- Ақпарат
- 15 Мамыр, 2025
Дизайн және баспа ісі саласындағы маңызды кездесу

Жоғары білім беру кеңістігіндегі халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында университетте ҚазҰУ-дің Басқарма төрағасының орынбасары – Бірінші проректоры Еркін Дүйсенов пен Қытай Халық республикасындағы беделді оқу орындарының бірі – Цзяньцяо (Чжан Сяо) университетінің Интермарк халықаралық дизайн колледжінің деканы, профессор Хен Сук Ким ресми кездесу өткізді. Кездесу аясында тараптар білім беру саласындағы байланысты тереңдетуге, ғылыми-инновациялық жобаны бірлесіп жүзеге асыруға, сондай-ақ студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттыруға бағытталған өзара түсіністік пен серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат екі оқу орнының болашақтағы бірлескен бастамаларының берік негізін қалыптастырады.
Меморандум аясында студенттерге креативті ойлау, заманауи технологиялар және дизайн индустриясының жаһандық трендімен етене танысу мүмкіндігі ұсынылды. Сонымен қатар тәжірибеге бағытталған оқыту, халықаралық іс-тәжірибе алмасу, бірлескен семинар мен көрме ұйымдастыру, өнер мен технологияны ұштастыру сынды тың бастама қолға алынбақ.
– Біз жасанды интеллект дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Қазір бәрі цифрлық жүйеге көшіп жатыр. Сол себепті студенттерге тек теория емес, креативті ойлау, көркемдік таным, технологиялық сауат пен нарықтық түсінік қажет. Визуалды ойлау қабілетін арттыру – заман талабы. Ал бұл бағыттағы жұмыстар тәжірибесіз жүзеге аспайды, – деп атап өтті профессор Ким.
Оның айтуынша, дизайн саласы тек сурет салып, безендірумен шектелмейді. Қазіргі заман дизайнері маркетингіні де, технологияны да, стратегияны да жетік меңгеруге тиіс. Осы орайда колледждің басты ерекшелігі – білім беру барысында теория мен практиканы қатар ұштастыру. Студенттер оқытушылармен бірге шынайы жобаларға қатысып, өз идеясын нақты іске айналдыруды үйренеді. Бұл – креативті ізденістің, үздіксіз тәжірибенің жемісі.
– Менің студенттерім кейде қалжыңдап, компьютерімді ұрлап кеткісі келетінін айтады. Себебі онда болашаққа бағытталған 100-ден астам тың жоба бар. Бұл күлкілі естілсе де, шындық. Олар тәжірибе арқылы үйренудің қаншалықты маңызды екенін түсінеді, – дейді.
Халықаралық тәжірибе алмасу – болашақ дизайнерлер үшін аса маңызды кезең. Осы мақсатта Интермарк колледжі студенттерін шетелдерге жіберіп, оларды әлемнің әр түкпіріндегі озық оқу орындарымен, кәсіби мамандармен таныстырып, көрген-білгенін елге әкелуге мүмкіндік жасап отыр. Қазіргі уақытта профессор Кимнің шәкірттері Индонезия сынды шетелдердің алдыңғы қатарлы университеттерінде дәріс беріп жүр. Бұл олардың алған білімі мен кәсіби дайындығының сапалы екенін көрсетеді. Сонымен қатар, Ким мырза шетелдік нарықта бренд қалыптастырудың маңыздылығын айтты. Оның айтуынша, Корея мен Қытай секілді елдерде өз брендіңді жаһандық деңгейде таныту қиынға соғады. Себебі бренд – жай ғана атау емес, тұтынушы санасында қалыптасатын сенім мен құндылықтар жүйесі.
– Мысалы, кейде мен бір елдің саясатын ұнатпасам да, сол елдің бренд киімі ұнаса, ойланбастан сатып аламын. Өйткені бренд – сапа мен сенімнің символы. Батыс елдерінде «Қытайда жасалған» деген жазуы бар өнімге күмәнмен қарайтындар бар. Сондықтан біз студенттерімізге бренд қалыптастырудың маңызын үйретеміз. Бұл – дизайн ғана емес, тұтас стратегия, – дейді.
Кафедра меңгерушісі Айгүл Әмірғалиқызының айтуынша, аталған меморандумның негізгі мақсаты – дизайн саласын жаңа деңгейге көтеру. Ол үшін, ең алдымен, заманауи технологияларды тиімді қолдана отырып, шығармашылық үдерісті жетілдіру қажет. Сонымен қатар өнімді тұтынушыға ұсынуда дизайнның маркетингтік мүмкіндігін арттыру басты басымдықтың бірі.
– Біз дизайнды тек эстетикалық көрініс ретінде емес, нарықтық құрал ретінде де қарастыруымыз керек. Яғни кез келген өнімнің құндылығын арттыруда оның визуалдық шешімдері маңызды рөл атқарады, – дейді. Айтуынша, заманауи білім беруде басқару дағдыларына да көңіл бөлу қажет. Дизайн жобасын тек жасау емес, оны жүйелі түрде жүргізіп, тиімді жүзеге асыру – бүгінгі маман үшін маңызды талап. Сонымен қатар шетелдік серіктестермен бірлесе отырып, академиялық ұтқырлықты дамыту, студенттер мен оқытушылардың халықаралық тәжірибе алмасуына жол ашу – осы келісімнің өзекті бағытының бірі.
Кездесудің қорытындысы ретінде профессор Хен Сук Ким қазақстандық студенттердің шығармашылық әлеуетіне сенім білдіріп, болашақта олар әлемдік деңгейдегі жобаларды жүзеге асыратынына үміт артатынын жеткізді. Ол дизайн саласына көбірек көңіл бөлуді, оны жан-жақты дамытуды ұсынды. Бұл келісім – білім саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықтың нақты көрінісі. Алдағы уақытта қос тарап бірлескен жобалар арқылы жаңа идеяларды жүзеге асырып, жас ұрпаққа сапалы білім мен жарқын болашақ ұсынуға бағытталған үлкен қадам жасауы жоспарланған.
Аяжан Тоқтасынова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспагерлік,
редакторлық және дизайнерлік
өнер кафедрасының 2-курс студенті

660 рет
көрсетілді0
пікір