• Ақпарат
  • 03 Шілде, 2025

Орны бөлек он бір ескерткіш

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»
 

Қазақстанда 2018 жылдан бері Ұлттық домбыра күні тойланып келеді. 6 шілде Ұлттық домбыра күні. Домбыра – қазақтың жаны. Қазақты домбырасыз елестету қиын. Әр қазақтың үйінің төрінде ілулі тұратын ұлттық құндылықты қазір ұлықтай алып жүрміз бе? Жаздың шілде айы келсе, домбыра челленджі басталады. Соңғы жеті-сегіз жылдың бедерінде шын мәнінде біз қазақтың қоңыр домбырасына ескерткіш қоя бастадық. Бұл – қуанарлық жағдай. Қазақтың үйінде ғана емес, әр қаласында дүниені дүбірге бөлейтін домбыра – ескерткіш тұрса, артық етпейді. 
Өйткені қазақ домбыраны тану арқылы өзін таниды. Мұңайса да, қуанса да, тарихын күймен жеткізген қазақтың домбыраны құрметтеуі заңды тарихи құбылыс дер едім.  

– Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс.«Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», «Әлқисса» күйлері – ұлттық рухымызды көтеретін таңғажайып туындылар. Домбыраның пернесінен шыққан күйде халқымыздың терең тарихы бар. Біз атадан балаға аманат болған асыл мұрамызды сақтап, қадір тұтуымыз қажет. «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабағын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет, – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекер айтқан жоқ.
Расында, ұлттық өнерді дәріптеген ұлт кері кетпейді. Біз жаһандық қатерге ұлттық иммунитет арқылы ғана қарсы тұра аламыз. Домбыраны дәріптеу ұлттың ұпайын түгендеу, қазақты құрметтеу екенін естен шығармайық. 
Домбыра челленджі қазір бүкілхалықтық іс-шараға айнала бастады. Бұл – бір күндік іс-шара емес, ұлттың түп тамырына оралу деген сөз. Бір ғана мысал, осы аптада Талдықорған қаласының орталық алаңында Ұлттық домбыра күніне арналған «Ұлы дала үні» атты кең ауқымды облыстық мерекелік флешмоб ұйымдастырылды. Бұл тарихи сәтте 5 000 адам – кәсіби музыканттар, мектеп оқушылары, студенттер, өнер сүйер қауым – бір мезетте қос күйді орындап, ел тарихында бұрын-соңды болмаған рекордқа қол жеткізді. Бұл жетістік Қазақстан рекордтар кітабының бас редакторы Қайрат Тазабековтің қатысуымен ресми түрде тіркеліп, жаңа рекордты растайтын сертификат Жетісу облысының әкімдігіне табысталды. Бұл тек Жетісу өңірінің ғана емес, күллі Қазақстанның мәдени өміріндегі елеулі оқиға ретінде бағаланды. Бұл жоба – дәстүр мен заманауи өнердің үндесуінің жарқын үлгісіне айналды. Домбыра күні мереке ғана емес, ұрпақтар арасындағы мәдени сабақтастықты нығайтып, жастардың ұлттық өнерге деген құрметін арттыруға бағытталғанын түсінейік.
Мұндай мысалды көптеп келтіруге болар. Осыдан екі жыл бұрын 2023 жылғы 17 наурызда Оқу-ағарту минис­трі Ғани Бейсембаевтың ұйымдастыруымен еліміздің жеті мың білім беру ұйымында бір мезгілде «Балбырауын», «Адай» және «Сарыарқа» күйлері орындалды. «Күй күмбірі» деп аталатын бұл челлендж жас ұрпақтың жадында мәңгілікке қалатынын білеміз. Сондай-ақ «Домбыра тартайық», «Домбыра сыйлау» челленджі жыл сайын тұрақты түрде өтетін игі дәстүрге айналды. 
Мәселені қаламгер Қали Сәрсенбайша айтсақ, былай: «Қазіргі қоғам дерті – рухани дерт. Саяси, экономикалық қылмысты бір жағына шығаруға болар. Ал рухани қылмысты түзеу қиын. Мынау қалың қолдай қаптап, таптап келе жатқан рухани эпидемия­ға, идеологиялық вирустарға қарсы күш – күй (бесінші мұхит – Ә.Кекілбай). Күй – ұлттың, ұлыстың ұраны. Күй – рух, намыс, жігер, адамгер (Таласбек) өнер. Егер күйді темірқазық етіп, бұдан да кең ауқымда айтсақ, шулаған шоуларға қарсы ұлы рухани жоба жасақталуы қажет. Демек, мемлекеттік деңгейде ұлттық құндылықтарға негізделген ұлттың төлтума болмысын бедерлейтін, рухани тегін, түп-тұқиянын, бекзат баян, бағдарын айқындайтын тұжырымдама қабылдануы әбден керек». Дұрыс, жөн сөз. Халық ұлттық құндылығымен ғана биік. Төлтума өнерді ұлықтап, бойына сіңірген баланың жаман болған кезі жоқ. Бұл – дәлелденген нәрсе. 
Біз «домбыра әр қалада ескерткіш ретінде тұруға тиіс» деп бекер айтып отырғанымыз жоқ. Қазірдің өзінде қазақтың оннан астам шаһарында ұлттық аспабымызға ескерткіш қойылған. Бұл игі іс алдағы уақытта жалғасын таба беруге тиіс. Енді қай қалада домбыра тұр? Санамалап көрейік:
1. Шымкентте домбыра монументі бар. Ұлттық домбыра күніне орай ашылған ескерткіш меценаттардың қаржысына тұрғызылған. Монументтің биіктігі 7 метр. Қатты металдан жасалған. Суретшілер одағының мүсіншілері соққан ескерткіштің салмағы 500 келі тартады. Туындының биіктігі 7,5 метр, ені 1,5 метр. Ескерткіштің бір ерекшелігі – жанына жақындаған кезде қазақтың күйі орындалады. 
2. Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында Ұлттық домбыра күніне арналып ескерткіш ашылғанын екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Қалбатауда қойылған ескерткіштің авторы – семейлік жас мүсінші Нұрбол Қалиев. Шыны пластиктен жасалып, сырты қола түстес бояумен әрленген. Туындының биіктігі – 7, ені 3 метр. 
3. Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан мен Әлия Молдағұлова көшелерінің қиылысына 2016 жылы Домбыра ескерткіші қойылды. Содан бері ұлттық аспапқа қойылған ескерткіш маңына келушілер жиі суретке түсетін болды. Домбыра ескерткіштің биіктігі 6 метр 30 сантиметр. 12 пернесі бар, қос ішегі трос сымнан жасалған.
4. Астанадағы күйшілер аллеясында «Домбыра» ескерткіші бар. Тұғырымен есептегенде биіктігі 5 метр. Ескерткіш маңында халқымыздың 100-ге жуық күйші-композиторының есімі жазылған мемориал бар.
5. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің жатақханасы алдындағы саябақтан «Домбыра» ескерткіші ашылған. Ескерткіштің биіктігі 7,5 метр. Бұл нысан кәсіпкерлердің демеушілігімен салынған.
6. Алматы қаласында да домбыра пішіндес субұрқақ бар. Ұзындығы 10,25 метр, ені 2,85 метр. Субұрқақ 50 жарық беру құрылғысымен жабдықталған. Осы нысан Құрманғазы атындағы консерватория ғимаратының алдында екенін айта кетейік. 
7. Көкшетауда да домбыраға арналған 11 метрлік монумент бой көтерген. Бұл – еліміздегі домбыраға қо­йылған ескерткіштің ең үлкені. Композицияның авторы – көкшетаулық белгілі мүсінші Манарбек Бұрмағанов. Автор ескерткішті Көкшетау қаласының 195 жылдығына тарту еткен. Ескерткіштің қаңқасы металдан жасалып, бетонмен қапталған. Ерекше сәулет туындысы Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының жанында тұр. 
8. Қарағанды облысы Ақ­то­ғай ауданындағы домбыра ескерткішінің биіктігі 12 метр. Монументтің аумағы 80 шаршы метр. «Ақтоғай ажары» атанған монумент – ең айшықты нысанның бірі. 
9. Батыс Қазақстандағы Бәйтерек ауданында ескерткіш жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен орнатылған. Домбыра табиғи тасқа және шаңырақтың саясына орналастырылған және оған Қадыр Мырза-Әлидің өлең шумағы жазылған. 
10. Атырау облысы Индербор кентінде де белгілі күйші-композитор Абдолла Мұсағалиевке арналған «Алтын домбыра» ескерткіші бар. 
11. Қазақстанда ғана емес, ұлттық аспабымызды дәріптеу шетелдік елшілікте де жүзеге асқан. Қазақстанның Анталиядағы бас консулдығының бас­тамасымен Жамбыл Жабаев атындағы саябақта қазақ халқының ұлттық музыкалық аспабы – домбыраға арналған ескерткіш орнатылды.

Рас, Қазақстанда домбыраға қойылған ескерткіш бұдан да көп болуы мүмкін. Десек те, домбыра туралы айтқанда, Қадыр Мырза-Әлидің «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген жыр жолдарын тілге жиі тиек етеміз. Ақиқаты, домбыраны жырламаған қазақ ақыны жоқ. Домбыра – әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз. Домбыра – алапат күш, қуат, шабыт. Ендеше, күйді ұғынған бала күйсіз болмайды. Оның рухы қашан да биік.

 

175 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы