- Ақпарат
- 19 Маусым, 2025
Қуат АУҒАНБЕК, заңгер: Заң – мемлекет тұрақтылығының басты кепілі

Біз, ең алдымен, құқық пен моральдың айырмашылығын анықтап алуымыз керек. Мемлекет ресми түрде бекіткен және жазбаша түрде қабылдаған (Конституция, кодекстер, заңдар) құқық болса, мораль деп мемлекет ресми түрде бекітпейтін, қоғамдық санада қалыптасқан адамгершілік нормалар жүйесін айтамыз. Мысалы, үлкенге құрмет, адалдық, әділдік, қайырымдылық деген сияқты. Конституцияның 1-бабында «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқығы мен бостандығы» делінген. Яғни құқық пен мораль екеуі де қоғамда тәртіп пен үйлесімділікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Жақсы заң көбіне мораль қағидаларымен үндеседі.
Ал енді заңның қоғамдағы рөліне келетін болсақ, қоғамдық тәртіп ұғымына тоқталайық. Заңдар адамдардың бір-біріне, мемлекетке және қоғамға деген қарым-қатынасын реттейді. Құқық пен бостандықты қорғау: әр азаматтың құқығы мен бостандығын заң арқылы мемлекет қорғайды (Конституция, 12-бап). Әділеттікті орнату: құқық бұзушылар жазаланып, заңды сақтағандар қорғалады. Мемлекет пен азаматтар арасындағы қатынасты реттеу: азаматтардың мемлекетке қатысты құқығы мен міндеті заңмен белгіленеді.
Егер заң болмаса, анархия (тәртіпсіздік) орнар еді. Күшті әлсізді езер еді. Күшті адам немесе топ заң болмаған соң өз білгенін істейді. Азаматтардың өміріне, мүлкіне ешқандай кепілдік болмайды. Дауды күшпен шешу көбейеді. Сот болмаған соң адамдар өзара есеп айырысумен айналысар еді. Құқықтық кепілдік болмаған жерде ешкім инвестиция салмайды, сауда дамымайды. Әділеттік жойылады.
Заң – қоғамның «қаңқасы» тәрізді. Ол болмаса, адамзат ортағасырлық жабайы жағдайға қайта оралуы мүмкін. Сондықтан заң – мемлекеттің, халықтың өркендеуі мен тұрақтылығының басты кепілі. Қазақстанның құқықтық мемлекет болу ұстанымы осыны көздейді.
Осы орайда қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру маңызды екенін ерекше атап өткім келеді. Құқықтық мәдениет – адамның заңға деген көзқарасы, құқықты білуі, оны сақтауға және қорғауға дайындығы. Бұл ұғымға құқықтық білім, құқықтық сана және заңға құрмет кіреді. Ал осы құқықтық мәдениетті дамыту үшін құқықтық білім, құқықтық ағарту жұмыстары, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның рөлі, жасөспірімдер мен жастар арасында құқықтық тәрбие маңызды. Құқықтық мәдениет дамығанда ғана қоғамда заң үстемдігі орнайды, құқықбұзушылық азаяды, әділет пен тәртіп күшейеді және адам өз құқығын қорғай біледі.

594 рет
көрсетілді0
пікір