- Ақпарат
- 29 Мамыр, 2025
Сейтхан АЗАТҰЛЫ, химик-ғалым: Отандық химия қарқынды дамып келе жатыр

Қазақстанда жыл сайын мамыр айының соңғы жексенбісінде химия өнеркәсібі қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Химия саласы еліміздің экономикасында маңызды орын алады, себебі ол түрлі салалардың, оның ішінде ауыл шаруашылығы мен медицинаның, энергетика мен өндірістің дамуын қамтамасыз етеді. Біз химияның қаншалықты маңызды екенін күн сайын сезінеміз. Күнделікті өмірде азық-түлік, киім, косметика немесе тұрмыстық химия заттары болсын, үнемі химиялық элементтермен және қосылыстармен жұмыс істейміз. Осы орайда Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің инженерлік бейінді зертханасының жетекшісі, сонымен бірге тау-кен саласы бойынша инжиниринг орталықтың наноматериалдар және нанотехнологиялар зертханасының меңгерушісі, PhD, профессор Сейтхан Азатұлымен сұқбаттастық.
– Сейтхан Азатұлы, өзіңіз білетіндей, кешегі жексенбіде химия өнеркәсібі қызметкерлерінің күні аталып өтті. Бұл барлық химиктің мерекесі десек те болады. Сала мамандары үшін бұл күннің маңызы қандай?
– Бұл күн – еліміздің ғылыми-техникалық прогресінде, табиғи ресурстарды терең өңдеуде, жаңғыртылатын энергия көздерін дамытуда, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауда ерекше рөл атқарып отырған химиктердің қажырлы еңбегін дәріптейтін күн. Қазақстанда химия ғылымы мен өнеркәсібі біртіндеп халықаралық деңгейде таныла бастады, отандық ғалымдарымыз жаһандық ғылыми қауымдастықта белсенді еңбек етіп келеді. Әр салада әр маман үшін атаулы күннің болғаны жақсы. Сонымен бірге ол сала қызметкерлеріне жауапкершілік жүктейтін сияқты. Өйткені бұл сол мемлекетте немесе қоғамда сол сала мамандарының орны бар дегенді білдіреді. Тіпті осы химиктер күнінің болғаны химия өнеркәсібінің, ел экономикасының, тағы басқа салалардың дамуы үшін өте маңызды екенінің айғағы деп санауға болады. Біз бұл мерекені жылда күтеміз, әр мереке сайын бір-бірімізді құттықтаймыз, жетістіктерімізбен, жаңалықтарымызбен бөлісеміз. Аға буын химиктер осы мерекені тойлап, бізге үлгі көрсетіп келе жатыр. Қазір жас ғалымдардың арасында, PhD, магистрант, бакалавр, сол салада химиктердің бұл күнді күтетіні білінеді. Демек, кәсіби мерекеміз ретінде мұны өз-өзімізге есеп беретін күн ретінде қабылдаймыз.
Мен ғылым саласында 2008 жылдан бері келе жатырмын. Негізгі айналысатын саламыз – суды тазарту, жаңа материалдарды синтездеу. Соңғы бірнеше жылда энергетикалық үнемді материалдарды зерттеуді бастап жатырмыз. Ұжымымызда 25–30 адам жұмыс істейді. Былтырдан бері Қытайдан да қызығушылық танытып, бес докторант оқуға түскен. Қазір өзіміздің командамызда жұмыс істейді. Жыл сайын 4–5 профессор 15–30 күнге келіп, арнайы бағдарламамен бірге жұмыс істеп, осы бағытта ақыл-кеңесін беріп отырады. Бірге шыққан көптеген ғылыми мақаламыз бар. Сондай-ақ қазақстандық гранттарға ғана емес, шетелдік гранттарға да иелік етіп отырмыз. Қуантатыны, шетелден біздің лабораториямызға жұмысқа келгісі келетін шетелдік азаматтар көп. Қазіргі таңда 2–3 адамның кандидатурасын қарастырып жатырмыз.
– «Химия саласы экономикада маңызды орын алады» деп айттыңыз ғой. Жалпы, бұл саланың даму барысы қандай?
– Саланың даму барысын әлемдік деңгей және қазақстандық деңгей деп қарайтын болсақ, соңғы жылдары бұл сала біздің елде біртіндеп қарқынды дамып келе жатыр деуге болады. Химия өнеркәсібі, өзіңіз білетіндей, ауыл шаруашылығы, медицина, қоршаған ортаны қорғау, суды тазарту, мұнай, химия, металлургия саласы, қайта өңдеу, кенді өңдеу, бұлардың ешқайсысы химия өнеркәсібінен ажырай алмайды. Ал әлемдік деңгеймен салыстыратын болсақ, біз көш ілгеріміз деп айтуға ерте. Өйткені біз шетелдік көптеген университеттің жетекші ғалымдарымен, жетекші өндірістерімен жұмыс істейміз. Бұл жағынан келгенде бізде әлі де жетпейтін жақтары өте көп. Неге десеңіз, бұрынғы Кеңес Одағынан қалған көптеген өндірістің кейбірі жұмыс істемейді. Кейбірі жұмыс істегенімен, бұрынғы ескі технологияларды қолданады. Сонымен бірге химия өнеркәсібін дамыту үшін оны арнайы дамытатын технопарктер немесе осы ғылыми жұмыс пен өндірістің арасында енгізу үшін осы жетістікті талқылайтын ортақ алаң болуы керек. Олар бізде жетпейді. Сонымен бірге осы салада ғылыми жұмыстар жүргізу үшін қомақты қаржы мен тұрақтылықты талап етеді. 2–3 жылға ғана ақша бөліп, бірден нәтижесін сұрауға химия өнеркәсібі мүмкіндік бермейді. Жаңа зертханалар мен заманауи құрал-жабдықтар болуы керек. Ең бастысы, кадрлар қажет. Бізде соңғы кезде химия саласына бөлінетін грант көбейгенімен, оған түсетін жастардың саны азайып барады. Алматыдағы, үлкен қалалардағы бірнеше университеттерде ғана дайындалады, көптеген өңірлік университеттерде бұл мамандыққа түсетін студенттердің саны азайған. Қазір химия өнеркәсібіне дайын кадрлардың тапшылығы байқалады.
– Кадр тапшылығы байқалады дейсіз, жыл сайын бітіретін түлектер қайда барып жатыр?
– Мысалы, химия өнеркәсібі дегенде химия мен химиялық инженерлікті бөліп алайық. Химия саласы бойынша бітірген, химик-зерттеуші, органикалық және бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы, химиялық инженерия деген сияқты мамандықтар бар. Солардың ішінде, зерттеуші саласын бітіргендер көбіне ғылыми орындарда ғылыми жұмыстар істеуге, ары қарай өзінің ғылыми зерттеулерін жүргізуге барады және ғылыми-зерттеу орындарында қалады.
Қазір химиямен бірге, фармацевтикалық заттардың технологиясы химиядан бөлініп қалмайды. Органикалық химия технологиясын бітіргендер арнайы фармацевтикалық дәрі шығаратын орындарға барады. Сонымен бірге қазіргі таңда мұнай химиясы бойынша жұмыс істейтін, газ өндейтін кен орындары, бағалы металдарды өндейтін, химиялық тыңайтқыштар шығаратын, мұнай өңдеу сияқты ірі зауыттары бар. Бітірген мамандар соның барлығына жұмысқа тартылады.
Бұл жерде «таяқтың екі ұшы бар», оқу бітірген мамандарды жоғары оқу орындары қаншалықты сапалы дайындап жатқанына, өндіріспен қалай байланыс жасап отырғанына да байланысты. Өйткені жоғары оқу орындарында оқығанда студенттер өндірістік іс-тәжірибеден өтеді. Егер жоғары оқу орындарында осы жүйелі жолға қойылса, онда бітірген түлек бірден жұмысқа орналасады. Өйткені сіздің білім беру бағдарламаларыңыз, оқыту методикаларыңыз сол өндірістің қажеттілігімен бірдей етіп дайындалған деген сөз. Сол кезде ол түлек қиналмайды. Оқудан теориялық білімін алды, өндіріске барады, бірден маман ретінде жұмыс істейді.
Ал «таяқтың екінші ұшы» деп отырғаным, қазір кейбір мамандықта немесе жоғары оқу орындарында өндіріспен байланыс болмауы мүмкін. Ол кезде өндіріс маманға сенбейді, ал жоғары оқу орнында білім беруде ол өзінің қажеттілігі бойынша сабақ беріп жатыр. Ал өндірістің нақты жағдайын ескеріп жатқан жоқ.
– Теориямен шектеліп қалады дейсіз ғой?
– Иә, теориямен шектеледі де, маман өндіріске барған кезде бәрін басынан бастауға тура келеді. Сондай жағдайлар бар, бұл оқу бағдарламасын осы өндірістік орындардың қажеттіліктеріне қарай құру керек деген сөз. Соңғы кезде, министрлік «мамандықтар атласы» деген бағдарлама жасап, қазір грантты жыл сайын сол керек мамандықтарға бөліп жатыр. Мен өткен аптада ғана биыл министрліктің келтірген мәліметтерін шолып шықтым. Сонда биыл да техникалық мамандықтарға көп басымдық берілетіні көрсетілген. Бұл қуантады, өйткені технологиясы дамыған, химия өнеркәсібі дамыған мемлекетке айналамыз десек, осы үрдісті сақтау керек деп ойлаймын.
– Кез келген мекемеде, барлық салада жаңадан орналасатын маманнан тәжірибе сұрайды. Оқуды жаңа бітірген маманда тәжірибе қайдан болады? Оқу орны мен өндірістің байланысы болуы керек деген сөзіңіз содан туындап отыр ғой. Ал, жалпы, Алматы қаласында химия саласында оқып жүрген студент үшін қандай өндіріс орындарында тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар?
– Иә, қазіргі таңда дуалды оқыту сияқты бағдарламалар бар. Сонымен бірге өткен жылдан бастап индустриялық PhD (яғни өндірістік PhD) бағдарламасы қабылданды. Басқа докторанттардан айырмашылығы, мысалы, академиялық PhD дәрежесін алып шыққысы келетін ғалымға арнайы мақала шығару керек, конференцияға қатысу керек деген сияқты министрліктің арнайы бекіткен талаптары бар. Ал өндірістік экология дегенде, сіз өндірісте жұмыс істей жүріп, арнайы бір тапсырмаларды алып, жоғары оқу орнында өзіңіздің өндірістік PhD атағыңызды алып шыға аласыз. Яғни қазіргі таңда министрлік те, Үкімет те осы саланың проблемасын көріп, соған қарай шешуге бет бұрып жатыр. Өйткені бұл тәжірибе әлемде бұрыннан бар. Атауы басқа болғанымен, мағынасы бірдей.
Рас, сіздің айтып отырғаныңызға қосыламын, көп үлкен өндірістер студенттерді практикаға, жұмысқа алғысы келмейді. Өйткені бұл жерде көптеген факторлар бар. Біріншіден, жас маманның тәжірибесі жетпеуі мүмкін немесе техника қауіпсіздігі деген жағдай бар. Маманның біліктілігі төмен болса, барғаннан кейін процесте келеңсіз жағдайға ұшырап қалуы мүмкін немесе процестің жүруіне кедергі жасауы мүмкін. Бірақ өндірістік практикадан өткендер сол өндірісте өз-өзін көрсете алса, көп жағдайда төртінші курс бітіргеннен кейін бірден жұмысқа алып кетіп жатыр. Өндіріс ақшасын төлеп, магистратураға, докторантураға оқытып жатыр. Өйткені өндіріске де сондай білікті мамандар өте қажет. Жалпы, бұл үрдіс Қазақстанда ғана емес, шетелде де бар. Мысалы, күні кеше ғана Словакиядан әріптестер хабарласты. Өздерінің бір жобасына, қоршаған ортаның химиясы бойынша PhD маман керек екен. «Бүкіл шығынын өзіміз көтереміз, жақсы талапкер болса, бізге жіберсеңіздер» деп сұрап жатыр. Яғни бұл бүкіл әлемде бар үрдіс деп айтуға болады.
– Осы саланы таңдаған жас мамандар үшін ғылыммен айналысуға мүмкіндік қандай? Жағдай жасалып жатыр ма?
– Cоңғы 3–4 жылдан бері мемлекет тарапынан ғылымға бөлінетін қаржы жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Жақсы зертханалар енді қалыптасып келе жатыр. Назарбаев университетінде Қазақстанның ғылымының драйвері болуға толықтай мүмкіндігі бар үлкен база жасалды. Ол еуропалық үлгіде құрылды. Енді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті т.б. университеттерге қазір арнайы бағдарламалар бойынша қомақты қаражат бөлініп, үлкен орталықтар ашылып жатыр. Қазіргі таңда біздің университетте де тау-кен саласындағы инженерлік орталық және технопарк сияқты үлкен екі орталық ашылған. Ол жерде жастарға заманауи құралдарды қолдана отырып, ғылыми-зерттеу жүргізуге үлкен мүмкіндік жасалған. Сонымен бірге былтырдан бері Президенттің атынан жас ғалымдарға арнайы пәтер кілтінің сертификатын табыстау дәстүрі пайда болды. Қазіргі таңда біздің университеттен де, басқа университеттен де көптеген жастар қайтарымсыз мүмкіндікпен пәтерлі болып жатыр. Сонымен бірге жас ғалым деген гранттық қаржыландыру бар. Онда докторлық алған қырық жасқа дейінгі жас ғалым бағдарламасы бойынша арнайы грант бөлініп жатыр. Жас ғалымдарға арналған арнайы бағдарламалары бар. Соның бірі – гранттық қаржыландыру. Қазіргі таңда Горизонт Еуропаға, НАТО-ға қатысуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ үздік жас ғалымдарға арналған арнаулы шәкіртақылар да, арнайы мемлекеттік сыйлықтар да бар. Кейбір университеттерде рейтингілік басылымдар үшін қосымша қаражат қарастырылған. Немесе ғалымның арнаулы мықты зерттеу тақырыбы бойынша қаражат қарастырылған деген сияқты оң үрдістер бар. Қолдау көрсетілмей жатыр деп айта алмаймыз.
Бірақ ғылымға тұрақтылық керек. Мұны не үшін айтқым келеді, мысалы, шетелде, Жапонияда, Кореяда ғылыммен айналысса, лабораторияға үлкен компаниялар қаржы бөледі. Яғни ғалымның 10–15 жыл ештеңені уайымдамай, ғылыммен айналысуға мүмкіндігі бар. Сол сияқты тұрақтылық керек. Бізде кейбір проблемалар бар. Мысалы, бір конкурстан кейін екінші конкурстан жоба ұта алмай қалуыңыз мүмкін. Сіздің идеяңыз жалғаспай қалуы мүмкін. Кей жағдайда қаржыландыру уақыты тура уақытында басталмай, сіз бастау керек жұмысты бастай алмай қалуыңыз мүмкін. Кейбір университеттерде құрал-жабдықтар ескірген, қазіргі заманның талабына сәйкес келмейді. Жоғары рейтингілі журналдарда мақала шығарғыңыз немесе өзіңізді өндіріске дәлелдегіңіз келсе, сіздегі құрал-жабдықтардың сапасы толық жағдайға жауап бере алмай қалуы мүмкін деген сияқты проблемалар бар. Бірақ статистика бойынша, қазіргі кезде ғылымға келген жастардың саны оң динамикада. Жыл сайын көбейіп жатыр. Меніңше, саннан сапа туады деп ойлауға болады. Ғылымға жастардың көптеп тартылып жатқаны осындай оң іс-шараның қабылданып жатқанының әсері болса керек.
– Әлемде химия өнеркәсібі жылдан-жылға дамып келеді. Негізі, химияның қай саласын алып қарасақ та, қоршаған ортаға міндетті түрде кері әсері болады. Бірақ қазір жер жүзінде жасыл химияны дамыту қолға алынып жатыр. Осы орайда, оқырманға жасыл химия ұғымын түсіндіріп өтіңізші?
– Иә, расында да, химия өнеркәсібі адамзаттың тұрмысын жеңілдетіп, өркениетті алға сүйреген ғылым саласы болғанымен, оның экологияға тигізетін кері әсері де аз емес. Ауа мен судың ластануы, өндірістік қалдықтар, улы реагенттер – осының бәрі химиялық үдерістің дұрыс басқарылмауынан немесе ескі технологиялардың қолданылуынан туындайды.
Сондықтан соңғы жылдары әлем бойынша жасыл химия (green chemistry) тұжырымдамасы кеңінен таралып, өзекті ғылыми бағытқа айналды. Жасыл химия – химиялық заттар мен процестерді қоршаған ортаға зиянсыз, энергияны аз тұтынатын, қалдықсыз және қауіпсіз түрде ұйымдастыруды мақсат ететін ғылым. Оның негізгі мақсаты – зиянды заттарды қолданбай немесе аз мөлшерде қолданып, экологиялық таза өнім алу. Мысалы, сіз бір затты химиялық қосылыстардың көмегімен синтездейтін болсаңыз, жоғарыда айтқандай, зиянсыз қосылыстармен ауыстыруды көздейді. Жасыл химияның он шақты қағидаты бар, яғни қоршаған ортаға залалын азайту, химияны азайту, энергияны үнемдеуді, улы заттардың қоршаған ортаға шығуын азайтуды, процестегі улы заттардың азаюын қарастырады. Жасыл технологиялар бойынша Қазақстанда құрылған үлкен орталықтар бар. Зерттеу де жүргізіледі. Сонымен бірге арнайы бекітілген стандарттар бар, сол бойынша жасыл технологияларға сәйкес келуі керек. Қоршаған ортаға тасталатын тастандылардың аз болуы, суды аз мөлшерде ластау немесе ластамау деген сияқты. Сосын ластанған суды қайтадан тазартып, оны қайталап суыту жүйесіне қолдану, яғни былай қарағанда жасыл технология дегеннің өзі қоршаған ортаға болатын кері салдарды азайту дегенді білдіреді. Қазіргі таңда жасыл химия Қазақстан үшін де өте өзекті. Өйткені бізде тау-кен, металлургия және мұнай өңдеу салалары экологиялық қысым тудырып отыр. Егер осы салаларда жасыл химия қағидаларын енгізе алсақ, табиғатты қорғау мен тұрақты дамуды қамтамасыз етуге үлкен үлес қосар едік.
Сондай-ақ жасыл химия – болашақтың ғылымы. Ол жас ғалымдарға тек ғылыми жаңалық ашуға емес, сонымен қатар адамзаттың экологиялық қауіпсіздігі үшін нақты үлес қосуға жол ашады.
– Сөзіңіздің басында химияның экономикаға байланысын айттыңыз. Ал экономика шикізатқа тікелей байланысты. Біздің еліміз осы химиямен байланысты қандай шикізат өндіріп отыр?
– Химия өнеркәсібі – экономика құрылымындағы «көпір» іспетті сала. Яғни ауыл шаруашылығы мен энергетикадан бастап, металлургия, фармацевтика, құрылыс және экология салаларына дейін химиялық өңдеусіз бірде-бір сала дами алмайды. Ал химияның негізі – шикізат.
Қазақстан – химиялық шикізатқа өте бай ел. Бізде химия өнеркәсібіне қажет көптеген стратегиялық маңызды шикізат түрлері өндіріледі: фосфорит пен апатит, күкірт пен күкіртті қосылыстар, мұнай мен газ конденсаты, барит, флюорит, ас тұзы, сода, реактивтік және катализдік металдар (ванадий, титан, молибден, уран т.б.), Сирек жер элементтері мен литий. Яғни Қазақстан химия өнеркәсібінің толыққанды дамуына қажет шикізаттық базаға ие. Ендігі мәселе – сол ресурстарды терең өңдейтін, қосылған құны жоғары химиялық өнім шығаратын өндірістерді жолға қою. Бұл ел экономикасын әртараптандырудың, экспортты арттырудың және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты тетігі болмақ.
– Байқасаңыз, дүкендегі тұрмыстық заттардың көбі Ресейден, Беларусь елінен келген заттар. Біз өзіміз қарапайым күнделікті тіршілікте қолданатын заттарды шығарып жатырмыз ба? Шығарсақ, олар қайда жіберіп жатырмыз? Неге дүкендер сөресінен көрінбейді?
– Негізі, тұрмыстық химия туралы айтатын болсақ, сізде базалық химиялық білім болса жеткілікті. Біз мектеп, университеттердің жобаларына көп жетекшілік етеміз. Қазіргі таңда Қазақстан да тұрмыстық химия шығарып жатыр, ал шикізатпен бірдей қамдай алмауы бәсекелестік жағдайға байланысты болуы мүмкін. Өйткені біз нарықтық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Өзіңіз білетіндей, Еуразиялық экономикалық одақ деген бар, басқа елдің тауарын шектей алмайтын көптеген фактор әсер етуі мүмкін. Бірақ қазіргі таңда ғылыми жобалар бойынша да, өндіріс бойынша да кішкентай цех ретінде үлкен жобалар жасалып жатыр. Тұрмыстық химиядан бастап, химияның әртүрлі саласында дәрі өндіру, бағалы сүттен дәрі сығындыларын, БАД-тарды жасау деген сияқты өндірістер бар. Ол бүкіл Қазақстанды қамти алмауы мүмкін, бірақ бұл салада жұмыс істеп отырған өндіріс өте көп деген сөз. Біз өндіріс дегенде 200–500 адам жұмыс істеуі керек деп ойлаймыз. Кейбір жағдайда үлкен өндіріс жасағаннан икемді, кішкентай өндірістер жасаған пайдалырақ болады. Ол экономикаға немесе бәсекелестікке өте бейім келеді. Мысалы, біз су тазарту бойынша жұмыс істейміз. Бізді үлкен мемлекеттік жобалар жасап жүрген Қытай зауытына алып барды. Сонда кішкене ғана ангар, 4–5 адам ғана жұмыс істеп отыр. Бірақ олардың жасаған технологиясы Гуанчжоу қаласындағы 60–70 аурухананы инфекциялық препараттар мен суын тазартуға қолданып отыр. Яғни сұраныс көп түскен кезде адам санын көбейтеді, басқа кезде адам санын азайтады. Егер кәсіпкер жұмыс орнынан пайда таппаса, оларды мәжбүрлеп өндіріске тарта алмаймыз. 500–1000 адамды жұмыспен қамтамасыз етуге міндетті емес. Яғни нарықтық қоғамда кімнің тауары жақсы, кімдікі экологиялық қауіпсіз, кімнің жарнамасы жақсырақ, соған қарай сұраныс артады.
– Химияның қаншалықты маңызды екенін күн сайын сезінеміз. Күнделікті өмірде азық-түлік, киім, косметика немесе тұрмыстық химия заттары болсын, үнемі химиялық элементтермен жұмыс істейміз. Бірақ осының бәрін қалай дұрыс таңдауымызға болады? Қолданып жүрген химиялық заттар, косметика болсын, оның дұрысынан таңдау үшін не істеу керек? Қандай кеңес бересіз?
– Иә, расында да, қазіргі қоғамда химиядан тыс өмір сүру мүмкін емес. Біздің қолымыздағы ұялы телефоннан бастап, тіс пастасына дейін – барлығы химиялық процестің нәтижесі. Сондықтан химияны білу – жай ғана мамандық үшін емес, күнделікті өмірде дұрыс таңдау жасау үшін де аса қажет.
Азық-түлік таңдағанда, мысалы, қаптамадағы құрамын мұқият оқып, E-кодтары бар қоспалардың табиғатын түсіну маңызды. Барлық қоспа зиян емес, мысалы, E300 (аскорбин қышқылы) – кәдімгі С дәрумені. Ал E250 (натрий нитриті) секілді заттарды көп тұтыну денсаулыққа зиян болуы мүмкін.
Косметика мен тұрмыстық химия заттарын алғанда да, гипоаллергенді, биологиялық ыдырайтын, құрамында фосфаттар, формальдегид немесе хлор секілді агрессивті заттар жоқ өнімдерге назар аудару қажет. Балаларға арналған өнімдерге ерекше сақтықпен қараған жөн.
Киім таңдауда да химиялық құрам маңызды. Синтетикалық маталар (полиэстер, акрил) арзан болғанымен, теріге жайсыз әсер етуі мүмкін. Ал табиғи материалдар (мақта, жүн, жібек) экологиялық жағынан тиімді және денсаулыққа пайдалырақ. Сонымен қатар кей киімдерде бояғыштар мен фталаттар қолданылуы мүмкін, олар тері арқылы ағзаға түсуі ықтимал.
Химияны түсіну – денсаулығыңыз бен қоршаған ортаға жауапкершілік. Оны мектепте оқыған деңгейде шектемей, өмірлік дағдыға айналдырсақ, өзімізді және жақындарымызды зиянды әсерден қорғай аламыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

6032 рет
көрсетілді0
пікір