- Ақпарат
- 05 Маусым, 2025
ДЕРБЕСТІКТІҢ НЫШАНЫ, МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІҢ ЖОЛЫ

Кез келген мемлекеттің өзіне тән сипаты, ерекше нышаны, мемлекеттілігін көрсетер қастерлі белгілері бар. Ол белгілер Қазақияға да тән. Кең-байтақ өлкеде байрағын көтерген бабалар дәстүрі бүгінге дейін жібі үзілмей жетті. Байрақ пен ұранды мемлекеттіліктің басты ұстындарының бірі қылған ол заманалар мен бүгінгінің күнін байланыстырып тұрған да сол дәстүр, қастерлі белгілерге құрмет көрсету жолы дер едік.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, мемлекеттік рәміздер – «Ту, Елтаңба және Әнұран елдің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың көрінісі, халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілері». Тағы да деректер сөйлесін, рәміздер жобаларын жасау байқауына кезінде 600-ден аса адам қатысқан; мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық жұмыс 1200-ді құраған. Сондай-ақ байқауға болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылған. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні болып аталады.
«Мемлекеттік Ту ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тікбұрышты көгілдір түсті матадан жасалған. Ту сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Ту авторы –Шәкен Ниязбеков» деген мәтінді мектеп қабырғасынан жаттап өстік. Елтаңбаға да қатысты сөз осындай: «Мемлекеттік Елтаңба – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар. Мемлекеттік Eлтаңба авторлары –Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов». Иә, Тәуелсіз Қазақстанда Мемлекеттік Әнұран бастапқыда басқа еді, 2006 жылы «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған шығармаға Шәмші Қалдаяқовтың әні (сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев) ауысты.
Көпке белгілі жайтты неліктен қайталап жазып отырмыз? Себебі елдің, мемлекеттіліктің рәміздерін әр азамат бала күнінен біліп, көкірегіне тоқып өскені абзал. Сырт көзге рәміздер тұтас бір мемлекеттің күллі елдік жолын, арман-мұратын, мақсатын көрсететін, айшықтайтын құжат іспетті. Елдің тарихы кітаптарда қатталса, мемлекеттіліктің нышаны осындай рәміздерде байқалады. Әр халық өзі таңдап алған рәмізімен саяси ареналарда сөз сөйлейді, әлеумет ортасында пікірін білдіреді, мемлекеттік ғимараттарда рәміздер елдің нышанын көрсетеді. Спорт, мәдениет жарыстарында да осы рәміздер әр елдің даңқын аспандатып, елдігін сипаттайды. Демек, рәміздер күні – тек атаулы дата емес, елдіктің символын көрсеткен нышандарды көпшілікке одан әрі таныстыра түсуге, егемендіктің белгісін одан әрі нығайта түсуге арналған сәт.
Арғы-бергі тарихымызда өз байрағымызды көтеріп, ұлттық ұранымызды асқақтатқан сәтіміз көп. Әр заманада өз мемлекеттілігімізді көрсететін дербес символдарымыз болғаны да рас. Соның бір мысалы, ХХ ғасыр басындағы Алаш автономиясы қолданған мемлекеттік рәміздер. «Алаш мемлекетіне Орда деп ат қойылған соң, гербіне Орда суреті болуы лайықтығында дау болмаса керек. Орда мемлекетіне Орда суретін қою ұнамсыз болады деп ешкім айта алмас. Солай болған соң герб мәселесінің негізі шешілгенге есеп», – делінген «Қазақ» газетінде жарияланған мақалада. Ал Барлыбек Сырттанұлының «Қазақ елінің уставы» еңбегінде Алашорда туына мынадай сипаттама берілген: «Қазақ елінің жеке туы бар. Ту жасыл, қызыл һәм сары көлденең жолақтардан жасалады. Басындағы бұрышта ай һәм жұлдыздың суреті бар. Жасыл түс – елдің исламға берілгенінің белгісі, қызыл – ел қорғауда төгілген қан, сары – қазақтың кең даласы, еркіндіктің белгісі».
Қандай жолды жүріп өткеніміз, қандай белгіні ұлттық пен мемлекеттіліктің символына айналдырғанымызды айшықтайтын дүние – мемлекеттік рәміздер. Ендеше, елдің әрбір азаматы рәміздердің жөнін, мақсат-мұратын танып-білгені де елдігіміздің бір көрінісі емес пе?
Еділ НОЯНҰЛЫ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымының кандидаты:
Мыңдаған жылдың тарихы
4 маусым eлімізде Pәміздер күні ретінде аталып өтеді. «Тәуелсіз мемлекеттің басты белгілері ретінде көрініс беретін рәміздеріміздің сырт көрінісінде біз білмейтін немесе жете түсіне алмайтын қандай тұстары бар?» деген сұраққа назар аударғанымыз жөн. Бүгінде дамыған Еуропа елдерінің, кезінде империя болған елдердің рәміздерінде біржақтылық бар. Еуропа елдерінің тулары көбіне ақ, көк, қызыл және басқа да түстес жолақтардан тұратынына, бір-біріне ұқсас белгілері көзге анық көрінетініне куәмыз. Еуропа елдерінің елтаңбалары да бір-біріне өте ұқсас. Бұл елдерде екі жаққа қарап тұрған арыстандар немесе самұрық құс белгілері тайға таңба басқандай біркелкі немесе бір-бірінен аумайды.
Бұл жайт, негізінен, қазіргі Еуропа елдерінің байырғы Рим империясы құрамында болуы, орта ғасырларда христиандық Тевтон, Ливон, Госпитальер ордендерінің Еуропа аймағына таралуына байланысты дер едім. Осы тұрғыдан алсақ, «Қазақ елі тәуелсіздігін, дербестігін әлемге танытатын рәміздерін қаншалықты деңгейде көрсете алды?» деген сұрақ туындайды. Мемлекеттік рәміздеріміздің жайына келсек, мақтанатын тұсымыз көп. Елтаңбамыздағы белгілерге назар аударсақ, қанатты, мүйізді жылқы бейнеленген. Ол 1969 жылы Есік қаласы маңындағы сақ қорғанынан табылған Алтын адамның бас киіміндегі, маңдайша тұсындағы жылқы бейнесінен алынған. Сақ-скиф тайпаларына тән «аң стилі» өнерінің басты белгісі – белгілі бір аңды, құсты, жануарды іс-қимылда, мифтік тұрғыда бейнелеуі. Алтын адамның бас киіміндегі жылқы бейнесі – осы өнер стилінің айрықша көрінісі. Елтаңбадағы күн бейнесі де сақтардың күн культі белгісінің көрінісі. Сақтар адам дүниеден өткенде бақилық болған адамның рухын қанатты жылқы Күнге жеткізеді деп қабылдаған, яғни жылқыны қанатты етіп бейнеленуінің мәнісі – осы. Яғни осы символдарды қолдана отырып, Қазақ мемлекеттілігінің 2,5 мыңжылдық тарихы бар екенін, мәдениетінің мыңдаған жылдан бастау алатынын ұлтымызға, әлемге әйгілеп отырмыз.
Байрағымыздан да тарихымыздың тереңнен бастау алатынын байқауға болады. VIІІ ғасырға тиесілі «Күлтегін» жазбасында:
Биікте Көк тәңірі,
Төменде қара жер жаралғанда,
Екеуінің арасында адам баласы жаралған.
Адам баласы үстіне ата-тегім –
Бумын қаған, Істемі қаған отырған.
Отырып, түркі халқының
Ел-жұртын қалыптастырған,
иелік еткен, – демей ме?
Яғни осы жолдардан Көктің түріктер дүние танымындағы орнын сезінуге болады. Көшпелі тұрмыс кешкен ата-бабаларымыз Көк аспанды еркіндіктің, бейбітшіліктің, бостандықтың символы ретінде қабылдаған. Еліміздің көк байрағынан біз 1,5 мың жыл бұрынғы тарихымызды, 300 миллион халықты құрайтын Түрік дүниесінің алтын бесігінің иегері ретінде өзімізді көрсетіп отырмыз. Туымыздағы Күн бейнесі де сақтардың заманынан басталатын тарихымызды дүниежүзіне танытуымыздың бір белгісі. Тудағы ұлттық ою-өрнек те сақ-скифтердің «аң стилі» өнеріндегі аң-құс белгілерінің б.з.д. ІV ғасырында ою-өрнекке айналуындағы трансформацияның көрінісі.
Бүгінгі Қазақстан – ежелгі Сақтар мемлекеті, Ғұн державасы, ортағасырлық Түрік империялары мен Алтын Орда мен Ақ Орданың мұрагері. Еліміздің рәміздеріндегі көріністер осы мыңдаған жылдық тарихы бар, көне дәуірден басталатын мәдениеттеріміздің атрибуттары дер едім.
Гүлім Сәбитқызы, Кемертоған орта мектебінің ұстазы:
Бабам тұлпар жаратты
Рәміздер – қазақ халқының бастан өткерген тарихы, мәдениеті мен дәстүрін қазіргі ұрпаққа сипаттап береді. Оқушылардың отансүйгіштік сезімін оятады, батылдыққа, ел мен жерді қадірлеуге үйретеді. Оқушыларымнан байқаймын, бәрі еліміздің Әнұранын жатқа айтады, Ту мен Елтаңбаны сипаттап бере алады, рәміздердің авторлары туралы да мағлұматы мол. Себебі мемлекеттік рәміздер балабақшадан бастап мектепте, жоғары оқу орнында, мемлекеттік мекеменің ғимаратында көрнекті орындарда тұр.
Рәміздер күнінде ғана емес, әр уақытта оқушыға мемлекеттіліктің нышандары туралы айтып отырған дұрыс деп есептеймін және өзім солай істеймін. Өйткені мемлекеттік рәміздер – кез келген елдің егемендігі мен тәуелсіздігінің басты белгісі. Рәміздер – халықтың рухын, бірлігін, өткені мен болашағына деген сенімін бейнелейтін символ.
Енді оқушыларыма рәміздердің сипаты мен мән-мағынасын ұстаз есебінде қалай түсіндіремін, сол жайына да тоқтала кетсем. Көк түс адалдық, тазалық, сенім сияқты сипатты білдіреді екен. Көк түстің түрік мәдениетінде де өзіндік орны бар. Қазақстанның Туындағы көк түс ашық аспанды, бейбіт өмірді, игілікті білдірсе, түстің біркелкілігі еліміздің біртұтастығын меңзейді. Ал Тудағы күн байлық пен молшылықты, өмірді және күш-қуатты көрсетеді. Сондықтан Туымыздағы күн шапағы алтын масақ пішінінде берілген. Қыран бейнесі – биліктің, қырағылықтың символы. Күн астында қалықтаған бүркіт мемлекеттің еркіндігін танытады. Қазақ ою-өрнектері – ұлттың әлемін көрсететін көркемдік құрал. Тудың сабын жағалай салынған ұлттық өрнектер Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрін символдық тұрғыда бейнелейді.
Елтаңба («герб») термині немістің «erbe» (мұра) деген сөзінен шыққан екен. Елтаңбамыздың орталық элементі – шаңырақ. Ол – біртұтас Отанының символы. Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылған, оның екі жағынан пырақтарды байқаймыз. Жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Елтаңбада қолданылған негізгі түс – байлықтың, әділдіктің символы – алтын түс.
Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді екен. Тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік Әнұран екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.
Міне, бұл мектеп мұғалімі ретінде оқушыларыма беретін жалпы мағлұматтар. Одан бөлек Рәміздер күні қарсаңында әр оқушыға Тудың, Елтаңбаның, Әнұранның сипаты мен мәнін түсіндіре отырып, түрлі ашық сабақтар, мәдени-әлеуметтік тақырыптағы дәрістер өткіземін. Рәміздерді сипаттаған өлеңдер мен тақпақтар оқып беремін. Ақын Тұманбай Молдағалиевтің:
Қара шаңырақ – ел күні,
Асқақтатып тұр мұны.
Елтаңбасы – елдігім,
Елдің тыныш тірлігі, – деп келетін өлең жолдарын оқушылар әп-сәтте жаттап алады.
Балалар ақыны Сұлтан Қалиевтің:
Тәуелсіздік жолында,
Талай-талай тер тамған.
Билігім өз қолымда –
Еркіндігім – Елтаңбам, – деп аяқталатын немесе ақын Байбота Қошым-Ноғайдың да:
Бабам тұлпар жаратты,
Құлынында танып-ақ.
Тұлпар барда қанатты,
Шайқалмайды шаңырақ, – деген өлеңі оқушыларға ұнайды.
Демек, мемлекеттік рәміздер күні ғана емес, жалпы әр күні де еркіндіктің нышандарын бала да, оқушы да көріп, біліп өсуі керек, ал арнаулы күндерде осындай мерекелердің мән-мағынасын оқушыларға түсіндіріп отырғанымыз абзал.

253 рет
көрсетілді0
пікір