• Ақпарат
  • 19 Маусым, 2025

Тәртіп пен тәрбие

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»
 

Заң мен тәртіпке бағынған ел ғана құқықтық мемлекет қалып­тас­тыра алады. Тәртіп пен тәрбие болмаған жерде елдің, адамның дамуында нәтиже, жетістік болады деп айту қиын. Кез келген өткен дәуірді алып қарасақ, қоғам белгілі бір ережелерге бағынған. Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңдар жинағы, Тәуке ханның «Жеті жарғысы», Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», барлығында да қағида біреу: тәртіпке бағыну, заңмен жүйелі жұмыс істейтін қоғам орнату. Кеше де солай болған, бүгін де біз заң мен тәртібі үстем, тәрбиесі терең болатын мемлекетке айналуға тиіспіз. Сонда ғана әділетті Қазақстан құра аламыз. 

Ал заңды сақтау  – әділеттіктің, теңдік пен тәртіптің кепі­лі. Қазақ қоғамында ұлылар айтқан даналық сөз өте көп. Батыр Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды»,  – деген. «Тәртіп  – тәрбие бастауы, тәртіпсіздік  – өміріңнің қас жауы», – дейді әл-Фараби атамыз. Классик жазушы Мұхтар Әуезовтің ұлағаты: «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі  – ниет керек, одан соң  – күш керек, содан соң  – тәртіп керек». Қай ғұламаның сөзін алып қарасаңыз да, терең мән-мағына жатыр. Демек, тәртіп пен әділеттік елдің, қоғамның тазалығын көрсетеді. Ал таза адам ешқашан бұзақылыққа, жемқорлыққа бармайды. Сондықтан Мемлекет басшысы жиі айтып жүрген «Заң және тәртіп» қағидатын қалыптастыру қоғам үшін маңызды мәселе болуға тиіс. Бұл – бәріне бірдей бұлжымас қағида. Дамыған, тәртіпті қоғам жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке, бұзақылыққа бармайды. Ақиқатына келсек, жалпы, қоғам заңға бағынғанда ғана құқықтық мемлекет қалыптасады. Демек, тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Негізі, заң үстем болмаған елде тұрақтылық болмайды. Ал тұрақтылық жоқ жерде даму да жоқ екенін екінің бірі біледі. 
Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидасына терең тоқталып, жиі айтып отыратыны да осыған байланысты. Ал «Заң мен тәртіп» құқық қорғау саласына ғана арналған тұжырым емес. Бұл – елімізде тұратын Қазақстан азаматтарына арналған, жалпыға бірдей, бұлжытпай орындалатын заң. 
– «Заң мен тәртіп»  – мемлекеттік құрылымның басты қағидаты. Бұл ретте жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату туралы айтып отырған жоқпыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі. «Заң мен тәртіпке» бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз. Сондықтан біздің міндетіміз  – осы қағидатты еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша кіріктіріп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру,  – деді Президент.
Сондықтан қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет екені күн өткен сайын айқындалып келеді. Заң, тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам салтанат құрған елде әділетсіздікке қашан да орын жоқ. Жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. 
Бізге Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Соқтықпалы, соқпақты тар кезеңнен өттік. Ал осы Тәуелсіздік жолында қаншама жан құрбан болды. Алаш арыстарының күрескерлік ғұмыры бір бөлек әңгіме. Ал кешегі 1990–1991 жылдардың басында Тәуелсіздік жариялар тұста оған кедергі жасау­шылар да көп кездесті. Біз Жоғарғы Кеңестің ғимаратында Қазақстанның тәуелсіздігін жан-тәнімен қорғаған қайраткер азаматтарды ешқашан ұмытпауымыз керек. Әсіресе қазақ заңгерлерінің патриархы Салық Зимановтың қайраткерлігі мен күрескерлігі естен кетпейді. «Егемендік туралы» Декларацияның қабылдануына ерен еңбек сіңірген академик тарихи құжатты қабылдау кезінде комиссияны басқарды. Академик Жабайхан Әбділдин: «Салық Зиманов мемлекеттің егемендігі туралы декларацияның жасалуы мен қабылдануының қайнар бастауында тұрды. Оның принципшілдігі әрдайым ержүректілікпен ұштасушы еді. Ол ойындағысын ешқашан ірікпейтін. Ірі оқымысты, адал азамат ретінде депутаттардың сапалы заң қабылдауына кепіл бола білді. Аса көрнекті ғалым әрі мемлекетшіл тұлға, академик Салық Зимановтың есімін Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов сияқты ұлы адамдар қатарына қосуға әбден болады», – деп атап айтты. 
Шындығында, Зимановтың білімі, қарым-қабілеті мен тәжірибесі Қазақстан Тәуелсіздігінің іргетасын қалауға дайын болып шықты. Тіпті ол Тәуелсіздік алардан бұрын Ұлттық Ғылым академиясында КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі М.Соломенцев пен Г.Колбин қатысқан жиында да қаймықпай, қазақ тілінің мүшкіл халін қайсарлықпен баян етті. Демек, бұдан шығатын қорытынды не? Заңды білген адам өзін, халқын, мемлекетін, Қазақстанын қорғай алады. Бір ғана мысал, Жоғарғы Кеңестің «Егемендік туралы» Декларациясы қабылданар күнгі сессияда алты сағат бойы 85 депутаттың қитұрқы сұрағына жасы жетпіске келген Зиманов ақсақал аяғынан тік тұрып, қайсарлықпен жауап бергенін біз ешқашан ұмытуға тиіс емеспіз. Күрескерлік осындай ұлы тұлғалар арқылы келеді. Салық Зиманов – егемендік жолында ерен еңбек сіңірген қайраткер. Тәуелсіздік алар кезеңдегі заңдардың қайнар бастауында осындай табанды қайраткерлер тұрды. Демек, оның рухты жолы жас ұрпаққа әрқашан үлгі болуға тиіс. 
Ал біздің айтарымыз, заң мен тәртіп қағидасы бүгін де, ертең де, келешекте де мемлекеттің мызғымас қамалы болары анық. Сондықтан тәртіпке бас иген құл болмайды.
Аспанда Темірқазық деген жұлдыз бар. Ол әрдайым солтүстікті көрсетіп тұрады. Жаһан түзде адасқан адам соған қарап жол табады. Жалпы өмірде түзу жүрген адамның тіршілігі де түзу ғой. Ал тәрбие­ге, тәртіпке бағынған адам ешқашан бұрыс жолға түспейді. Бәрімізге ортақ заңды ұғына білу парыз.

 

476 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы