- Cұхбаттар
- 03 Шілде, 2025
Кітапханашы – жойылмайтын мамандық

Қазақстанның «Мәдениет туралы» Заңында «Кітапхана – ақпараттық, мәдени, білім беру функцияларын орындайтын, баспа және қолжазба құжаттарының ұйымдастырылған қоры, сондай-ақ графикалық, дыбыстық-көрініс материалдары, электронды жеткізгіштерде құжаттары бар және оларды жеке және заңды тұлғаларға уақытша пайдалануға беретін мәдениет ұйымы» деп көрсетілген. Демек, кітапхана кітап қорын сақтап және оқырманға жеткізіп қана қоймайды, білім беру де оның басты міндеттерінің бірі. Ал университет кітапханасының білім берудегі рөлі университет рөлінен кем емес. Қазір әлемдік тәжірибе өз бетінше білім алуды құптайды, ал ұстаздар көбіне үйретуші емес, бағыттаушы міндетін алған. Демек, кітапханалардың білім беруде, оның ішінде жоғары білім беруде маңызы арта түспесе, кемімеді.
Бану Дәулетбаева – «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері, Девистегі Калифорния университетінде тағылымдамадан өтіп жатқан маман. Осы университет жанындағы Петер С.Шилдс атындағы кітапханада 40 жыл қызмет атқарған кітапханашы Ригс Ли мырзамен сұқбаттасып, кітапхана ісінің бары мен жоғын түгендеуге ұмтылған әңгімені оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Кітапханашылардың қоғамдағы рөлі, әсіресе цифрлық ресурстар ұлғайған заманда қалай өзгереді деп ойлайсыз?
– Қандай жағдайда да кітапханашылар қажет болады, онлайн ресурстар көбейген сайын кітапханашыларға қажеттілік арта түспесе, кемімейді. Студенттер, зерттеушілер компьютер мен смартфонды жақсы меңгергенімен, зерттеу дерекқорлары мен басқа онлайн материалдардың (электронды кітаптар, деректер жиынтығы, бейнематериалдар) ауқымы мен күрделілігіне байланысты оларды пайдалану үшін білікті мамандар қажет. Бізде миллиондаған кітап пен сансыз зерттеу мақалалары бар және қай оқырманға қай материал қажет болатынын дұрыс табу тәжірибе мен кәсіби шеберлікті талап етеді.
– Кітапханаңыз жергілікті халықпен байланыс орнату үшін қандай бастамаларды жүзеге асырады?
– Біз «Open Access Publishing» идеясын қолдаймыз және «UC Davis» кітапханасы Калифорния университетінің зерттеулерін еркін әрі ашық ету жолында жетекші рөл атқарады. 10 кампустағы кітапханалар бірігіп, журнал баспаларымен жаңа үлгідегі келісімдер жасап, дәстүрлі жазылу ақысын авторлар мақалаларын жариялауға бағыттап жүр. Сонымен қатар біз кітапханада түскі үзіліс кезінде музыкалық концерттер өткіземіз, мұнда студенттер мен қонақтар өнер көрсетеді. Емтихан кезінде терапиялық иттерді әкеліп, студенттерге демалу мүмкіндігін ұсынамыз. Және «Global Tea Institute-пен» бірлесіп, аптасына бір рет шай медитацияларын өткіземіз, бұл іс-шаралар студенттер мен оқытушылардан бөлек, қарапайым халыққа да ашық.
– Кітапхана қорын басқару жүйесі қандай принциптерге негізделген?
– Бізде арнайы Collection Strategies (Қор стратегиясы) бөлімі бар, ол кітапхана қорын толықтырып, тиісті ресурстарды сатып алумен айналысады. Академиялық баспалармен келісімшартқа отырып, қорымыздың талаптарына сай келетін кітаптар мен басқа да материалдарды тұрақты түрде сатып алып отырамыз. Ғылыми журналдар мен дерекқорларға жазылуды да осы бөлім үйлестіреді және бұл үдеріс Калифорния университетінің он кампусы бойынша біріктірілген түрде жүзеге асады (UCLA мен UC Berkeley-ді қоса алғанда). Collection Strategies бөлімі пән мамандары – кітапханашылармен тығыз байланыста жұмыс істейді және оқытушылар, зерттеушілер мен студенттерден сатып алу ұсыныстарын қуана қабылдайды.
– Технологиялардың дамуы пайдаланушыларға зерттеу немесе басқа да кітапхана қызметтері бойынша көмектесу жолдарына қалай әсер етті?
– Бұл сұрақтың қарапайым жауабы – Zoom сияқты онлайн платформалар арқылы жеке кеңес беру қызметі жаппай қолданысқа енді. Біз бұл тәжірибені COVID пандемиясына дейін бастағанбыз, ал пандемия кезінде барлық қызметкер бұл құралдарды қолдануға мәжбүр болды. Қазір кеңестер мен оқыту сессияларын әрі бетпе-бет, әрі онлайн форматта ұсынамыз, пайдаланушыларға не ыңғайлы болса, соны таңдаймыз. Онлайн зерттеу материалдарының және мақалаларды сканерлеу мүмкіндіктерінің артуы арқасында зерттеу нәтижелерін тікелей пайдаланушының электрондық поштасына жіберу жеңілдеді. Біз әлі де қағаз қорымызды сақтаймыз және қажет болған жағдайда, кампустан тыс жердегі пайдаланушыларға кітаптарды жібереміз. Біз технологияның дамуынан қалыс қалмауға тырысамыз және оны тиімді пайдалануға ниеттіміз. Кітапхананың өзіне тиесілі IT бөлімі бар, ол барлық қызметкер мен жүйені қолдайды. Біз сондай-ақ университет деңгейінде жасанды интеллектіні (AI) этикалық қолдану бойынша талқылауларға белсенді қатысамыз.
– Кітапхана қандай басқару стилін ұстанады және кітапхана қызметкерлері арасындағы ынтымақтастықты қалай дамытады?
– Біздің кітапханада ынтымақтастық барлық деңгейде құпталады және қолдау табады. Басшылық пен қоғамдық және техникалық қызмет бөлімдері арасындағы байланыс өте ашық. Бас кітапханашымыз Уильям Гаррити апта сайын есептер жолдайды және барлық қызметкер өз ойын айта алатын ашық кеңсе сағатын өткізеді. Сондай-ақ кітапхана мен оның бөлімдерінде бейресми кездесулер мен әлеуметтік іс-шаралар өткізіліп отырады, бұл қызметкерлер арасындағы өзара әрекеттестікті күшейтеді.
– Кітапхана ішіндегі түрлі бөлімдер арасында тиімді байланыс пен топтық жұмыс қалай қамтамасыз етіледі?
– «UC Davis» кітапханасы – өзара құрмет пен бірлескен жұмысқа негізделген орта. Біз өзімізді «матрицалық ұйым» деп атаймыз, мұнда бөлімдер арасында тығыз байланыс орнаған. Қызметкерлерге басқа бөлімдермен бірге жұмыс істеу, комитеттер мен жұмыс топтарына қатысу ұсынылады. Біз электрондық поштаны және Slack платформасын белсенді қолданамыз. Бұл қызметкерлерге нақты уақыт режімінде байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Комитеттер, бөлімдер мен әкімшілік ай сайын есептер мен статистика ұсынып отырады. Сонымен қатар әлеуметтік іс-шаралар – кештер, түскі астар, мерейтойларды атап өту ұйым ішіндегі оң атмосфераны нығайтады.
– Балалар мен ересектер арасында оқуға деген қызығушылықты арттыру үшін қандай әдістер қолданасыздар?
– Уеб-сайтымызда түрлі қауымдастық топтарына арналған кітап оқу тізімін ұсынамыз. Мысалы, «Black History Month» кезінде бір кітапханашы осы тақырыпқа арналған қызықты кітаптар тізімін, олардың сипаттамасын және жеке ұсынысын ұсынады. Бұл оқу тізімі уеб-сайтымызда жарияланады және әлеуметтік желілерде насихатталады.
– Пайдаланушыларды кітапханадағы әртүрлі медиа мен ресурсты зерттеуге қалай ынталандырасыз?
– Біз жаңа студенттерге арнайы экскурсиялар мен таныстыру сабақтарын өткіземіз, сонымен қатар оқытушылармен бірігіп, пән немесе тапсырмаға байланысты арнайы сессиялар ұсынамыз. Бұл сессиялар нақты пән мен тапсырмаға бейімделген. Біз әрбір пән үшін мұны жүзеге асыра алмаймыз, бірақ мақсатымыз – студенттер осы алған білімдерін басқа пәндерде де қолдана алатындай ету. Біз университет ұйымдастыратын ақпараттық жәрмеңкелерге қатысамыз және әлеуметтік желілер арқылы жарнама жүргіземіз.
– Кітапханатану саласындағы соңғы үрдістер мен жаңалықтардан қалай хабардар боласыз?
– Кітапханашыларымыз бен қызметкерлеріміз аймақтық, ұлттық және халықаралық конференцияларға қатысу арқылы үздіксіз кәсіби даму мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ вебинарлар мен онлайн іс-шараларға қатысамыз. Кітапханашыларға ғылыми-зерттеу жүргізіп, нәтижелерін кәсіби журналдар мен конференцияларда жариялау ұсынылады. Бұл бастамалар кітапхана мен кәсіподақ тарапынан қолдау табады.
– Кітапханаңызда кәсіби даму мен өсуге қандай мүмкіндіктер бар?
– Кітапханашылар мен қызметкерлерге конференциялар мен оқу курстарына қатысу ұсынылады. Бұл іс-шаралар қызметкерлерді оқыту қорлары арқылы қаржыландырылады және практикалық дағдыларды, сондай-ақ ресурстардың барлық пайдаланушыға ашық болуын қамтамасыз етеді.
– Сіздің университет кітапханашыларды даярлай ма? Кітапхана саласында мамандар жетіспеушілігі байқала ма?
– Калифорния университетінің жүйесінде (UCLA мен UC Berkeley) кітапхана ісі мен ақпараттану бойынша магистрлік бағдарламалар бар. «UC Davis» кітапханасында өкілдігі төмен қауымдастықтардан шыққан жас мамандарға арналған екі жылдық «Diversity Fellows» бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл бағдарлама қатысушыларға әртүрлі бөлімдерде жұмыс істеу және кәсіби тәжірибе жинақтау мүмкіндігін береді. Жақында бұл бағдарлама түлектерінің кейбірі «UC Davis-те» толық уақытты жұмысқа орналасса, кейбірі басқа кітапханаларда жұмысын жалғастырды. Біздің кітапханада көптеген пән маманы бұл салаға басқа саладан келген. Мысалы, біреуі бұрын медбике болған, енді бірі геологиялық зерттеуші болған. Көпшілігінде екі магистр дәрежесі бар, ал кейбірінде докторлық дәреже де бар. Бұл олардың тек ақпараттану ғана емес, басқа да академиялық салалардан хабардар екенін көрсетеді.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Бану ДӘУЛЕТБАЕВА,
«Болашақ» халықаралық
стипендиясының иегері

245 рет
көрсетілді0
пікір