- Ақпарат
- 06 Ақпан, 2025
Орта держава болу – мәртебе
Әлем өзгеріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаһандық үдерістердің еліміздің экономикалық ахуалына әсері, жаппай цифрландыру дәуірі, орта державалық ел, олардың геосаясаттағы орны туралы сөз қозғады.Президент: «Әлем Қазақстанға зор сенім артады, бізді орта держава ретінде таниды. Алайда бұл жоғары мәртебе тек сыртқы саясаттағы нақты нәтижелермен ғана емес, экономика, инвестиция, ғылым және технология салаларындағы жетістіктермен де бекітілуге тиіс. Қазіргі геосаяси жағдай көршілермен, атап айтқанда, Орталық Азия және ЕАЭО елдерімен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді қажет етеді. Бұл аймақтың бәсекеге қабілетін күшейтеді. Үкімет өнеркәсіп, көлік және логистика, ІТ сектор, агроөнеркәсіп кешені және басқа да салалардағы өзара тиімді байланыстар бойынша нақты шаралар әзірлеуі керек.Бұдан бөлек, Қытай, Ресей, АҚШ, ЕО, Таяу Шығыс, Азия елдерімен және басқа да мемлекеттермен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын айрықша назарда ұстаған дұрыс» деп атап өтті.
Біз өз тарапымыздан «Қазақстанның орта державадағы ел ретіндегі рөлі қандай?» деген тақырыпта бірқатар сарапшылар мен мамандардың пікірін сұраған едік.
Ерлан Саиров, Мәжіліс депутаты:
Бастамалар БҰҰ арқылы жүзеге асуға тиіс
– Орта державалар концепциясы бүгінгі турбулентті заманда ірі мемлекеттердің ғана емес, орта мемлекеттердің де ойы, олардың дүниежүзінің дамуы жөніндегі көзқарасы Біріккен Ұлттар Ұйымы арқылы іс жүзіне асып отыруы керек. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесін реформалауға қатысты, яғни Қауіпсіздік кеңесіне екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен державалармен бірге, бүгінде әлемдік саясатта, экономикада өзінің принципті позициясы бар жаңа мемлекеттердің де енуін қамтамасыз ету қажет.
Мемлекет басшысы«бүгінгі турбулентті шиеленістер көп заманда соғысты болдырмауымыз керек» деген принципті ұстанып отыр және Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыты ретінде осы концепцияны жүзеге асырады.
Бейтараптық, сонымен бірге күрделі мәселелердің барлығын диалог арқылы шешу позициясының арқасында Қазақстан көптеген шиеленістердің модераторына айналып отыр. Еуропалық Одақтың басшылары, Э.Макрон, О.Шольц, сонымен бірге АҚШ-тың жаңа президенті Д.Трамп халықаралық түйінді мәселелер бойынша Қ.Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесіп, ақылдасып отырады. Бұл Қазақстанның сындарлы орта держава концепциясының іс жүзіне асып келе жатқанын көрсетеді.
Дипломатияның ең негізгі миссиясы – мемлекеттің, оның ішінде Қазақстан мемлекетіне төніп тұрған қауіп-қатерді тоқтату, яғни дипломатия арқылы, халықаралық форматта Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Менің ойымша, қазір осы концепция жүзеге асып жатыр.
Сайпулла ЖҰМАБАЙҰЛЫ,
Х.Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы,
археологиясы және этнологиясы ғылыми зерттеу институтының директоры:
Әлемдік саясатқа ықпал ететін елдер санатындамыз
– Қазақстанның орта держава ретіндегі рөлі соңғы кезде халықаралық қауымдастықтың назарында. Оған дәлел 2024 жылдың 16 желтоқсанында Абу-Дабиде өткен Француз халықаралық қатынастар институты (IFRI) ұйымдастырған жыл сайынғы Дүниежүзілік саясат конференциясының қорытындысы. Конференцияда Қазақстанның халықаралық сын-қатерлерді шешуге қосқан үлесі және елдің өсіп келе жатқан орта держава ретіндегі жаңа рөлі атап көрсетілді. Ал бұл статустың мәні мен маңызы не?
Мәселен, Лестер және Ноттингем университеттерінің академиктерінің пікірінше, орта державалар – халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту үшін өздерінің салыстырмалы дипломатиялық артықшылығын қолданатын ел десе, кейбір сарапшылардың пікірінше, орта державалар, әдетте, көпжақты және бірлескен бастамалар арқылы әлемдік тәртіпті тұрақтандыратын және заңдастыратын сыртқы саясатты ұстанады. Халықаралық қатынастарда орта державаларды «дамушы» және «дәстүрлі» деп қарастырады. Жалпы алғанда, орта державалар әлемдік саясатқа ықпал етіп, халықаралық қатынастарда маңызды рөл атқарады. Олар қуатты экономикаға, озық технологияға және дипломатиялық ықпалға ие және көпжақтылықты, ынтымақтастықты және қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуді ілгерілетуде маңызды орынға ие.
Ал Қазақстанды Халықаралық қатынастар мен қауіпсіздік мәселелеріне маманданған немістің SWP талдау орталығы алғаш рет орта держава деп 2024 жылдың 23 қаңтарында жарияланған зерттеуінде атады. Орталық сарапшыларының пікірінше, қазіргі орта державалар қатарына Қазақстанмен қатар 12 мемлекет кіреді. Олар: Түркия, Израиль, Мысыр, Сауд Арабиясы, Қазақстан, Үндістан, Индонезия, Эфиопия, Кения, Оңтүстік Африка Республикасы, Мексика және Бразилия.
SWP Қазақстанды өзінің теңгерімді сыртқы саясатымен, Орталық Азиядағы негізгі ойыншы ретінде орнықтылығымен және бай ресурстарымен, сондай-ақ орта дәліздегі басты рөлімен ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысының алдағы бес жылға ұсынып отырған жаңа стратегиясы Қазақстанды дәстүрлі орта держава елдер қатарына қосу деп қарастыруға болады. Осы орайда еліміз ҚХР, РФ, АҚШ, ЕО, Таяу Шығыс, Азия елдерімен және басқа да мемлекеттермен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын айрықша назарда ұстаған дұрыс. Сонымен бірге ел экономикасы жаңа технологиялар саласындағы жетістіктермен де бекітілуге тиіс. Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру керек, көршілермен, атап айтқанда, Орталық Азия және ЕАЭО елдерімен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру қажет деп санайды. Бұл аймақтың бәсекеге қабілетін күшейтеді.
Бүгінгі жаңа халықаралық қатынастар жүйесінде Орталық Азия өзінің геосаяси және геоэкономикалық ерекшелігіне қарай әлемнің алпауыт мемлекеттерінің назарын аударған, стратегиялық маңызы бар аймақ болып отыр. Бұл, ең алдымен, аймақтың географиялық, экономикалық, ұлттық, тарихи, мәдени факторлар қызметіне қарай геосаяси және геоэкономикалық жағынан өзіндік ерекшеліктеріне байланысты. Мәселен, ОА географиялық жағынан батыстағы Еуропа мен Шығыстағы Азияның, солтүстіктегі Ресей мен Оңтүстіктегі ислам әлемінің тоғысқан жерінде орналасқан. Сондықтан да аймақтың стратегиялық маңызы зор.
Екіншіден, Орталық Азия теңізге тікелей шыға алмайтын құрлық ортасындағы аймақ. Әлемнің теңіз жолдарына тек көрші мемлекеттер арқылы шыға алады. Сондықтан да Орталық Азия мемлекеттері үшін, көрші елдермен байланыс орнатудың мәні қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті.
Үшіншіден, Орталық Азия аймағы табиғи ресурстарға өте бай. Табиғи ресурстардың ішінде, мұнай, газ, түсті металдар және басқа пайдалы қазба көздері бар. Орталық Азия елдерінде ауыл шаруашылығы дақылдары мақта, астық, көкініс және т.б. экономикалық дақылдарды дамытудағы жағдайы айтарлықтай жақсы. Сондықтан да ауыл шаруашылығы зор экономикалық әлеуетке ие.
Төртіншіден, ұлттық, діни, мәдени жағынан алғанда Орталық Азия аймағы өзіне тән ерекшеліктерге ие, түркі және ислам мәдениеттерімен дәстүрлі байланысы зор, оған қоса батыс пен шығыс өркениетінің қосылған ықпалы да бар. Сондықтан да Мемлекет басшысының үкімет алдына қойып отырған жаңа стратегиясының қатарында ҚХР, РФ, АҚШ, ЕО, Таяу Шығыс, Азия елдерімен және Орталық Азия аймағының қазіргі геосаяси жағдайымен тікелей байланысты. Геосаясат тұрғысынан алғанда еліміздің қазіргі дамуы, әлемнің негізгі геосаяси күштерімен қарым-қатынасы стратегиялық маңызды мәселе және оның ұстанып отырған көпвекторлық саясаты да өзекті.
Қазақстанның орта держава ретінде қарастырылып отырған тақырыпқа ғылыми тұрғыдан баға берудің тағы бір қажеттілігі – еліміздегі орын алып отырған реформалардың нәтижесінде саяси және экономикалық мүдделеріміздің артуы болып отыр. Ал ол үшін орта державалардың тәжірибесін зерттеудің маңызы да бар.
Сейілбек МҰСАТАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры:
Бұл – еліміздің сыртқы саясаттағы бағдары
Германияның халықаралық қатынастар мен қауіпсіздік мәселелеріне маманданған SWP (Stiftung Wissenschaft und Politik, SWP) талдау орталығы Қазақстанды алғаш рет орта держава ел ретінде 2024 жылы 23 қаңтарда жариялаған зерттеуінде атады. Нақтылау үшін айта кетсек, Дүниежүзілік экономикалық форумның баяндамасында «орта державалар – ауқымды дипломатиялық, экономикалық, мультилатералды (көпжақты), кейде әскери ықпалы бар мемлекеттер» делінген. Көптеген ғалымдардың пікірі бойынша орта державалар негізінен сыртқы саясатында көп векторлы бағытты ұстанатын, әлемдік саясатта тұрақтылық пен халықаралық құқық нормалары сақталуын қолдайтын, үнемі дипломатиялық құралдарға басымдық беретін, жаһандану үдерісінде өздерінің ұлттық мүдделеріне сай орын алуды көздейтін, өзара тиімді ынтымақтастық орнатуды мақсат ететін мемлекеттер.
Еуразияның кіндігінде орналасқан Қазақстан геосаяси орны мен территориясының көлемі, экономикалық әлеуеті, табиғи ресурстары, адами капиталы, әлемдік саясаттағы рөлі сияқты көптеген критерийлер бойынша орта держава санатына қосылуы қисынды заңдылық. Бұл тұрғыда Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету» атты тақырыпта 2024 жылғы 24 мамырда Сингапурда оқыған дәрісінде: «Барлық сыртқы серіктестеріміз Астананың қандай ұстанымда екенін жақсы түсінеді. Сондықтан бізді сенімді әріптес санайды. Біз «Жаһандануды жақтайтын Қазақстан» ретінде бүкіл әлеммен ашық қарым-қатынас жасауды жалғастыра береміз. Бұл – біздің еліміздің сыртқы саясаттағы бағдары. Тұрақсыздық ұзақ уақытқа созылған жаңа дәуірде тек осылай ғана жетістікке жете аламыз» деп атап көрсетті.
Шығыс пен Батыс өркениетін жалғайтын, әлемдік экономикада транзиттік әлеуеті зор Қазақстанның жаһандық тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға қосып келе жатқан үлесі де қомақты. 2003 жылдан бастап әр үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі тұрақты өткізіліп келеді. Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ, 2011 Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Астана саммитін өткізді. 2017 жылы Ресей, Түркия және Иранның бастамасымен Сириядағы азаматтық соғысты бейбіт жолмен тоқтатуға бағытталған келіссөздер Астанада өтті. Әлемдік және аймақтық экономиканы дамыту үшін Астана экономикалық форумы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), ТМД және ЕАЭО саммиттері; елдер мен континенттер арасындағы өзара сенім ахуалын қалыптастыру, ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтау мақсатында еуразиялық медиафорум өткізілді. Бұл аталған маңызды халықаралық іс-шараларды ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізу қазақстандық дипломатияның қол жеткізген толағай табысы екені даусыз. Ал ұзақ уақыт қазақстандық дипломатияны басқарған, Сыртқы істер министрі болған қазіргі президентіміз Қ.Тоқаев екені баршамызға мәлім. Еліміздің орта держава ретінде танылуына жоғарыда аталған іс-шаралардың да ықпалы бар екені анық. Дегенмен Президенттің берік ұстанымы бойынша бұл жоғары мәртебе тек саяси саладағы нақты нәтижелермен ғана емес, ең алдымен, экономика, инвестициялар, ғылым және технологиялар саласындағы нақты жетістіктермен де қамтамасыз етілуі керек.
Әрине, бұл аталған бағытта атқарылып жатқан игі істер баршылық. Бірақ алда тұрған міндеттер әлі де жетерлік. Ұлттық экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділіктен арылу, шынайы өнеркәсіпке инвестиция тарту, индустрияны дамыту, ІТ-сектор мен инфрақұрылымды кеңейту, агроөнеркәсіп кешенін жандандыру, ғылым мен өндірістің арасындағы өзара байланысты нығайту сияқты көптеген атқарылатын өзекті шаруалар бар. Әсіресе жаңа өндіріс ошақтарын ашу, жұмыссыздықпен күрес, жас мамандарды жұмыспен қамту, тауар тапшылығын жою, импортты отандық өніммен алмастыру, инфляцияны ауыздықтау сияқты қыруар мәселенің бірегей жауабы екені даусыз. Ал агроөнеркәсіп кешенін дамыту ел аймақтары арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті жою мен ауылдан қалаға қарай жөңкілген стихиялық урбанизацияны толастатудың бірден-бір жолы.
Құрлықтың ортасында орналасқан, ашық теңізге шығатын жолы жоқ Қазақстан үшін шетелдермен көп бағытты сыртқы саясат жүргізу, жан-жақты экономикалық байланыстар мен өзара тиімді ынтымақтастық орнатудан басқа ұтымды жол жоқ. Сондықтан Орталық Азия елдері мен ЕАЭО сияқты көршілес аймақтармен, АҚШ, Қытай, Еуропалық одақ пен Азияның түрлі елдері сияқты алыс шетелдермен ынтымақтастық жасау, тікелей шетелдік инвестициялар тарту, өзара сауда қарым-қатынастарын дамыту күн тәртібінен түспейтін мәселелер.
Бүгінгі таңда «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін арттыру, орта держава ретінде аймақтық логистикалық торапқа айналу саяси идеядан өмір шынайылығына айналды. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық автокөлік дәлізі өзінің жемісін берді. Президент тапсырмасымен Қазақстандағы барлық автожолдар күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Қытай мен Еуропаны жалғайтын темір жол желісі кеңеюде: Қорғастағы «Алтынкөл» құрғақ порты мен Достық-Алашанкоу станциясына енді үшінші шекара өткелі Бақты-Аягөз темір жолы қосылмақ. Мойынты мен Достық станциясы арасындағы теміржол инфрақұрылым екі жолақты болып кеңейтіледі. Алматыны айналып өтетін Жетіген-Қазбек теміржол телімінің құрылысы да қарқынды.
Қазақстанмен көршілес аймақтардағы геосаяси жанжал ошақтарының туындауы Транскаспий халықаралық көлік дәлізін (Ортаңғы бағыт) дамытуға түрткі болды. Бұл –Ресей территориясын айналып өтетін балама логистикалық бағыт. Қытайдан басталып, Қазақстан мен Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Грузия мен Түркияны басып Жерорта теңізіне, одан әрі Еуропаға өтетін халықаралық көлік бағыты. Әзірге уақыт жоғалтатын, қаржылық шығыны көптеу жоба саналады, бірақ келешегі бар. Егер жобаға мүдделі тараптар өзара келісіп, бағаны реттеп, инфрақұрылымды дамыта алса, бұл да ұтымды халықаралық бағыт болары сөзсіз.
Дайындаған Бағдагүл Балаубай
Фото: ғаламтордан
1755 рет
көрсетілді0
пікір