• Cұхбаттар
  • 22 Мамыр, 2025

Болат ӘБДІЛМАНОВ, кино және театр актері: Әр актердің төлқұжаты болуы керек

Елімізде 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні болып бекітіліп, кәсіби мереке ретінде 2013 жылдан бері аталып келеді. Бұл – шығармашылық адамына деген айрықша құрметтің белгісі және әрбір мәдениет қызметкері үшін ерекше күн.
Мәдениет, ең алдымен, жәдігерлік. Оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші – зиялы қауым. Себебі әр халықтың дүниетанымы, рухани байлығы, тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрі дәл осы мәдениет деген асыл ұғыммен астасып жатыр. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады. Сонымен қатар мәдениет – адамзат тұлғасы деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Мәдениеттің өзекті бөлігі – өнер. Шынында да, өнер – мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністің бірі. Мәдениет пен өнер – қоғам дамуының негізгі қажетті саласы. Мәдениеті мен өнері өркендеген қоғам әр уақытта ілгерілеп, дамиды. Біз осы орайда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, кино және театр актері Болат Әбділмановпен сұқбаттастық. 

 

Өнерге келместен бұрын, әскерге аттандым

– Болат Мәзімбайұлы, ең алдымен, Мәдениет және өнер қызметкерлері күні құтты болсын! Осы атаулы күн сіз үшін нені білдіреді? Қандай маңызға ие?
– Рақмет! Иә, бұл шын мәнінде өнерге, мәдениетке қолдау ғой. Мұндай күннің бар екені мәдениет қызметкерлеріне үлкен баға, құрмет деп білемін. Болғаны дұрыс. Қазір әр елдің мәдени дамуы – сол елдің жарқын болашағының көрінісі. Мұндай мерекенің болуы, еліміздегі мәдени қызметкерлердің ғана емес, ішкі мәдениеті жоғары әрбір азамат үшін маңызды. 
– Сіздің өнер жолыңыз қалай басталды? Қай сәттер есіңізде ерекше сақталып қалды?
– Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясы 1978 жылы ашылған. Мен сол алғашқы түлектерінің бірімін. Сол 1978 жылы 24 ұл мен қыз оқуға түстік. Оның ішінде Шоқанды ойнаған Сағи Әшімов, Жан Байжанбаев, Сәкен Рақышев, Бақыт Исабекова, Ақыш Омаров, Сәуле Байменова, Алтай Сәтібеков, Болат Түлкібаев деген сияқты өнерде белсенді араласып жүрген ұл-қыздар бірге оқыдық. Олардың бірталайы театр саласында, кино саласында. Ол кезде театр және көркемсурет институты деп аталды. Бізге оқуға тапсырғанда алған балымызға қарай Өнер академиясының студенттік билеті жазылды. Менің студенттік билетімнің нөмірі екі болды. Оқуға түскен кезде қанша балл алдың, студенттік билет солай нөмірленеді. Бірінші нөмірді алған қыз Гүлжанат Оңалова екінші курста тұрмысқа шығып кетті де, бізден кейін бітірді. Сонда мен Өнер академиясының студенттік билет бойынша нөмірі бірінші студенті болдым деп айтсам болады. Студент кезімізде КСРО мемлекеттік сыйлығын екі мәрте алған, КСРО халық артисі Ыдырыс Ноғайбаев бізге сабақ берді. Одақта ондай актер жоқ, мемлекеттік сыйлықты Қонаев рөлімен және Қален рөлімен («Қан мен тер»), театрдан бір рет, кинодан бір рет алған. Содан кейін Рәбиға Қаныбаева, Гүлжахан Жанысбаевалар сабақ берді. Бітірер кезде Шекспирдің «Вероналық екі бозбала» спектаклін дипломдық жұмысымызбен қорғадық. Сонда екі басты рөл, вероналық екі боз­баланың бірін – Сағи Әшімов, екіншісін мен ойнадым. Сөйтіп, жоғары бағамен дипломымызды қорғадық.
– Оқу бітірген соң өнерге емес, әскерге кеткен екенсіз. Мұндай шешімді қалай қабылдадыңыз?
– Иә, оқуды тамамдаған соң, әскер қатарына кеттік. Біздің кезімізде әскерге бармаған жігітті жігіт деп есептемейтінбіз. Ол уақытта жұлдызсың ба, әкімнің баласысың ба, халық артисінің баласысың ба, жазушының баласысың ба – қарамайды, бәріміз жаппай әскерге баратынбыз. Әскерге бармаған жігіт болмайтын, ол біз үшін өте ұят, намыс. Ол уақытта елді, жерді қорғау, мемлекетшіл болу бізге үлкен рух, рухани биіктік беретін. Қазір, керісінше, жастар әскерге барғысы келмейді. Былайша айтқанда, Отанын қорғамайды. Ол дұрыс емес. Әскер деген адамды шынықтырады, шыңдайды. Сол әскерде болған екі жылдың өзі біздің актерлік өмірімізде де, шынайы өмірде де үлкен тәжірибе болды. Қазір көп жағдайда баласын әскерге жібермейді. Өзім балаларымды әскерге жібергенмін. Жібермеуге болатын еді, бірақ мен Отанды қорғадым, балаларым да қорғауы керек. Сондай деңгейде болуы қажет. Ал баласын жібермеудің бірден-бір себебі көп бала әкесіз өсіп жатыр, ажырасу көбейді, ажырасудан да біз алғашқы ондыққа кіреміз. Әкесіз өскен балаға әйел тәрбие береді. Яғни ол анасы баласын сондай жақсы көреді, әскерге жібермейді. Әкесі болса әскерге бар деп айтар еді. Олар, былайша айтқанда, «мамасының баласы» болып, үйде қалады. Әскерге барып, Отанын қорғамаған ұрпақ ертең өзінің отбасысының алдында да жауапкершілігін сезінбейді. Өйткені әр отбасы – кішігірім Отан. Сондықтан Отаныңды, еліңді, жеріңді қорғау ең басты қағида, ең басты бағыт болуы керек деп ойлаймын. 
– Сіз әскерден келген соң бірден өнерге кірісіп кеттіңіз бе? Әлде екі жыл үзілістен кейін «тоқырау» сезілді ме?
– Әскерден келгеннен кейін Жастар театрында өнер жолымды бастадым. Сол жерде сегіз жылға жуық жұмыс істедім. Райымбек Сейтметов театрдың басшысы болатын. Сахнадағы ең алғашқы режиссерім – Манат Жақыпбаев. Ең бірінші ойнаған рөлім – «Дариға жүрек» поэтикалық спектаклінде Мұқағали Мақатаевтың рөлі. Ал кинодағы алғашқы басты рөлім Қуат Әбусейітов әйгілі жазушы Дихан Әбіловпен бірге түсірген екі сериялы «Ақын арманында» Сұлтанмахмұт Торайғыровты ойнадым. 
Содан кейін Жастар театрында 7–8 жыл істегеннен кейін М.Әуезов театрына шақырылдым. Ғазиза марқұм бастаған 4–5 актер М.Әуезов театрына ауыстық. Бұл жердегі алғашқы ойнаған үлкен рөлім Әзірбайжан Мәмбетовтің қойы­лымындағы Шекспирдің «Асауға тұсау» спектакліндегі Петурчио рөлі. Оны кезінде Шәкен Айманов ойнаған. 
Әрине, Райымбек Сейтметов, Нұрқанат Жақыпбаев, Әзірбайжан Мәмбетов секілді қазақтың ұлы тұлғалары, ұлы режиссерлердің шеберханасынан өттім, шыңдалдым. Одан кейінгі Сәулебек Асылханов, Әубәкір Рақимов, Сламбек Тәуекел сияқты мықты режиссерлердің шеберханасынан өтіп, тәжірибе жинадым.

Көркемдік кеңес қажет

– Бүгінгі қазақ театры мен киносының дамуына қандай баға бересіз?
– Өнер деген бір сарынмен, бір ғана ағынмен, бір ғана жылдамдықпен жүрмейді ғой. Өнер ізденістен туады. Кейде шарықтап кетеді, шырқау шегіне жетіп қалады. Кейде, керісінше, қанша жұмыс істеп жатсаң да, жүрмей қояды. Сондықтан өнер ешқандай қалыпқа сыймайтын, ешқандай өлшемі бағаланбайтын нәрсе. Оған «бір сызықпен қозғал» деп айта алмайсың. Негізі, қазір ізденіс бар, сапа бар. Кеңес дәуірінде жылына 7–8 ғана кино түсірілетін. Сондықтан біз жас кезімізде киноға түсе алмайтынбыз. Ал қазір сериалдарды, жекеменшік студияларды қосқанда жылына 200–300 кино түсіріледі. Сондықтан жастарға киноға, сериалға түсуге мүмкіндік көп. 
Түсіріліп жатқан кино өте көп. Саны бар, соның идеясына, мазмұнына, сапасына көңіл аудару керек. Кез келген жас режиссер өзі ақша табады да, біз ақшаны өзіміз таптық деп, не түсіргісі келсе, соны түсіреді. Өзі ақша салған соң, оны қайтару керек. Ол үшін тазалыққа, ізгілікті насихаттайтын дүние­лер емес, қаралым көп болуы үшін неғұрлым ыңғайсыз, бетсіз, бейәдеп сөздермен алып шығады. Оның қаралымы көп болады. Миллион болады, екі миллион болады. Олар, сөйтіп, ақша табады. Былайша айтқанда, «қазақ малды иттікпен табады, иттікпен жұмсайды» деген сол. Мазмұнына, мағынасына, оның қандай рухани ләззаты, келбеті, тазалығы бар – оған қарамайды. Керісінше, жаман нәрселерді көбірек көрсетсе, халық соны көбірек көреді. Бізді көретін көрермен екіге бөлінеді: кәдімгі тобыр топтағы адам және нағыз өнерді түсінетін саналы, жоғары деңгейдегі, білімді, талғамы бар, әр нәрсенің қадір-қасиетін білетін көрермен. Бірақ, өкінішке қарай, ондай көрермен аз. Онша көп түсіне бермейтін, ұятсыз нәрсені көбірек көрсетсе, оны қарайтындарды, Абайдың сөзімен айтқанда, тобыр деп атауға болады. Сол тобыр көбірек көреді, сонымен жастарды улап жатырмыз. Ондайды жастар да, сана-сезімі қалыптаспаған жас жеткіншектер де көреді. Еш нәрсенің байыбына бармағандар оны үлкен өнер деп ойлайды. Шынайы түсірсек, сол өнер дейді. Өнерде өмірді қаз қалпында түсіре салудың керегі жоқ. Өмірде несие төлей алмай, қиналып жүрген адам сондай киноны көрген кезде одан әрі тұтылады, басылады. Өйткені кино одан да өткен қара бояу, қарабайыр бояу. Өзі өмірден шаршап жүрген көрермен тазалыққа, биіктікке, жіптің алтын жерін ұстағандай, биіктікке қарай ұмтыламын деп киноға келсе, кино өмірден де жаман қара бояу болады. Сосын, көрермен одан сайын басылады. Рухани ләззат, рухани биіктік ала алмайды. Қазір біз неге әлем бойынша суицидтен алдыңғы ондыққа кіреміз? Осындай руханисыз болғаннан, кинолардың адамның рухын көтерудің орнына, керісінше, төмен басқан сайын адам тез сынып кетеді. Сол себепті, мен әр уақытта айтамын, киноға, өнерге кеңестік дәуірдегідей көркемдік кеңес керек. Оған мәдениеттанушылар, режиссерлер, жазушылар, актерлер кіруі керек. Мынаны халыққа көрсетуге бола ма, болмай ма, яғни болмайтын болса оны тоқтатады. Ал қазір бізде ондай тоқтататын кино жоқ. Кеңестік дәуірде тәрбиелік мәні болмаса, тоқтатып тастайтын. Кез келген өнердің тәрбиелік мәні болмаса оның құны бес тиын. Тәрбие бірінші орында болуы керек. Қазір жас жеткіншектерді кім тәрбиелеп жатыр? Әрине, әлеуметтік желі. Әлеуметтік желіден неше түрлі сұмдықты көреді. Жастардың қатыгез болуы, бірін-бірі аяусыз соққыға жығуы содан. Адам қатыгез болғанда қаты өзінің достарын, әке-шешесін де, аға­йын-туыс, бауырын да аямайды. 
Киноға салған ақша өзіміздікі, көрер­менге не көрсетсек де өзіміз білеміз деген болмайды. Осы мемлекетте тұрасың ба – сен осы мемлекеттің саясатына жұмыс істеуің керек. Сенің өнерің елді бірлікке, тазалыққа, адамгершілікке, бір-бірін құрметтеуге, ата-ананы, бауырды құрметтеуге, өзің тұрып жатқан мемлекетті сүюге, патриоттық сезімді оятуға жұмыс істеуі керек. Ал қазір, өкінішке қарай, ондай емес, «қазаннан қақпақ кеткеннен кейін, иттен ұят кетеді» дегендей, кез келген киноны көрсете бергеннен кейін, қоғамдағы сұмдық оқиғаға құлағымызға үйреншікті болып кетті. 
– Сіздің шабыт көзіңіз не? Қай кезде жаңа рөлге шабыттанасыз?
– Мен қазір 65 жасқа келген актермін. Кинода да, театрда да қырық жылдан аса тәжірибем бар. Менің ойнаған рөлім, өзім жоғарыда айтқан нәрселерге жауап берсе, азаматтық позициям мен өмірлік қасиетім, көзқарасыммен қатар келсе, ол тіпті керемет болады. 

Кәріс азаматы атын ауыстырды

– Шабыт демекші, 2012 жылы «Ең үздік кино актері» деген «Құлагер» сыйлығын алыпсыз. Осы «Жерұйық» киносынан кейін кәріс азаматы өз атын Болат деп ауыстырды дегенді естіп жүрміз. Бұл рас оқиға ма?
– Иә, «Жерұйық» киносында басты рөлде ойнадым. Ол киноның маған ұнайтыны, қазақтың қазақ екенін, қазақтың табиғатын көрсетеді. Қазақстанға ашаршылықтан кейін қаншама ұлт келген кезде түріне, түсіне, тіліне, діліне қарамай, барлығын бауырына басты. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деп Абай айтпақшы, соның барлығы қазақтың кеңдігі, қонақжайлығы, дарқандығы. Өзі қандай қиындықты көрсе де, сол келген ұлтты сыртқа теппей, керісінше, бауырына басқан. Міне, сол ұлттың ұрпақтары білімді болды, бай болды, бәрі қазақ ұлтына алғыс білдіріп жатыр. Бір мысалы – өзің айтқан оқиға. Кәрістің блогері Владислав Мун деген жігіт әлеуметтік желіде жазба жариялаған. Ол былай дейді: «Жерұйық» киносын көріп, сол кинодан кейін мен қазақтың тарихын, кәрістің тарихын зерттей бастадым. Бұрын балық аулауға көп шығушы едім. Қазір бәрін қойып, зерттеумен айналысамын. Фильмдегі Болат Әбділмановтың ойынын көріп, бүкіл қазақтың табиғатын, мінезін көрдім. Сондықтан мен өзімнің Владислав деген атымды өзгертіп, құжат жүзінде Болат деп алдым. Сол актердің құрметіне алдым, бұл атқа мен еш уақытта кір келтірмеймін. Менің атым бұдан былай Болат Мун деп жариялады. 
Бұрын қазақ барлық ұлтты құшақ жая қарсы алған. Ал қазір қарның ашады. Мысалы, өзіміздің қандас бауырларымыз Қытайдан келсе, «қытай» дейді, Қарақалпақстаннан келсе, «қарақалпақ» дейді. Бұл енді сананың төмендігі. Кезінде бәрін бауырына басқан қазақ енді өзінің қандасы келсе, онша қабылдамайды. Бұл көп нәрсені білмегендіктен болып отыр. Керісінше, қазақтың саны көбеюі керек, сыртта тарыдай шашылып жүрген қазақ көк тудың астына жиналуы қажет. Әлемдегі тоғызыншы орын алатын жерді қорғау үшін санымыз көп болғаны дұрыс. Біз кезінде Орта Азия халықтарының ішінде барлығынан көп болғанбыз. Қазір көптеген ұлттың демографиялық өсімі жоғары. Ең бірінші ұрпақ, жер, ел мәселесі, мемлекетшілдік маңызды. Осыған қарай біз ұрпақты Отанын сүю, Отанын қорғау үшін жұмыс істеуге тәрбиелеуіміз керек.
– Өзіңіз сомдаған кейіпкерлердің ішінде жүрегіңізге ең жақыны қайсысы?
– Көп кейіпкерді сомдадым, театр, киноны қоса есептесе, 200-ге тарта рөл ойнаған екенмін. Үлкені бар, кішісі бар. Кинода мен, әрине, «Жерұйық» фильміндегі Орынбай ақсақалдың рөлін айта аламын. Дегенмен 100-ге тарта киноға түссем де, қайда барсам да, көрермен мені «Абай» деп қабылдайды. Аты-жөнімді білмеген көрермен «Абайды ойнаған актер» деп қояды. Бұл, негізі, дұрыс деп ойлаймын. Әр актердің өзінің төлқұжаты болуы керек. Мысалы, Бекежан дегенде қай актерді көреміз? Төлеген, Қыз Жібек, Қобыланды дегенде қай актер есімізге түседі? Ондай актердің өз төлқұжаты бар. Кейбір актерлер көп рөлде ойнайды, бірақ төлқұжаты жоқ. Ана рөлден де, мына рөлден де көреді, қайсысы мықты көрермен дөп басып айта алмайды. Ал халық «Абай» деп қабылдап кеткеніне өзімді бақыттымын деп есептеймін. Менің төлқұжатым – Абай рөлі. Өйткені көрерменнің баға беруі солай. Биыл Абайдың 180 жылдығы, қазір менің бармаған кездесуім жоқ. Бүкіл батысты аралап келдім. Мектептерге кездесуге күнде барамын. Оқу орындарындағы, институттардағы кездесудің барлығы сол Абайға байланысты. Қазір қазақ көрермені рухани тұрғыдан шөлдеп отыр. Сондықтан Абайды оқып, өзіңді өзің танып, өзіңнің болашағыңды Абай арқылы, оның жазып кеткен даналық сөзімен зерделеу керек. Мысалы, Қытай елі Конфуцийдің айтқан сөздерін өздеріне жол көрсететін бағдаршамы сияқты ұстап, сол даналық сөздермен ұлы мемлекетке айналып отыр. Біздің Абайымыз бар, демек, оны көп оқу керек. Абайдың айтып кеткен сөздерінде қаншама ғибрат алатын нәрселер бар. Мысалы, бір-ақ нәрсе айтайын, Абай айтады: «Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгілі, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар». Яғни «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны», – дейді. Осы бір мақалдың өзі бүгіннің қаншама проблемасын айтып тұр. Ол не? Қазіргі біздегі сыбайлас жемқорлық. Олар мақалды қолдарына қару қылып алады да, ақталу үшін қолданады. «Біз тұрмақ, періште де алтынды, дүниені ала салады екен ғой. Оның қасында мен пенде емеспін бе!» деп өзін-өзі ақтау үшін шығарған. Сол сияқты Абайдың айтып кеткен даналық сөзі өте көп. 
– Абайдан ілім алу үшін не істей аламыз? Жастарға қалай оқытамыз?
– Біз Абайды мектеп жасынан бастап жастардың құлағына құйып, жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек. Оның сөздерінің астарында не бар – соны жеткізуіміз керек. Мысалы, Абайдың бір өлеңін алайық, «Алланың, пайғамбардың жолындамыз, Ынтамызды бұзбастық иманымыз. Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі, Кәне біздің нәпсіні тыйғанымыз?» дейді. Яғни «біреуді жеңген адам ақылды емес, өзін жеңген, өз нәпсісін тыйған адам ақылды. Дұшпанын жеңген адам ақылды емес, дұшпанын досына айналдыра білген адам ақылды» деп отыр Абай. Осындай даналыққа жету керек. Осы арқылы әр қазақ бірін-бірі құрметтеп, бағалап, тату болып, жұмылған жұдырықтай, басқаға төтеп бере алатындай саналылыққа жетелейді. Абайдың әр сөзі, әр өлеңінің астарын ашып, соны жастарға түсіндіру керек. Ол тек жаттап алу емес, негізі, оның 250 өлеңін жаттап алуға болады. Бірақ, ең бастысы, оның мағынасын түсіну қажет. Сондықтан кез келген мектепте абайтану пәні болуы керек. Абайтанушылар, Абайды білетін адам дәріс оқығаны абзал. Сонда біз болашақ ұрпағымыз рухты, таза, мінезді, лас нәрсеге бармайтын, адамгершілігі бәрінен биік тұратын, кісілігі биік тұратын ұрпақты тәрбиелей аламыз. 

Соңғы демім қалғанша, сахнадан түспеймін

– Қазіргі жастардың өнерге көзқарасы қандай деп ойлайсыз? Қызығушылық бар ма?
– Өнер деген еріккенің ермегі емес. Қазіргі көп жастар солай түсінеді. Мен, мысалы, Өнер академиясында дәріс беремін. Сонда бітірейін деп отырған актерлерден «қайда істегілерің келеді», «армандарың не» деп сұраймын. Кейбір жастар «ой, мен театрға бармаймын, мен сериалға түссем болды» дейді. Яғни өнерді жанкештілікпен, жан тәнімен сүю емес, оның жеңіл жағына қарай, «тезірек сериалға түсіп, тезірек танымал болсам, жұлдыз болсам – сол жетеді» деген дүниені ойлайды. Ал 
театр – актердің өмір бойғы шынығатын мектебі. Музыканттар бір күн пианино ойнамаса, қолы жүрмей қалатыны сияқты, актердің де жан дүниесі жаңарып отыруы керек. Спортшылар сияқты күнде, әр уақытта дайындықтан өтуге тиіс. Сол тұрғыдан келгенде, театр деген – нағыз шыңдалу мектебі. Кейде біз «мен бұрын осындай рөлді ойнап тастағанмын», керемет ойнағанмын» деп ойлаймыз. Бірақ актерлік өмір бұрынғы істеген еңбегіңмен бағаланбайды. Сен актер болсаң, күнде емтихан тапсырасың. Бұрынғы ойнап кеткен рөлдерің «шедевр» болса да, ол сол заманмен, сол уақыттағы көрерменмен кетті. Бұрынғы рөлдеріңмен мақтанатын болсаң, онда ол «тоқтаған актер» деп есептеледі. Сен дәл қазір қандай формадасың, қандай шығармашылық формадасың, қазір қандай рөл ойнай аласың, актерге бүгінгі күнмен қарау керек. Қанша жасқа келсе де, актер соған дайын болуы қажет. Басқа ұлттың актерлері 100 жасқа дейін ойнайды, біздің қазақтың актерлері 70-ке келгеннен кейін шау тартып, бас ұстап, бата беріп, актерліктен жери бастайды. Ол дұрыс емес, актерлік өмір деген нағыз тәжірибемен жинақталады. Тәжірибе жинақтаған сайын актер шығатын биігіне де тереңге бойлай алады. Талант пен тәжірибе. Сондықтан да актер соңғы демі біткенше, сахнадан түспеуге тиіс. Солай деп армандап, алдына солай мақсат қоюы керек. Сол мақсатқа еңбекпен, біліммен, дайындалудың арқасында жету қажет. Мен өзіме әр уақытта мақсат қоямын. Соңғы демім қалғанша сахнадан түспеймін деп ойлаймын. Соған өзімді дайындаймын. Физикалық жағынан, жады дейді, дем мәселесі, сөйлеу мәселесі, жаттау, жаттығу мәселесі – осының бәрін актер спортшылар сияқты өзін-өзі әр уақытта шыңдап отырады. 
– Қалай ойлайсыз, мәдениет саласына мемлекет тарапынан қолдау жеткілікті ме?
– Мәдениет саласына мемлекет тарапынан қолдау бар. Оны біз сезінеміз. Мысалы, қазір М.Әуезов театрының 100 жылдығына байланысты өте көп қаржы бөлініп, жаңалап жатыр. Күрделі жөндеу деп аталады, бәрін заманауи қылып дайындап жатыр. Үкімет қаржы бөліп, М.Әуезов театрының 100 жылдығына үлкен мән берді. Бұл қолдау емей, немене? Бұл – Үкіметтің нағыз өнерге, театр өнеріне қамқорлығы. Қазір біз Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап жүрміз. Өйткені көрерменді жоғалтпауымыз керек. Бүгінгі көрерменнің санасы оянды, театрды түсіне бастады. Рухани аштықты сезінеді, сондықтан театр арқылы өзінің ішкі жан дүниесін толтырғысы келеді. Үлкен классикалық дүниелерге, ойланатын дүниелерге, ойлы, мағынасы терең дүниелерге көрер­меннің қызығушылығы өте жоғары. Біз осыған қуанамыз. 
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

6064 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы