- Ақпарат
- 15 Мамыр, 2025
Кетпен ұстайтындар кемшін болып тұр

Аграрлық шаруашылық – кез келген елдің негізгі тірегі. Өйткені бұл сала ел азаматтарының саламатты тамақтануына тікелей жауапты. PhD, қауымдастырылған профессор Қанат Хазимов еліміздегі аграрлық саланың бары мен жоғына қатысты ой-пікірін айтып берген еді.
– Қанат Мұхатұлы, инженер-механик ретінде елдегі аграрлық ғылым саласына үлес қосып жүрген, алдыңғы шептегі ғалымдардың бірісіз. Дәл қазір қандай жобамен айналысып жүрсіз? Қазір бұл салада не нәрсе жетіспейді, нені әлі де жетілдіру керек?
– Мамандығым инженер-механик болғандықтан, қазіргі таңда жүзеге асырып жатқан барлық ғылыми жобаларым ауыл шаруашылығын техникалық қамтамасыз ету мәселесіне тікелей байланысты. Қазіргі уақытта екі негізгі бағытта жұмыс жүргізіледі. Бірінші жоба сүрлемді (силос) егіс алқаптарында тікелей вакуумдау әдісі арқылы дайындау технологиясын енгізуге бағытталған. Бұл жобаның мақсаты – мал азығының қоректік қасиеттерін сақтай отырып, тасымалдау мен сақтау шығындарын азайту. Ал екінші жоба – перга (ара наны) мен балауыз (воск) шикізатын алу үшін арнайы жабдықты әзірлеуге арналған. Бұл бағыт тек ара шаруашылығын дамытуға емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін арттыруға да зор үлес қосады. Осы жобалардың барлығы агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи инженерлік шешімдер негізінде жүзеге асырылып келеді.
Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында, әсіресе мал шаруашылығында, зор әлеуетке ие. Бұл – тарихи негізі бар бағыт: ата-бабаларымыздың кәсібі де осы, кеңестік кезеңде де Семей ет комбинаты сынды ірі нысандар ел ішінде орналасқан. Яғни салада ішкі ғана емес, халықаралық нарыққа да бағытталған бәсекеге қабілеттілік бар. Алайда бұл әлеуетті толық іске асыру үшін шетелдік технологияларды тиімді бейімдеп енгізу қажет. Жай ғана жабдық сатып алу жеткіліксіз, әр өңірдің ерекшеліктерін ескеріп, оны адаптациялау маңызды. Мұнда отандық ғалымдар мен мамандардың рөлі ерекше. Мұның бәрі республикада жүріп жатқан техникалық жаңғыртумен тығыз байланысты. Бірақ технологияны енгізу ғылым, білім, өндіріс, бизнес пен халықаралық ынтымақтастықтың жүйелі байланысын қажет етеді. Қазіргі кезде дәл осы — кешенді жүйе жетіспейді.
– Агро ғылымда өзіміздің отандық техникалар жергілікті жердің ерекшеліктеріне қарап, ыңғайланып жасалады деген едіңіз. Қандай техникаларды ел кәсіпкерлеріне көбірек ұсынар едіңіз? Олардың ерекшелігіне тоқтала аласыз ба?
– Аграрлық техника жергілікті табиғи-климаттық жағдайларға бейімделуі керек деген ойымның мәні тереңде. Қазақстан – кең-байтақ ел, әр аймақтың топырағы, ылғалдылығы, өсімдіктер жамылғысы мен температуралық режімі әртүрлі. Сондықтан шетелдік техника барлық өңірге бірдей тиімді бола бермейді. Осы ретте отандық техниканы әзірлеудің маңызы зор. Қазіргі таңда мен фермерлерге бейімделген, шағын әрі көпфункциялы техникаларды ұсынар едім. Мысалы, әмбебап азық әзірлеу кешендері немесе топырақты минималды өңдейтін агрегаттар. Мұндай техникалар отандық жағдайға жақсы бейімделген, қолдануға ыңғайлы әрі арзан.
Ерекшелігі – жергілікті шикізат пен инженерлік шешімдерге негізделуі. Бұл олардың жөндеуге, техникалық қызмет көрсетуге де жеңіл болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар мұндай техникалар ұсақ және орта шаруашылықтарға қолжетімді, ал бұл – агросаланың негізін құрайтын негізгі топ.
– Осы орайда өзіңіз инженер-механик ретінде жасалуына қатысқан 1–2 техникаға тоқтала кетсек...
– Командамызбен бірлесіп, ауыл шаруашылығындағы тиімділікті арттырып, процестерді автоматтандыруға бағытталған екі практикалық-техникалық шешім әзірледік.
Бірінші – тамшылатып суару жүйесінен кейін алқаптардан суару ленталарын механикалық жолмен жинауға арналған құрылғы. Әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлерінде тамшылатып суару кеңінен қолданылып келеді және әр маусым соңында ленталарды тиімді әрі қауіпсіз түрде алқаптан алу – үлкен мәселе. Біздің құрылғымыз бұл процесті механикаландырып, жұмыс уақытын қысқартып, қол еңбегін азайтады және топырақ құрылымына зақым келтірмейді. Құрылғыны жеңіл техникалармен біріктіріп, түрлі қатар аралық еніне бейімдеуге болады. Әсіресе ірі егістік алқаптары бар шаруашылықтар үшін аса өзекті.
Екінші – далалық жағдайда комбайннан тікелей шыққан жасыл массаға вакуум арқылы силос жасауға арналған агрегат. Дәстүрлі силос дайындау барысында құнарлы заттардың жоғалуы, ашу және тасымалдау шығыны туындайды. Біз ұсынған шешім – жем-шөпті дәл комбайннан шыққан бойда, алқапта герметикалық қаптамаларға вакууммен орау арқылы сақтау. Бұл әдіс ауа мен микроорганизмдердің әсерін болдырмай, жемнің сапасын сақтауға мүмкіндік береді. Агрегат автономды жұмыс істейді және жем дайындау логистикасына оңай ендіріледі. Артықшылығы – қоректік заттарды сақтау, логистикалық шығынды азайту және жем сапасын арттыру.
АтЕкі жоба да өндірістік шығынды азайтуға, еңбек өнімділігін арттыруға және соңғы өнімнің сапасын жақсартуға бағытталған. Алдағы уақытта бұл шешімдерді тәжірибелік-өндірістік жағдайда сынақтан өткізіп, нақты шаруашылықтарға енгізу жоспарда бар.
– Қалай ойлайсыз, қазір ауылшаруашылығындағы мамандардың деңгейі қалай? Жалпы, мемлекет тарапынан бұл мамандыққа жеткілікті көңіл бөлініп жүр ме?
– Қазір ауыл шаруашылығы мамандарының деңгейі әркелкі. Бір жағынан, заманауи технологияларды меңгеруге қабілетті, білімі бар жастар өсіп келеді. Бірақ екінші жағынан, салада тәжірибелі кадрлар тапшылығы сезіледі. Әсіресе инженерлік-техникалық бағытта – агроном, механик, зоотехник, ветеринар секілді маманға сұраныс жоғары.
Мемлекет қолдап отыр, білім гранттары бөлінеді, агротехникалық университеттер мен колледждерге көңіл бөлініп жатыр. Дегенмен бұл жеткіліксіз. Негізгі мәселе – теория мен практиканың арасында алшақтық. Студенттер көбіне нақты өндірістік жағдайда тәжірибе жинақтай алмайды. Сондықтан білім беру жүйесін өндіріс орнымен тығыз байланыстыру қажет. Яғни дуалды білім беру, ғылыми-зерттеу жобаларын нақты шаруашылықтармен біріктіре жүргізу, кәсіби практика мен тәжірибелерді жүйелеу басты бағыттар болуға тиіс. Сол кезде ғана маманның деңгейі мен сала сапасы бірге көтеріледі.
– Осыдан бес жыл бұрынғы агро саламыз бен бүгінгінің арасындағы айырмашылық деңгейін қалай дер едіңіз?
– Соңғы бес жылда агроөнеркәсіп саласында белгілі бір оң өзгерістер байқалады. Ең алдымен, цифрландыру мен технологиялық жаңғырту үрдісі басталды. Дәл егіншілік, GPS-навигация, автоматтандырылған суару жүйелері секілді заманауи шешімдер біртіндеп енгізіліп жатыр. Сонымен қатар фермерлердің білім деңгейі мен жаңа технологияларға деген қызығушылығы артып келеді.
Алайда бұл өзгерістер жүйелі түрде емес, көбіне жеке бастамалар мен жекелеген шаруашылықтардың деңгейінде ғана жүріп жатыр. Республика деңгейінде толыққанды жүйе әлі қалыптасқан жоқ. Ауылдағы инфрақұрылым, кадр мәселесі, ғылым мен өндірістің өзара байланысы сияқты түйткілдер бұрынғысынша шешімін таппай отыр. Қорыта айтқанда, бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда алға ілгерілеу бар, бірақ ол әлеуетке сай емес. Кешенді, үйлестірілген саясат пен нақты механизмдер қажет.
Ауылда өскен соң, ауыл шаруашылығы техникасы, оның жұмыс принциптері мен пайдасы маған ерте жастан таныс болды. Сол себепті өз жолымды агроинженериямен байланыстырдым. Туған жерім – Шығыс Қазақстан облысы. Сол өңірдің табиғаты мен ауыл шаруашылығы құрылымы мені саланың нақты мәселелерін зерттеуге және шешуге ынталандырды. Университетте инженер-механик мамандығын меңгеріп, кейін ғылыми бағытта тереңдей бастадым.
Сонымен қатар мен студенттік кезден, нақты айтқанда, екінші курстан бастап бүгінге дейін Еуропа мен АҚШ-та түрлі тағылымдамалар мен біліктілік арттыру бағдарламаларынан өтіп келемін. Бұл білім мен тәжірибе маған қазақстандық жас мамандарымызды ел бойынша әрі халықаралық деңгейде заманауи талаптарға сай даярлауға, әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
– Осы бағытта алда қандай жоспарыңыз бар?
– Алдағы жоспарларым жүйелі әрі ұзақмерзімді. Ең басты мақсатым – ауыл шаруашылығы саласына ғылым мен заманауи технологияларды терең енгізу арқылы оның тиімділігін арттыру. Бұл бағытта мен инженерлік шешімдер мен агротехникалық жабдықтарды жергілікті жағдайға бейімдеп әзірлеуге басымдық беріп отырмын. Сонымен қатар мен үшін аса маңызды бағыт – өндіріс, бизнес, ғылым және білім беру салаларын бір жүйеге біріктіру. Себебі бұл төрт бағыт бір-бірінен бөлек дамыса, нәтижесі шектеулі болады. Ал олардың өзара байланысын орнату арқылы нақты тәжірибеге негізделген, сұранысқа ие инновациялық шешімдерге қол жеткізе аламыз. Сол себепті арналған тәжірибелік платформа, тәжірибе жинау бағдарламасы мен бірлескен ғылыми жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмын. Бұл – жастарға нақты өндірістік жағдайда білімін қолдануға мүмкіндік беретін орта. Оған қоса, халықаралық ынтымақтастықты күшейту, шетелдік тәжірибені елімізге жеткізу арқылы қазақстандық агросаланың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру – басты мақсатымның бірі. Ұзақмерзімді жоспарда – ауыл шаруашылығының экожүйесін құру, яғни білім мен ғылым, бизнес пен өндірісті бір арнаға тоғыстырған тұрақты әрі тиімді құрылым қалыптастыру.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан
Элеонора Әзіржан

619 рет
көрсетілді0
пікір