• Ақпарат
  • 05 Маусым, 2025

Қоршаған ортаны қорғау қажет

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,

«Ana tili»

 

5 маусым – Экологтер және қоршаған ортаны қорғау күні. Бұл күнді ­Біріккен Ұлтар Ұйымы 1972 жылы экология мәселесіне адамзат назарын аудару үшін белгілеген. Жыл сайын әлемде 400 миллион тонна плас­тик қоқыс шығарылса, орташа есеппен тәулігіне жан басына шаққанда 0,74 келі қоқыс тасталады. Ал Қазақстанда жылына орта есеппен 5 миллион тонна тұрмыстық қалдық шығады екен. 
 

Ең өзекті мәселелер қандай?

Бүгінде Қазақстанда экологиялық түйткілдер жоқ емес, бар. Атап айтқанда, жердің тозуы, судың ластануы, ауаның улануы – халық денсаулығына, ұлттың болашағына залал келтіріп отыр. Еліміздегі экологиялық партия осы мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін жаңа экологиялық идеологияны ұсынады. Бұл – адамның өмір сүру сапасын арттыруға, денсаулығын қорғауға, табиғи байлықты сақтап, ұрпаққа аманат етуге бағытталған саясат. Бұл туралы әңгімелеп берген «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай жасылдар партиясының жаңа қоғамдық сана мен болашақтың идеясы екенін айтты. Оның сөзінше, партияның негізгі идеологиясы – адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті қайта қалпына келтіру. 
«Біз экологияны тек қоршаған орта туралы ғылым немесе ауаның тазалығы деп емес, елдің экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыруының өзегі деп түсінеміз. Партияның миссиясы – экологиялық ойлау мәдениетін қалыптас­тырып, халықтың, мемлекеттің және бизнестің жауапкершілігін біріктіре отырып, Қазақстанды жасыл, таза, қауіпсіз мемлекетке айналдыру. Біз табиғатты қорғау – саясат, экономика және ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін дәлелдей алдық. Енді осы ұстанымды іске асыру жолында аянбай еңбек етеміз.
Қазір Қазақстан экология­лық дағдарыстың алдында тұр. Ауаның ластануы, су ресурстарының азаюы, жердің тозуы, өндірістік қалдықтардың қордалануы  ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналып отыр. Біз бұл жағдайды түбегейлі өзгерту үшін бірнеше нақты бағытты атап көрсеттік. Атап айт­қанда, «Жаңа экологиялық идеология» тұжырымдамасын ұсынып отырмыз. Бұл – тек заң мен ережелер жиынтығы емес, табиғатпен қарым-қатынастың философиясын өзгерту. Сонымен қатар экологиялық бақылау жүйесін түбегейлі реформалау қажет деп санаймыз. Маңыз­дысы, ірі өндіріс орындарына нақты экологиялық талаптар қоюды, ал экологиялық зиян келтірген компанияларды қоғам алдында жауапкершілікке тартуды талап етеміз. 
Жалпы, жасыл экономикаға көшу, балама энергия көзін дамыту, экология­лық білім беру мен азаматтық экосана қалыптастыру бағытында жүйелі жұмысты ұсынамыз. Біз экологияны – саясаттың қосымша бағыты емес, мемлекеттің болашағын айқындайтын басты фактор деп есептейміз. Сондықтан біз нақты шешімдермен айналысамыз және олардың іске асуына халықпен бірге күш саламыз», – дейді Азаматхан Әміртай.
Экологтің сөзінше, Қазақстанның экологиялық мәселелері – табиғаттың ғана емес, адамның денсаулығы мен өмір сапасының мәселесі. 
«Біріншіден, ауаның ластануы. Қарағанды, Өскемен, Шымкент, Теміртау, Жезқазған сияқты өнеркәсіптік қалаларда ауа таза емес. Ауадағы зиянды заттар шекті мөлшерден бірнеше есе асып кетеді. Соның салдарынан онкологиялық, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу аурулары күрт өсіп отыр. Екіншіден,  судың тапшылығы мен ластануы. Арал теңізінің құрғауы — әлемге белгілі трагедия. Бірақ бүгінде Балқаш, Ертіс, Іле, Шу, Талас, Сырдария өзендерінің жағдайы да нашарлап келеді. Таза су тапшылығы – әсіресе оңтүстік өңір үшін үлкен қауіп. Осыған байланысты біз Ауғанстандағы «Кош-Тепа» каналының салынуына орай Арал тағдырына арналған халықаралық конференция ұйымдастырдық. Бұл – су қауіпсіздігі мәселесін халықаралық деңгейде көтеруге жасалған нақты қадам.
Үшіншіден, өндірістік және тұрмыс­тық қалдықтардың жыл сайын артуы. Қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі төмен. Кейбір аймақта улы қалдықтар ашық далада жатыр. Бұл топырақты улап, жерасты суын ластайды.
Төртіншіден, жердің тозуы мен шөлейттенуі. Әсіресе жайылымдық және егіндік алқапта қатты байқалып жатыр. Климаттың өзгеруі мен аграрлық саясаттың дұрыс жүргізілмеуі салдарынан Қазақстанның кейбір өңірі экология­лық апат аймағына айналды.
Бесіншіден, радиациялық мұра – Семей полигоны, Азғыр мен Капустин Яр полигондары, Сарышаған сынақ полигоны және Байқоңыр ғарыш айлағының қалдығы алаңдатады. Бұл – ұзақ жыл бойы шешімін таппай келе жатқан тарихи-­экологиялық мәселе», – деді Азаматхан Әміртай.
Оның айтуынша, ауа, су және топырақтың ластануының алдын алу үшін бірқатар ұсыныс берілді. Атап айтқанда, ірі өнеркәсіп кәсіпорындарына қатысты экологиялық талапты қатаңдату қажет. Қазір көптеген зауыт пен фабрикалар ескірген сүзу жүйелерін қолданады, немесе мүлде қолданбайды. Біз жаңа технология­ларды енгізу арқылы зиянды шығарындыларды азайтуды міндетті етуіміз керек. Сонымен қатар, су ресурстарын тиімді басқару мәселесі аса маңызды. Өзен-көлдерге тасталатын өндірістік қалдық алдын ала сүзгіден өтуге тиіс. Сонымен қатар су үнемдеуді және қайта пайдалануды ынталандыратын жаңа экологиялық норматив қажет. Ал ауыл шаруашылығында қолданылатын химиялық тыңайтқыштар мен пестицидтер топырақты улайды. Сондықтан экология­лық таза баламаға көшу және топырақты қалпына келтіру бағдарламаларын жүзеге асыру қажет. Бұл ауыл халқының денсау­лығына да, азық-түлік қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді. Дегенмен Қазақстанда экологиялық заңнама заман талабына және 2021 жылы қабылданған жаңа Экологиялық кодекс ЭЫДҰ стандарттарына сай деп жарияланған. Экологтің айтуынша, бірақ одан нәтиже байқалмай отыр.
«Заңда көрсетілген норма мен талаптың көпшілігі бақылаусыз. Көптеген кәсіпорын экологиялық төлемді төлеп, бірақ қоршаған ортаға зиян келтіріп отыр. Бұл – «ласта да төле» принципінің үстемдігі. Біз экологиялық заңнаманың орындалуын бақылау жүйесін түбегейлі реформалау, ашықтық пен қоғамдық бақылау тетіктерін күшейту қажет деп санаймыз. Осы орайда «Жаңа экологиялық идеология» тұжырымдамасын дайындап, оны мемлекет деңгейінде қабылдауды ұсындық. Бұл – бүкіл қоғамның экология­лық санасын жаңғыртуға бағытталған идеологиялық құжат. Ол білім беру, медиа, бизнес және мемлекеттік басқару салаларын экологиялық жаңаруға бағыттауға арналған. Сонымен бірге «Baytaq Run Fest» атты экологиялық жүгіру республикалық және аймақтық марафонын ұйымдас­тырып келеміз. Бұл жоба саламатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, жастар мен тұрғындардың экология мәселелеріне назарын аудартуды көздейді. Былтыр Арал мәселесіне арналған Халықаралық саммит өткіздік. Бастама Арал теңізін сақтап қалуға және су қауіпсіздік мәселесіне арналып, саммит жұмысын жалғастырып келеді», – дейді эколог.
Экологтің айтуынша, жасыл экономикаға көшу – Қазақстанның болашағына бағытталған стратегиялық қадам. Ол үшін, ең алдымен, энергияның жаңартылатын көздеріне – күн, жел, су энергетикасына нақты әрі жүйелі түрде көшу қажет. Қазіргі бар бастамаларға қарамастан, бұл салада ауқымды мемлекеттік қолдау мен инвестициялар жетпейді. Сонымен қатар көмірге тәуелділікті азайтып, жасыл технологияларға салықтық жеңілдіктер мен субсидиялар беру қажет. Ауыл шаруашылығында суды үнемдейтін, экологиялық таза технологияларды енгізу – жердің құнарын сақтап, халықты сапалы азықпен қамтамасыз етудің жолы. Бұған қоса, жасыл экономиканың табысты дамуы үшін экология және жаңартылатын энергия саласында кәсіби кадрлар дайындайтын білім беру жүйесін дамыту маңызды.

«Таза Қазақстан» жобасының нәтижесі

Биылдан бастап «Таза Қазақстан» бас­тамасы аясында республика бойынша 405 іс-шара өткізілді. Оның ішінде «Таза қала», «Таза аймақ», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Таза жағалаулар», «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні», «Мөлдір бұлақ», «Халықаралық құстар күні» сияқты ауқымды республикалық акциялар. Нәтижесінде 121 мың тоннадан астам қалдық жиналып, 584 мың гектарға жуық аумақ тазартылып,1,7 миллионнан астам ағаш отырғызылған. Ал шараға 1,4 миллионға жуық азамат, оның ішінде 82 мың ерікті қатысқан. 
«Бес мыңнан астам студенттің қатысуымен дәріс, экосағат, байқау мен экскурсия өткізілді. Қоршаған ортаны қорғау іс-шарасы аясында 342 ау жиналды, 21 бұлақ қалпына келтірілді, 1982 құс қорасы орнатылды. Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен «Таза Қазақстан» экофестивалі өтті. Көрмеде қалдықтарды қайта өңдеу жобалары, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың (ERG, ТШО, КПО, Қазақмыс) бастамалары, экостартаптар мен мектеп жобалары ұсынылды. Көрмені 1 500-ден астам адам тамашалады, оның ішінде астаналық жоғары оқу орындарының студенттері де бар. Қоршаған ортаның жай-күйі­не қоғамдық бақылауды арттыру және экологиялық мәселелерді шешуге азаматтарды тарту мақсатында Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2024 жылдың маусым айында @TazaQazBot телеграмм чат-ботын іске қосты. Онда 19 мыңнан астам сұраныс келіп түссе, оның 17 834-і орындалды, 266-сы орындалып жатыр, 1 206-сы жойылды», – дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов.
Маманның айтуынша, азаматтарды аумақтарды тазалау, тұрмыстық қалдықтарды шығару, көшелерді абаттандыру, жол жөндеу сияқты мәселелер толғандырған. Ал өтініш қалдырғанның көбі Алматы, Түркістан облысы және Астана қаласының тұрғындары екен. 
Айта кетейік, осы көктемде мемлекеттік орман қорында 225 млн ағаш отырғызылған. 2020 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін мемлекеттік орман қоры аумағында 2 миллиард ағаш отырғызуды тапсырған болатын. Орман иеленушілердің мүмкіндігін және көшет отырғызу материалдарының болуын ескере отырып, мерзім 2027 жылға дейін ұзартылған.
«Көгалдандырудың қоғамдық мониторингін жүзеге асыру үшін интерактивті карта құрылды, ол орман шаруашылығының жүргізілуіне қарай жаңартылып отырады. 2021 жылдан бастап респуб­ликада 877,5 мың га алқап­қа 1 369,7 млн ​​ағаш отырғызылып, егілді. Оның ішінде биылғы көктемде 141 мың гектар жерге 225 миллион дана егілді. Күзгі көгалдандыру кезеңінің жоспары – 153 млн ағаш және бұта. Тозған жерлерді қалпына келтіру бойынша көптеген жұмыс атқарылды. Мемлекет басшысы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 2025 жылға қарай сексеуіл екпелерін құру арқылы Арал теңізінің құрғаған табанында жалпы алаңы 1,1 миллион гектар аумақта орман-мелиоративтік жұмыстар жүргізу міндетін қойды. Сонымен қатар 19 наурыз бен 16 сәуір аралығында 11 830 гектар алқапқа сексеуіл егілді. ODAM мақсаттары – Арал теңізінің құрғауының салдарын азайту және бүкіл Арал өңірі тұрғындарының өмірін жақсарту.
Негізгі бағыттар – экожүйені қалпына келтіру, су ресурстарын ұтымды пайдалану, адам денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ экономика мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту», – дейді Экология және табиғи ресурс­тар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Елемесов.
Мамандардың айтуынша, барлық эколог пен табиғатты қорғау ұйымдары қоршаған орта проблемаларына әлемдік қоғамдастықтың назарын аударуды, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғауға бағытталған саяси мүдде мен тиісті әрекеттерді ынталандыруды мақсат етеді. Экология саласында объектілер құрылысы, қайта жаңарту және пайдалануда, жабдықтарды, механизмдер мен көлік құралдарын пайдалануда, өндірістің барлық кезеңінде қоршаған ортаға келеңсіз әсерді азайтып, кәсіпорында экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтауда қоршаған ортаны ластауды болдырмауға тырысады. 

 

3620 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы