- Ақпарат
- 19 Маусым, 2025
МЕҢДЕШЕВ – ЕСКЕРТКІШКЕ ЛАЙЫҚ ТҰЛҒА

Біз біраз жылдан бері КСРО кезеңіндегі Қазақстан тарихын, әсіресе оның РСФСР құрамындағы автономиялы республика болған кезеңін зерттеумен және тарихымыздың ашылмаған бетіне қатысты архив құжаттарын ғылыми айналымға енгізумен шама-шарқымызша айналысып келеміз. Осы жолда, қазақ халқының екі мың жылдан асатын мемлекеттілігі тарихындағы республикалық белес – кеңестік Қазақ республикасының құрылуы мен қалыптасуына ерен еңбек сіңірген қайраткерлердің өмірі мен қызметі де бізге зерттеу нысаны болып келеді. Зерттеу нысаны ретінде қайраткерді кездейсоқ таңдап алмаймыз, архив құжаттарын зерделеу барысында ұлттық мүдде жолындағы қайраткерлігі мен күресі арқылы өз тұлғасына құрмет сезімін туғызған тарихи тұлғаларды зерттеуге ұмтыламыз. Аллаға шүкір, ХХ ғасырдың 20–30-жылдарындағы қиын-қыстау жылдарда еліне адал қызмет еткен мұндай тұлғалар аз болмапты. Соның бірі де бірегейі – Қазақ АКСР-інің тұңғыш басшысы Сейітқали Меңдешев.
Біз 2021 жылы көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш әрі қатарынан төрт мәрте сайланған төрағасы, кеңестік қазақ ұлттық мемлекеттілігінің, қазақ білім беру жүйесінің, ғылымының қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан бірегей тұлға, қазақ жерлерін бір республика құрамына біріктіру жолында ерен еңбек сіңірген Сейітқали Меңдешевтің өмірі мен қызметіне қатысты архив құжаттары мен материалдарын, оның еңбектерін жинақтап, 45 баспа табақ болатын еңбекті жарыққа шығардық .
1882 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Жаңақазан ауылында дүниеге келіп, тек қана қазақ даласына емес, күллі Кеңестер еліне танымал болған тарихи тұлғаға қатысты архивтік құжаттар – Сейітқали Меңдешевтің Қазақстандағы ұлттық-мемлекеттік және мәдени құрылысқа ұшан-теңіз еңбек сіңірген тұлға болғанын айғақтап тұр.
2022 жылғы 28 қыркүйекте Жаңақала ауданы әкімдігі мен Батыс Қазақстан облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Жаңақала ауданының қайта құрылғанына 50 жыл толуына және көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері С.Меңдешевтің туғанына 140 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Сейітқали Меңдешев – мемлекет және қоғам қайраткері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың арнайы қатысып, тарихи тұлғаның жерлестері алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқығаны да ерекше маңызға ие болды. Мемлекет басшысының құттықтау хатында айтылған әрбір сөз бен тарихи тұлғаға берілген бағаның ресми мән мен мазмұнға, мемлекеттік ұстанымға ие болатынын ескерсек, біздің Президентіміздің С.Меңдешевтің тұлғасына берген бағасы жоғары. Сондықтан құттықтау хат мәтінін толық келтіре кетуді жөн санадық:
«Құрметті жиынға қатысушылар!
Сіздерді Жаңақала ауданының қайта құрылғанына 50 жыл және осы өңірдің әйгілі перзенті Сейітқали Меңдешевтің туғанына 140 жыл толуымен құттықтаймын!
Жаңақала ауданынан көптеген өнер саңлақтары мен белгілі тұлғалар, төрт Кеңес Одағының Батыры, он жеті Социалистік Еңбек Ері шыққан.
Олардың ішінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешевтің орны бөлек. Оның ағартушылық қызметі, ұлт-азаттық көтеріліс және ашаршылық кезіндегі халқына жанашырлығы жұртымыздың жадында әрдайым сақталады.
Сейітқали Меңдешевтің туған еліне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Халқының болашағы үшін аянбай тер төккен осындай тұлғаларымызды ұлықтау – бүгінгі буынның перзенттік парызы.
Ұлт мүддесіне адал қызмет еткен Сейітқали Меңдешев сияқты арда азаматтардың есімін есте сақтау жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу тұрғысынан өте маңызды.
Оның өмір жолы мен қайраткерлігі ұрпаққа үлгі-өнеге бола береді деп сенемін.
Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке тілеймін!»
Көріп отырғанымыздай, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев С.Меңдешевтің ұлтқа жасаған қызметін объективті бағалаған. Конференцияда С.Меңдешевтің өмірі мен қызметіне қатысты баяндама жасаған ғалымдар да оның қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметіне жоғары баға берді.
Міне, Жаңақалада өткен сол конференциядан бері зымырап үш жыл өте шығыпты. Бірақ елімізде 1903 жылы Қазан мұғалімдер семинариясын бітіріп, туған жерінде 1916 жылға дейін мұғалім болып жұмыс істеген; 1913 жылы Санкт-Петербургте өткен Халық ағарту қызметкерлерінің бүкілресейлік съезіне делегат болып қатысып, баяндама жасаған; 1903–1916 жылдары Бөкей Ордасы қазақтарының арасында ағартушылық бағыттағы үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, қазақ оқығандарының астыртын ұйымына жетекшілік еткен; 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде халық жағында болған; 1917 жылы сәуір айында өткен Бөкей губерниясы қазақтарының бірінші съезін ұйымдастырушылардың бірі болып, осы съезде «Астрахан өлкесіндегі қазақ халқын басқару жөніндегі Орталық Комитет» мүшесі болып сайланған, яғни өлкедегі ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі болған; 1920–1925 жылдары ҚазОАК төрағасы ретінде кеңестік қазақ ұлттық мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан; 1921–1922 жылдары Қазақ даласында болған алапат ашаршылық кезінде Аштыққа қарсы күрес комиссиясын басқарып, халықты аштықтан құтқару үшін күрескен; 1921 жылы көктемде Ақмола және Семей облыстарын қосып алу жөніндегі төтенше өкілетті комиссияны, 1924 жылы Түркістан Республикасына қарасты қазақ жерлерін қосып алу жөніндегі комиссияны басқарып, қазақ жерлерін бір республика құрамына біріктіру жолындағы күресте жетекші рөл атқарған; Қазақстандағы жалпыға бірдей білім беру жүйесін, қазақ ғылымы мен тарихи-мәдени ескерткіштерін қорғау және сақтауды ұйымдастырып, архив жүйесін қалыптастырған Сейітқали Меңдешевке қойылған бірде-бір ескерткіштің жоғы көңілге кірбің түсіреді.
Біз тарихи тұлғаны зерттеген тарихшы ретінде Сейітқали Меңдешевке ескерткіш қою туралы мәселе 2019 жылдан бастап БҚО Қоғамдық кеңесі тарапынан көтеріліп, БҚО облыстық әкімдігі мен Ақордаға арнайы ұсыныс берілгенінен хабардармыз. Осы ұсыныстың нәтижесінде С.Меңдешевтің ескерткіші жасалып, оның бет-әлпетін фотолары негізінде нақтылау жұмысына да сарапшы ретінде қатыстық. Сондықтан осы дайын ескерткішті еліміздің астанасына немесе С.Меңдешев туып-өскен Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласына орнату тарихи әділеттілік болар еді деп ойлаймыз. Себебі Сейітқали Меңдешев – ескерткішке лайық тұлға!
Ел басқара жүріп халқымыздың баянды болашағы мен берекелі бірлігі жолында жанкешті еңбек етіп, ұлт мүддесіне адал болған осындай бірегей тарихи тұлғаларды ұлықтау, олардың үлгілі тұлғасы арқылы өскелең жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу – біздің қасиетті борышымыз!
Сәбит ШІЛДЕБАЙ,
Орталық мемлекеттік архивтің
директоры, тарих ғылымының
кандидаты, қауымдастырылған
профессор

915 рет
көрсетілді0
пікір