- Тұлға
- 06 Ақпан, 2025
Атамұрат Шәменов, экономика ғылымының докторы: Экономиканы әртараптандыруда өндіріс салу маңызды

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономика мәселесі туралы көп әңгіме айтты. Оның ішіндегі басты мәселе – экономиканы әртараптандыру. Отандық өнімдерді қалай көбейтеміз деген мәселе кең көлемді қозғалды. Жасыратыны жоқ, бұл мәселе 30 жыл бойы көтеріліп келе жатыр.
Шикізат экономикасына қатты назар аударып кеттік. Жер асты байлығымыз – мұнай мен газды оңай жолмен алудың соңына түсіп кеткен кезіміз көп. Бұған әлемдік нарықтағы мұнай бағасы да әсер етіп отырды. Соның арқасында бюджетіміз толықтырылды. Көп қиналмай осы бағыттан ауытқымадық. Мұнай да, газ да, Қазақстанның жер астындағы байлығы да таусылатыны анық. Сондықтан оны арзан жолмен өндірдік деп, мұнымен түбегейлі айналыса беруге болмайды. Бұл ретте экономиканы әртараптандыру – өте орынды мәселе.
Экономикадағы басты тетік – өндіріс. Қазақстандық өнімді, қазақстандық тауарларды шығару керек. Ол, әрине, қосымша құн береді. Бюджетке шикізаттан гөрі, Қазақстанның өнімі мен тауары қымбат. Иә, шикізаттың бағасы қымбат, бюджетке де оңай түседі.
Ал енді Қазақстанның тауары мен өнімін «кім шығарады?» деген сұрақ туады. Қай елде болсын, алпауыт елдер, өркениетті елдердің өзінде де экономикаға 60–70 пайыз қаражат бизнестен құйылады. Қазақстан да бизнесті қолдағанына 5–6 жылдан асты. Тексеріс азайсын, салық жеңілдесін деген ұстанымдарды ұстандық. Бірақ осы механизмдер, меніңше, жеткіліксіз. Осыған байланысты қаншама жеңілдіктер беріліп жатыр, неге қазақстандық тауарлар көрінбейді, неге жай тауарлардың өзін Қазақстанда шығармасқа деп ойлаймын.
Менің ойымша, бизнесті қолдауда күрмек пен күрішті ажырата білу керек. Шағын бизнестің жартысынан көбі қызмет көрсету болып есептеледі. Мәселен, сауда-саттық, қызмет көрсету. Тауар шығаратын бизнеске шынайы қолдау керек. Ал саудагерлерге шағын және орта бизнеске беріліп жатқан жеңілдіктерді азайту керек. Сонда кәсіпкерлер де тауар шығаруға бетбұрыс жасайды деп ойлаймын.
Дайындаған Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

154 рет
көрсетілді0
пікір