- Ақпарат
- 15 Мамыр, 2025
Музей ісі: жәдігерлер қандай сыр айтады?

Қазір тарихтың құжатты куәгері – музейлердің маңызы арта түскен. Бұл – өткеннің ізі ғана емес, бүгін мен болашақтың арасын жалғап тұрған тірі кеңістік. Жәдігерлер сөрелердегі тас мүсіндер деп ойласаңыз, қателесесіз. Әрбірінде адамзаттың тіршілігі, мәдениеті, үміті бар. Жәдігерді сақтау, шын мәнінде, уақытпен күрес, ал келушіні таңдандыру рухани байланыстың бір көрінісі. Музейде тарих дауыстап айтылмайды, бірақ әр бұйым өз заманының тілінде сыр шертеді. Уақыт өтсе де, өңін бермеген мүсін, көнерген кітап, теріге түскен өрнек – барлығы да халықтың жадын сақтап қалуға қызмет етеді. Ал жәдігерді сақтау, оны танымдық бағытта ұсыну, келушіні шынайы әсерге бөлей білу – музей мамандарының көзге көрінбейтін, бірақ аса жауапты еңбегі. Ендеше, бүгінгі музей қандай? Келушілер не іздейді? Жәдігерлер қалай сақталады? Осы сауалға сарапшылар жауап береді.
Оралбек Сәрсенбайұлы, Мемлекеттік орталық музейдің антропология және этнология бөлімінің ғылыми қызметкері:
Туристер дәстүріміз бен мәдениетімізге қатты қызығады
– Қазіргі музей ісі жаңа бағытта дамып келеді. Музей тек тарихи жәдігерлерді сақтау орны ғана емес, сонымен қатар ғылыми-ағартушылық, тәрбиелік, мәдени орталықтар ретінде де қызмет көрсетіп отыр. Цифрландыру, мультимедиалық технологияларды енгізу, интерактивті көрме ұйымдастыру – бүгінгі музей ісінің жаңа тенденциясы. Келушілер саны маусымдық және тақырыптық көрмеге байланысты өзгереді. Соңғы жылдары мектеп оқушылары, студенттер және туристер тарапынан қызығушылық артып келе жатқанын атап өтуге болады. Солардың ішінде Қытай, Корея, Түркия, Франция, Германия сынды мемлекеттерден турист саны басым. Бұл еліміздегі туризм саласының дамып келе жатқанын көрсетеді. 2024 жылы Орталық музейге 200 мыңнан аса көрермен келді.
Мемлекеттік орталық музей – еліміздегі ең ірі және жетекші музейдің бірі. Мұндағы жәдігерлердің сақталу ерекшелігі – олардың ғылыми негізде жүйеленіп, арнайы сақтау режімінде ұсталуы. Сонымен қатар консервация және реставрация зертханасы жұмыс істейді, бұл жәдігерлердің ұзақмерзімді сақталуына мүмкіндік береді. Әрбір жәдігердің жеке тіркеу нөмірі, сипаттамасы мен сақталу жағдайы деректер базасына енгізілген. Температура, ылғалдылық, жарықтандыру көрсеткіштері қатаң бақыланып отырады. Сонымен қатар жәдігерлерді сақтау үшін арнайы сақтау қораптары, витриналар мен сөрелер қолданылады. Бұл іс-шаралар әлемдік стандарттарға сай жасалып, тарихи жәдігерлерімізді сол қалпында сақтауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік орталық музейге келушілер көбінесе қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен тарихына қатысты жәдігерлерге ерекше қызығады. Атап айтқанда, этнографиялық залдағы дәстүрлі киімдер, тұрмыстық заттар, зергерлік әшекейлер, аңшылық құралдары және қазақтың киіз үйі жиі назар аударады. Сондай-ақ археология бөліміндегі сақ-ғұн дәуіріне тиесілі алтын бұйымдар, петроглифтер, қыш ыдыстар мен ежелгі қоныстардан табылған жәдігерлер де келушілерді баурайды. Тәуелсіз Қазақстан тарихына арналған заманауи экспозициялар да жастар мен шетелдік туристер арасында сұранысқа ие.
Берік Әбдіғали, Ұлттық музейдің директоры:
Көрмемізді миллионнан аса адам тамашалайды
– Бүгінде халықтың музейге деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, 2023 жылы Ұлттық музейге келушілер саны 591 262 адамды құраса, 2024 жылы олардың саны 625 306 адамға өсті. Қазір Ұлттық музейге орташа есеппен алғанда күніне 1 800, айына 54 000 адам келеді. Келушілердің музейге деген қызығушылығының артуын ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізді танып білуге деген құлшынысынан, сондай-ақ музей қызметкерлерінің қонақтардың жас ерекшелігін, талап-тілегін ескеріп, оларды музейге тартудың сан алуан әдіс-тәсілдерін қарастыруынан байқаймыз.
Ұлттық музей ашылған сәттен бастап төл тарихымыз бен мәдениетімізді насихаттауға бағытталған 300-ден аса көрме ұйымдастырылды. Оның ішінде Ресей, Түркия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Өзбекстан, Грекия, Малайзия және басқа елдерде өткен көрмелер бар. Осы орайда Ұлттық музей ашылған сәттен бастап әлемнің 50-ден аса ұйымдарымен өзара әріптестік туралы меморандумдарға қол қойғанын атап өткім келеді.
Ұлттық музей жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге, балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған іс-шаралар өткізіп келеді. Атап айтқанда, «Тарихи тұлғалар», «Шаңырақ», «Әсемдікке құштарлық», «Қызықты этнография», «Мейірім», «Мирас», «Музейдегі мектеп күні» мәдени-білім беру жобалары аясында тұрақты түрде музей сабағы, танымдық бағдарлама, экскурсия, дәріс, дөңгелек үстел, тақырыптық кеш ұйымдастырылады.
Ұлттық музей қорында 220 мыңнан аса жәдігер сақтаулы тұр. Музей қорының коллекциясында отандық және әлемдік қоғамдастыққа белгілі ежелгі дәуірдің жәдігерлері, скиф-сақ дәуірінің қазыналары, қазақтың дәстүрлі зергерлік және сәндік-қолданбалы өнерінің жауһарлары, Қазақ хандығының қалыптасуынан бастап қазіргі заманға дейінгі уақытты қамтитын баға жетпес материалдар бар. Музейде ғасырлардан келе жатқан жәдігерлерді сақтау тәртібі мен талаптары ұдайы қайта қаралып отырады.
Музей халықаралық талаптарға сай болуы үшін оның жүрегі – қор сақтамалары мен экспозицияларындағы сақтау іс-шаралары да сол дәрежеге лайық болуға тиіс. Сондықтан да музейімізде ауданы 5 000 ш/м тұратын 54 қор сақтама бөлмелері жасақталған. Олардың 31-і мамандандырылған, 23-і жартылай мамандандырылған, яғни 31-інде қор сақтамада климат бақылауы автоматтандырылған тұрғылықты қондырғылар жүйесі арқылы, 23-інде қажетті температура механикалық жолмен реттеледі. Жинақталған жәдігерлер қор сақтамаларында арнайы классификатор бойынша, жасалған материалдарына қарай орналастырылған, яғни археология, бағалы металл бұйымдары, ағаш бұйымдары, киіз-кілем, кесте бұйымдары, құжаттар, фотолар, сирек кітаптар, аудио-бейне құжаттар, қару-жарақтар, ат әбзелдері,тері-былғары бұйымдары, шыны-фарфор, фаянс бұйымдары, металл бұйымдар, бейнелеу өнері туындылары және нумизматика, киім-кешек қорсақтамалары деп бөлінген.
Әрбір жәдігердің жасалған материалына қарай ұзақ сақталуын қамтамасыз ететін температуралық-ылғалдылық тәртіп көрсеткіші бар: мысалы, металл +18, сүйек, мүйіз +14–150, ақ-қара түсті фото +120, түрлі түсті фото +50 температураны талап етеді. Бірақ көптеген материалдың температуралық көрсеткіштері – +180, ылғалдылығы – 55%. Әрбір жәдігердің құрамында аралас материал болатындықтан, ең тиімді, кешенді сақтау көрсеткіші ретінде +180 температура мен 55% ылғалдылық тұрақтандырылып отыр. Музей қор сақтамаларында ауа ылғалдылығы мен температурасын реттегіш термогидростат қондырғылары, өрт өшіру газ қондырғылары орнатылған.
Музейге келушілердің нақты қандай жәдігерлерді сұрап келуіне жауап бермес үшін музейге келуші қонақтардың жас категорияларын ескергеніміз жөн. Мысалы, мектеп жасына дейінгі балаларға арнап 2023 жылы Ұлттық музейде ашылған Палеонтология залы сұранысқа ие. Экспозиция Ежелгі Қазақстанның жануарлар мен өсімдіктер әлемінің эволюциялық дамуын айқын көрсетеді. Залда бір кездері Қазақстанда тіршілік еткен жануарлар қаңқаларының реконструкциясы ұсынылған. Олардың арасында Рекс тираннозавры, индрикотерий, гиппарион, үлкен мүйізді бұғы және мамонт; сондай-ақ аймақтың геологиялық тарихының ең көне кезеңіне жататын түпнұсқа қазба қалдықтары: трилобиттер, брахиоподтар, жүнді мүйізтұмсықтардың қалдықтары т.б. бар.
Ал мектеп жасындағы балалар мен ересектерге арнап палеонтология залынан басқа археология, ежелгі және орта ғасыр тарихы, сақ (скиф) өнері, Ұлы дала тас мүсіндері, Алтын Орда (Ұлық Ұлыс), ХІІІ–ХХ ғғ. Қазақстан тарихы, материалдық емес мәдени мұра, қазақтың дәстүрлі мәдениеті, тәуелсіз Қазақстан, Астана, бейнелеу өнері, графика және мүсін залдарына қойылған экспонаттар өте қызықты. Яғни келушілер өздері қызығатын кез келген тарихи кезеңге қатысты құнды жәдігерлерді музей залдарынан тамашалай алады.
Шетелдік қонақтар сақ-сармат тайпаларының тарихи-мәдени мұрасына көп қызығады. Олардың ішінде Есік, Аралтөбе, Шілікті, Тақсай – 1, Үржар, Елеке-сазы, Тасқопа – 1 қорғандарынан табылған бірегей алтын бұйымдар мен «Алтын адамдардың» ғылыми реконструкциялары Ұлттық музейдің сақ (скиф) өнері залына қойылған. Шетелдіктердің сақ мәдениетіне деген қызығушылығын Қазақстаннан тыс елдерде өткен көрмелерден де байқауға болады. Мысалы, 2024 жылғы 30 қыркүйек – 2025 жылғы 12 ақпан аралығында Қытайдың Тяньцзинь музейінде өткен «Алтын адам және Ұлы дала» атты көрмені 1 300 мың адам тамашалады.
Сонымен қатар шетелдіктерді қазақ халқының рухани және материалдық мәдениеті қызықтырады. Ұлттық киімдерімізді, зергерлік бұйымдарымызды, музыкалық аспаптарымызды, қару-жарақтарымызды тамашалау мақсатында Қазақтың дәстүрлі мәдениеті, материалдық емес мәдени мұра залдарына көрермен көп барады. Сондай-ақ ұлттық мәдениетімізді насихаттау мақсатында шетелде өтетін қазақстандық көрмелерге де жиі барады. Мәселен, 2024 жылғы 6 қарашада Президент Қ.Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары аясында Гиме – Азия өнерінің ұлттық музейінде ұйымдастырылған «Қазақстан: Ұлы дала жауһарлары» атты көрмемен танысуға 70 мыңнан аса адам келген.
Бейбіткүл Абирова, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қызметкері, қор есебін жүргізу және сақтау бөлімінің жетекшісі:
Жәдігерлер дұрыс сақталуы үшін музей ғимараты жақсы жабдықталуы керек
– Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің тарихы 1935 жылдан басталады. Музейдің қор сақтау бөлімдері: кескіндеме, графика, икон жазбалары, мүсін өнері, сәндік-қолданбалы өнері, тұс киіздер мен тоқыма бұйымдар, кесте, ағаш, темір, киізден жасалған бұйымдар және зергерлік бұйымдар жеке-жеке сақталады. Әр бөлім өзіне тән сақтау режіміне байланысты жабдықталған. Кескіндеме қорында туындыларға күн сәулесі тік түспеу керек, сол себепті терезелері де соған лайықты ойластырылып қиғашынан орналасқан. Графика, тері бұйымдарына жарық кері әсер ету себебіне байланысты ол жерлерде терезе жоқ. Қорларда жылу беру батареялары, ток розеткалары орналаспаған. Қыста жылы ауа, жазда салқын ауа желдеткіш құбырлар арқылы беріледі. Қорда температура-ылғалдылық режімі сақталған, ылғалдылығы 50–55%, ал температура 17–18 градуста сақталады.
Музейдің негізгі мақсаты – қазақстандық және әлемдік өнер туындыларын жинау, сақтау, есепке алу және экспозициялау, атрибуция, реставрация, бейнелеу өнері теориясы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және қазақстандық және шетелдік өнер туындыларын насихаттау. Қор сақтаушының басты міндеті қор есебін жүргізу, халық игілігін сақтау, консервациялау.
Өнер музейіне орташа есеппен жыл сайын 200 мыңға жуық адам келеді. Музейдің 27 мыңға жуық өнер туындыларының керемет көркем жинағы, әдемі ғимараты және кәсіби ұжымы бар.
2025 жылы мерейтойы аясында музей бірқатар іс-шараны өткізуді жоспарлап отыр. Қазақстанның өнер шеберлерінің көркемөнер туындыларының үздік үлгілері музей қорларында жинақталған, онда Қазақстанда 100 жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан кәсіби көркемөнер мектебінің пайда болуы мен дамуының барлық кезеңі ұсынылған.
Музейдің экспозициялық-көрме қызметі жылына 80-ге жуық көрмені жүзеге асырады және музей экспозициясының екі бағытын қамтиды: музей қорларын көрсететін тұрақты экспозиция және уақытша көрмелер.
Музей – естеліктің мекені ғана емес, ұлттың рухани болмысы сақталатын қастерлі орын. Жәдігерлер өткеннің жансыз көшірмесі емес, олар жанды, себебі олармен байланыс бар, сұрақ бар, сағыныш бар. Қазір музейлерге жүктелер міндет бұрынғыдан әлдеқайда ауқымды: олар жинақтаушы ғана емес, түсіндіруші, жаңғыртушы, сезіндіруші кеңістікке айналды. Әрбір көрерменнің көкірегінде тарихқа деген құрмет ұялату, өткеннің үнін қазіргімен байланыстыру нағыз мәдени миссияның бір сипаты.
Жәдігер тағдыры – ел тағдыры. Яғни жәдігерлер әлемі – тыныштық әлемі ғана емес, уақыт пен келушілердің үнсіз сырласуы. Сол әңгіменің жалғасуы – бүгінгі ұрпақтың рухани міндеті.
Алтынай ҚАЙРАТ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ баспагерлік, редакторлық және
дизайнерлік өнер кафедрасының
2-курс студенті

501 рет
көрсетілді0
пікір