• Ақпарат
  • 05 Маусым, 2025

ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫНА ҚАНЫҚ АДАМ

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Жазушылар одағы және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы қалалық филиалы бірлесіп, көрнекті жазушы, сыншы, драматург, аудармашы Қалихан Ысқақтың туғанына 90 жыл толуына орай «Көркем сөздің бағбаны, көркем ойдың абаданы» деп аталған дөңгелек үстел өткізді. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының тіл мамандары мен ғалымдар, профессорлар мен БАҚ өкілдері және зиялы қауым қатысқан жиында баяндамалар жасалып, жазушылар Қалихан Ысқақтың шығармашылығы туралы ойын айтты. 

 

Дөңгелек үстелдің кіріспе сөзін Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан ашып, институт ғалымдарының қаламгерлердің шығармашылық зертханасына қатысты зерттеулері туралы әңгімелеп берді. Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасарлары Қасымхан Бегманов пен Ғалым Қалибекұлы шығармашылық орталықтардың бірлескен дөңгелек үстелдері жазушы әлемін ғылыми тұрғыдан талдаудың бір көрінісі екенін мысалға алып, осы тұрғыда еңбектеніп жатқан ғалымдарға алғыс айтты. 
«Қалихан Ысқақ сөзінің сазы» тақырыбында баяндама жасаған Анар Фазылжан қаламгер Қалихан Ысқақтың видео және аудиосөздерін талдап берді. Дерекқор: 1999 жылы түсірілген «Өмір – өзен» телебағдарламасына берген сұқбаты (Жүргізуші – Бейбіт Құсанбек), «Алтын қордан» алынған жазушыдан өзі туралы айтқан аудиоәңгімесі, «Жүздесу» телебағдарламасына 2014 жылы берген сұқбаты. Баяндамашы осы үш бағдарламаның 623 сөзден тұратын мәтінді құраған үзігінің статистикасына тоқталды. «Өмір – өзені» телебағдарламасында сөйлеген сөзінде көркемсөз басым келеді. Аудиоәңгімесінде ауызекі сөйлеу стилі басым. «Жүздесу» телебағдарламасында дидактикалық стиль басым. Оның себебі «Жүздесуге» келген тыңдарман – жастар. «Өмір – өзен» телебағдарламасының біз мысалға алған 623 сөзінде 39 фраза бар. Барлығы хабарлы сөйлем. Сөзін сөйлемдерге көбірек бөлген. Аудиоәңгімеде 45 фраза бар. 6 сөйлем тиянақсыз формамен аяқталған. Бұл нормадан уәжді түрде ауытқу, себебі тыңдарман үнемі біркелді сөзді тыңдаса, жалығып кетеді. Төрт сөйлем «тұғын» формасымен аяқталады. Ересек адамның тілінде бұл форма жақсы сақталған. «Жүздесу» телебағдарламасында 54 фраза, 6 сұраулы сөйлем бар. Төрт сөйлемі тиянақсыз формамен, екі сөйлемі «тұғын» формасымен аяқталған. Жазушының ауызекі сөйлеу стилінде ерін үндестігі үшінші буынға дейін анық сақталатын дыбыстау көп. Шет тіліндегі сөздер ұлттық дыбыстау үлгісіне бейімделген де, бейімделмеген де кезі бар. Метатеза (айланып – айналып), синкопа (бүтіл –бүткіл) кездеседі. Қаламгердің сөйлеу қарқыны орташа, баяу, тембрі құлаққа жағымды қоңырқай үн. Хабарлы сөйлем интонациясы басым, лепті интонема мүлде кездеспейді. Сұраулы интонемалар риторикалық сұраулы сөйлемдерде ғана қолданылады. Сөйлеу барысында хезитациялық кідірістер тек назар аудару үшін ғана қолданылған», – дейді А.Фазылжан. 
«Қалихан Ысқақ: мінез бен стиль» тақырыбындағы баяндамашы Құралай Күдеринова қаламгер мінезінің шығармада көрініс табуына, яғни жазушы стилін қалыптастыруына тоқталды. «Қалихан отырған жерде басқа ауыздың қажеті не? Тек естігендеріңді құйып алар құлақ болса болғаны да! Қарабайыр қазақ тұрмысының жілігін шағып, майын алғандай қылып Қалихандай жетік білетін ешкім жоқ. Қазақ жаны мен қазақ мінезіне ондай қанық адам қолыңа шырақ алып іздесең де, табылмайды. Ал қазақ тарихына кезек келіп, көсіле сөйлей жөнелгенде бәрімен бірге өсіп, бірге жүрген бе деп таңдайыңды қағып, тамсанасың. Ал ол сөйлейтін қазақ тілінің ғажайып сұлулығына, сөзінің мәнділігіне, сөйлемінің дәмділігіне, иірімінің әуезділігіне, суреттемелерінің дәлдігіне таңғалмайтын жанар, тамсанбайтын құлақ бар ма екен?» деген көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбайұлының; «Ол баспа бетін көрген «былдыр-былдыр», «сылдыр-сылдыр» сөйлемдер мен тіркес­терді көзі шалса, шаншудай қадалатын. «Бетің бар, жүзің бар» демей, айтарын тура кесіп айтатын» деген Нұрлан Оразалиннің; «Әркім әр жаққа жұлқа тартар жиынның қан қысымы көтеріле бастағанда мінбеге маң-маң басып Қалекең шыққанда конференц-залдың лық толы қауымы сілтідей тына қалары бар. Тіпті залдан шығып бара жатқандардың тобы тұра қалып, қайырыла кеп отырып жатар еді. Сондағысы мына қара шал жай сөйлемейді» деген Жақау Дәуренбековтің сөзін мысалға алған Құралай Күдеринова қазақ қаламгерлерінің ішінде жазба стильге де, ауызекі стильге де теңдей мықты жазушы кім деп іздеп, зерттеуімізге Қалихан Ысқақты арнайы таңдап алғанын айтады.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева «Қалихан шығармаларын келер ұрпақ қалай оқыр екен деген ой мазалайды. Олар тек өздері туралы жазған дүниеге ғана қызығып, өткені, яғни жүріп өткен жолы туралы деректерді қалыс қалдыра ма екен деп алаңдаймын. Бұрынғыларды қандай сезім тербеді, өткенге қалай салауат айтты, болашақтан нені күтті – мұның барлығы да Қалихан шығармаларында тұнып тұр. Министрлік балалардың әдебиеті бағдарламасын қалай қарап отыр екен деп те уайымдаймын. Қалихан Ысқақ өмірде өте ұстамды, мәдениетті жан еді. Бірқалыпты мінезінен танбады. Біздің кезімізде қолына қалам ұстаған жастар «Жазғаным Қалихан Ысқақтың көзіне қалай түсер екен?» дейтін. Ол дa ешкімді бөліп-жармай, пікірін ашық айтатын. Оның сөйлеу сөзінде де мінезінің бірқалыптылығы байқалатынын, сөзінде шұбалаңқылықтың жоғын бүгін бізге тілші-ғалымдар нақты дәлелдермен көрсетіп берді. Зерттеушілерге рақмет! Үмітсіз болмайық, қалам алғандардың ішінен Қалихандар шығады деп үміттенейік. Қалиханнан нені үйренуге болады? Мінезін, жазу стилін, туған жерін сүюді үйренуге болады. Туған топырақты сүймеген адамнан, меніңше, ештеңе шықпайды», – дейді.   
Тіл білімі институтының ғалымдары Жанар Жұмабаева «Қазақ ауызша сөзіндегі ерін үндесімі», Қымбат Сләмбек «Қазақ тілінің дәстүрлі сөзсаптамының грамматикалық белгілері» (Қ.Ысқақтың әңгімелері негізінде) тақырыбында баяндама жасады. 
Сыншы, қаламгер Нұрдәулет Ақыш: «Қалихан Ысқақ – қазақ әдебиетіне құбылыс болып келген қаламгер. Сондықтан Қалихан Ысқақтың ауызша сөзіне емес, жазбаша стиліне көбірек баға берген дұрыс-ау деп есептеймін. Қалихан Ысқақтың тіліне, әдебиеттегі көркемдігіне, эстетикалық мәніне терең мән беруі керек деп ойлаймын. Тіл білімі институтының Жазушылар одағымен бірлесіп, дөңгелек үстел өткізгені құптарлық іс. Ендігі кезекте Әдебиет және өнер институтымен де бірлесіп, кешенді зерттеулердің талдауы жасалса, тіптен тамаша болар еді. Әдебиеттің бір қызметі – халық аузындағы тілдік ерекшеліктерді тірілту», – деп пікір айтты. 
Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан қаламгердің ауызша сөйлеу стилін де талдап-таразылау қазіргі дауыс интонациясы өзгере бастаған уақытта өзекті екенін айтып, алдағы уақытта институттардың бірлескен зерттеулерін жария етуге қатысты ортақ дөңгелек үстел өткізу ұсынысын қуана құптайтынын жеткізді. 
Дөңгелек үстел жұмысына Zoom арқылы қатысқан Қатонқарағай аудандық мәслихатының төрағасы Бейімбет Қабдрахманұлы Қалихан Ысқақтың шығармалары мектеп бағдарламаларынан алынып қалғанын айтып, алаң көңілін білдірді. Дөңгелек үстел жұмысының қарарына Қ.Ысқақ шығармаларын қайтадан мектеп бағдарламасына енгізу мәселесіне енгізіліп, бұл Оқу-ағарту министрлігіне жеткізілетін болды. 
Көрнекті тілші-ғалымдар Нұргелді Уәли, Жамал Манкеева, Бағдан Момынова қаламгерлер арасындағы сөз саптау мәнерінің жоғалып бара жатқанына алаң көңілін білдірді. Жазушының жазба стиліне қатысты Тіл білімі институты ғалымдарының кешенді әрі іргелі зерттеу жұмыстары тоқталмайтын да айтып өтті. Нұргелді Уәли Қалихан Ысқақ сөзінің көркемдік әлемі мен тарихи мәніне, көнерген сөздерді тірілтудегі рөліне тоқталды. Қалихан Ысқақ шығармаларындағы көркемдік элементтерді тіл ғылымы тұрғысынан талқылау әдісінің ерекшеліктерін санамалап айтып берді. Жамал Манкеева: «Дөңгелек үстел қазіргі қазақ тіл білімінің жаңа деңгейге шыққанын, жаңа деңгейде қоғаммен бірлесіп зерттеулер жүргізіп жатқанын дәлелдейтін іс-шара болды ғой деп ойлаймын. Рухани танымымызды ояту үшін осындай зерттеулер жүргізіле бергені маңызды. Қалихан Ысқақ – қазақ әлемін табиғилығын жоғалтпаған қалпында қағазға түсірген қаламгер. Оның жазу және ауызекі стилі әлі талай ғалымның зерттеуіне айналары анық», – деді. Бағдан Момынова Қалихан Ысқақ шығармаларын талдай келе, қаламгер әңгімелерінің мектеп бағдарламасынан алынып қалғанына қатысты да пікір білдіріп, болашақта ол шығармаларды оқушылар бағдарлама негізінде қайта оқи бастайтынына үміт артты. 
Сыншы Әмірхан Меңдеке, жазушы Ахметжан Ашири Қалихан Ысқақ шығармашылығы мен ғұмырбаянынан естеліктер айтып берді. Әмірхан Меңдеке Қалихан Ысқақтың күнделіктері, жазбалары әлі де зерттелмегеніне назар аударды. «Күнделік деген – шындықтың ұясы. Шындықты адам күнделікке жазады. Ол көркем дүние­ні жазғанда бәрібір оқырманға бейімделеді. Мұхтар Әуезов: «Біз заманымызға бағындық. Ал заман адамды қор қылады екен», – дейді күнделігінде. Қаламгерлердің күнделіктеріне зер салсақ, осындай тіркес­тер молынан кездеседі. Қалиханның тілі – көркем тіл. Қазақтың қара сөзінің қайығы іспетті. Ол сөзді ойнатады, беталды емес, әрқайсысының орнын таба біледі. Қалихан Ысқақтың тіпті қарапайым мақаласының тілінің өзі көркем. Қалихан Ысқақтың тілін әр тараптан зерттей беруіміз керек. Бұл тұрғыдан Тіл білімі институтының қызметкерлеріне алғысымыз шексіз», – дейді Ә.Меңдеке.
Дөңгелек үстел жұмысын қорытындылаған Анар Фазылжан Ұлттық тіл корпусы жұмысымен таныстырып, әр қаламгердің жазбаларын порталдан табуға болатынын айтып өтті.

278 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы