- Ақпарат
- 15 Мамыр, 2025
Қар, қара, қарамық

Дағжан Белдеубай,
«Ana tili»
«Қар» және «қара» түбір сөздері, филологтердің тілімен айтқанда, өте өнімді түбір деуге әбден болады. Өнімді болатыны – бұл түбірден басталатын сөз аз емес. Халқымыз «қара» сөзін түс (бояу) ретінде ғана емес, жамандық реңінде, яғни ауру-сырқау, бәле-жала және керісінше киелілікті білдіретін символдық мәнде де қолданған.
Хух Хара, Хараити…
Қар мен қара – түрік-моңғол тілдеріне ортақ сөз. Бұл ретте мынаны айта кеткен абзал. Әлеуметтік желілерде, бәлкім, біздің жазғандарымызды да оқығаннан болар, «тіліміз араб, парсы және моңғол тілдерінен құралған ба» деген сауал қоюшылар шыға бастады. Бірден мынаны айтқан дұрыс, қазақ көшіп-қонып, қойын құрттап, айранын ұрттап, өзімен-өзі ғана өмір сүрген халық емес. Еуразияны шарлап, өзге халықтармен араласып, тірлік кешті. Әрине, бәрін араб пен парсыдан, сосын моңғолдан келді деп үзілді-кесілді айту түбірімен қате. «Скифтер парсыша сөйлеген» деген секілді қасақана бұрмалау. Олардан бұрын түріктер әлденеше империя құрғанын ескеру керек. Сондықтан, керісінше, көп атау араб, парсы, моңғол тілдеріне түрік тілдерінен ауысуы әбден мүмкін екенін бір рет айтып қоймай, үнемі айтып отыру қажет дер едік.
Моңғолдар қазір де «қара» (түс) дегенді «хар» деп атайды. Әрине, орфографиясы бойынша «х» қарпі қолданылғанымен, орфоэпиясында өзгеріс шамалы. Сол секілді қолды «гар» (айтылымында «ғар») дейді. Қазақтың қар жілік атауы еске түседі. Малдың қол (қар) жілігін қасиеттеп босағаға іліп қоятын, киелі санайтын әдет-ғұрыпты әр қазақ біледі. Әрі қар жілікті жасы үлкен адамның сыбағасы ретінде асып береді. Біз осындай түсінігіміз арқылы көшпелі дәуірдегі өзге халықтармен тоғысамыз. Осындай әдет-ғұрпымыз, салт-санамыз бізді еріксіз өткен тарихымызға қарай жетелейді.
Біз мына тұрған моңғолдардың тілін айтып отырмыз, мифолог-ғалым Серікбол Қондыбай «қара» сөзін «Авестадан» (біздің дәуірімізге дейінгі 1000 жылдық) іздейді. Онда Кара деген балық, Хух Хара деген тау, Хараити деген шың аталады. Ғалым онымен шектелмей, «қара» – «қар» < «нар» < «ңар/нгар» праформасын түсіндіру үшін үндіеуропалық тілдердегі заңдылықтарға үңіледі, солармен шендестіреді. Онысы, әрине, орынды. Қайталап айтамыз, ата-бабамыз сол үндіеуропалықтармен де араласқан.
Қара шаңырақ ұғымы да баршаға түсінікті. Ол әкеден, атадан, тіпті бабадан келе жатқан, ылғи кенже балаға (кейде тұңғыш ұлға) бұйырған, турасы, солар қасиеттеп тұтынған киіз үй, ұзақ жыл керектенгендіктен, әбден қарайған шаңырағы деп түсінеміз. Бұл үрдіс жартылай көшпелі қазіргі қазақта да бар. Мәселе ол шаңырақтың қарайған түсінде емес, (шаңырақтың түсін өзгерту қазір мүлде қиын емес), сол әулеттің ата-бабадан жалғасқан түсінігінде. Әспеттеуінде, сыйлауында. Қара шаңырақ – сол әулеттің тарихы, ата-бабасының қолының табы қалған қастерлі мүлкі.
Тілімізде «қара орын» деген де тіркес бар. Махмуд Қашқаридің сөздігінде «қара орун» деген «мола» мағынасын береді екен. Бұл, басқаны қайдам, қазаққа түсінікті. Ата-бабасының басы жатқан жер. Орта ғасырдағы «Ел айырылған» атты белгілі жырда:
Қазақ-ноғай айырылды,
Қазақ сартқа қайырылды.
Қара қыпшақ Қобыланды,
Қара орнынан айырылды, – деген жолдар кездеседі. Демек, қара орын – қара мекен, туған жер, ел, мемлекет, хандық. Мұндағы «қара мекен» тіркесін көнерген деуге келмейді, әлі күн ауызекі тілде, әдеби шығармада қолданылады. Ал «қара орын» қолданыста көп кездеспейді. Осы екі тіркестегі қара сөзі көз көрген, ежелгі деген мәнде. Ал орын сөзі моңғол тіліндегі «орон» – Отан, «эх орон» Отан-ана ұғымына сәйкес келеді.
«Қара орман халқым» деген қолданыс әредік кезігеді. Бірақ бұл кейін пайда болған ақындық қолданыс секілді. Кезінде қазақ туралы көп жазған ұлты неміс, Ресей түркітанушысы Василий Радлов өзінің 1897 жылы шыққан сөздігінде «қара орман – мал-мүлік, байлық» деп көрсетіпті. Расында, кейінгі зерттеушілер (Рәбиға Сыздық) айтса айтқандай, «орман» сөзінің малға еш қатысы болмағанымен, қара ормандай көп деген тұспалдауы екені анық. Мұндағы қара сансыз көп мағынасын үстеп тұр.
«Қарақұладан қақ жарған»
Қой соя білетін адам сүбе қабырға, қара қабырға деген сөзді біледі. Сүбе қабырға майлы келеді. Қара қабырғада қанша семіз қой болса да көп май болмайды. Қара атайтыны содан (байқағанымыз – мұндай өзгешелікті кешегі көшпелі өмірді көре қалған бүгінгінің көне көзі ғана айырады, түстеп біледі). Қой дегеннен шығады, мал сойған күні жасалатын қара қуырдақты түсіндіріп жату артық болар. Оны кей жерде қара ала шыжық дейді. Етке қарамай кететін қонақ келген жағдайда немесе қалайда тезірек тамақ әзірлеу қажет болғанда қара ала шыжық қуырылады. Жаңа сойылған, әлі сорғымаған еттің өзінің ерекше дәмі бар, оған қоса өз майына шыжғырылып пісетіндіктен, түрі қара ала көрінеді. Әлсіреген, суық тиген адамға барынша бабымен, ұзақ қайнатып беретін қара сорпаны түсіндіріп жату артық болар. Қара сорпа кеспе, картоп қоспай, сырқатты тек терлету үшін беріледі. Термен шығатын жеңіл-желпі аурулар үшін бұл расында шипалы әдіс.
Қара орман секілді атынан заты басқа деуге келетін атаудың бірі – «қарабура». Мұның түйеге, бураға еш қатысы жоқ. Кәдімгі көктемде, жазда өзен суын бұру не тоқтату үшін жасалатын бөгет, кей жерде «тоспа» делінеді. Бұл, бәлкім, тасыған су жазғытұрым жараған бураны елестететін болғандықтан, осылай аталған шығар. Білетіндердің айтуынша, қарабура жасау үшін арқанды жазып қойып, оған сабан, қамыс не бұта ағаштарды төсеп, олардың ортасына шым, құм, қиыршық тас салып қатты байлап, алдын ала арнайы қағылған тіреулердің ортасына қояды. Сонда табиғи заттармен жасалған қарабура тіреулердің ортасына кептеліп, өзен ағысы қанша арынды болса да, тоқтайды не басқа арнаға бұрып жібереді.
Қазақта билерге қатысты айтылатын «қара қылды қақ жарып» деген сөз бар. Мұны біз кәдімгі жіп-жіңішке қылды қақ жаратындай әділетті деп түсінеміз. Бұл тұрақты тіркестің о бастағы нұсқасы басқа – қара қылды емес, «қарақұладан қақ жару». Аң да, малда да, мысалы, қазаққа ең жақын жылқыны алсақ, кекілінің астындағы маңдайынан жалына жалғасып, қыр арқасын, сауырын қақ бөліп тұрған құйрығына дейінгі сызықты байқауға болады. Соны қазақ «қарақұла» дейді. Ғылымда «медиана» деген термин пайдаланылады. Қарақұла, яғни медиана сол жануарды теңдей екіге бөліп тұрған сызық. Демек, әділ билер «қарақұладан қақ жарған».
Қарақұрт аталатын улы жәндікті білеміз. Ал сол аттас жұлдыз барын да айта кетейік. Қарақұрт (өрмекші жұлдыз) үнемі Жетіқарақшының маңында тұрады әрі батпайды. Ерекшелігі – аспанның ана тұсынан бір, мына тұсынан бір көрінетін жұлдыздардың санатынан емес. Кассопея, яғни қарақұрт жұлдызы туралы да халқымыз аңыз айтып, ырымдаған секілді. Мысалы, улы жәндік шаққан адам, түнде іскен жерін қарақұрт жұлдызына көрсетсе, ісігі қайтады деп сенген екен.
Қараман деген адам аты кездеседі. Хандық билік келмеске кеткен соң, билер мен аға сұлтандар пайда болғаны мәлім. Әсіресе ХIХ ғасырдың бірінші жартысынан қараман атанғандар көбейген. Оның себебі ақсүйек делінетін Шыңғыс қағанның ұрпақтары осы кезден бастап қарасүйекті қазақтармен үйлене бастаған. Қара халықпен құдандалы болған, қыз алып, қыз берген төрелерді қараман атаған.
Белгілі зерттеуші В.Вельяминов-Зерновтың былай деп жазғаны бар: «Қырымда қарачы дегендер – басты-басты ақсүйек әулетінің бектері және ханды сағалаған адам. Қырымдағы сияқты қарачылар Қазанда да болған, ноғайлыларда да болған. Жылнамаларда орыстың ең үлкен сановниктерін де қарачылар деп атайды». Осы үзіндіден қазақтың қарашы дегені кім екені түсінікті. Хан ордасында оның шашбауын көтеріп жүретін топ, кеңесшілері. «Бәлен деген ханның қарашысымын» деген мақтаныш болғаны байқалады. Кейбір түсіндірме сөздікте ханның бағынышты боданы деп көрсетілгенімен, олар қағанағы қарқ, сағанағы сарқ бостан адам. «Ер Тарғын» жырында Тарғын:
Қадір білмес сен итке,
Қарашы болып не етемін, – дейді. Ханның иттігін бетіне басып тұрған батыр, оның қасында қызметшісі болуды ар көреді. Осы тақырыпты зерттеушілер «Хан қасында қарашың болса, қара жерден кемең жүрер», «Хан – қазық, қарашы – азық» деген секілді мақал-мәтелдерді келтіреді. Бұл мысалдың барлығы қарашы – ханның айналасындағы игі-жақсылар екенін дәлелдейді. Бірақ хандық билік құлағаннан кейін қарашы немесе қараша – қара халық ұғымына ауысқан, қараша халық дейтініміз содан.
Ханның айналасында елдің сөзін сөйлейтін, керек кезде бағыт сілтеп, жөн айта алатын, халқына пана іспетті тұлғалар да болғаны анық. Досбол би туралы әңгімелерде, аста қымызға қызып отырған бидің бірі: «Қара ағаштай қалтия қалған қаралдысы жоқ бұл жатқаның кім?» – дейді. Осындағы «қаралды» сөзі басында «тұлғалы» мағынасында қолданылса керек. Василий Радловтың түсіндіруінше, қаралды – «халыққа таяныш болған, үміт артқан тірегі». Көне атауларды жақсы білетін жазушылардың тарихи шығармасында болмаса, қаралды – бүгінде қолданыстан шығып қалған сөздің бірі. МәшҺүр Жүсіп Көпеевтің ел аузынан жинаған еңбектерінде «қаралды» және «жұдалы» атауы кездеседі. Жұдалы – қаралдының синонимі, елдің қамын жеген жақсы-жайсаңы. Ғұламаның жазбаларында келтірілген тағы бір таңсық сөз – жұрын. Ол көптің бірі деген мағынада депті.
«Еруліге қарулы» тіркесін марқұм Рабиға Сыздық түрік-моңғолға ортақ тіркес деп дәлелдейді. Расында, қазіргі моңғолдар жауап дегенді «хариу» дейді. Ал «эрэх» – іздеу, сұрау, тілеу мағынасында. Сонда іздегенге, тілегенге, сұрағанға жауап болып шығады. Ғалымның айтысында, «хариу» мен қарымтадағы «қар» етістігіне назар аудару керек. Қарымта қайтару дейміз. Екі тілдегі сөздер тұлғалық жағынан ғана емес, мағыналық тұрғыдан да бірдей. Айтпақшы, «хариу», яғни қару сақа тілінде де жауап мағынасында екен.
Сол сияқты, академиктің дәлелдеуінше, қарындас сөзінің мағынасы ертеде бүгінгіден кең мағынада қолданылған. Қарындасты қазір бәріміз жасы кіші қыз деп ұғамыз. Ақын-жырауларды сөйлетіп көрейік. Асан қайғы:
Ол күнде қарындастан
қайырым кетер.
Шалкиіз: Жайыңды білген қарындас,
Ол қарындас әм жолдас.
Тіпті Абайда да «Осы қуаныштың бәрі де қазақ қарындастың ортасында» деген сөйлем бар. Мұхтар Әуезов, Тахауи Ахтанов қарындасты «бір жұрттың, бір рудың, тайпаның адамы, ағайын, туысқан» мағынасында қолданған. Ежелгі түрік тіліндегі «қарундаш/қарындаш» сөзін бір құрсақтан шыққан ағалы-інілі деп түсінген. Рабиға Сыздықтың пайымдауынша, қарын құрсақ мағынасында қолданылған.
«Қарын шаш» деген атау қазір де кездеседі. Сәби шыр етіп дүниеге келгенде шашымен туады. Құрсақта жатқанында пайда болған шашты халқымыз қасиетті санап, қырқынан шығарарда тақырлап алып, шүберекке түйіп, баланың киіміне тағып қояды. Оны өзіміз де талай көрдік, қарын шаш тіл-көзден сақтайды деген сеніммен солай жасайды.
Ұлттық ойындарда да ежелгі наным-сенім мен мұндалап тұрады. Мысалы, «қарагие» деген ойында балалар бас киімін таяққа іліп қойып, оны ұшталған таяқпен нысанаға алады. Ашық айтылмағанымен, онда әркімнің басындағы бәле-жаланы қуу тұспалы бар. Ал «қарғымақтың» кәдімгі дене шынықтыру пәніндегі биіктен секіруден еш өзгешелігі жоқ. Керіп қойған жіптен жүгіріп келіп не таяқпен де секіруге болады. Қарақұлақ ойынында бетін, көзін бастырып тұмақпен байлап қойған бала, «мынау қарақұлақ ғой» деп бірінші айтқан баланы дауысынан танып, қуып жүріп ұстауы керек. Мұнда да ілкідегідей астар бар.
Қаралақайналдыру
Жоғарыда айтқанымыздай, «қара» сөзі түрлі дерт-дербез, пәле-жалаға да қатысты қолданылған. Осы жолдардың авторы секілді, кішкентайынан аттың құлағында ойнаған шабандоздар біледі, қатты жүрістен, бәйгеден келген атты суытпай, отқа жібермейді. Ондайда жылқы қараөкпе секілді қауіпті ауруға шалдығуы мүмкін. Бұл дерт түйеде де кездеседі. Түйе оттамай, мүлде шөгіп жатып қалатын болса керек. Оны егесі арықтамай тұрғанда сойып алуды жөн көреді. Ал жылқының астыңғы ернінен, танауынан қан алып емдеуге болады деседі.
Қарақаптал – айғыр мен қошқарда кездесетін ауру. Жауын-шашын көп күз айында шығатын көрінеді. Жылқышы, қойшының пайымынша, бір зиянды шөпті жегеннен пайда болады. Ондайда құптан малдың ұмасын қандауырмен пісіп, қан аралас сары суын ағызады. Жылқыға жемге қосып күшала беріп емдейді. Қарасан да қазірге дейін белгілі сырқаттың бірі. Өйткені бақташы қауым кейігенде сиырға қаратып «қарасан келгір» дейді. Онысы қарғыс іспетті естіледі.
Қаратүйнек, аты айтып тұрғандай, малдың ішегінің түйілуі. Мал көрген елдің баласы тоқ жылқымен бірден қатты шауып кетпейді. Өзге де ірі қара малды жау шапқандай қуып айдамайды. Өйткені ішегі түйіліп, өліп кетуі де ғажап емес (бір ескертетін жайт – ірі қара тіркесі орыс тілінде тек сиырға қолданылады. Ал қазақ қой-ешкіден басқа, түйе, жылқы, сиыр түліктерін – түгел ірі қара деп атай береді. Сондықтан сөзбе-сөз аудармадан пайда болған мүйізді ірі қара сөзін, сиыр деп қана қолданған жөн). Оған ұқсас ауру адамда да кездеседі, ормауыз біреулер «түйнек келгір» деп ұл баланы қарғайтыны бар.
Қараталақ – топалаңның сиырда кездесетін түрі деседі. Мал бағу өте қиын шаруа екені анық. Малшы қауым кейігенде «топалаң келгір» деген қарғысты айтады. Әрине, шаршағаннан, шын көңілден емес. Кәсібіне ондай жамандықты тілемесі аян. Ұсақ малда кездесетін қарасүйел деген де жұқпалы ауру бар. Малдың сирағына, аузына сүйел қаптайды. Біртіндеп жараға айналады деседі. Төл қырылып қалуы мүмкін. Сондықтан сүйелді сылып алып тастап емдейтін көрінеді. Малда кездесетін тағы бір кесел – қаракемік. Турасы, сүйек ауруы. Белгісі – сүйектері қарайып кетеді.
Топалаңның түйеде кездесетін түрін қарабез, кейде ақшелек, сиырда қараталақ, жылқыда жамандат, қойда топалаң, ешкіде шек-шек, тіпті адамда күйдіргі не түйнеме атаған. Ең таңданарлығы, бұл қауіпті дерт сонау көне грек заманынан белгілі екен. Мұндай аса қатерлі жағдайға тап болғанда ата-бабамыз қаралақайналдыру секілді құрбан шалу ғұрпын жасап, яғни лақ шалып, Тәңіріге жалбарынып, ауру малды түгел жұртта қалдырып, көшіп кеткен деседі. Көшіп кетуінің сыры – ол «жұрт жақпады» деген сенімнен болса керек («Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі», энциклопедия).
Қара санай
«Қар» мен «қараға» қатысты сөз тіркестері жетіп-артылады. Білгенімізше тізіп көрелік. Қалауын тапса, қар жанар, ақ қар, көк мұз, көбік қар, күртік қар, қабағынан қар жауды, қасат қар, қырбақ қар, қарадан туды, қарасы өшті, көзінің ағы мен қарасы, алдына қара салмады (жүйрік ат), қараң өшкір, қара таныды (сауатын ашты), қара үзді, қараға тартты (бәйгеде айдалаға алып қашып кеткен атқа қарата айтылады), ұрынуға қара таппады, қара жамылды, қарасақал, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс, өкпесі қара қазандай, көмірдей қара, ертеден қара кешке дейін, кәтепті қара нар, қазақтың қара домалақ баласы, қаны қара, қара жүрек, қара азық, қара албасты, қара ажырық (өсімдік), қара аспанды төндірді, қара әбілет басты, қара бақыр, қара басыңа көрінгір, қара бұқара, қара жаяу, қара жаңбыр, қара жел, қара бұлт, қара бұрыш, қара жер, қара жорға (би), қара жон (қайратты адам), қара кер (жылқы), қара жол, қара кесек ет, қара көз, қара жұмысшы, қара көктің тұқымы (текті), қара қазақ, қара күш, қара көл (қазақы қой тұқымы), қаралы күн, қара көлеңке, қара қазан, сары бала, кемпір-шалдың қамы үшін (Дулат), қара қасқа кедей, қара қайыс, қара қожалақ, қара қытай, қара қатқақ, қара қырғыз, қара металл, қара лашын, қара мылтық, қара нан, қара нәсіл, қара өлең, қара нөсер, қара нөпір, қара сабын, қара сан, қара пәле, қара саба, қара санай (башқұрт садағы), қара сөз, қара сақал кермиық, қара суық, қара сирақ, қара суды теріс ағызады (бақсы), қара сүмек болып терледі, қара тас, қара сусар бөрік, қара тақым (кедей), қара топырақ, қара тер, қара торының әдемісі, қара тізім, қара түн, қара түтін, қара халық, қара шал, қара шай, қара шұбар жылан, қашпаған қара сиырдың уызынан дәметіп, қара шығын (патшалық Ресей заманында отарлаушыларға қосамжарлана жергілікті атқамінерлердің халыққа салған салығы), шымқай қара, қара шыбын, сүлік қара, қара шекпенділер, қас-қабағына қарады, алды-артына қарады, қарайтын бет қалмады, жалт қарады, атүсті қарады, ала көзбен қарады, ай-шайға қарамай, көз жасына қарамады, жүрдім-бардым қарады, жалтақ-жалтақ қарады, пысқырып та қарамады, өлген-тірілгеніне қарамады, қырын қарады, оң көзбен қарады.
Қарамойнақ
Енді жеке сөздерге келейік. Сөздік атаулыны ақтарсаңыз, олар да аз емес. Қарыш, қаріп, қарыс, қаріп-қасір, қарандыз (дәрілік өсімдік), қарабай (сараң), қарабайыр (қазақы жылқы тұқымы), қарабарақ (бұта), қарабалық, қарабас (өсімдік), қарабауыр (бұлдырық тектес шөп), қарабаялыш (түйе азығы), қарабидай, қарабұта, қарабүр (сексеуіл), қарағай, қараған, қарағұс (адамның бас сүйегінің бөлігі), қарағым-шырағым, қарадан-қарап, қарадегелек, қарадүрсін, қаражат, қаражелін (мал ауруы), қаражидек, қара жусан, қара жүрек, қараю, қара көлеңке, қара күйе, қарақағаз, қарақас (құрт әрі кеміргіш жәндік), қарақат, қарақияқ, қарақоға, қарақұрым, қарақу, қарақұйрық, қарақұлақ (мысық тұқымдас аң), қарақұмық, қарақұр, қарақшы (ел тонаушы, одан бөлек мал қора мен егін басына ит-құсты, зиянды құстарды келтірмей үркіту үшін құрыққа ілінген киім), қарала-тегенек (өткен жылдан қалып, қар астынан көтерілген шөп), қара ләйлек (қарабай), қаралтым, қарама-қайшы, қарама-қарсы, қарамала (ағаш), қараматау (шөп), қарамеңдуана, қарамойнақ (қауын), қара ниет, қараңғы, қараң-құраң, қара от, қара өзек шақ, қара өрік, қарапайым, қараптан-қарап, қарар, қарасу, қаратөбе, қарадыр, қара тау, қара жыра, қара табан, қаратамыр, қаратамақ (наурызек), қаратаяқ (қазақ ішіндегі оқығандар), қара терек, қараторғай, қаратпа сөз, қара тұрпан (үйрек тұқымдас құс), қаратіл (сиыр малының жүйрігі), қарауыл, қара шағала, қараша қаз, қара шегіртке, қарашық, қара шымшық, қарашірік, қара ырғай, қараяқ (ішік), қарбыз, қарға, қарғыбау, қарғыс, қаракет, қаржасу, қаржы, қария, қарқара (бас киім, көштің салтанаты үшін жасалатын бұйым), қарқын, қарлығаш, қарма (талқан, нан), қармақ, қарпу (киіз басу кезінде білекпен атқарылатын кезеңі), қарсақ, қарсаң, қарсылық, қарт, қартамыш, қару, қарша (терең суда болатын балық), қаршабай (түрік ер-тұрманы), қаршадай, қаршыға, қарыз, қарын, қарамық (астық тұқымдас арам шөптің дәні, бұталардың жемісі әрі балаға шығатын бөртпе, қызылшаға ұқсас, бірақ одан үлкендеу қара қоңыр болып келеді).
Көріп отырсыздар, «қар» мен «қараға» қатысты атау мен сөз тіркесін түгендеу оңай емес. Оңай болмайтыны, қазақ қазақ болғалы өмірімізбен біте қайнасып кеткен сөз атаулыны елестетудің өзі қиын. Тек бірнеше түбір сөзге қатысты сараптама жазу үшін қаншама еңбекті ақтаруға тура келеді. Тек құр біздің тіліміз бай деп жар салу жеткіліксіз, осылай талдап көрсеңіз, қаншама байлыққа шынымен көз жеткізесіз.

728 рет
көрсетілді0
пікір