• Ақпарат
  • 05 Маусым, 2025

Архивтен табылған асыл қазына

«Аq jelken» журналының 1925–1939 жылдар аралығындағы басылымдарын парақтау барысында, қазақ әдебиетінің тарихына тың серпін беретін, ерекше жаңалық ашылды. Қазақ прозасының негізін қалаған көрнекті қаламгер Жүсіпбек Аймауытұлының «Балаларға әңгіме» атты шағын әңгімелер топтамасының жарыққа шыққаны анықталды. 

 

Бұл шығармалар 1925 жылы Орынбор қаласында қазіргі «Аq jelken» журналының ең алғашқы санында «Жік» деген бүркеншік есіммен жарияланғаны анықталды. Араб қарпінде тасқа басылған топтаманы журнал қызметкері Айнұр Мұратова кирилл қарпіне түсіріп, Жүсіпбек шығармашылығын терең зерттеп жүрген жазушы, жүсіпбектанушы Нұржан Қуантайұлына ғылыми сараптамадан өткізуге ұсынған. Ғалым жан-жақты зерделеп, шығарманың шынымен де Жүсіпбек Аймауытұлының қаламынан туғанын растап берді. Осылайша, ғасырлық тарихтың тасасында қалып келген деректер жаңғырып, «Aq jelken» журналының шынайы шежіресі ғылыми негізде қайта түзіліп жатыр. 
Оқырман қауымға сүйіншілей жеткізгіміз келетіні – бұл туындылар бала болмысының ішкі иірімдерін шынайы бейнелеген, қазақ руханиятына тың леп әкелетін әдеби мұра.
«Пионер» журналының №1 санының 17–18-беттерінде басылған бұл шағын дүниелерде мектеп жасындағы жасөспірімдердің мінез-құлқы, психологиялық болмысы терең әрі көркем тілмен суреттелген. 
Журналдың бұл ең алғашқы нөмірі Алматыдағы Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар және қолжазбалар бөлімінде сақтаулы. 
Жүсіпбек Аймауыт­ұлы 1917–1929 жылдары жарық көрген басылымдарда аты-жөніне қысқарған түрлерімен – «Ж», «Ж.А.», кейде толық «Жүсіпбек» не «Исуфбек» деп қол қойып отырған.
Зерттеушілердің айтуынша, жазушы ЖүсіпбекАймауытұлы өз туындыларын жариялау кезінде бірнеше бүркеншік ат қолданған. Солардың бірі — «Жік». Бұл бүркеншік есім қаламгердің толық атының бірінші және соңғы әріптерінен құралған. Қазіржазушының 13 түрлі лақап ат пайдаланғаны белгілі болып отыр. Солардың үшеуі — «Қараадыр», «Тікқұлақ» және «Ақыл» алғаш рет автордың мұраларын жүйелеу барысында анықталған. 
Осылайша, қазақ руханияты тағы бір тың дүниемен толықты. Жүсіпбек Аймауытұлының жас оқырманға арнаған осы шығармалары бүгінгі ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық әдебиеттің балалар жанрына қосылған құнды қазынаға айналары сөзсіз.

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

355 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы