• Ақпарат
  • 03 Шілде, 2025

Қазақ тілі қалай оқытылуы керек?

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, А.Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасы мен Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігінің ұйым­дастыруымен «Қазақ тілі пәнін оқыту: әдіснама, әдіс, құрал» атты республикалық дөңгелек үстел өтті.


Жиынды филология ғылымының докторы, профессор Анар Салқынбай жүргізді. Дөңгелек үстелде профессор Жанат Дәулетбекова, профессор Зәуреш Ерназарова, профессор Орынай Жұбай, Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымының кандидаты Бижомарт Қапалбек баян­дама жасады. Еліміздің түкпір-түкпірінен тілші-ғалымдар, қазақ тілі пәнінің мұғалімдері ZOOM арқылы онлайн қатысты.
Ақиқаты, жоғары оқу орындарының орыс топтарында білім алатын студенттер қазақ тілін қанша жыл оқыса да, көбіне жай тіл қолданушы деңгейінде қалып қояды. Олар тілдің табиғи жүйесін меңгеріп, оны дамытып, кәсіби салада еркін пайдалана алмайды. Сондықтан қазақ тілін оқытуда негізгі назарды қазақ аудиториясына аудару қажеттігі жиі айтылып келеді. Қазақ аудиториясында тіл екі бағытта оқытылады: біріншісі – академиялық білім, екіншісі – коммуникативтік дағды. Осы екі бағытты да тең ұстау маңызды. Себебі мемлекеттік тілді өз саласына енгізіп, ғылыми стилін қалыптастырып, жаңа терминдерді өмірге әкелетін – дәл осы қазақтілді мамандар. Қазір қазақ тілі барлық деңгейде, түрлі сатыда кеңінен оқытылып жатыр. Алайда тілді нақты кәсіби салаларда, терең әрі мақсатты түрде оқыту жағы жеткіліксіз болып отыр. Жиын осы өзекті мәселелерді талқылауға арналды. Жиын барысында қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мен оны салааралық деңгейде дамыту жолдары ұсынылды.
 – Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – қазақ тілін оқытудың жүйесін саралау, бағыт-бағдарын айқындау және тиімді әдіснамасын белгілеу. Қазақ тілін оқыту белгілі бір жүйелі арнаға құрылған. Бұл арна балабақшадағы алғашқы тілдік дағдыдан басталып, әліппе арқылы қалыптасып, орта мектептегі оқулықтармен жүйеленіп, жоғары оқу орындарында тереңдетіле оқытылуға тиіс. Алайда бүгінде осы сабақтастықтың сақталып-сақталмай отыр­ғаны – үлкен мәселе. Мектеп пен жоғары оқу орындарының бағдарламасы арасында өзара байланыс пен үйлесім жетпейді. Себебі мектеп оқулықтары жаңартылған білім мазмұнына негізделіп жасалып жатса, ЖОО-дағы оқулықтар мен ғылыми жобалар әлі де болса классикалық үлгіде жазылып келеді. Бұл екі жүйенің арасын алшақтатып отыр. Бүгінгі жиынға сіздерді шақыруымыз­дың себебі – дәл осы мәселенің шешімін бірге қарастыру. Қазақ тілі қалай оқытылып жатыр? Қандай әдістер нәтижелі? Қандай оқулықтар қажет? Осы сұрақтарға нақты жауап табу – баршамызға ортақ міндет. Қазақ тілі – тек қатынас құралы ғана емес. Ол – халықтың ділі мен дәстүрін, болмысын бойына жинақтаған рухани-мәдени құндылық. Тіл, ең алдымен, халықтың жады. Бұл – әлемдік тәжірибеде де дәлелденген ақиқат. Сондықтан қазақ тілі арқылы кез келген салада ұлттық құндылықтарға негізделген даму жолын қалыптастыруымыз қажет. Бұл – баршамыздың ортақ мақсатымыз, – деді профессор Анар Салқынбай. 
Жиында сөз алған педагогика ғылымының докторы, профессор Жанат Дәулетбекова қазақ тілін оқытуда үш маңызды факторды ескеру қажет екенін атап өтті.
– Бірінші – ертеңгі Қазақстанның, әділетті қоғамның тізгінін ұстайтын баланың кім болып қалыптасатыны. Барлық пәндер бірігіп, сол баланың тұлғасын қалыптастыруға жұмыс істеуге тиіс. Екінші – әр пән өзінің нақты мақсатын орындауы керек. Қазақ тілі тыңдау, оқу, жазу, сөйлеу, айтылым дағдыларына негізделіп оқытылуы қажет. Бұл – тіл пәнінің құрылымдық өзегі. Ахмет Байтұрсынұлы: «Бастауышта бала әдеби шығармалар арқылы мәдениетті танып, оқуға үйренгені жөн, ал негізгі мектепте ғылым негіздері жүйелі түрде берілуге тиіс», – деген. Осы тұжырымнан шығатын қорытынды – әр пән өзінің бастауын ғылымнан алуы керек. Математика – математика ғылымына, биология биология ғылымына негізделсе, қазақ тілі тіл білімінің негізінде оқытылуы қажет. Тілді қалай оқыту керек? Бұл – тәрбие арқылы жүзеге асатын үдеріс. Баланың бойына тіл арқылы өнер мен рухани құндылықтарды сіңіру – тәрбиенің шынайы жолы. Бұл ұрандату мен формалды іс-шаралар арқылы емес, тікелей тұлғаға әсер ететін терең тәрбиемен іске асады. Үшінші – адам дүниенің сырын денелеп, таным арқылы ұғынуы. Егер адам дүниені осылай танып-білмесе, онда ол жан иесі емес, тек тірі ағза ретінде ғана өмір сүреді. Ал халық үшін дүние дегеніміз – ұлттың тілі мен білімі. Абай да «Білімдіден шыққан сөз – талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге көкірегінде болсын көз» деп бекер айтпаған. Оқулық жазу – оңай шаруа емес. Бұл – бір емес, он ұшақ құрастырып шығарудан да қиын еңбек. Оқулық баланың қабылдауына сай, ғылыми әрі әдістемелік жағынан дәлдікпен жасалуға тиіс. Әлемдік тәжірибеге үңілсек, тіл – жай ғана қатынас құралы емес, ұлттың жады мен санасы. Бұл – халқымызға тән ұстаным. Сондықтан қазақ тілінің грамматикасы да, мәні де жүйелі түрде оқытылуы қажет, – деді профессор Жанат Дәулетбекова.
Филология ғылымының докторы, профессор Зәуреш Ерназарова «Жалпы білім беретін орта мектепте қазақ тілін оқыту үдерісін трансформациялау қиындықтары» тақырыбында сөз сөйледі. Маманның айтуынша, қазақ тілін оқытуға қазіргі заман талаптарына сай, жаңаша көзқараспен қарау қажет.
– Біріншіден, білім беруді, соның ішінде қазақ тілін оқытуды белсенді әрекет ретінде қарастыру маңызды. Екіншіден, білім қоры тәжірибе арқылы қалыптасады деген ұстанымды басшылыққа алу қажет. Білім алу – әрбір оқушы үшін жеке сипаттағы танымдық үдеріс. Сондықтан әр оқушының дүниетанымы, қабылдау ерекшелігі, көзқарасы бар екенін ескеру керек. Үшіншіден, қазақ тілін оқыту аутентті сипатта жүргізілуге тиіс. Яғни оқу үдерісі шынайы өмірге байланысты, нақты тілдік жағдаят­тарға құрылған материалдарға негізделуі аса маңызды. Бұл жерде оқытудың түпкі мақсаты алдын ала айқындалып, жүйелі түрде белгіленуге тиіс. Төртіншіден, оқыту – нәтижеге бағытталған танымдық әрекет. Бұл үдеріс тану, таңдау, жинақтау, қолдану және бағалау сияқты сатылар арқылы жүзеге асады. Тіл үйрету – когнитивті, яғни оқушының ойлау қабілеті мен білім қорының өзгерісіне негізделген күрделі үдеріс. Мұғалімнің нұсқауынан кейін оқушы ақпаратты қабылдайды, түсінеді, өзінше интерпретациялайды. Ал оқыту нәтижесі, яғни білімнің өзгеруі мен толыққандығы оқушы өнімі арқылы бағаланады. Мен жүргізген сауалдама нәтижелері де біраз жайтты аңғартты. «Сізге қай оқыту әдісі ұнайды?» деген сұраққа респонденттердің 40,9 пайызы – коммуникативтік әдісті, 33,3 пайызы – аралас тәсілді, ал 15,2 пайызы дәстүрлі әдісті таңдағанын көрсетті. Сондай-ақ «Қазақ тілі сабағында не маңызды?» деген сауалға мұғалімдердің 28,8 пайызы – сөйлеу әрекеті мен дағдысын дамыту, 27,3 пайызы – тақырып бойынша өз ойын еркін жеткізе алуы, 25,8 пайызы – грамматикалық білім беру, ал 13,6 пайызы оқушы шығармашылығын дамыту деп жауап берген, – деді Зәуреш Ерназарова.
Жиында сөз алған филология ғылымының докторы Орынай Жұбай қазақ тілін оқыту мәселесіне қатысты тарихи сабақтас­тық пен бүгіннің өзекті түйткілін кеңінен қозғады. 
– Ахмет Байтұрсынұлы 1895 жылдан бастап мектепте мұғалім болып істей бастады. Ал қазір біз мектепте көп нәрсе жоқ деп айтамыз. Бірақ А.Байтұрсынұлы еңбек ете бастаған жылдарда мектепте ештеңе болмады. Орыс мектептері сақадай сай қаруланып, жағдайы жасалып тұратын. Орыс мектебінің мақсаты қазақтың мүддесі емес. Ол патшалық Ресейдің мүддесі болды. Қазақ мектебінде дұрыс бағдарлама болмады. Бірнеше мекеме орындай алмағанды Ахметтің бір өзі орындады. Академик Рәбиға Сыздық: «Мектепте, ең болмағанда бастауышта орыс тілінде де емес, ағылшын тілінде де емес, тек қана ана тілінде оқыту керек. Бала ана тілін бастауыш мектептен меңгеріп, кейін басқа тілді қосу керек. Айналасын ана тілінде танып, әр заттың қазақша атауын білген соң ғана оның орысшасын, ағылшыншасын үйренуі оңай болады. Ана тілі болмаған адамнан ешқандай ақын да, жазушы да, суретші де шықпайды. Ғалым, маман, тіпті атақты адам да шығар. Бірақ онда ешқандай мәдени азық болмайды. Ағылшын тілінде тамаша жазсын, орыс тілінде өлең шығарсын, бірақ ол ана тілі емес. Сондықтан Үкімет, басшылар, оқу-ағарту саласындағылар қазақ мектебін қолға алып, қамқорлық көрсетуі керек. Қазақ мектебіне немқұрайдылықпен қарайтын болсақ, үш ұрпақтан кейін ол тіл құриды. А.Байтұрсынұлы мектепте ана тілінде оқыту қажеттігіне ерекше ден қойған. Мектепте ана тілінде оқыту үшін алдымен қазақша жазу таңбаларын, яғни алфавитін жасап шыққан. Содан соң балаларға осы таңбаларды танытып, са­уатын ашатын әліппеден бастап, сол тілді пән ретінде үйрететін грамматика оқулықтарын жазу керек болды. 1912 жылы мектеп балаларын қазақша сауаттандыратын «Оқу құралын» жазғаннан кейін көп ұзамай мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулық жазуға кіріседі. Бұл оқулықтың фонетикаға арналған 1-бөлімі «Тіл – құрал» деген атпен алғаш рет 1915 жылы жарық көреді. Ол әрі қарай бірнеше рет басылған, 1927 жылғы Қызылордадағы басылымы 7-нші деп көрсетілген. «Тіл – құралдың» қазақ тілінің морфологиясына арналған II бөлімі бұдан да бір жыл бұрын, 1914 жылы, баспадан шыққан, оның 1927 жылғы басылымы 6-ншы деп көрсетілген. Синтаксиске арналған III бөлімі де бірнеше басылым көрген. Оның 6-басылымы 1928 жылы Қызылорда–Ташкенттегі «Казгосиздаттан» шыққан. «Тіл – құрал» – қазақ мәдениетінде бұрын болмаған соны құбылыс. Оның қазақ жұртшылығы үшін мүлде тың дүние екенін автордың өзі де ескертеді. Оқулықтың «Сөз басы» деп аталатын алғы сөзінде: «Тіл – құрал» деген аты қандай жат көрінсе, ішкі мазмұны да әуелгі кезде осындай жат көрінер, өйткені бұл – қазақта бұрын-соңды болмаған жаңа зат. Халықта бұрын болмаған нәрсе жат көрініп, бірте-бірте бойы үйренген соң қалатын», – деп жазады. А.Байтұрсынұлы: «Бастауыш мектептер оқуы қазақ үшін 5 жылдық боларға [тиіс]. Бастауыш мектепте кілең қазақ тілінде үйретілетін нәрселер: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрафия, шаруа-кәсіп, жаратылыс жайы. Бастауыш мектептің кілең орысша оқитын екі жылында үйретілетін білім гимназияның, яки реальный мектептердің төменгі кластарына кірерлік болуға тиіс» деп баса айтқан еді», – деді профессор Орынай Жұбай. 
Келесі сөз кезегін алған Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры Бижомарт Қапалбек қазақ тілін оқытудағы жаңа тәсілдер мен бағдарлама құрылымы туралы өз ойын ортаға салды.
– Бұрын қолданылған дәстүрлі бағдарламада лингвистикалық білім былай оқытылатын еді: бастауышта фонетика, лексика, грамматика бойынша жалпылай түсінік беру. Яғни 5-сыныпта – лексика, фонетика, 6-сыныпта – сөз таптары, 7-сыныпта сөз таптарының түрленуі, 8-сыныпта сөйлем, 9-сыныпта пунктуация, 10-сыныпта тіл мәдениеті, 11-сыныпта шешендік өнер. 
Біздің ойымызша, орыс аудиториясы болсын, қазақ аудиториясы болсын, мақсат біреу – қазақ тілінде дұрыс сөйлеуді, сауатты жазуды үйрету. Сондықтан қазіргі бағдарлама басты екі әрекетке негізделеді: 1) мәтінді тану; 2) мәтінді тудыру. Мәтінді тану деген – оның мазмұны мен құрылымын тану, стилі мен жанрын тану, ішіндегі тілдік бірліктерді тану. Ал мәтін тудыру деген – тура сондай өзі танып дағдыланған мәтіндерді тудыра білу дағдысын қалыптастыру. Тудыру барысында орфографиялық, орфоэпиялық, стильдік, грамматикалық, пунктуациялық нормаларды сақтау керек, міне, білу керек грамматикамыз – сол. Қазіргі мектептен қазақ тілін мың сағат оқып шыққан бітірушілердің орфоэпиялық нормаларды, яғни айтылым нормаларын дұрыс сақтай алмай «күлкі», «түлкі», «көбелектер» деп қалай жазылса, солай айтып жүргені мектепте дұрыс оқымағандық. Яғни қажетті лингвистикалық білімді ала алмағандық. Ал жаза білуге үйрену дегеніміз – бастауыштан басталатын дағды. Бастауышта сауатты, қатесіз жазып бастап, 11-сыныпта 5 стильде, 5 стильдің кез келген жанрында жаза алатын, сондай мәтіндерді тудыра алатын оқушы тәрбиелей алсақ, онда бағдарламаның мақсатына жеткеніміз. Сондай-ақ, біздіңше, мәтін тану (тыңдалым, оқылым) мен оны тудыруға (айтылым, жазылым) қатысты 40 минуттық сабақты 100 пайыз деп алғанда қай бөлікке қанша уақыт арнау керегін өзімізше бөліп көрсеттік: мәтіннің мазмұнын тануға – 10 пайыз, ішіндегі тіл бірліктерін тануға – 40 пайыз, мәтін тудыруға – 50 пайыз, оның ішінде мәтін тудыруға – 35–40 пайыз, мәтіннің грамматикалық қателерімен жұмыс – 10–15 пайыз. Байқап отырғанымыздай, мәтін тудырудың соңғы 10–15 минуты орфографиялық және орфоэпиялық қателермен жұмысқа арналуы керек. Сонда грамматикалық білім бөлімнен-бөлімге немесе сыныптан-сыныпқа қарай емес, әр сабақ сайын қайталанып, дағдыға айналып кетеді. Қазақ тілі пәнінің мақсаты – төртеу. Біріншісі – дұрыс, шебер сөйлеуге үйрету (ауызша барлық стильде мәтін тудыру дағдысын жетілдіру). Екіншісі – сауатты жазуға үйрету (барлық стильдің жанрларында жазбаша мәтін тудыру дағдысын қалыптастыру). Үшіншісі – қазақ тіл білімінің метатілін орта мектеп деңгейіне сай меңгерту (орта мектепке сай лингвис­тикалық білім беру, тіл бірліктерін тану, талдау, мәтінтану, мазмұнын, құрылымын, стилі мен жанрын ажырата білу). Төртіншісі – Ұлттық дүниетанымын қалыптас­тыру (тіл арқылы ұлттық құндылықтарды сіңіру, аялық білімді меңгерту, әлемнің қазақ тіліндегі бейнесі). Қазақ мектебіндегі қазақ тілінің өзегі грамматика болуы керек. Қазақ мектебіндегі қазақ тілі бұл өзге аудиториядағы қазақ тілі сияқты тіл үйрететін, коммуникативтік дағды қалыптастыратын пән емес, бұл орта мектеп деңгейінде лингвистикалық білім беретін ғылыми пән. Қазақ тілі мұғалімдері осыны мықтап есте ұстауы керек. Екеуі де қазақ тілі екен деп екеуіне бір мақсат – коммуникативтік дағды қалыптастыру деп, қазақ мектептеріндегі қазақ тілі пәнін ойын­шыққа айналдырмаған дұрыс. Қазақи ортада өскен монотілді балада коммуникативтік дағды 3 жастан бастап қалыптаса бастайды. Қазақ мектебіндегі қазақ тілі пәнінің мақсаты сол дағдыны жетілдіре отырып, мәтіндегі тіл бірліктерін түстеп тану, мәтінді лингвистикалық талдау, түрлі сипаттағы мәтіндер тудыруға үйрету екені рас. Яғни қазақ мектебіндегі оқушыға мәтіндегі негізгі ойды тап деген сияқты төмен мақсат қойып, лингвистикалық білім беретін ғылыми пәнді сөйлеу дағдыларын қалыптастыруды көздейтін тіл үйрету пәнімен шатастыруға болмайды. 
Бізде қазір бір қазақ тілі пәні бөлек-бөлек оқытылады: 
– орта мектептің қазақ сыныбындағы қазақ тілі, орыс сыныбындағы қазақ тілі; 
– ересектерге арналған бастауыш, жал­ғас­тырушы, тереңдетілген деңгейдегі қазақ тілі; 
– жоғары оқу орындарындағы орыс топтарына арналған бастауыш және жалғас­тырушы деңгейдегі қазақ тілі; 
– ҚазТест жүйесімен оқытылатын қазақ тілі т.б. Қазақ тілін ана тілі ретінде оқу, мемлекеттік тіл ретінде оқу, шет тілі ретінде немесе екінші тіл ретінде оқу дейтін әдістемесіне қатысты түрлері тағы бар. Мәселен, Германияда неміс тілін білудің алты деңгейі бар және қай деңгей оқытудың қай сатысына тиесілі екені реттелген. Ал бізде жоғарыда аталған түрлі-түрлі қазақ тілінің (пәннің) өз маманы бар және олардың ғылыми-әдістемелік тұрғыдан бір-бірімен мүлде байланысы жоқ. Бәрінің оқытып жатқаны – бір қазақ тілі. Ең озық кеткені мектеп, онда қазақ тілі шетінен импортталған жаңартылған бағдарламамен оқытылады. Қазақ мектебінің көбеюі ұрпағының болашағын ойлаған ойлы ата-ана шешімі, солардың сұранысы, солардың талабы, – деп сөзін қорытындылады Бижомарт Қапалбек. 
Пікірталаста профессор Тыныштық Ермекова, профессор Д.Әлкебаева, доценттер С.Жусанбаева, Ж.Ағабекова, Л.Әлімтаева, Ғ.Шойбек, Ә.Елшібаева, НЗМ әдіскері Ж.Қажығали сөз сөйлеп, өз пікірін ортаға салды. 
«Жиын барысында Зәуреш Шаршабекқызы маған мынадай сауал қойды: «Лексикалық тақырыптар мен грамматикалық тақырыптарды қалай байланыстыруға болады?» «Осы сұрақтың жауабын берейін. Мүмкін емес. Кейде ғана мүмкін, әрқашан мүмкін бола бермейді. Бағдарлама бойынша өтетін грамматикамыз – тұрақты сөз тіркесі болса, ал мәтініміздің тақырыбы ғылыми стильдегі «Ғарышқа саяхат» болса, оның ішінде бір де-бір тұрақты сөз тіркесі болмаса, екеуін, яғни лексика мен грамматиканы мәтін тану кезінде байланыстыру тіпті мүмкін емес. Менің ойымша, грамматиканы бір сыныпта бір бөлімде белгілі бір бөлігін, деңгейін ғана, мәселен, сөз таптары, не болмаса зат есімді оқытумен шектелу тиімсіз. Бағдарламада грамматиканы деңгейлік жүйемен беру функционалдық сауаттылыққа пайдасы аз. Мәтіннен, яғни коммуникациядан басталатын бүгінгі бағдарламада оның оқулықтарында грамматика жоқ деуге болмайды, әрине. Грамматиканы болдыру, алдымен, оқулықты жазушыларға, одан кейін мұғалімдерге байланысты. Әрине, ол үшін бағдарламаға аздаған өзгеріс енгізу керек. Мәтінді тану кезінде грамматиканы кеңінен үйретуге болады. Мәтінді тудыру кезінде орфоэпиялық, орфографиялық, лексика-грамматикалық, стилистикалық, пунктуациялық қателермен жұмыс істеудің тиімділігі аса жоғары. Грамматиканы әр сабақта күнде-күнде оқыту керек, онсыз мәтін дұрыс танылмайды, онсыз мәтін дұрыс тумайды. Коммуникативті мақсатты жүзеге асыру кезінде сабақты күнде грамматикамен жұмыс істейтін етіп жоспарлау керек. Бұл, меніңше, былай: Біз сабақты қазақ тілі пәнінің басты мақсатына ыңғайлап, соны үнемі есте ұстап, үнемі сол екі дағдыны (жазу мен сөйлеуге) үйретуге бағыттап отыруымыз керек. Айтқанымдай, мәтін тудырудың соңғы бөлігі және мәтін танудың көп бөлігі үнемі орфоэпиялық, орфографиялық және пунктуациялық қателермен жұмысқа арналуы керек. Сабақты дәл осындай жүйеде өткізу қазақ тілін белгілі бір деңгейде білетін қазақ мектептеріндегі қазақ тілі пәні бойынша ұтымды болмақ. Сондықтан грамматика бөлімдерге бөлінбей, сыныпқа тұтас арналып берілгені жөн. Оны әр сыныптан-сыныпқа жайдан күрделіге қарай, шиыршықтай орналастырып беру – бүгінгі филологтердің аса бір бас қатыратын мәселесі. Мұғалімді рамкаға сап қоймай, бүгінгі сабағын өзі қажет деп тап­қан грамматикамен бастай ма, оқушылар мәтінде көп қате жіберетін грамматиканың бір нормасы пысықтаудан бастай ма, жоқ, әдеттегідей мәтінді ауызша не жазбаша танудан бастай ма – осыған бағдарламада еркіндік берілуі керек», – деп түйіндеді сөзін Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры Бижомарт Қапалбек. 

 Жазып алған 
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

484 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы