- Ақпарат
- 12 Маусым, 2025
«Қызыл кітап». Қамқорлық

Қарагөз СІМӘДІЛ,
«Ana tili»
Адамды адам еткен мінез көп қой. Капиталистер адамды адам еткен еңбек екеніне сенді, діни философияда адамды адам қылған сипаттар қаншама кітапқа жүк болды. Біреулер адамды адам қылған махаббат, енді біреулер сөз бен сан деп біледі. Кейбірі адамды адам еткен сенім, тағы бірі ғылым дейді. Адамды адам қылған – оның тоқтаусыз алға жүре беруі дейтіндер де бар. Ешқайсысына дауымыз жоқ. Тек адамды адам қылып жүрген бір мінезді ғана іздесек деп едік.
Адамды адам қылған мінездің бірі – қамқорлық, жанашырлық еді. Өзіңе ғана емес, жақыныңа, туысыңа, досыңа, әріптесіңе, айналаңда жүрген, танитын, танымайтын тұлғаға, тіпті керек десеңіз, жанды-жансызға деген қамқорлық. Әлемді құтқаратын мінездердің бірі де осы қамқорлық болуға тиіс, біздіңше. Қамқорлық һәм жанашырлық бар жерде ғана айнала махаббатқа бөленеді, жылылыққа шүпілдеп толады. Бірақ қазіргі кез келген адам ілесіп болмас жылдамдық пен талапқа толы қоғамда қамқорлық пен жанашырлық кейінге ысырылып бара жатқаны өкінішті. Адам мен адамның достығы, мейірімі осы қамқорлықтан көрінбес пе?
Кәсібилікті қамқорлыққа қарсы қойғымыз келмейді, бірақ қазір осы мінездің азайып бара жатқанының бір сипаты «ол іске мен жауапты емес едім» деген қырық сылтаудан құралып жатқандай көрінеді. Иә, жауапкершілік пен берілген істі мүлтіксіз орындаудың жөні басқа, оған талас жоқ. Тек қамқор болатын, жанашырлық танытатын нысанды көріп тұрып: «Ол іске мен жауапты емес едім» деп жайбарақат қарап тұра берудің не қалыс қалудың да жолы ауыр емес пе еді?
Уақытты да қамқорлыққа қарсы қойғымыз келмейді. Дегенмен қамқорлықтың жоғалып бара жатқанының бір себебін сол уақытқа апарып тірейтіндер де бар ғой. Айтпағымыз, зымыраған уақыттың жалына жармасқан бүгінгінің адамы барлық назарын сол жылдамдыққа ілесуге аударып бара жатқандай. Бұл – жалғыздың ғана емес, көптің пікірі. Тек қалай болғанда да уақыттың жалынан ешкімнің ажырағысы жоқ. Уақыт пен жылдамдықтың өз мүддесі, өз қалауы бар. Ал ол мүдденің, қалаудың арасында қамқорлықтың байқалмайтыны да өкіндіреді.
Адамның адамға деген қамқорлығы оның қадірін білуден де көрінсе керек. Ал бұрынғы мен ендігіні қоса алғанда баршаға тән бір сипат қадір – сол адам жоқ кезде ғана білінеді. Адам адам болғалы біріне-бірі жанашыр болған сәті көп. Біріне-бірі қамқорлық танытқан кезі көп. Қазір де солай емес дей алмаспыз. Дегенмен қамқорлыққа мұқтаждың қатары көбейіп келе жатқаны әлі де «қырық күндік кемдікті» дәлелдей түскендей.
Ендігінің жоғалып бара жатқан мінезін іздеп, күңіренуден аулақпыз. Дегенмен адамды адам еткен ізгі сипаттардың «Қызыл кітабын» жасасақ, оған қандай мінездер енуі мүмкін деген ой келеді. Иә, адам адам болып жер бетінде тұрғанда жақсының да, жаманның да сипат-мінезі алма-кезек екенін әрбіріміз түсінсек керек-ті. Дегенмен әр дәуірде, қоғамда бір мінездің азайып, екіншісінің салмағы басым түскенін де өткеннің сабақтарынан байқаймыз. Түп тамырымен жоғалтып алмаса да, қол үзуге шаққа тұрған мінездің көпшілігі ізгі сипаттар екенін түсінгенде көңіл алаң болатыны да рас. Жақсы мінездің түбірімен жойылып кетпейтіні де анық. Бірақ қатқылданып бара жатқан қазіргінің бір сипаты сол ізгі мінездерді естен шығарып ала беретінімізден сезілмей ме? Бүгінгінің «Қызыл кітабы» тек жан-жануар мен өсімдіктер әлемін жоқтап қана қоймай, адамзаттық ұлы жоғалтуларды да түгендесе, өткеннің өкініштерінің біразынан арылар ма едік? Адам баласы жоғалтқан асыл мінездердің «Қызыл кітабына» әркім өзі іздеген, өзі мұқтаж болған сипаттарды енгізсе, ол кітапты оқып түгесуге бір адамның ғұмыры жетпейтін де болар. Қалай болғанда да әр адам «айна қойып алдына» өзінің «Қызыл кітабын» жасаса да, біраз жоқтың орны түгенделер ме еді...
Адам мінезі бір күнде өзгермейді, адамзат та қастерлі сипаттардан бір сәтте айырылып қалған жоқ. Ол өзі болып-толғалы жүректің, өзінің бары мен жоғын іздеумен, удай өкініші мен сәулелі сәттерінің қуанышынан сабақ алып, алға беттеп келеді. Сол удай өкініштердің бірі – ол жоғалтып алған ізгі мінездер болмаса екен дейсің сол баяғы алаң көңілмен...

745 рет
көрсетілді0
пікір