• Ақпарат
  • 12 Маусым, 2025

Киім мен кебіс

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,

«Ana tili»
 

Маусым айының екінші жексенбісі – Жеңіл өнеркәсіп жұмысшылары күні. Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі ел экономикасының маңызды бір бөлігі екені рас. Бұл сала тек экономикалық өсімге ғана емес, сондай-ақ жұмыс орнын құруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға да ықпал етеді. Былтыр еліміздегі өнеркәсіптің нарығы 4,3 млрд АҚШ долларын құрап, оның ішінде отандық өндірушілердің үлесі шамамен 6 пайыз болды. Біз осы орайда Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп қалай дамып жатқанын, көрсеткіштері мен келешегін анықтап көрдік.
 

Жеңіл өнеркәсіптің жайы: дерек пен дәйек

Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласы үш негізгі топтан тұрады: тоқыма өнеркәсібі 57% (мақта-маталар, жүн және аралас маталар, синтетикалық және табиғи талшықтар), киім өндірісі 34% (арнайы және жұмыс киімдері, күнделікті және сәндік киімдер, әскери және спорттық киімдер), былғары өнімдер өндірісі 9% (аяқкиім, былғары және тері бұйымдары, былғары сөмкелер мен белдіктер).
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі  Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде жалпы ішкі өнімдегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі 0,09%, өнеркәсіптік өндірісте – 0,4%, ал өңдеу өнеркәсібінде 0,9% құрайтынын атап өтті.
«Бұл сала 28 мың адамды жұмыспен қамтып отыр, оның 60%-ы әйел қауымы, бұл – мемлекет үшін әлеу­меттік маңызды көрсеткіш. Жеңіл өнеркәсіптің өндірістік көлемі былтыр 211,6 млрд теңге болып, нақты көлем индексі 86,8%-ға жетті. Соңғы 3 жылда жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің экспорты 2,5 есе артты. Бұл саланың негізгі капиталына 12,4 млрд теңге көлемінде инвестициялар тартылды. Наурыз айындағы есеп бойынша, елімізде 1 411 кәсіпорын жұмыс істеп, оның 803-і тігін, 481-і тоқыма, 122-сі былғары өнімдерін өндіреді. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту мақсатында өнеркәсіптік саясаттың басты мақсаты – ішкі өңдеуді ұлғайта отырып, шикізаттық модельден бас тарту. Осы мақсатқа жету үшін инвестициялар тартылып, жаңа жоба іске асырылып, жүйелі шаралар қолға алынып жатыр», – деді Мұхамед Андаков. 
Оның айуынша, жыл соңына дейін 9 ірі инвестициялық жоба іске асырылады. Оның ішінде Ақтөбе облысында жүнді терең өңдеу жобасы, Түркістан облысында тоқыма бұйымдарын өндіретін мақта кешені бар. 

Ұлттық бренд пен тренд

Жеңіл өнеркәсіптің 34 пайызын құрап отырған киім өндірісінде еңбек ететін Abyroi.kz ұлттық киімдер бренді 2009 жылдан бері нарықта қызмет көрсетіп келе жатыр. Ұлттық киім тренд болмай тұрғанда бастаған бұл кәсіп, бүгінде жеке брендіге айналып үлгерген. 
«Жұмысымыз бір тігін машинасымен, екі адаммен басталған еді. Қазір 30 шақты адам жұмыс істейді, жеке-жеке конструктор, дизайнеріміз бар, тігіншілер мен ою түсіретін операторлар бар. Құрылған 15 жылдан бері уақыттан бері неше түрлі қиындықты да, жақсылықты да бастан өткердік. Ұлттық киім қазіргідей тренд болмай тұрғанда басталған еді. Киім тігу әр киімнің күрделілігіне байланысты 3 күннен, 1–2 айға дейін барады. Қазір заманауи этностильдегі шапандар сұраныста, ою-өрнекпен, заманауи киімге қазақы нақыш енгізіп тігіп жатырмыз. Спорттық киімдер, футболкалар тігеміз. 
Ұлттық киімде киіну кейбір компанияда уақытша тренд болуы мүмкін. Көп компания трендіні қолға алып, сатылымға әртүрлі сападағы киімдер шығып жатыр. Ол дұрыс, әрине, сапаның жақсаруына ықпал етеді. Ал жалпы халыққа келетін болсақ, қазақи киім әр кезде әдемі, әр кезде трендіде деп ойлаймын. Өйткені қазақи ою-өрнек, мемлекеттік ою-өрнек халықтың елтаңбасы сияқты. Бірақ мемлекеттік саясаты, ұстанымы өзгерсе, Елтаңба, ел рәмізі өзгеруі мүмкін. Бірақ қазақтың ою өрнегі ешқашан өзгермейді. Бағзы заманнан қалыптасқан күйінен өзгермей келе жатыр. Ою-өрнекпен қай мемлекетке барсаңыз да, сіздің қазақ екеніңізді айқындап тұрады. Қазақ, ұлттың дәстүрі бар кезде, қазақтың ою өрнегі әрдайым бірге жүреді деп ойлаймын», – дейді Abyroi.kz ұлттық киімдер брендінің негізін қалаушы Айдар Мәсімғазы. 
Киім өндірушінің айтуынша, сұраныс алдымен үлкендерден басталады. Жастарға қазақтың оюын, құндылығын түсіндіру жұмысын сөзбен емес, әрекетпен көрсету керек. Өзі ел ішінде жүрсе де, шетелге шықса да, ұлттық киім киеді екен. 
«Мәселен, шетелде қазақша киіммен көрген кезде елдің бәрінде бірден қызығушылық туады. «Қай жерденсің, кімсің, қайдан келдің?» деп сұрайды. Ал ұлттық киімсіз жүрсең, қытай, кәріс, жапон деп тануы мүмкін. Ал оюлы киіммен жүргенде ешкіммен шатастыр­майды. 
Ұлттық киімнің қымбат болуы сапасына байланысты. Бұрын да, қазір де, болашақта да ол қалыпты нәрсе. Арзан, орташа, қымбаты бар. Бірақ «арзанның жілігі татымайды» дейді. Сол үшін дәл қазақы киімге келгенде қымбат, сапалы киюіміз керек. Өйткені арзан зат бір киіледі де, сосын киілмей қалады. Базардан арзан киім киетін адамдар да бар, енді ол әркімнің жағдайына қарай ғой. Ою-өрнегі салынған киім ертең сапасыз болып қоқыста немесе бұрышта жатса, Елтаңбаның жерде жатқанымен бірдей. Сол үшін біз сапалы мата пайдалануға тырысамыз. Матаны айтпағанда, бір жіп, бір ине де Қазақстанда өндірілмейді. Шетелден келетіндіктен, барлық шикізат қымбат. Жұмыс қымбаттайды. Соған сай, қымбат мата болғандықтан, жақсы, сапалы жұмыс істеуге, әрбір инені түзу қадап, жіпті сөгілмейтін етіп дұрыс тігуге тырысамыз. Ал оның арзан болуы мүмкін емес. Адам 90–100 жасқа келгенде қайтыс болып, ол киген шапанын немере-шөберелері тәбәрік қылып киіп жүрсе, қымбатқа алған шапан өзін-өзі ақтайды. Сол жағынан қарағанда, қазақша киімнің қымбаты жоқ, бағасына тұрарлық. Иә, шикізатты сырттан алып тігеміз. Сондықтан бәрін ішкі, сыртқы нарыққа өзіміз шығаруымыз керек», – дейді Abyroi.kz ұлттық киімдер брендінің негізін қалаушы Айдар Мәсімғазы. 
Ал мәсі-кебіс тігу – қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрлі қолөнерінің бірі, бұл былғары немесе киізден тігілетін аяқкиім түрлерін жасау процесі. Осындай дәстүрлі қолөнерді жаңғыртып жүрген Алматы облысы Ақсеңгір ауылында тұратын Шаймерден ақсақал бүгінде оны отбасылық кәсіпке айналдырған. Айтуынша, өзі де, ұлы мен немересі де осы кәсіппен айналысып, тауарды әйелі мен келіні базарда сатады. Ал қазақтың мәсі-кебісі ешқашан сұраныстан түскен емес.
«Алдымен аяқтың ұзындығы мен еніне қарай әртүрлі өлшемді белгілейміз. Қағазға аяқ пішінін салып, дайындап, былғарыдан немесе киізден табан, қоныш, үстіңгі бөліктерді кесіп аламыз. Табан мен қонышты тігу маңызды, тігіс сырт жағынан көрініп тұратын «баспа» әдіспен жасалады. Әшекейлегенде, сұранысқа қарай, қазақи өрнекпен бедерлеу немесе жібек жіппен кестелейміз. Кебіс тігу тәсіліне келсек, ағаш немесе қатты табан дайындалады. Үстіңгі бөлік былғарыдан қиылып алынып, табан мен үстіңгі бөлік біріктіріліп тігіледі немесе шегеленеді. Оған да сұранысқа қарай сәндік ою-өрнек салынады. Біз тарихи Отанымызға оралғалы осы кәсіппен айналысамыз. Ата кәсіпке айналды десем артық емес. Өйткені отбасымыздың негізгі табыс көзі – осы. Мәсі-кебістің әр түрі мен дизайны тұтынушылардың сұранысына сәйкес тігіледі. Мәсі мен кебіс тігу арқылы ұлттық мәдениетті жаңғыртып, оны қазіргі заманға сай етіп ұсынамыз», – дейді Шаймерден Ақбердіұлы.
Елімізде былғары мен басқа да қажетті материалдарды жергілікті нарықтан сатып алу мүмкіндігі бар. Бұл тәсіл кәсіпкерлерге шикізатты тез арада алуға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Дегенмен Шаймерден Ақбердіұлы әшекейлеу үшін қажеттінің бәрін шетелден алдырады. Ал таза былғары мен киізді отбасымен өзі өңдеп шығарады екен. 
Сонымен қатар бүгінде нарықта Ultan.kz аяқкиім бренді халыққа жақсы танылып келеді. Қазір 15 шақты адам жұмыс істеп отырған бұл ұжым аяқкиімді, негізінен, ел нарығында сатады. Кейде шетелден де тапсырыс түседі, оны да орындайды. Осы уақытқа дейін Ресейге, Украинаға, АҚШ, Германияға, Кореяға, Араб елдеріне және көрші өзбек, қырғыздарға аяқкиім жіберген. 
«Аяқкиім тігуді 2018 жылы қолға алдық. Мәсі тігумен бастағанбыз. 2020 жылдан бастап, аяқкиім және басқа да аксессуарлар тігуге көштік. Бүгінде Астана және Алматы қалаларында бөлімшелеріміз бар. Цех Алматы қаласында.
Біздің аудитория қарапайым, ерлерге және әйелдерге арналған деп бөлінеді. Әйелдердің, ерлердің аяқкиімінің өзі әртүрлі. Жастарға, орта жасқа, үлкен кісілерге бар. Ал біздегі аяқкиімдер, негізінен, орта жастағылар мен үлкен кісілерге арналған. Жастардікін де қосымша тіге береміз. Жалпы, экономикалық тұрғыдан белсенділердің жас шамасы 25 пен 45-тің аралығында болғаннан кейін біз, негізінен, осы аудиторияға жұмыс істейміз. Сапалы етіп, барынша қолжетімді етіп, таза былғарыдан тігеміз.
Сұраныс өзі келеді, мысалы, «бізге мынадай аяқкиім тіге аласыздар ма?» деген клиенттің сұранысы бойынша дизайнын шығарып, өзіміз істеп береміз. Өз шеберханамыздан шығатын аяқкиімдер бар. Қосымша шетелмен, Қытай, Түркия, Италиямен де жұмыс істейміз. Ол жақтан табан келеді, біз мұнда үстін жасаймыз. Кейде ол жақтан бірге жасалып келеді. Мен сол жаққа іссапармен барып, цехпен толығымен танысып, өзіміздің талабымыз бойынша аяқкиімнің моделін тіктіреміз. Сонымен қатар өзіміздікін үлгі ретінде оларға көрсетеміз. Жалпы, жұмыс процесі осылай жасалады. Орташа есеппен, айына 400–500-ге жуық аяқкиім шығып қалатын шығар», – дейді Ultan.kz аяқкиім брендінің негізін қалаушы Ерсін Әлинұр.
Оның айтуынша, жалпы аяқкиім жасау үдерісі оңай емес. Арзан аяқкиім жылдам, автоматтандырылған жолмен жасалады. Ал Ultan.kz-те жасалатын аяқкиімнің бәрі – қолдың жұмысы. Яғни қолмен тартылады, қолмен кесіледі, толығымен қолмен табандалады. 
«Бірінші теріні қандай модельде шығатынын дайындап аламыз. Одан кейін үлгі бойынша кесіледі. Сосын астар терісі деген болады, ол көбіне ешкінің, қойдың терісінен жасалады, бұзаудың терісінен де даярлаймыз. Сол теріні қоямыз. Одан кейін тігу жұмысы басталады. Сол қалыпқа, сол модельге лайық табан болады. Сол табанды ғана жабыстырады. Ранг деген нәрсе бар, жиегінде тұратын. Соны жабыстырып, супернатор жүреді. Әсіресе өкшесі бар аяқкиімнің бәрінде супернатор болады. Ал өкшесі жоқ, қарапайым аяқкиімге оны салудың қажеті шамалы. Біз, негізінен, сапалы, түпнұсқа табанды қолданамыз. Соңғы кезең – бәрін бір-біріне, үстіңгі бөлігін қаптап болғаннан кейін, табанына жабыстыру жұмыстары жүреді. Одан кейін қыратын жерін қырып, дұрыстап, аяқтың формасына сәйкес­тендіреді. 
Шетелмен жұмыс істеудегі мақсатымыз бекер емес. Өзіміздегі технологияларды жаһандық кеңістікке шығуды жоспарлап отырмыз. Қазақтың жігіттері істеген жұмыс деп мақтанып айта алатындай сапаны жұртқа көрсеткіміз келеді. Біздің компания алпауыт емес, бірақ сапалы, қолжетімді, қазақтың әрбір азаматы ұялмай киіп жүретін аяқкиім шығарғымыз келеді», – дейді Ultan.kz аяқкиім брендінің негізін қалаушы Ерсін Әлинұр.
Кәсіпкердің айтуынша, болашақта жұмысты үлкен нарыққа шығарып, 200 мың халқы бар қалалардың бәрінен Ultan.kz дүкенін ашып, ТМД елдеріне және әлемге шығу мақсат болып тұр. 

Салаға мемлекеттік қолдау керек

Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп саласы – экономиканың маңызды, бірақ даму қарқыны баяу келе жатқан бағыттың бірі. Бұл сала халықты тұрмыстық қажеттіліктермен (киім-кешек, аяқкиім, тоқыма, былғары өнімдері) қамтамасыз етіп қана қоймай, жұмыс орындарын құрып, экспорттық әлеуетті дамытуға да септігін тигізеді.
Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті қолдайды. Атап айтсақ, Қаржылық қолдау және субсидиялар, оның ішінде жеңілдетілген несие бағдарламалары жұмыс істейді. Мемлекет кәсіпкерлерге арнайы жеңілдетілген несие беру арқылы өндірісті дамытуға көмектеседі. Мысалы, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қаржыландырылады. Субсидиялар мен гранттар бо­йынша, өндірісті жаңғыртуға, жаңа технологияларды енгізуге және экспортқа бағытталған жобаларға грант беріледі. Индустрия­ландыру және кластерлік, яғни индустрияландыру карталары арқылы даму жоспары бар. Жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында өңірлік индустриялық даму карталары жасалады. Оларға сәйкес кәсіпорындарға инфрақұрылымдық қолдау көрсетіледі, мемлекеттік тапсырыс алады. Сонымен қатар өңірлерде жеңіл өнеркәсіп кластерлері құрылып, кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастық пен ресурстарды тиімді пайдалану қамтамасыз етіледі. Кәсіптік білім беру мен кадр даярлауда мемлекеттік грант пен білім беру бағдарламалары жеңіл өнеркәсіп мамандарына арналған арнайы оқыту курстарын қаржыландырады. Әр кезде колледждер мен ЖОО-ларда жеңіл өнеркәсіпке қатысты мамандықтар ашылып, білім беру сапасы арттырылады.
Маңыздысы – экспортты қолдау. QazTrade және экспорттық қолдау орталығы арқылы отандық өнімдерді шетел нарығына шығару үшін маркетинг, логистика және нормативтік құжаттамалар бойынша қолдау көрсетіледі. Сыртқы нарыққа шығуға арналған грант пен бағдарлама да бар. Экспортқа бағытталған кәсіпкерлерге қаржылай және консультациялық көмек беріледі. Сонымен қатар салықтық жеңілдіктер де кездеседі. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына арналған арнайы салықтық жеңілдіктер мен төлемдердің төмендетілген бағамдары қарастырылып жатыр.
Жеңіл өнеркәсіпке бағытталған шағын және орта бизнеске қолдау көрсететін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын да атап өткен жөн. Бағдарлама аясында жалпы сомасы 1 трлн теңге көлемінде несиелендіру қарастырылған. Бұл қаржының 700 млрд теңгесі агроөнеркәсіптік кешеннің өңдеу және өндіріс жұмыстарына, 300 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібі мен қызметтерге бағытталады.
Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп саласы даму әлеуеті жоғары, бірақ жүйелі қолдау мен стратегиялық реформаларды қажет етеді. Ішкі нарықты импортқа тәуелділіктен арылту, отандық өндірісті цифрландыру және кадр даярлау жүйесін жетілдіру арқылы бұл саланы жаңа деңгейге көтеруге болады.

Маман даярлау маңызды

Қазіргі уақытта жеңіл өнеркәсіп саласына кадр даярлауда елімізде 6 жоғары оқу орны білім мен өндірісті ұштастырып отыр. Атап айтсақ, Алматы технология университеті (АТУ) жеңіл өнеркәсіп саласында бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейінде білім береді. Университеттің «Технологиялар, дизайн, текстиль және киім» факультеті «Мода, дизайн», «Текстиль: киім, аяқкиім және былғары бұйымдары» және «Стандартизация, сертификаттау және метрология» мамандықтары бойынша мамандар даярлайды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы және құрылымдастыру, тоқыма материалдары технологиясы және оны жобалау мамандықтары бойынша білім береді. Студенттерге кәсіптік тәжірибе мен тағылымдамадан өтуге жағдай жасалған. М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша маман даярлау жүзеге асырады. Студенттерге теориялық біліммен қатар, тәжірибеге толы дағдылар да беріледі. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша мамандар даярлайды. Рудный индустриялық институты жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша студенттерге теориялық біліммен қатар, тәжірибеге толы дағдылар да береді. Қазақ технология және бизнес университеті де жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша маман дайындайды. 
Ал 2023–2024 оқу жылында жоғары оқу орындарына 88 204 грант бөлінді. Оның ішінде «инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарламасы тобына 18 744 грант бөлінді. Бұл топқа жеңіл өнеркәсіп саласындағы мамандықтар да кіреді. Мысалы, «Тоқыма, киім, аяқкиім және былғары бұйымдарының технологиясы» мамандығы осы топқа жатады. Бұл мамандық бойынша грант саны нақты көрсетілмегенімен, жалпы инженерлік және өңдеу салаларына бөлінген грант санына сәйкес келеді. Биыл да осы салаға грант жақсы бөлінеді деп жоспарланып отыр. 

P.S.

Жалпы, Қазақстанда 1 400-ден астам жеңіл өнеркәсіп орны жұмыс істейді. Оның ішінде 803 тігін, 481 тоқыма, 122 былғары өнімдерін өндіретін кәсіпорындар бар. Ал жеңіл өнеркәсіп саласының дамуына бірнеше фактор әсер етеді. Атап айтқанда, инвестициялардың төмендігі, кәсіпорындар өндірісті жаңғыртуға қажет инвестицияларды ала алмайды. Импортқа тәуелділік бар, Қазақстан жеңіл өнеркәсіп өніміне деген сұраныстың көп бөлігін импортпен жабады. Құрал-жабдықтардың ескілігін де атап өткен жөн, кәсіпорындарда қолданылатын құрал-жабдықтардың біразы ескірген, бұл өндірістің тиімділігін төмендетеді. 
Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп саласының әлеуеті жоғары, бірақ дамуына кедергі келтіретін осындай бірқатар мәселелер бар. Саланы дамыту үшін инвестиция тарту, өндірісті жаңғырту және отандық өнімді қолдау шараларын күшейту қажет.

8186 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы