға әсерін зерттегенде, көптеген адамның көңіл күйінің төмендегенін анықтаған. Бұл – табиғат пен адамзаттың арасындағы етене жақын байланыстың бар екенін дәлелдейді.
Табиғат демекші, психолог Айгүл Нұрхожаеваның пікірінше, күн мен түннің теңелуінде де адам жүйке жүйесіне әсер ететін біз білмейтін құпия жатыр. Мысалы, ғалымдар көктемгі күн мен түннің теңелуінен кейін 15 күн ішінде науқастардың қан сарысуындағы 27 метаболиттің деңгейі өзгергенін анықтаған. Бұл өзгерістер аргинин метаболизмі, D-глутамин және D-глутамат метаболизмі сияқты жолдарға байланысты. Зерттеушілер бұл өзгерістердің сыртқы факторлар, мысалы, көктемгі күн радиациясының өзгеруіне байланысты болуы мүмкін деп болжайды.
Осыған қарап-ақ, қазақ халқының 22 наурызды жаңа жылдың бастауы етіп алуы тегін емес екенін терең түйсінуге болады. Себебі күн мен түн теңелген уақыт нөлдік уақытқа сәйкес келеді. Оны ежелден ата-бабамыз дөп басып, есептей білген.
Одан бөлек, Нұрхожаева көктемде адамның көтеріліп ауруына бірнеше фактор әсер ететінін айтады.
«Биологиялық сағаттың өзгеруі
Ағзаның циркадтық ритмі (күн мен түннің алмасу ырғағы) көктемде қайта реттеледі. Қыс бойы қысқа күндер мен ұзақ түндер ағзаға бейімделген болса, көктемде күннің ұзарып, түннің қысқаруы жүйке жүйесін жаңа жағдайға бейімдеуге мәжбүр етеді. Бұл өзгерістерде ағзада стрестік жағдай туып, көңіл күйінің көтерілуі немесе керісінше төмендеуі мүмкін.
Жарықтың өзгеруі
Көктемде жарықтың көбеюі адамның гормоналды деңгейіне әсер етеді. Серотонин және мелатонин сияқты гормондары көктемнің келуімен өзгеруі мүмкін. Жарық мөлшері көбейген сайын, ағзада серотонин (көңіл күйіне әсер ететін нейротрансмиттер) деңгейі артады, бұл қалыпты жағдай болуы керек. Бірақ кей адамда бұл өзгеріс депрессияға ұшырауға әкеледі. Сонымен бірге көктемдегі жарықтың артуы мен ұзақтығы ағзаны гормондық тепе-теңдіктің бұзылуына ұшыратуы мүмкін.
Генетика
Тегінде, жүйке жүйесінде ауытқуы бар адамның ұрпақтарында көктем мен күз мезгілдерінде қозу процесі орын алады. Мысалы, баланың анасы немесе әкесі шизофрениямен ауырса, баланың осы аурумен ауыру ықтималдығы — 10%–13%.
Биполярлық аффективті бұзылыс та көктемде күшейе түспек.
Қатты көтеріңкі көңіл күйі, шектен тыс белсенділік, ұйқының азаюы, бірақ өзін сергек сезіну, импульсивті әрекеттер (ақша шашу, тәуекелге бару), галлюцинация мен сандырақтау (ауыр мания жағдайында) арқылы биполярлық бұзылысты байқауға болады. Одан бөлек, статистикалық және клиникалық зерттеулерге сәйкес, көктем – суицид санының жиі тіркелетін мезгілі. Ерлерге қарағанда әйел суициді бұл мезгілде көбірек екен», – дейді психолог.
Расында, қыстағы депрессиядан шыққан адамда энергияның қалпына келуі процесі жүреді. Бірақ эмоциялық ауыртпалық әлі де сақталады. Серотонин мен дофамин деңгейінің ауытқуы ішкі күйзелісті күшейтеді. Адам баласы өзін-өзі де білмей жатып, өзгелермен салыстырып бастайды. «Анау қыздың мүсіні мінсіз екен. Ал мен әлі толықпын. Мынау қыздың қадам басқанда қаз мойындай керіліп, сымдай тартылған аяғы көз тартады. Ал мен...» деген сынды төмендетулердің нәзік таразысы тартыла бастайды. Ал көктемде басқалар «бақытты» болып көрінген сайын, өз өміріне көңілі толмайтын адамда дистресс арта түспек.
Айтқандай, қазақ дүниетанымындағы құстың ұшып келуі мен кетуіндегі сырды әдебиеттанушы Айдана Дүйсенбай былай тарқатады:
«Құс жай ғана тіршілік иесі емес. Құстың ұшып келуі – өмірдің басталуы, ал қайтуы – өмірдің өтпелілігі мен фәнилігін еске салу. Қазақ жырларында құс арқылы пейзаждық параллелизм шебер суреттелген. Құстың ұшуы – еркіндікті білдірсе, торға түсуі – мұңмен байланыстырылады. Құстың келуі – қуаныш болса, қайтуы – ажал мен ажырау символы. Тіпті құс бейнесі қазақ әдебиетіндегі жоқтауларда да кездеседі.
Мәселен, Махамбеттің «Қызғыш құс» өлеңі Исатай досынан айырылғанын, болашаққа деген үміттің жоғалуын білдіреді. Сондықтан болса керек, қызғыш құс – нәзік көңіл күйі, жүректегі мұң мен жоғалту сезімін тереңірек ашатын символ».
Демек, бұл философиялық-рухани түсінік суфизм, тәңіршілдік және ислам философиясымен де астасып жатады. Құс – жанның символы, ал оның ұшып кетуі – рухтың ажырауы немесе жоғары жаққа ұмтылысы ретінде бейнеленеді. Исламда жан – тәннен ұшып кететін құс тәрізді. Қазақ мифологиясында адамның жаны құс кейпінде суреттеледі. Мәселен, аққу – пәк қыз бейнесінде, бүркіт – биікте жүретін азаматтың образын береді. Ал суфизмде құс – адамның рухани кемелденуі мен биікке қол созу символы. Демек, құс – адам рухының бейнесі. Олардың келуі мен қайтуы — тек экологиялық емес, эмоциялық, философиялық, тіпті биологиялық құбылыс. Қазақ әдебиеті осыны көркем сөзбен жеткізсе, ғылым оны нақты жүйемен дәлелдейді.
Ал этнограф Бердалы Оспан адамның көтеріліп ауруына 4 мезгілдің жыл бойы ауысып келуі әсер ететінін айтады.
«Көктемді жаңару мезгілі дейміз. Табиғатпен қатар, адамның тұла бойы тұтастай өзгеріске түседі. Бұл дерт өзі техникадағы микросхема секілді. Бұрындары ноутбукта бір ақау анықталса, сол жерін ғана жөндейтін. Ал қазір қосалқы бөлшекті түгел жөндеуге тура келеді. Бұл да сондай. Жүйкенің бір бөлігінде азғантай ақау болса, бүкіл денеге әсер етіп, көтеріліп кетеді. Мысалы, ХІІ ғасырда Голландияда тұрғындар билей бастаған. Бүкіл ауыл билеп кеткен. Ауылдан шығып, келесі ауылға барған. Бұл – массалық психоз деп аталады. Неге кейде адам өркениетті елде тұрып жатса да, шеруге шығып кетеді? Соғыста да кім үшін, не үшін соғысып жатқанын білмей, аттанып жатқан жауынгерлерді көреміз. Оларда да массалық психоз болады. Тіпті, оны айтпағанда, бір сөзден де адам көтеріліп кетуі мүмкін. Сондықтан адаммен байыппен сөйлесіп, қарым-қатынасты дұрыс құра білуді үйрену керек. Бұл – жалпы әр адамда кездесетін күй. Бірақ қазақта «отты тұтандырма» деген сөз бар ғой. Бір адам көтеріліп кетсе, бәріне әсер етуі мүмкін. Өркениетті елдерде әр адамның өзінің психологі болады. Біздің қазақта байырғы заманнан психологтің рөлін ата мен әже, одан қалса, бүкіл ауылы алған. Балаға шынашақтай кезінен толыққанды назарын беріп, еркелетіп, мәпелеп өсіргендіктен, бала да санасы сау тұлға болып қалыптасады. Ал қазір ауылдағы адам да, ата мен әже образы да сәл өзгеріске түскен. Сондықтан адамның жүйке жүйесі тез сыр береді. Енді қазақ этнографиясында көтеріліп ауырған адамды қалай емдеген? Байырғы қазақ көктемде көтеріліп ауырған адамға бақсылық зікір, дем салу, үшкіру, көшіру, қорықтық құю, үзу, пышақ жастау, отпен аластау, таңмен сергіту, жын шығару, әулиеге түнеу секілді әдістермен емдеу жолдарын қолданған. Мұның бәрі халықтық ем түрі ретінде ел арасында жиі қолданылады. Тіпті оны медицинада плацебо дейді. Плацебо – нақты емдік қасиеті жоқ, бірақ адам оны шынайы дәрі деп сеніп қабылдағанда психологиялық немесе физиологиялық оң әсер тудыратын әдіс. Ол – алдау емес, ол ғылымда жүйелі зерттеу құралы. Нейробиологияда мұны сенім дейді. Гипнозда босату дейді. Мидың қабілеті және биоқуаты ғажап күшке ие.
Мысалы, эпилепсия деген ауруды Мағжан Жұмабаев «есектің сүтімен емдейтінін» жазған. Сол секілді халық емдерін қарастырып тұру керек. Одан бөлек, қарапайым адам мен өнер адамының психикалық ауруға жақындығы туралы айтсам болады. Қарапайым адамға қарағанда сахна адамының көп жағдайда психикалық ауруға бейім болатынын ғылым дәлелдеген. Олар өмірінің басым көпшілігінде тыныш жүргенімен, кей жағдайда шектен тыс көтеріліп кететін болған. Суретші сурет салуын, ақын өлең жазуын, музыкант музыкасын қойып кетсе, оларда психикалық өзгерістер болатыны сөзсіз», – дейді этнограф-ғалым.
Айтса, айтқандай-ақ, Jamison, Touched with Fire, 1993 жылғы зерттеулеріне сәйкес, талантты жазушылар мен суретшілер арасында биполярлық бұзылыс, депрессия, мазасыздық жиі кездесетіні анықталған. Эстетикалық мінсіздікке ұмтылатын өнер адамы әрдайым ішкі «Мен» мен сыртқы «Меннің» арасында аласапыран күй кешеді. Өз-өзін жиі сынға алып, өз жан жарасымен бетпе-бет қалады. Бәлкім, сондықтан жан мен тәннің шекарасында сынып кеткен тыныштық иесінің дерті қозып, сырқаты бас көтереді...
Ақгүл Айдарбекқызы

414 рет
көрсетілді0
пікір