• Ақпарат
  • 22 Мамыр, 2025

Өзіңдікі – жалғыз-ақ жүрек қана…

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ,

«Ana tili»
 

Ұзамай еліміздің мектептерінде сабақ аяқталады. Орта мектепті бітірген түлектер үшін мамандық таңдау мәселесі басталады. Әрине, жастардың болашағы қандай мамандық таңдайтынына да байланысты болмақ. Кеңес дәуірінде өмір сүрген бүгінгі аға буын балаларын өздері бітірген институтқа түсіретін үрдіс бар еді. Соңғы жылдарда білім саласы ғана емес, білімге қатысты азаматтардың көзқарасы да басқаша бола бастады. 

 

Елімізде жұмысшы мамандығына деген пікірдің өзгергенін, қалай болғанда да, құптарлық. Рас, кез келген қазақ өз баласының жоғары білімді болғанын қалайды. Ондай көзқарастың қалыптасуына Кеңес дәуіріндегі жаппай оқыту саясаты ықпал етті. Ақиқатында барлығымыз шікірейіп костюм киіп, галстук тағып жүрсек, қара жұмысты кім істейді? Қала салып, барлық инфрақұрылымды жасайтын қарапайым жұмысшылар. Сондықтан дамыған елдерде орта мектептен кейін жоғары оқу орындарына емес, бірден колледждерге жібереді. 
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсем­баевтың мәлімдеуінше, биылғы оқу жылында 550 мың жеткіншек колледжде білім алған. Олардың 173 мыңы бітіреді. Бізді елең еткізген жақсы жаңалық – сол жастардың он мыңы кәсіпорындардың тапсырысы бойынша оқып бітіріп жатыр екен. Демек, олар бірден жұмысшы болып, жалақы алады. Тағы бір жаңалық – жоғары сыныптың 905 оқушысы орта мектепті бітірген аттестатқа қоса жұмысшы мамандығын игергенін куәландыратын диплом алып шығады. Бұлар таңғалатындай үлкен сан емес. Бірақ дамыған елдердегідей жүйеге бет бұра бастағанымызды көрсетеді. Бастысы сол. Мұны неге айтып жатырмыз? Кеңес дәуіріндегі білім берудегі ең үлкен осалдық өндіріс пен оқу орнының арасында байланыс аз еді. Минис­трдің мәліметінше, бүгінде төрт мыңнан астам кәсіпорын 662 колледжге шефтік көмек көрсете бастапты. Көрсетілген сан рас болса, жаман нәтиже емес. Кәсіпорындар жас мамандарды «шекесінен шертіп» таңдап алудың артықшылығын көре бастайды. Бұл ретте айтпағымыз, түптің түбінде, Америка Құрама Штаттарындағы немесе Еуропа елдеріндегі секілді, колледжді бітіргендерді ғана жоғары оқу орнына түсіретін жүйеге келуіміз қажет, бірақ ол үшін уақыт керек екені анық. 
Білім саласындағы ендігі бір дұрыс бастама – биылдан бастап еліміз мектептерінде кәсіби бағдар беретін педагог мамандар пайда болыпты. Кәсіби бағдар беретін мұғалім әр мамандықтың қыр-сырын жеткіншектерге түсіндіреді. Ол да оң-солын енді тани бастаған жастың болашақта өкінбейтіндей мамандық таңдап, өмірден өз орнын табуына септеседі. 
Келешекте қандай маманға сұраныс артады, бұл сауалға жауапты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің маманы анықтайды. Яғни еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму барысындағы түрлі маманның қажеттілігіне талдау жасайды. Ал Оқу-ағарту министрлігі ең аяғы білім гранттарын бөлуге дейін солардың зерттеулерін негізге алуға тиіс. Ғалымдар дұрыс ескертіп жүргендей, Қазақстан технократ елге айналғаны абзал. Ол мемлекеттің дамуынан туатын қажеттілік деп түсінуіміз керек. Сондықтан техникалық мамандықтарға бөлінетін грант үлесі алпыс пайызға дейін артатынын қолдаған жөн дер едік. Ақын, жазушы, әнші, композитор болу табиғаттан, Құдайдан, бірақ оларды да оқыту керек. Алайда елді, негізінен, дамытатын техникалық сала маманы. Дегенмен гуманитарларға 28, медицинаға 8, шығармашылық бағытқа  4 пайыз грант бөлінбек. 
Нарыққа тереңдеп енген сайын мамандықтарға деген сұраныс та өзгергенін көреміз. Алдағы жылдарда үлкен қалаларда жалдамалы жұмысшылардың қажеттілігі арта түсетін көрінеді. Мұндай қажеттіліктер мамандықтарға деген көзқарасты өзгертеді. Баяғыдағыдай сот, прокурор, МАИ қызметкері болғысы келетіндер де бар шығар, дегенмен юрис­пенденция алдыңғы кезекте сұраныста тұрған мамандықтардың тізімінде мүлде жоқ. Алайда ол елімізге енді сот, прокурор, МАИ қызметкері керек емес дегенді білдірмейді. 2030 жылға дейінгі болжамда есепші, күзетші мен инкассатор, дүкен сатушысы, көлік жүргізушісі, орта мектептегі әлеуметтік пәндер мұғалімі, медбике мен фельдшер, балабақша тәрбиешісі, орта мектептегі жаратылыс пәндерінің мұғалімі, кеңсе қызметкері, бастауыш сынып ұстазы секілді мамандықтар сұраныста. Мұндай жаңалықтар жастардың таңдауын да өзгертері анық. 
Ілкіде ұзамай жеткіншек жастардың мектеп бітіретінін айттық. Сосын, Ұлттық бірыңғай тестіде бақ сынап, жоғары оқу орындарының есігін қағады. Осындайда «өткен ғасырдағы студенттерден қазіргі студенттердің ерекшелігі қандай» деген ой келеді. Өткен ғасырдағы студенттер Қадыр Мырза-Әлише айтсақ:
О, жастық-ай, алмайтын өлмей тыным,
Ойын-тойсыз өмірге көнбейтұғын. 
Биге барса, баратын бір топ болып,
Жалғыз жүру дегенді білмейтұғын.
Ғашық болсаң, түн пана, терек пана,
Сұлу демі – дем емес – шарапхана.
Қызға барсаң, кигенің – өзгенікі, 
Өзіңдікі – жалғыз-ақ жүрек қана!
Өмір! Өмір! –
Деп жастық ұрандай ма,
Көкіректі кернейді бір ән майда.
Бір жігітке он қонақ мейрам күні, 
Он жігітке бір билет трамвайда.
Алматымыз жастықтың бағы іспетті,
Қаншама гүл сол баққа қоныс тепті. 
Бір жігіттің ойында он арманнан,
Он жігітке жалғыз-ақ конспекті («Студенттер» өлеңінен үзінді).
Ақынның әзіл аралас өлеңінде үлкен шындық жатқанын көзбен көрген біз білеміз. Ал қазіргі студенттер қандай болуы мүмкін? Жалғыз анық жайт – қазіргі студенттердің қалтафонында әлеуметтік желі атты ортасы, көмекшісі, бағыттаушысы, тіпті ақылгөйі бар. Қалғанын мүмкін өздері айтар…

812 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы