- Ақпарат
- 26 Маусым, 2025
Жасанды интеллект журналистика дамуына әсер ете ме?

28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби мерекесі. Бұл мамандық иелері – билік пен қоғам арасындағы алтын көпір. Республика, облыста болған айтулы оқиғаларды күн құрғатпай халыққа таратады. Ақпарат айдынында қалам тербеген мамандар мамандығына адал. Билік пен бұқараны байланыстырған ақпарат таратушылар күн-түн демей жұмыс істейді.Тұшымды ақпарат іздеу жолында алыс сапарға шығып, тың деректерді көрерменге ұсынады. Біз осы айтулы мерекеге орай ел алдында қызмет етіп жүрген білікті мамандарға бірнеше сұрақ қойдық. Атап айтқанда: 1) Қазіргі қоғамдағы журналистиканың рөлі қандай? Журналист халық пен билік арасында дәнекер бола алды ма? 2) Цифрлық дәуірде журналистиканың болашағы бар ма? 3) Жасанды интеллект пен нейрожелі журналистиканың дамуына әсер ете ме? 4) Журналистер күні сіз үшін нені білдіреді? Осы сұрақтарды белгілі журналистер мен медиаменеджерлерге қойып көрдік.
Қайнар ОЛЖАЙ, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Еңбек уақытында еленуі керек
1. Журналист шын мәнінде халық пен биліктің арасындағы дәнекер бола алды. Басылымда да, телевизияда да халықтың сөзі бар. Өз міндетінен алыстап кетпейді деуге болмайды, бірақ міндеттің ауырлағаны, қиындағаны рас. Өйткені белгілі бір дәрежедегі шектеу байқалады. Сондықтан бұл арада журналистердің шектеуді айналып өтіп, халықтың жағдайын жеткізсек деген миссиясы бар. Екінші жағынан, мемлекеттік тапсырыс көбейіп кетті. Газеттің алғашқы үш беті тапсырыстан аспай қалатын болып жүр. Бұл – өте қиындау жағдай. Сондықтан шектеу және тапсырыстың көптігі журналистердің еркін, өз ойындағы ізденген тақырыбын жазуға сәл бөгет болып тұр.
2. Цифрлық дәуірде газет қалуы керек. Өйткені цифрлық дегеннің негізі сайттар ғой. Ал сайтты кез келген уақытта өшіріп тастауға болады. Мысалы, бір материал 2–3 жылдан кейін алып тасталуы мүмкін. Әрбірден кейін «серверге сыймайды» деп алып тастап жатқанын көріп отырмыз. Бұл телевизияда да бар. Ал басылымда тасқа басылғаннан кейін өшпейді, кітапханада қалады, 50–80 жылдан кейін газетте не жазылғанын оқуға да болады. Сондықтан газет сақталуы керек, қағазға басылған нұсқа болғаны тиімді. Қазір іздеуге оңай, электронды, цифрлық жүйеден тез табасың, бірақ кейін кез келген біреу өшіріп тастауы мүмкін. Тіпті серверге хакерлік шабуыл жасалса, ақпаратты жойып тастайды. Ал бүкіл кітапхананы, Қазақстандағы мың кітапхананы жоя алмайсың. Кітапханада кем дегенде газеттің бір данасы бар. Сондықтан басылым керек әрі сақталуға тиіс.
3. Жасанды интеллект пен нейрожелі материалды табуға әсер ете алады. Бірақ жазуға әсер ете алмайды. Мен көптеген досымның, танысымның, тіпті өзімнің балаларымның интернетте «жасанды интеллектімен мынадай өлең, әңгіме жаздым», «өзім туралы материал жазды» деп әлеуметтік желіге жүктегенін көріп жүрмін. Бірақ ол шығармашылық адам жазғандай болмайды, оған жетпейді. Кей жерде шығармашылық адамның білімі жетпеген жерді жасанды интеллект білуі мүмкін. ЖИ адамның жазғанындай әсерін ешқашан жеткізе алмайды. Сондықтан да журналистердің жасанды интеллект арқылы деректі іздеуге, деректі тауып, қолдануына болады, ал жазу мүмкін емес. Себебі журналист өз қолы, өз миы, жүрегімен жазбағаннан кейін ол журналист емес. Жасанды интеллектіні кез келген адам пайдалана алады. Бірақ жасанды интеллектінің жазғаны журналистің жазғаны болып шықпайды. Ол – мүлде бөлек дүние. Аты айтып тұрғандай, мақаланың өзі жасанды болады. Қадыр Мырза-Әли айтқандай, «жырыңды ұқпаса, жоғалып кетпейді, жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді». Жүрекке жеткізетін тек жүрекпен жазатындар ғана. Журналиске жасанды интеллектіден қорқудың керегі жоқ. Оның жасанды екені бірден белгілі болып тұрады. Ал журналистикаға материал іздеуге пайдасы болуы мүмкін, жазуға келгенде мүлде тиімсіз. Журналист мақала, ақпаратты өзі жазғаны дұрыс.
4. Журналистер күні жалпы мен үшін ештеңе емес. Журналист – күн сайын журналист. Мысалы, аралар күні бар, оның араға ешқандай пайдасы жоқ. Қызғалдақ күні дейді, тауда өсіп тұрған қызғалдаққа пайдасы шамалы. Қызғалдақ топырақтан нәр алады, гүлдейтін уақытында гүлдейді. Тұқымын шашатын уақытта тұқымын шашады. Ара да сондай, қыста ұйықтап қалады. Көктемнен бастап күзге дейін бал жинайды. Ол күнде жұмыс істеп тұр. Журналистер де сондай.
Менің ұғымымда марапаттау үшін ғана болса, керегі жоқ. Сен жақсы жұмыс істесең, басшылық сені күнде марапаттауы қажет. Жинап алып жылдың бір күнінде марапаттау дегенге қарсымын. Дәрігер қаншама ота жасайды, ол сол кезде құрметтелгені дұрыс. Акушерка әйелді өте қиын жағдайда босандырып алды, ол сол күні марапатталуы қажет. Барлығын бір күнге жинап алып, медаль, алғыс хат берудің қажеті шамалы. Әр уақытта ерлік, еңбек өзінің жасалған, істелген, жүзеге асқан күні марапатталуы керек. Ал журналист өзекті мәселені көтеріп, мықты мақала жазды ма – сол күні марапатталсын. Оны 28 маусымға әкеліп тіреп қоюдың қажеті жоқ. Менің ұғымымда жазған күннің өзі – мереке. Еңбек дер кезінде бағаланғаны дұрыс.
Нұржан ЖАЛАУҚЫЗЫ, медиаменеджер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Нейрожелінің арғы жағында адам тұрады
1. Қай қоғамда болсын журналистика қоғам мен биліктің арасындағы алтын көпірдің рөлін атқарып келеді, атқарып жүр деп айтсақ болады. Әрине, әр мәселе билік басындағыларға байланысты. Кейде бір мәселенің төңірегінде бұқаралық ақпарат құралдарын кінәлап жататын кез де кездеседі. Бір оқиғаның ушығып кеткен кезінде осыған басқа емес, БАҚ кінәлы деген кездер болады.
Мен жалпы журналистикада жүргеніме 45 жылдан астам уақыт өтті. Ұққаным, кейбір оқиғаның шамадан тыс халықтың арасында кеңірек жайылуына журналистика кінәлы деген ұшқары ойды естігенде, шыны керек, қатты қынжыламын әрі риясыз жымиямын. Себебі кез келген билік басындағылар да адам ғой, олардың да пендешілігі бар. Содан туған үстірт ой ғой деп ойлаймын. Бірақ қай кезеңде болмасын, билік басындағылар бұқаралық ақпарат құралдарында көтеріліп жатқан мәселеге құлақ түрген және құлақ түре береді деп ойлаймын. Оның үстіне қазіргідей, әлеуметтік желі белсенді бола бастаған сәтте кез келген ақпаратты жасырып қалудың еш мүмкіндігі жоқ. Кім шапшаң, кім жаңалықты, жылт еткен оқиғаны тез таратады – сол ұтады. Соның оқырманы, көрермені көп болады, қаралымы да тез ұлғаяды. Сондықтан қазір кез келген оқиға қоғамнан тыс қалмайды. Әрине, бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі өте зор. Ал кәсіби дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары қашанда тек қана шынайы, дереккөзі тексерілген оқиғаға арқа сүйейді. Соңғы кезде фейк жаңалықтар көбейіп кетті. Жаңалықтың қайсысы ақ, қайсысы қара екенін айқындап алу үшін оқырман да, көрермен де бұл дереккөздің қай жақтан шыққанын білуі керек. Сонда ғана сенімді ақпаратты ала алады. Ал шынайы ақпарат тарататын БАҚ әрдайым сұранысқа ие болып отырады.
2. Цифрлық журналистика дәуірінде кез келген бұқаралық ақпарат құралының өмірі ұзақ болады деп ойлаймын. Өйткені кез келген БАҚ осы күндері цифрлық нұсқасын да кеңірек қолға алған. Әрине, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары тек қана газетке, арналарға ғана арқа сүйемеуі керек. Цифрлық нұсқасын да кеңірек дамытуға көңіл бөлген абзал. Өйткені көрермен бұрынғыдай телеэфир көріп отырмайды, сонымен бірге сол телеарнаның YouTube арнасына да, оның әлеуметтік желідегі белсенділігіне де мән береді. Газетте де солай. Сондықтан міндетті түрде цифрлық журналистика дәстүрлі медианың орнын алмастырмайды, керісінше, оны толықтыра түседі деп ойлаймын. Оның ішінде таза цифрлық бұқаралық ақпарат құралдары бар. Олардың да дамуы үшін, олардың да кең танымал болуы үшін маркетингілік тұрғыдан кеңінен таралуына үлкен мән берілуі керек. Таргет-жарнама тарату арқылы жұрттың назарын аударуға күш салу қажет. Сондықтан әр нәрсе бірін-бірі толықтырып отырады деп ойлаймын.
3. Қай кезде де кез келген нейрожелінің арғы жағында адамның ойлау қабілеті, басқаруы тұрады. Қанша жерден ChatGPT керемет дамыса да, бәрібір, оған тапсырыс беріп, одан алынған ақпаратты дәл сол күйінде жарияламас бұрын тағы бір қарап шығатын – адам. Әрине, ол көп жұмысты жеңілдетеді. Бұрын бір мақаланы жазуға ұзақ уақыт қажет болса, ал қазір оны тез арада жазып шығуы мүмкін. Бірақ оны қайтадан бір қарап, ойдан өткізу керек деген секілді мәселе бар. Осыдан 3–4 жыл бұрын алғаш рет ChatGPT-ден шыққан материалдар алдымнан шыққан кезде, «мына мәтінді кім жазды, не басы жоқ, не аяғы жоқ» деп ойлайтынмын. Жастар «апай, оны ChatGPT-ге жаздырған едім» дейді, «түсінемін жаздырғандарыңды, бірақ неге үстінен өңдеп шықпайсыңдар?» дейтінмін. Ал қазір кейде ChatGPT-ден шыққан мәтіндер кәдімгідей жатық, басы бар, аяғы бар, сөйлем құрылымы да дұрыс шығып жатады. Бәрібір, ол адамның қолынан шыққан мәтінге жетпейді. Сондықтан оны адам міндетті түрде қарап шығуы керек. Ол тұрмақ, қазір хирургияда нейрожелі арқылы ота жасалып жатыр. Бірақ ол роботқа сеніп қана қоймайсың ғой, бәрібір, оны басқаратын кәсіби маман. Осы тұрғыдан алғанда, кәсібилік ешқашан жойылмайды, кәсіби журналистика қоғамда қажеттілікке ие болады.
4. Журналистер күні – біздің кәсіби мерекеміз. Ең алдымен, 24\7 еңбек ететін, қызығы да, қиындығы да, жауапкершілігі де мол мамандығымыздың қоғамның алдындағы есеп беретін күні. Берген есебіне бағасын алатын күні болып, кәдімгідей мерейіңнің өсіп, мәртебеңнің көтерілетін жақсы күні. Мұндай кәсіби мереке, менің
ойымша, өте қажет. Кез келген мамандықтың өзінің әділ бағасын алатын сәттері болады. Бірақ журналистер күні тек қана бір күнмен шектелмеу керек. Әрдайым атқарып жатқан жұмысың бағаланып, ісің әділ бағасын алып жатса, әрине, өте жақсы.
Сонымен бірге есеп беретін күн, не істедік, не болды, қандай оқиғалар болды, несімен қымбат осы уақыт деген секілді. Егер қоғам болып, билік болып біздің әріптестеріміздің еңбегін бағалап жатса, ол өте жақсы. Шыны керек, журналистердің еңбегі адал. Мұндай күн, менің ойымша, өте қажет және әріптестеріміздің жыл он екі айдағы жүгіріп жүрген жұмысының нәтижесін көретін, жақсы көңіл күйге бөленетін күн ғой.
Серік ӘБІКЕНҰЛЫ, журналист, «Хабар» агенттігі» АҚ Алматы филиалының директоры:
Қоғамның алға жылжуы – журналистердің үлесі
1. Журналистика туралы сөз қозғағанда «төртінші билік» деген сипатты қосқанды жақсы көреміз. Тек заң шығарушы, атқарушы, сот секілді билік жүйесіндегідей журналистердің қолында құзірет жоқ. Бұл теңеу XVIII ғасырдың соңы, XIX ғасырдың басында Еуропада пайда болды. Демократияның өркендегенін қалаған қайраткерлер газет-журналдың билікке ықпал еткенін көксеп, айтқан. Демек, қоғамдық ой-пікірдің кілті журналистер қолында болғанын қалаған. Мәселелер өткір қозғалып, парламент, сеймдер сол арқылы халықтың қалауын біліп отырған. Содан Еуропа мемлекеттері ілгеріледі. Бізде қазір қалай? БАҚ биліктің ой-пікірін елге таратумен айналысады. 1990 жылдары жиі айтылатын «тәуелсіз журналист», «тәуелсіз басылым», «қоғамдық телеарна» тағы басқа сөздерді естіп-оқымайтын болдық. 2006 жылы билік тармағын бір партияның өкілдері иеленіп алғанының ащы жемісі осындай болды. Бүкіл ғұмырын осы мамандыққа арнаған азаматтан желіде жылтыңдаған блогердің бағы басым түскен заманды да көрдік. Бес-алты пост жазып, депутат болып кеткендер де бар. Бұл кеңдік пе, кемдік пе – ел өзі шешер. Десе де журналистер қарап жатқан жоқ, шама-шарқына қарай қоғамның өзекті мәселелерін қозғап келеді. «Шаңырақ шайқасы», «Қызылағаш қасіреті», «Жаңаөзен қырғыны», Қаңтар оқиғасы т.б. мемлекет жылнамасына журналистер қаламымен жазылды. Сондықтан біздің қоғам осы жылдары бір қадам алға жылжыса, журналистердің де зор үлесі бар. Қазіргі аласапыран, жаһанның саяси градусы күйіп тұрған заманда тұмшаланып өмір сүруге болмайды, тұншығып өліп кетеміз. Сондықтан халықтың әл-ауқатынан бөлек, саяси сауатын да көтерер тұста журналистикаға зор үміт артылады деп ойлаймын. Ол үміт – өткір мақалалар арқылы газет тиражының өсуі, сауатты саяси сараптамаларға сүйенген көрерменнің желіден қайта ТВ-ға көшуі секілді үрдістер арқылы жеміс береді.
2. Біз осы көп нәрседен үрке беретін секілдіміз, баяғыда автомобиль мен аэроплан шыққанда «Енді ат керек емес!» деп алқынған ағылшындар әлі күнге пәуеске мініп, дербиге ақша тігіп жүр. Себебі қай жаңалық болса да, оңы мен терісі бар. Цифрлық жүйе ел экономикасын түзеуге, ақпараттық база құруға, дерек алмасуды жеделдетуге т.б. оң әсер етеді. Кешегі 16 млн халықтың дерегі ұрланғаны бұл прогрестің де осал тұсы барын, киберқауіпсіздікті қапы қалдыратын қулар да көбейіп келе жатқанын анық көрсетті. Қалай десек те, заман жүрісі жеделдеді. Сол жылдамдықтан журналистика да қалмауы керек. Сандық технологияларды меңгеріп, редакцияларды соған сай жабдықтап, ала құйын ақпарат легінен қалып қоймай қызмет ету керек. Көштен қалмаса ғана журналистиканың көсегесі көгереді.
3. Жасанды интеллект – адам баласының зор жетістігі. Оның БАҚ саласына көмегі болары сөзсіз. Қазір баспасөзде ЖИ көмегімен салынған көркем сурет көп. Сол жинақтап берген мәліметтерді басып жатқандар да бар. Визуалды әлемге сүйенген телеарналарда ЖИ жасаған анимациялық фильмдер, роликтер шығып жатыр. Тележүргізушілердің көшірмесін жасау қолға алынды. Тіпті «болашақта көп мамандықты ЖИ алмастырады» деген қауіп те айтыла бастады. Расында, мәтінді ЖИ жазып, экраннан сөйлеп тұрса, журналистердің қажеті қанша? Меніңше, бұл – бекер ой. Жасандының аты – жасанды, ешқашан адамды алмастырмайды, тек көмек бере алады. Салаға қанат бітіретін мықты жәрдемші ғана. ЖИ алмас кездік секілді, абайламаса, адамзатты жарақаттауы мүмкін екені қазір анық байқалды. Троя жылқысы секілді, ішіне қауіп жасырған түрлі материалдар желіге шығып, ел ішін ала тайдай бүлдіруі мүмкін. Адамның айтпағанын айтқызып, істемегенін істетіп қояды. Демек, ЖИ пенденің пиғылына тәуелді. Нейрожелі де солай. Миллиондаған нейрон арқылы адам миының функциясын атқара алады дегенге сенбеймін. Жүрексіз дүниені жақсы қызметші етіп қана ұстауға болады. Күрделі жұмыстарды атқарсын, адам орнына дерек іздесін, сөз жазсын, ғылыми зерттеу жасасын. Сонда адам баласы көксеген ұшпаққа біраз жақындатар...
4. Мен өзім аса мерекешіл, тойшыл адам емеспін. Ал кәсіби мерекенің болғанын құптаймын. Әлеуметтік қиындық, тұрмыс тауқыметі деп саяқ кеткен әріптестер дәл осы күні бір-бірін құттықтап, марапат алғанына балаша шаттанғанын көргенде мен де қуанамын. Мамандығы еш қызмет санатында жоқ журналистердің бір жадырап қалатыны осы мереке болар. Одан кейін тағы да 365 күнге арқаға батқан ауыр жүкті қайқая көтеріп, кете барады. Журналистика – педагогика секілді парасатты, сергек ой, ыстық жүректі қалайтын мамандық. Кейде бұл жолға жеңіл атақ, арзан абырой іздеп, көпіртіп жазып, кеуіп сөйлеу үшін түскендердің көптігі, олардың кез келген шенді алдында жалбақтап тұрғаны бетке шіркеу болып жатады. Сонда да осы соқпаққа «журналистика – менің өмірім» деп түскендер барын ұмытпауымыз керек. Мемлекеттің бір жүгін көбіне көлеңкеде қалатын сол әріптестердің иығы көтеріп тұр. Сондықтан да мерекені құрметтеймін және «құтты болсын» деймін.
Айнұр СЕМБАЕВА, «Заң» газетінің бас редакторы:
Ақпаратқа сұраныс барда журналистика өлмейді
1. Журналистикаға қатысты жылы лебізді де, теріс пікірді де жиі естиміз. Мұндай пікірлер журналистикаға көзқарасты кемітіп, қажеттілікті әлсіретеді деп ойламаймын. Әсіресе бүгінгідей ақпараттық заманда бұл саланың рөлі бұрынғыдан арта түсті. Содан шығар, айналамыздағы сөз құрағанның бәрі өзін журналист ретінде көрсетуді, естіген, білген ақпаратын көпшілікке батыл бөлісуді журналистика деп түсінетін болған. Халық кәсіби маман дайындаған ақпараттың ара жігін түсінуі үшін әріптестерімізге көп еңбектенуге тура келеді.
Журналистің барлығы мүмкіндігінше елдік мәселелерді көтеруге, азаматтарға қолдау жасауға, көпшіліктің ойындағысын билікке жеткізуге тырысып жүр. Жалқының ғана емес, жалпының мәселесін көтеретін әріптестеріміз талай түйткілдің оң шешілуіне ықпал етіп, кәсіби міндетін адал атқарып жатыр. Өкінішке қарай, біздің қоғам жақсыға сүйінуге, үздік еңбекті бағалауға сараң болып барады.
2. Ақпаратқа сұраныс барда журналистика өлмейді. Әрине, цифрлық технология біздің саланы айтарлықтай өзгертті. Бұрын кәсіпке баулыған ұстаздарымыз «материалды сараптап, талдап ұсыну керек» деп үйрететін, қазіргі заман талабы жеделдікті алға шығарды. Бұрын: «Тақырып шақырып тұру керек. Материалдың мазмұнын толық ашып тастаған тақырыптың құны жоқ» десе, қазіргі талап «Ақпараттың айтары тақырыбынан көрінуге тиіс» дегенге саяды. Соның салдарынан қазіргі сайттардың тақырыбы сала құлаш сөйлемге айналды. Сол сияқты цифрлық дәуір де салаға бірқатар жаңашылдық әкелді. Жаңаны меңгеруге, қоғаммен бірге дамуға әріптестеріміз қашан да дайын.
3. Жасанды интеллект барлық салаға төңкеріс жасап жатыр. Қалаймыз ба, қаламаймыз ба – біз оны қабылдап, осы жаңашылдыққа жедел бейімделуіміз керек. Өкінішке қарай, жасанды интеллект жастарды жалқаулыққа, жаттандылыққа үйретіп жатқандай. Биыл «Заң» газетіне бірнеше оқу орнынан студенттер келді. Жаңа заманның жаңа буыны. Оларды бірден түрлі шараға жібердік, сот процесіне қатыстырдық, арызбен жұмыс істеуге үйреттік. Бірді-екілі студент болмаса, көбінің материалы сүзгіден өтпей қалады. Кейіннен сот орындаушы, тергеуші, жедел уәкіл, судьялардан сұқбат дайындауды жүктеген едік. Басында өздері жақсы білмейтін салаға қатысты сауатты әңгіме өрбіте алар ма екен, кейіпкердің бет-бейнесін толық ашуға қабілеті жете ме деп алаңдадық. Тексерсек сұрақтары тастай. Сөйтсек, көпшілігі ChatGPT-дің көмегіне жүгінеді екен. Оның айырмашылығын анықтау қиын. Мұндай жеңілдік журналистикадағы ойланбайтын, тақырып іздеп қиналмайтын буын легін қалыптастыра ма деп қауіптенемін.
4. Кәсіби мереке – журналистерді құттықтап, жылы лебізіңді білдірудің ғана емес, жалпы, журналистикадағы шешімін күткен мәселелерді таразы басына салып, талқылаудың тамаша мүмкіндігі. Жыл сайын мереке қарсаңында сала саңлақтары марапатталып, әріптестерімізді алаңдатып жүрген мәселелердің түйінін тарқатуға талап жасалады. Осының өзі бұл күннің маңызын көрсетіп тұрғандай.
Нұрбек АМИША, «Qyzylorda» телеарнасының директоры:
Кәсіби баға беретін күн
1. Әрине, рөлі жоғары. Мәртебелі бола берсе деп ойлаймын. Өзінің ұстанымына сай болса деймін. Бұдан да ашық, бұдан да дамыған журналистика болатынына сенемін. Дамушы мемлекет ретінде өзінің лайықты тұғырынан орын алады деп үміттенемін. Қоғамдағы рөлі дегенде, басты ұстанымды көрсету. Яғни бақылаушы рөлін атқару. Оны жасап жатыр. Әрине, журналистиканың да, медиа ұйымдардың да әртүрлі бағыты бар ғой, бірақ негізгі бағыты осы деп ойлаймын.
2. Цифрлық дәуірде журналистиканың рөлі жақсы, оптимист ретінде қарасақ, қазіргі жасанды интеллектінің дамуы журналистикаға деген үлкен тәуекел береді. Ақпаратты беру, жалған ақпараттың таралуы жасанды интеллектілердің, фейктердің, бір ақпараттың тарауы – челлендж. Дегенмен цифрлық технология журналистиканы да дамыту үстінде деп есептеймін. Газет, телевизия, радио болсын, жаңа технологияны дамытып жатқаны айқын. Оны жасанды интеллекті де қолданып жатыр.
3. Жасанды интеллекті мен нейрожүйе әлемдік медиа ұйымдарының алаңдаушылығын тудырып жатқан мәселе. Өйткені мұның этикалық жағы бар, жасанды интеллект кейбір жұмыс орнын қысқартып тастай ма деген мәселе жоқ емес. Болмаса адамның орнына жауап беріп, ақпараттың қаншалықты рас-өтірігін білмей қалу мүмкін деген мәселе бар. Бірақ оны да реттейтін заң, белгілі бір ережелер шыға береді. Сол сияқты реттеліп отыратын шығар деп ойлаймын. Сондықтан оны өз ретімен қолданса, жасанды интеллект, нейрожелі де журналистиканың дамуына жақсы әсер ететін шығар.
4. Журналистер күні – өз-өзімізге кәсіби баға беретін күн деп ойлаймын. Қаншалықты ұстанымымызға адалмыз, қаншалықты адал бола аламыз, қалай дамимыз, не істей аламыз деген сияқты есеп беру күні.
Дайындаған
Ақбота Мұсабекқызы

4525 рет
көрсетілді0
пікір