- Ақпарат
- 05 Маусым, 2025
Әсел Оспан, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі: Тіл салақ сөйлегеннен бұзылады

Ұлттық рухы биік адам ұлттық тілін де, мәдениетін де, дәстүрін де ұлықтап биікке көтерері сөзсіз. Бұл қасиетті ұғым бір-бірін толықтырып, жер бетінде осындай біртұтас ұлттың бар екенін айшықтайды.
«Тіл туралы» Заңда «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» делінген. Осыны Қазақстанда тұратын түрлі ұлт өкілдері де ескеруге тиіс.
Бүкіл саналы ғұмырында қазақ тілінің дыбыстар жүйесін зерттеп, оқулық жазған лингвист, Алаш ардақтысы, ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі зор. Оның еңбектері әлі күнге дейін қолданыста бар.
Тіл – ұлы қару, қарым-қатынас құралы болғандықтан, ол туралы жазуға, айтуға әрбір адамның еркіндігіне шектеу қойылмау керек.
Тілдің шұбарлануы, шала тіл – бүгінде ұлттың ұлттық кодына айықпас жара салғаны анық. Ғабит Мүсіреповтің «Тіл салақ сөйлегеннен бұзылады» дегені бар. Тіл бүлінген жерде ұлт та құрдымға кетеді. Сондықтан әрбір адам өзінің ана тілінде таза сөйлеуге міндетті.
Өзім тіл маманы ретінде тілге құрметпен қараймын. Қазақи ортада мәңгүрттеніп, өзге тілде сөйлейтіндерге кәдімгідей ренжимін. Мүмкін болса қазақ тілінде сөйлеуін талап етемін. Қазақ тілі – әлемдегі сөйлеу стилі сұлу, синонимдік тіркеске бай, мағыналы тіл.
Ұлы жазушы М.Әуезов ғылыми еңбегінде: «…Қазақ жазушылары ғылым, техника сияқты қазақ тіліне молынан кірген сан сала жаңалық атауларды қолданбайды дедік. Соларды тілдің грамматикалық көп түрлеріне өзгертіп, өлең жолына қолданудың ақындарға қиын соғатыны да бар. Әсіресе орыс сөзі мен шет сөздерді алу, жазудағы біздің бүгінгі орфографиямыз қиындық туғызады. Өлең жолына дәл орысша орфографиясын аудармай кіргізсе, оған қазақтың тіліндегі жаңағы аталған жалғау, жұрнақтар сияқты қосымша буындарды үстемелеп жалғатса, өлең жолына сыймайтын шұбыртпа шығатыны даусыз» деген. Біз, керісінше, орыс тіліне қарағанда туыстас түріктілдес халықтармен сөз алмасып отырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Барша түрік тілі өз ана тіліміздей көркем әрі мағыналы. Көркем сөздің кестесін ақ қағаз бетіне кестелегенде көңілім көкке көтерілгендей ғажап күйге түсемін. Тілдің құдіреті деген – осы.

595 рет
көрсетілді0
пікір