• Ақпарат
  • 22 Мамыр, 2025

Ұшырдық баптап «Ұланнан»

Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлан» газетінің 95 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Ғасырға жуық тарихы бар басылым әр заманда өскелең ұрпақ үшін сүйікті газет қана емес, сырлас дос, ақылшы серік, әрі рухани ұстазға айналды. Тырнақалды туындысы «Ұланда» жарияланған талай дарынды жас бүгінде елімізге танымал журналист, ақын-жазушы, қаламы қарымды қаламгер. 
Басылымның мерейтойына арналған салтанатты іс-шара «Ұланда» әр жылдары мақаласы жарияланған және газет редакциясында әр кезеңде қызмет атқарған бірқатар шығармашылық буынның басын біріктірді.
Сондай-ақ мерекелік іс-шара аясында келген қонақтардың назарына бірнеше қызықты көрме ұйымдастырылды. Газет тарихынан сыр шертетін «Ұлан» – ұлағатты үнпарақ» фотокөрмесі басылымдағы жарқын сәттер, әр кезеңдегі бас редакторы мен журналистері, жас тілшілердің естелігін қамтыған. 
Ал екінші көрме Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларынан құралған «Cristabol» командасының робот техникасына арналады. «Cristabol» командасы жуырда ғана АҚШ-тың Хьюстон қаласында 110 елдің 50 мыңнан аса оқушы қатысқан халықаралық «First Championship – 2025» инженерлік турнирінде 3-орын алған. Балалардан құралған команда бұған дейін де Женева, Сингапур және Афинада өткен «First Global» халықаралық жарыста жеңімпаз болған. «Cristabol» командасы мен команда мүшелерінің жетістіктері туралы «Ұлан» газетінде бұған дейін бірқатар қызықты материалдар жарияланған. 
Мерекелік іс-шараға келушілер үшін арнайы фотоүйшік орнатылды. Онда қонақтар суретке түсіп, бірден суреттерін шығарып алып, арнайы қойылған альбом бетіне фотоларын жабыстырып, тілек пен қолтаңбасын қалдырды.
Тарихқа жүгінсек, 1930 жылдан бері жарық көріп келе жатқан «Ұлан» газеті – жас оқырманның сырласы, ақылшысы, досы бола білген, талай буын жасөспірімнің ой-өрісін, шығармашылық әлеуетін дамытуға үлес қосқан рухани ұстаз. Газет тарихында Сансызбай Сарғасқаев, Кемел Тоқаев, Әбілфайыз Ыдырысов, Фариза Оңғарсынова, Сейдахмет Бердіқұлов, Бейбіт Қойшыбаев, Ғалым Доскен сынды қазақ руханиятының көрнек­ті өкілдері бас редактор болған. 
Ал салтанатты іс-шараға әр жылдары «Ұлан» газетіне мақала жазған, шығармашылық жолын осы басылымнан бастаған журналистер, ақын-жазушылар қатысты. Мерейтой аясында биыл екінші рет ұйымдастырылған «Тастүлек» шығармашылық байқауының қорытындысы жарияланды. Бұл байқау «Ұлан» газеті мен Зейнолла Сәнік қорының қолдауымен мектеп оқушылары арасында өткізілді. Жеңімпаз оқушылар арнайы ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сондай-ақ Жұбанов, Абай атындағы және басқа да мектептің оқушылары өнер көрсетіп, ән мен жырдан шашу шашты. 
Бас редактор Жадыра Нармаханова бастаған «Ұланның» ұжымы мерейлі белесті тағылымды тұрғыда өткізді. Жиында «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы «ұландықтарды» мерейлі тойымен құттықтап, ғасырға бет алған басылымның ұлт тарихындағы орнына қатысты ой толғады.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

1508 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы