• Ақпарат
  • 05 Маусым, 2025

Ортақ мұраны жаңғыртқан мәдениет

Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Жібек жолы самалы» тақырыбындағы фотокөрме мен мәдени-креативті жобалардың салтанатты таныстырылымы өтті.

Іс-шара «Қытай – Орталық Азия» саммиті аясында ұйымдастырылып, Қытай Халық республикасының Мәдениет минис­трлігі мен Сиань қаласындағы ИКОМОС
мәдени мұраны сақтау жөніндегі халықаралық орталығының қолдауына ие болды. Ауқымды мәдени жиынға Қытайдан келген мамандармен қатар, Қазақстандағы 
ЮНЕСКО өкілдері, Алматы облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қызметкерлері, қытай-қазақ археологиялық тобының мүшелері, халықаралық ұйымдардың сарапшылары мен ғалымдары қатысты.
Іс-шараның ашылу рәсімінде «Есік» музей-қорығының директоры Гүлмира Мұхтарова құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ықпалдас­тықтың дәйекті дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қос ел арасындағы байланыс тек  экономика саласымен шектелмей, білім, туризм, ақпарат және мәдениет кеңістіктерінде де кең қанат жайып отыр. 
– 2016 жылы «Бір белдеу – бір жол» халықаралық стратегиялық бағдарламасы аясында «Есік» музей-қорығы мен Қытайдың Шэньси провинциясындағы археология институты арасында Рахат қонысында бірлескен археологиялық зерттеу жүргізу туралы келісім жасалды. Сол уақыттан бері аталған тарихи мекенде қазба жұмыстары жүргізіліп, бірнеше ғылыми монография мен мақала жарық көрді, бірқатар халықаралық көрме ұйымдастырылды. 2024 жылдың 14 қазанында Сиань қаласындағы Солтүстік-Батыс университетінің жанынан «Жібек жолы археологиялық бірлескен зерттеу орталығының Есік филиалы» ашылуы – соның жарқын айғағы, – деді ол.
Іс-шара барысында сөз алған Сиань қаласындағы мәдени мұраны сақтау халықаралық орталығы ескерткіштер бөлімінің директоры Ли Дан Дан Жібек жолының адамзат өркениетінде алар орнына ерекше тоқталды. «Екі мың жыл бұрын Қытай елшісі Чжан Цянь Батыс өңірге жол ашып, сол арқылы Шығыс пен Батысты байланыс­тыратын бейбітшілік пен келісім көпірін қалады. Бұл жол тек сауда қатынастарының арнасы ғана емес, түрлі өркениет пен рухани мұралардың алмасу алаңы болды. Жібек жолы – үнсіз тарихтың мәңгілік куәсы. Ол – адамзаттың ортақ мәдени қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген асыл арна», – деді Гүлмира Мұхтарова. 
Көрмеде Ұлы Жібек жолының бойын­дағы мәдени байланыстар, байырғы салт-дәстүрлер мен сан алуан өркениеттік үлгілер фотоэкспозиция арқылы көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, мәдени кешке ерекше әр кірді. Қонақтар «Есік» қорымындағы №8 обадағы археологиялық-зерттеу жұмыс­тарының барысымен де танысты. Іс-шара аясында «Есік» музей-қорығы мен Шэньси провинциясының Сиань музейі арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылып, алдағы уақыттағы бірлескен жобаларға жол ашылды.
«Жібек жолы самалы» атты бұл көрме – өткен мен бүгінді тоғыстырған, ортақ мұраны жаңғыртқан мәдениет керуені іспетті.

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

221 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы