• Ақпарат
  • 03 Шілде, 2025

Жаны жомарт Жанғара

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, қазіргі танымдық-атаулық бойынша, Фараби Университетінде соңғы кездері жақсы дәстүр, жарасымды салт пайда болды. Ол – оқу орнын бітірген түлектердің Алма-матеріне – ұшқан ұясына келіп, кездесу жасап, қалашықтың уақыт талабына сай жаңғырған, жақсарған, көркі мен келбеті астасқан полотносын көзбен көріп, көңіл марқайту, түлеп ұшқан шаңырағына шаттана келіп, шабыттана аттануы.
Соңғы төрт жыл бедерінде оқу ордасында «Түлектер күні» арнайы белгіленіп, өздерінің ақылдастар алқасын құрып, ой көмегі мен қол көмегін беретін жақсы үрдіс қалыптасты. Ақылдастар құрамындағы Алашқа белгілі азаматтар студенттермен кездесіп, дәріс оқып, көшбасшылық лекцияларын ортаға салып, жастардың жан дүниесін байытуға елеулі үлес қосып жүр. Олар әр кезеңде еңбек еткен шақтарын, университетпен жан-жақты байланысын көрсететін кітаптар мен альбомдар, сыйлықтар мен естелік дүниелер шығарып, кітап қоры 2,5 миллионнан асатын Фараби кітапханасын да байытып тастады. Олардың қаламынан шыққан сан алуан жанрдағы туындылары да кітапхана қорының қазынасын толтырумен келеді.
Өткен, 2024 жылы, бітіргенімізге 50 жыл болған, филология факультетін бітірген біздің курс университетке келіп, тамаша тағылымды ғылыми-іскерлік конференция өткізіп, бүгінгі студенттердің алдында ойларын ортаға салып, ақыл-кеңес беріп, жан дүниелері жасарып, қуанып аттанды. Жарты ғасырлық межеден аман-есен өткен достар бұл күнге жетпеген достарын сағынышпен еске алып, жастық шақтың жалауын жүректерінде жаңадан желбіретіп оралды.
 Бұл орайда осындай ізгі де игі шараға мүмкіндік жасап, жастардың рухани-мәдени, ғылыми-біліми мүддесін көздеп, жақсы жаңалықтың жанашыры болып жүрген университет басшысы, академик Жансейіт Түймебаевтың атына айтар алғыс баршылық. Түсінген адамға бұл да бір рухани сабақ, алдыңғы толқын мен жас толқынның арасындағы байланысты, ұрпақтар сабақтастығын одан әрі жаңаша жалғастырудың, орайлы қалыптастырудың нақты бір көрінісі. «Ағасы бардың – жағасы бар, інісі бардың – тынысы бар» деген қанатты сөзге қазық байлайтын сәт те осы кезеңде барынша пәрменді, барынша мазмұнды.
    Бұл сәулелі сөз кездесулер мен жүздесулерге мұрындық әрі ұғымдық. Өткен жылғы біздің кездесудегі курстас­тар көңілі, олардың сағынған сезімі, ақ жарқын ойлары мен алғысы әлі күнге санаға сәулесін түсіріп, жадымызда жаңғырып тұр. Және де біздің курстың кездесуі туған университетіміздің 90 жылдық торқалы тамаша тойымен тұспа-тұс келгені тіпті қуаныш болды. Тоқсан жылдық тарихтың бір парағын біз де жазуға қатыстық деп мақтанғанымыз тіпті жарасымды болды. Студенттердің құттықтау сөздері мен салған әндері, оқыған өлеңдері шаттықтың шамшырағы болып, оқу ордасының тағы бір тағылымды күнін көрсетті. Атаулы аудиторияларды аралап жүргенде әр кезеңде дәріс оқыған ұстаздардың жарқын да қымбатты бейнелері бізбен бірге жүргендей болып толқығанымыз өз алдына ұмытылмас жайт еді. Олардың рухына тағзым ету арқылы жанымыз жайланды.
Біз өз оқу ордамыздан қуанып, мақтанып, қанаттанып аттандық. Өйткені университеттің қазіргі кездегі жарқын жаңалығы, өміршең өзгерісі, тапқан табысы мен сәтті қадамы осыған сай болатын.
 Бүгінде университетте 25 мыңнан астам студент, соның ішінде әлемнің 54 елінен 2,8 мың шетелдік азамат білім алады. 542 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр, ғылыми орталықтар мен ғылыми жобалар саны артқан. 2022 жылы АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Франция, БАӘ және Түркияның жетекші университеттерімен 30-дан астам келісімшарт жасалған. Ыстанбұл, Омбы және Бішкек қалаларында ҚазҰУ-дің филиалдары жұмыс істейді. Алматыда университет базасында МИФИ (Мәскеу) фи­лиалы ашылды. Президент Қ.К. Тоқаев университетті одан әрі дамытудың маңызын атап өтті және «жоғары оқу орнының халықаралық мәртебесін нығайтып, ғылыми-зерттеу жұмысын күшейту қажет» екеніне назар аударды.
Айтса айтқандай, жазса жазғандай, ҚазҰУ әлемдік білім кеңістігіндегі беделі мен танымалдығын айтарлықтай нығайтты: 2024 жылы QS рейтингісі бойынша әлемдегі ең үздік университеттер арасында – 163-орын, Азия аймағында – 44, Орталық Азияда 1-орын алды. ТМД елдері арасында ҚазҰУ М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен бірге әлемнің ең үздік 200 университетінің қатарына енді. ҚазҰУ Тұрақты даму мақсаттарының «Академиялық әсер» БҰҰ бағдарламасының жаһандық хабын басқарды, бұл – БҰҰ-ның ҚазҰУ-ге жоғары сенімінің көрсеткіші.
 Әлемдік университеттердің еуропалық академиялық рейтингісі – еуропалық стандарттың «AA+» рейтингісін алды, бұл ҚазҰУ-ге Еуропаның жетекші университеттерімен бір қатарда тұруға мүмкіндік берді. Great Value колледждері бойынша әлемдегі ең озық технологиялық университеттер арасында 31-орында (АҚШ). Алматыда ҚазҰУ базасында MИФИ филиалы ашылды.
 Зерттеу университеті мәртебесін алғасын 2022–2026 жылдарға арналған Даму бағдарламасы бекітілді. 16 факультет пен 68 кафедрада студенттер контингенті өсу үстінде. Студенттер санының өзгеруі тек мемлекеттік грантпен ғана емес, келісімшарт негізінде де оқуға түсетін оң көрсеткішке ие. Гранттық негізде – 75%, келісімшарт негізінде 25% білім алушы бар.
 Жас оқытушылардың сапасы артып келеді: PhD саны 489-ға дейін өсті, 585 ғылым докторы, 801 ғылым кандидаты, 22 ҰҒА академигі және 7 корреспондент-мүшесі жұмыс істейді. Білім беру бағдарламалары жаңартылды. Білім алушыларды оқыту 542 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Оның ішінде 62-сі Азия, Еуропа, Ресей Федерациясы, АҚШ университеттерінің қос дипломы және ағылшын тілінде 105 білім беру бағдарламасы. 13 инновациялық білім беру бағдарламасы әзірленді және енгізілді. Оның ішінде машина жасау, өңдеуші және құрылыс индустриясы, ақпараттық технологиялар бар. 
2023 жылы университет ғалымдары үш жүзге жуық ғылыми жобаны жүзеге асырса, бұл көрсеткіш 2024–2025 жылдары одан әрі қарқын ала түсті. Көңіл тоғайтар көрсеткіштер тізімін жалғай беруге болар еді. Демек, Фараби университетінің әрбір түлегі ұшқан ұясына келіп, бәрін көріп, қуанып, мақтанып аттануына толық негіз бар. Жарқын жүздесулер жалғаса береді.
Жақында және бір жақсы кездесу өтті. 2025 жылғы 26 маусым күні Университет өзінің 1975 жылы бітірген филология факультетінің түлектерін қуана қарсы алды. Бітіргендеріне 50 жыл болған 50 түлектің 25-і осы кездесуге еліміздің әр өңірінен келіпті. Өкінішке қарай, олардың тең жартысы бұл күнге жете алмапты. Бірақ олардың әз есімін достары сағынышпен еске алып, құран бағыштады, олар туралы естеліктер топтамасын шығарып, өрбіген ұрпағы туралы жан-жақты мәліметтік анықтама шығарып, сауапты істің үлгісін көрсетіпті. Бұл кездесудің көңіл сүйсінтер жарқын мысалының бірі де осы болыпты. 
Кездесудің басты тақырыбын «Адамзаттың Абайы»: әдебиет және қазақ тілін оқытқан ұстаздардың дәрістері» деген форум атының өзі бұл тек құр жүздесу ғана емес екенін анық танытқан. Кездесуді кіріспе сөзбен ашып, Абай әлеміне терең бойлаған баяндамасымен кездесудің маңызы мен мақсатын ашып көрсеткен институт директоры Жанғара Дәдебаев абайтану саласында қол жеткен ғылыми-әдеби табыстар туралы толғаулы сөз, толымды тұжырым жасады. Абай әлемінің алыс-жақын көкжиектері көңіл кеңістігіне түскен сөз болыпты. Ол әлем Абайдан тартып, ұлы қаламгер Мұхтар Әуезовке жетіп, зергер жазушы, ұлы ұстаз Зейнолла Қабдоловқа ұласып, Жанғараның өзіне де шұғыласын түсіреді. Жылдар бойы әдеби-ғылыми потенциалын жоғары деңгейде ұстап келе жатқан Жанғара Дәдебаев өзі де Зейнолла Қабдолов ұстазы секілді тұлғаға айналды. Қазақ әдебиетінің тамыршы-танымшы қайраткері атанды.
Атап айтқанда, осынау мазмұнды да мағыналы кездесудің әрі ұйымдастырушысы, әрі бағдарламасын түзуші, көрнекті әдебиеттанушы, академик, филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебаевтың атқарған абзал ісін бөле айтқанды жөн көрдім. Ол екі ай бойы үздіксіз дайындық нәтижесінде кезінде сабақ берген ардақты да аяулы ұстаздары, парасатты профессорлар Бейсембай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Белгібай Шалабаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Зәки Ахметов, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғалиев, Мархабат Томанов, Алма Қыраубаева туралы әрқайсысы 10 минуттық эссе-бейнебаян дайындапты. Соны көрген шәкірттері бір толқыды. Бұл еңбек әдеби айналымға түсетін дүние деп санаймын. «Шымырлап бойға жайылған» шындықты хатқа түсірген азаматтың осы ісі оның тұлғалық келбетіне жаңа рең қосады.
 Сонымен қатар өмірден өткен 25 досы туралы толық мәлімет-естелікке толы экрандық кітапша жасап, олардың да әз бейнелерін көз алдынан қайыра бір өткізген. Ресторанның қаржылық шығынын бір өзі көтеріп алып, Алматының Орталық мешітінің бас имамын шақыртып, арнайы құран бағыштатқан. Мұның өзі имандылық пен ибалылықтың шынайы көрінісі болғаны курстастардың көңіл аспанына шуағын түсірген сәт болды. Марқұмның соңында қалған ұрпағына ұсынылған бұл имани шара олардың ата-анасының есімі достарының жүрегінде жүргені бір ғанибетті, ғибратты іс болды.
Кезудесуге келгендердің ішінде жоғары курстың да, олардан кейін бітірген төменгі курстың да кейіпкерлері болуының өзі достық, бауырластықтың бір үлгілі көрінісіндей болғаны айта жүрерлік. Осы күндерде болған кездесулердің, әсіресе сол күнгі жүздесудің көңілге нұр құятын сәттерін санамалап айтқан куәгердің сөзінен парасатты азамат, көрнекті ғалым, университеттегі Абай атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры, абайтанушы Жанғара Дәдебаевтың ұйымдастыруындағы жан-жақтылықты, үлгілі үрдісті, кездесудің мәдени-рухани деңгейін жоғары көтерудегі іскерлігін, жан-жақтан жарыса жеткен достарының жүрекжарды лебізі мен сағынышын тереңнен түсінудегі пайымын, өмірден өткен достарын еске алудағы азаматтығын, бас қосудың мәні мен мақсатын ғылыми-іскерлік мәслихат биігіне көтерудегі үлесін, сол кездегі екі топтың осында келген жетекшілеріне «Фараби» алтын медалін алып беріп, кеудесіне жарқырата тағуын естіп, осы кездесудегі оның қайраткерлік келбетіне риза болдым. Бұл бір айта жүрер кездесу болыпты. Курстастарының әлі күнге жаңғыра жетіп жатқан алғысы мен бағалауы орынды болған екен деп, мен де қошемет білдіргенді оң көрдім.
«Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деп өзінің «қызметтес бабасы» Абай тұжырғандай, ғылымда ғана емес, өмірде, қоғамдық ортада білдірмей жақсылық жасауға тұратын мұндай азаматтардың ортамызда жүруі бір ғанибет емес пе! Абай ғылыми-зерттеу институтына кіргенде ұлы Абайдан жеткен адамгершілік Кодексі қарсы алады. Кезінде Кеңес насихатының негізі болған коммунистік кодекстің түп тамыры осы Абай ілімінде жатыр екен ғой. Абыз Абайдың адамзаттық тұлғасын танытудағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай жылын» жариялаудағы шешімі Абай мұрасын зерттеп, зерделеудің жаңа кеңістігін ашты. Әлемдік ұлылардың қатарынан орын алуына еш күмән жоқ. Абайдың өркениеттік өріске шығуына жол ашып берген Президенттің алар сауабы аз емес.
 Қоғамның адами-имани, моральдық, сауаптылық кодексін талғаммен түзіп, оқу орнының кісілікке баулыр көрінісін қалыптастырып, Абай антологиясының 10 томдығын уақыт талабына сай құнттап, қадірлеп шығарудағы және Абай туралы жазылған әр жанрдағы жазбалардың басын қосып жинақтап, 50 томдық ғылыми-дәрістік томдарды шығарудағы Жанғара Дәдебаевтың үздіксіз ізденістегі еңбегіне құрмет білдірудің мүмкіндігі туғанына қуанып та отырмын. Бұған дейін 1999 жылы шыққан Абай энциклопедиясын ұстанып келсек, Тәуелсіздік жылдарындағы даму мен өзгерістің, рухани-мәдени әлемдегі жаңалықтар мен жаңа ашылымдардың Абай мұрасына ықпалы мен оларға Абай мұрасының ықпалы туралы айтар сөз, ұсынар ой мен пікір уақыттық сарапқа, тарихи талапқа бой артты. 
Қыздың жиған жүгіндей, қамқор қолдан шыққан 60 томдық ұзақ жылғы мігірсіз еңбек пен көз майын суырған ізденістен туғанын екінің бірі біле бере ме? Осы ғылыми ортаға келген мен үшін бұл бір көрнекі кітапхана десем, артық айтқандық болмас. Бұлардан басқа Абай іліміне, Абай поэзиясына, Абайдың сара сөзіне, Абайдың алғаусыз аудармасына, Әйгерім әндеріне, Абайдың көріпкелдік, данышпандық айтқырлығына, Абайға қатысты жер-су атауларының танымдық, тарихи талдауына, Абайдың ғылыми айналымға түскен ерен еңбектеріне, қазақ қоғамының әр кезеңдегі абайлық үлгіні ұстанудағы қолтаңбасына арналған еңбектер Жанғара басқаратын он шақты адамның қолынан шыққанына таңғалуға болады.
 Осының бәрінің ұйымдастырушысы, жетекшісі, жол бастаушысы, қалтқысыз қаламгері, майталман мамангері, университеттегі сан алуан проректорлық, декандық, кафедра меңгерушілік қызметте ғылыми сара жолдан таймаған Жанғара Дәдебаевтың азаматтық портретіне достық көңілмен сызба салдым. «Жаны жомарт Жанғара» деуімнің мәні мен мақсаты осында жатыр. Жақсының жақсылығын айтсақ, жұртымыздың жанды сөзін тағы бір тірілткеніміз болмақ. Киелі де қасиетті қара шаңырақ – Фараби университетінің әрбір күні, әрбір жылы осындай игілікті іс-шараларға тола беруіне түлектері әрқашан тілектес. 

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ

141 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы