• Ақпарат
  • 05 Маусым, 2025

Орталық Азияның тарихи географиясы

Ұлттық кітапханада «Орталық Азия­ның тарихи географиясы: уақыт, кеңістік, жады» атты ІІ халықаралық конференция өтті. Іс-шараға Түркия, Иран, Жапония, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Чехия және Қазақстаннан келген 70-ке жуық ғалым қатыс­ты. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен өткен Халықаралық ғылыми конференция Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландырып жатқан «Орталық Азияның тарихи географиясы» атты іргелі ғылыми бағдарламаны іске асыру аясында ұйым­дастырылды.


Ғылыми конференция орта ғасырлар мен жаңа заман кезеңіндегі көне тарихи карталар, картографиялық және тарихи-географиялық деректердің негізіндегі Орталық Азияның географиялық кеңістіктегі саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени өзгеруі мен дамуын, тарихи-мәдени және географиялық ландшафтылар эволюциясының бейнеленуін, қоршаған орта туралы түсінік пен білімнің жинақталуы мен кеңеюін, тарихи географияның дәстүрлері мен жаңа зерттеу бағыттарын талқылауға арналып, ашық ғылыми пікір алмасу мен байланыс құру мақсатын көздейді.
Конференцияның мазмұны көп қырлы, тарихи географиямен түйіндес ғылымдардың өзекті салалары, аймақтың тарихи дамуы, кеңістік серпіні мен мәдени байланыстары туралы кеңірек түсінік қалыптастыруға бағытталған. Орталық Азияның тарихи географиясына арналған ғылыми іс-шара кеңістік пен тарих арасындағы көпқабатты қатынастарды түсінуге бағытталған ғылыми ой-пікірлердің тоғысар орны. Ол ғылыми қоғамдастыққа аймақты жаңа методологиялық тұрғыда пайымдауға, еуразиялық кеңістіктегі тарихи жады мен географиялық танымды кеңейтіп, терең түсінуге мүмкіндік береді.
Конференция жұмысы 4 үлкен сессияға бөлінді. Алғашқы сессияда Орталық Азияның картографиялық деректері сараланып, Нұрлан Кенжеахмет Ибрагим Мүтәффериқаның Осман картасындағы деректерді талқылады. Чехиялық ғалым Әзім Маликов пен ресейлік Зарина Жандосова еуропалық карталардағы Хорезм мен Орталық Азия бейнесін талдаса, Қазақстан атынан Ернұр Рахимов Арал теңізінің картографиялық тарихына тоқталды.
Келесі сессияларда тарихи географияны жаңаша пайымдау, интерактивті карталар жасау, жады мен кеңістіктің сәйкестігі, топонимия мен дереккөздермен жұмыс істеу тәсілдері сөз болды. Бекір Қапукайя мен Нәбие Мусаоғлу интерактивті картографияны таныстырса, Шахислам Лайсханов пен Гүзал Шарипова тарихи дереккөздер мен жаңа технологиялардың ықпалын атап өтті.
Соңғы бөлімде географияның мәдени-тарихи жадымен байланысы, ойын мәдениетінің кеңістіктегі орны, Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда қатынастары қарастырылды. Сессияны Австрия, Иран, Қырғызстан, Әзербайжан, Моңғолия және Қазақстанның ғалымдары мазмұнды баяндамаларымен толықтырды.
Бұл жиын Орталық Азия тарихын зерттеуші ғалымдардың ынтымақтастығын арттырып, ғылым мен мәдениеттің тоғысқан алаңына айналды.

Нұрлыхан ҚАСЫМХАНҰЛЫ

148 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы