• Ақпарат
  • 03 Шілде, 2025

Баба аманатына адалдық

Қай елді, қай ұлтты алсақ та, оның ең бірінші байлығы, асыл қазынасы, ұлттық болмысы, өзіндік ерекшелігі – Алланың құдіретімен жаратқан, жаратылыс сый еткен ана тілі! Ол қай халыққа болмасын ана сүтімен, ана мейірімімен, ана жылуымен, ана құшағымен дариды, беріледі. Әркімнің алдымен өз тілінде сөйлеуі, өз тілін құрметтеуі – елін сүюі, жерін сүюі, ұлтын сүюі, анасын ардақ тұтуы, әкесін қадірлеуі. 

Тіл құдіреті – шексіз құдірет! Оған шендесетін, онымен шектесетін, онымен текетіресетін ештеңе жоқ. Тіл арқылы ұлт дамиды, өседі, өнеді, сақталады, тамырын тереңге жаяды. Тілі жоғалған халық – жер бетінен жоғалған халық. Өзге тілді біл, мейлің, он тілде сөйле, алайда ана тіліңді бәрінен жоғары, биік. Оны қызғыштай қорып, жаныңдай сақта. Ол – бабалар аманаты, ел мұраты, ұрпақ келешегі. 
Алдымен өз тілін білген, қастерлеген елдің экономикасы дамиды, түтіні түзу шығады, бірлігі бекем, іргесі мықты болады. Өмірде мұндай үлгі аларлық елдер жетерлік. Соның бірі – Жапония. Тіл тазалығы, тіл ұстанымы ұлттың ұлы рухы, қаны мен жаны, ары мен намысы, адалдығы мен айбындылығы, тектілігі мен тегеурінділігі, өміршеңдігі мен өлшемділігі. 
Ұлыларымыз, өмірден өткен зиялыларымыз, кешегі өткен Шерағаңдар бекерден-бекер шер тарқатып, тілім деп тебіреніп, елім деп еңіреген жоқ. Олар алысты болжады, келешекке көз тікті, ұрпақ болашағын ойлап, баз кешті. Әр ұлттың мәңгілік ұлт болып қалуы, тарих тұғырында мәңгілік қоныс тебуі ана тілін арындай қорғап, жоғары ұстауында, қастерлеуінде екеніне көздері жетті. Уайымдады, алаңдады, налыды, айтты, жазды, түсіндірді, ұқтырды. 
Ана тіліңді, ана сүтімен келген, Алла сыйлаған, аса қымбат, аса қадірлі, аяулы, Төле, Қазыбек, Әйтеке сөйлеген, хан Абылай қадір тұтқан, иісі қазақ ұлылары мен зиялылары қастерлеген ана тіліңді сыйла, қадір тұт. Сонда Алла да разы, бабалар рухы да разы. Несібең де мол, ырысың да мол. Бақытың баянды, келешегің кемел! Ғасырдан-ғасырға, мәңгілікке қазақ елі, дарқан далалы, кең пейілді, зор несібелі, ырзықты ғұмырлы ел болып қалады. 
Ана тілінің құдіреті – шексіз құдірет! Ол – Алла әмірі, Алла аманаты әр халыққа, ұлтқа ұлысқа сый еткен. Әр қазақ осыны ұғын, осыны ойла, санаңды сергіт, көкірегіңді аш, көңіліңді оят. Ана тілін қастерлеп, қадір тұтқан елдің жүзі жарқын, келешегі айқын, елі мәңгілік, шаңырағы биік, босағасы берік, ұрпағы ұлықты, тұқымы текті, тақымы мықты, бақыты баянды, қадамы нық, қарқыны қадымды, ойы шалымды, жүрегі жалынды, түйсігі сезімді, түйткілі төзімді! Ел болам десең, ең алдымен, ана тілін сыйла, ананың ақ сүтін сыйла, барыңды қадір тұт! Уақыт өте жылдам, иісі қазақ ана тілін аялайтын, қастерлейтін, мәні мен маңызын, қадірі мен қасиетін білетін уақыт жетті. Жан-жағымызға көз салайық, жүрек түкпірімізді, сана-сезімімізді, көңіл төрімізді ашайық! 

Болат Махмұтов 
Теміртау

 

89 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы