• Ақпарат
  • 19 Маусым, 2025

Әскериге құрмет  – өткенге құрмет

Қарагөз Сімәділ,

«Ana tili»
 

Көрнекті әскери және қоғам қайраткері, генерал-майор Әмірбек Әнуарбекұлы Төгісовке арналған мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі өтті. Алматы қаласының төріндегі (М.Төлебаев көшесі, 172-үй, Шевченко көшесінің қиылысында) 1998–2020 жылдары өзі тұрған үйдің жанында өткен еске алу ic-шарасына Әмірбек Әнуарбекұлының әріптестері, әскери саладағы жолдастары, көршілері, туған-туысы және БАҚ өкілдері қатысты. 

Тағзым ету ic-шарасында Ұлттық ұланның №5571 әскери бөлімінің әскери оркестрі мемлекеттік Әнұранды орындады. Іс-шарада Әмірбек Төгісовтің қызметтес жолдастары оның әскер саласына сіңірген еңбегі туралы айтып берсе, жары Татьяна Төгісова генерал-майордың өмірі мен азаматтық ұстанымы туралы айта келіп, ескерткіш-тақтаның ашылуына қолдау білдірген жандарға алғыс айтты. 
Генерал-майордың қарындасы Гүлнар Төгісова: «Ағам Әмірбек Төгісов екеуіміздің арамыз бір-ақ жас еді. Екеуіміздің әкеміз де тете бауыр болатын. Әмірбек Әнуарбекұлы тәртіпті әскери қызметкер ғана емес, тәртіпті отбасының отағасы болды. Қызметіне адал берілді. Зейнетке шыққанда жеңгемізге хабарласып: «Ағам қалай демалып жатыр?»  – деп сұрасақ, жеңгеміз: «Зейнетке шықпай тұрып қалай жұмыс істеді, зейнетке шыққан соң да дәл солай жұмысында жүр»,  – дейді. Ол дауыс көтермей-ақ ісін тындыратын. Солдаттар десе жүрегін жұлып беруге даяр еді. Ағам Тәуелсіздігіміздің іргетасы берік болуына қалай қызмет етсе, ұрпағы да сол жолдан айнымайды»,  – деген пікірін айтты.
Ал генерал-майордың туысы, профессор Ұлықпан Сыдықов: «Бүгін саяси-әлеуметтік, тәрбиелі маңызы бар іс-шараға келдік. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарды әскердің тұрақты дамуы үшін аса үлкен жауапкершілікті міндетті мойнына алған санаулы азаматтардың бірі Әмірбек Төгісов еді. Оның кісілігі, адамгершілігі тектілігі, білімпаздығы, еңбекқорлығы қашан да өнеге болып қала бермек. Жалпы, баба тарихынан бері тарқатсақ, Төгісовтер әулеті қашан да зиялы адамдар болды. Сол жолды ұрпағы лайықты жалғап келеді»,  – деді. 
Полковник Г.Д. Фалеев: «Әмірбек Әнуарбекұлы ұстазым еді. 1993 жылы Ішкі істер әскерінің бас басқармасына запаста жүрген жерімнен шақыртып, аға офицер қылды. Іссапарларға бірге шықтық. Ол сондай тәрбиелі еді. Бірге қызмет еткен жылдары одан ешбір ауыр сөз естімедім. КСРО тарағанда әскери саламыздағы жағдайымыз нашар болды. Қазір ешкім сенбейтін де шығар. Бірақ сол бір қиын шақта әрбір офицер кешке қарай «ертең солдаттарым аш қалмауы үшін не істеймін» деп қиналатын. Әскери тапсырманы орындау үшін бензин сатып алуға деп офицерлер, прапорщиктер өз айлығынан ақша жинаған шақтар да өткен күннің еншісінде қалды. Жарық сөніп қалатын, электрэнергия жоқ. Тас қараңғы далада офицерлер солдаттармен бірге кірпік қақпай тұратын. Міне, осындай қиын шақта Әмірбек Әнуарбекұлы да солдаттардың қасынан табылды. Өмір қазір жақсарды ғой. Сол жақсарған өмірде генерал-майордың да еңбегі бар. Ол ұдайы солдаттарды құрметтеді, жақсы көрді. Әлі есімде, мерейтойында қонақтар онымен бірге суретке түскісі келіп ортаға шақырды. Әмірбек Әнуарбекұлы болса ең алдымен солдаттарына барып, солармен суретке түсті. Бұл оның солдаттарды қаншалықты құрметтейтінін көрсетпей ме? Бүгінгі іс-шараға жиналып отырған баршаңызға алғыс айтамын. Әскери адамға деген құрмет  – өткенге құрмет, болашағы жарқын елдің бір сипаты»,  – дейді. 
Әмірбек Әнуарбекұлы – 1990 жылдары еліміздің Ішкі әскері мен Қарулы күштерінің қалыптасуына, дамуына тікелей атсалысқан тұлға. Тіпті еліміздегі алғашқы әскери бұйрықтың тұжырымдамасын жазып шыққан. Сондай-ақ ол жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу жүйесінің негізін қалаушылардың бірі болды. Қызмет жолында Магадан, Амурдегі Комсомол, Қарағанды, Атырау, Мәскеу, Алматы және Астана қалаларында әскери міндетін абыроймен атқарып, қарапайым сарбаздан генерал-майор дәрежесіне дейін көтерілді. Әмірбек Төгісов Ферғана өңірінде, Таулы Қарабақ пен Балтық жағалауындағы аймақтарда болған төтенше жағдайларда қоғамдық тәртіпті сақтау шараларына қатысқан. 1992 жылы Мәскеуде, КСРО Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлер Бас басқармасында қызмет етіп жүрген жерінен туған еліне оралып, Ішкі әскер қолбасшысының орынбасары болып қызмет істеді. 1996 жылға дейін аталған құрылымды қалыптастыру мен дамытуға белсене атсалысты. Сол еңбегі үшін оған 1996 жылы генерал-майор әскери атағы берілді. 1997 жылы Президент Жарлығымен Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметте жүріп Әмірбек Төгісов еліміздің халықаралық әскери әріптестігін нығайтуға елеулі үлес қосты. Ол БҰҰ отырысында бітімгершілік қызмет туралы баяндама жасап, Қазақстанның беделін әлем алдында танытты. Сондай-ақ алғашқы «Центразбат-97» бітімгершілік оқу-жаттығуын ұйымдастыру мен өткізуге белсене қатысты. Генерал-майор Төгісовтің ерен еңбегі лайықты бағаланып, бірнеше медаль мен «Айбын» орденінің иегері атанды.

506 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы