- Ақпарат
- 03 Шілде, 2025
Тарихты тірілтетін мекеме

Ілияс Ысқақов, Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің директоры
Көпшілік үшін архив сөреде шаң басқан қағаздар сақталатын тыныш мекеме секілді. Бірақ уақыттың үнін, бейнесін, тіпті тынысын тірі қалпында сақтап отырған бір мекеме бар. Ол – Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві.
Бұл мекеме Қазақстанда жалғыз. Онда ұлт тарихының бейне, фото және дыбыс түріндегі куәгерлері сақталады. Біз осы ерекше архивтің тыныс-тіршілігі, техника мен цифрландыру, маман тапшылығы және келешекке жоспары туралы білу үшін аталмыш мекеменің директоры Ілияс Ысқақовпен сұқбаттасқан едік.
– Ілияс Башарұлы, архивтің қазіргі ахуалын, ерекшелігін айтып өтсеңіз. Бұл мекеме несімен дара?
– Осыдан екі жыл бұрын 80 жылдық мерейтойымызды атап өттік. Бұл – Қазақстандағы жалғыз әрі өзгеше архив, яғни кино, фото және дыбыс жазбаларын жинақтап, сақтап отырған бірден-бір мекеме. Елде 200-ден астам архив бар, алайда біздің бағытымыз ерекше. Штатымыз көп болмағанымен, жұмыс көлемі орасан.
Біз тек архивтегі материалдарды сақтап қоймай, оларды елге ұсынып, зерттеушілерге, журналистерге, деректі фильм түсіретіндерге, киногерлерге, блогерлерге және шетелдік мамандарға да қолжетімді етеміз. Сонымен қатар архив материалын жинау, құрастыру, жүйелеу – біздің маңызды міндетіміздің бірі.
Архивтің басты мақсаты – тарихи және мәдени құндылығы бар, ел өмірінің сан қырлы келбетін бейнелейтін аудиовизуалдық құжаттардың сақталуын, толықтырылуын, ғылыми пайдаланылуын және танымал болуын қамтамасыз ету. Архив қызметінің басым бағыты – техникалық даму үстіндегі, зақымдану сақталу және жойылу қаупі жоғары, соның ішінде, отандық және шетелдік шығармашылық ұйымдардың қызметінің қатарына енетін аудиовизуалдық құжаттарды жинақтап сақтау.
Архивте 300 мыңнан астам аудиовизуалдық құжат сақталып, ел архивінің ішіндегі бірден-бір мамандандырылған мемлекеттік мекеме ретінде қызмет етеді. Архивтің материалдық-техникалық базасын жаңарту, білікті мамандар даярлау, озық цифрлық өңдеу әдісін енгізу және ақпараттық тасымалдаушыларды – аналогтік те, цифрлық та – ұзақ мерзімді сақтауға қолайлы жағдай жасау қажет.
Қазір архивте қойма орындары жеткіліксіз. Ұзақ жылдар бойы аудиовизуалдық құжаттарды сақтау дәстүрлі аналогтік тасымалдаушылармен ғана жүргізілді. Құжаттар фильм тексеру және дыбыс фонограммаларын тыңдап, шаңнан тазартудың магнитті таспаға арналған фонолабораториясында тыңдалып, шаңнан тазартылды. Сақтандыру және аса құнды қорлар үлдірге көшіру арқылы қалыптастырылды.
Бұл архивке фотоқұжаттарды дұрыс сақтап, цифрлық форматқа көшіру – маңызды міндеттердің бірі. Алдымен, бізге әртүрлі тасымалдағыштарда келетін түпнұсқа фотосуреттерді қабылдаймыз. Егер сурет физикалық түрде келсе, оны арнайы жағдай жасап, ұзақ уақытқа сақтаймыз. Кейін сол материалдарды цифрландырып, сандық форматқа өткіземіз. Сонымен қатар міндетті түрде резервтік көшірмесін жасап, оны бірнеше жерде сақтаймыз: серверлерде, сыртқы дискілерде және басқа тасымалдағыштарда.
Мақсатымыз – деректерді жоғалтпау және оларды келешек ұрпаққа жеткізу. Сондықтан бізде жоғалу жағдайы тіркелмеген. Фотоқұжаттар мен кинохроникаларды жандандыруда жасанды интеллект туралы сұрақ жиі туындайды. Қазір бұл технологияны біз аз ғана көлемде, мысалы, кейбір роликті көрнекі ету үшін сөйлемдерді жандандырып немесе түрлі эффектілер қосу мақсатында қолданамыз. Бірақ бұл үшін арнайы мамандар қажет, ал бізде ондай кадрлар жетпейді. Архив саласында қызмет етіп жүрген адам саны шектеулі, ал арнайы сала мамандарын тарту өте қымбатқа түседі. Сондықтан қазір біздің мүмкіндігіміз шектеулі.
– Еліміз егемендік алғаннан бергі кезеңге қатысты тарихи, мәдени, қоғамдық өмірімізге байланысты көптеген құнды фото және бейнематериалдар қаншалықты жинақталған?
– Кеңес дәуірінде телеарналар, радиолар, газет-журналдар, тіпті фотографтар да өз материалдарын міндетті түрде архивке тапсыратын. Қазір бұл талап сақталғанымен, көбі оны орындамайды. Соның салдарынан еліміз егемендік алғаннан бергі кезеңге қатысты тарихи, мәдени, қоғамдық өмірімізге байланысты көптеген құнды фото және бейнематериал архивке өткізілмеген. Мысалы, біз жақында екі томдық «Қазақ әдебиеті. Фотошежіре» атты фотоальбом шығардық. Ол ХХ ғасырдың басынан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Кеңес уақытындағы ақын-жазушылар туралы фотоматериалдар жеткілікті болса, Тәуелсіздік кезеңінде ондай жүйелі жинақ болмағандықтан, кейінгі деректер жетпейді. Осыны ескеріп, қызметкерлерімізге нақты тапсырма бердік: мекемелерге өздері барып, құнды материалдарды жинау. Бүгінде ешкім өздігінен әкеліп тапсырмайды. Министрлікке хат жазып, телеарналарға, радиоларға, баспасөз құралдарына өтініш жасадық.
– Архивке әкеліп тапсырмаса, өздеріңіз жинауға тура келеді ғой, демек? Архивті қалай толықтырып жатсыздар?
– Ведомстволық архивтерді толықтыру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Аудио түрлі себептермен толықтырылмайды, аудиовизуалдық құжаттарды қабылдау көлемін ұлғайту және сақтауды ұйымдастыру үшін арнайы құрал-жабдықтар, білікті кадрлар және кәсіби мамандардың тапшылығы, сақтау мен цифрландыруға арналған ресурстардың шектеулілігі басты фактор ретінде архивтің кеңейту мен аудиовизуалдық мұраны сақтау мәселесін күрделендіреді.
Жақында «Қазақ газеттері» ЖШС қарайтын бірқатар басылымдар мен «Ana tili» газетінен 4 мыңнан аса фотосурет алдық. Бұл – үлкен олжа. Қазір олардың барлығына түсініктеме жазылып, нөмірленіп, архив қорына енгізіліп жатыр.
Сондай-ақ М.Әуезов атындағы академиялық драма театрымен, Абай атындағы опера және балет театрымен, Жазушылар одағымен, Суретшілер одағымен, «Қазақфильммен» келісім жүргізілді. Бұрын «Қазақфильмде» актерлік бөлімде түсірілім барысындағы суреттер сақталған болатын, қазір олардың жоғалғаны белгілі болды. Сол кездегі фотограф Әтенаевтың жеке архивінде кейбір материалдар бар екен, сонымен байланыс орнатып жатырмыз. Бүгінде Алматыда бой көтеріп жатқан жаңа ғимараттар да тарих. Сол себепті қызметкерлерімізге Алматының қазіргі келбетін фотоға түсіріп, жинақтау, кейін Астанаға бару тапсырылды.
Тағы бір маңызды бағыт – деректі фильмдер. Біз «Қазақтелефильмнің» барлық пленкадағы материалдарын жинап, оларды тазартып, цифрлық форматқа көшірудеміз. Материалдарды біздің сайттан қарап, қажет болған жағдайда кілт сөз арқылы іздеп, тапсырыс беруге болады. Бірақ соңғы жылдардағы деректі фильмдердің көбі бізге өткізілмеген. Бұл дұрыс емес. Себебі телекомпаниялар жабылады, өзгереді, ал іздеушілер бәрібір архивке келеді. Сондықтан бұл жұмыс мемлекеттік деңгейде жүйеленуі қажет.
Былтыр «Алматы» арнасымен тиімді жұмыс істедік. «Хабар» арнасы және «Қазақстан» телерадио корпорациясымен келіссөз жүргізіліп жатыр. Қазақ радиосының «Алтын қорынан» 22 мыңдай аудиожазбаны алдық, оны цифрлап сақтаймыз. Дегенмен әлі 80 мыңдай жазба бар, бірақ сақтау орнының тапшылығына байланысты ала алмай отырмыз.
Сол себепті 2026–2036 жылдарға арналған онжылдық бағдарлама әзірледік. Бұл құжатта барлық мәселе толық қамтылған. Шетелдерде кино, фото, дыбыс жазба архивтері жеке ғимараттарда орналасқан. Ал біз үш архив бір ғимаратта отырмыз. Сақтау орны өте шектеулі.
– Қордағы ең ерекше құжаттарды айтып өтсеңіз. Сізді не толқытты?
– Жеке өз басым 1930 жылдардағы кинохроникаларды көргенде ерекше әсер аламын. Сол кезеңнің адамы, киімі, сөйлеу мәнері – бәрі тірі көрініс сияқты.Сондай-ақ Германиядан алған сирек фотолар – 1896 жылы түсірілген Дудин мен Багаевтың экспедициясынан алынған нағыз қазына. Бұл фотоларда қазақтың тұрмысы, киіз үйі, киімі, тіпті көзқарасы – бәрі сақталған.
Біз тарихты тірілтіп отырмыз. Мақсатымыз – өткенді сақтау ғана емес, оны болашаққа жеткізу. Ұлттың жадын жаңғырту – үлкен жауапкершілік. Бізге сеніп тапсырылған тарихты жоғалтпау – басты парызымыз.
– Білуімізше, бір ғимаратта үш архив жұмыс істеп отыр, иә? Ол қандай қиындық тудырады?
– Иә, Орталық мемлекеттік архив, Ғылыми техникалық құжаттар архиві және біз. Болашақта жеке ғимарат салып, сақтау орнын кеңейту қажет. Оның нақты уақыты белгісіз. Қазіргі темппен материалдар жинала берсе, он жылдан кейін жаңа ғимарат та толып қалуы мүмкін.
Біз кинопленкамен жұмыс істейміз. Ол – өте нәзік материал, арнайы лабораториясыз тазарту, өңдеу мүмкін емес. Бұрын лаборатория болған, бірақ қала ішінде орналасқандықтан, жабылып қалған. Кинопленкамен жұмыс істеу үшін арнайы химиялық лаборатория қажет. Басқа елдер – Ресей, Моңғолия, Белоруссия – бәрі лабораторияларын қаланың сыртында орналастырады.
Архивтің өз зертханасының болмауына байланысты күрделі реставрация және көшіру жұмысы басқа мекемелерде орындалады. Мысалы, киноқұжаттар «Қазақфильм» киностудиясының зертханасында өңделсе, фотоқұжаттар Мемлекеттік мұрағаттардың фотоматериалдардың микрофотокөшірмелерін жасау және қалпына келтіру орталық зертханасында өңделген. Бұл мекеме 2018 жылы жабылған. Дыбыс жазбаларының сақтық көшірмелерін архив өзінің техникалық құралдарымен орындайды.
Бүгінде үлдірлі тасымалдаушыларда сақталған аудиовизуалдық құжаттарға қолжетімділік үлкен мәселе. Себебі бұл аудиовизуалды құжаттарды ойнататын техникалар моральдық және физикалық тұрғыда ескіріп, істен шыққан. Қазіргі таңда мұндай құрылғылар өндірістен алынған, қолда бары көбіне жұмыс істемейді және жөндеуге келмейді, себебі қосалқы бөлшектер мен мамандар жоқ. Жаңа құрылғыларды сатып алу мүмкін емес, өйткені олар арнайы шығарылмайды, арнайы тапсырыспен ғана жасалады, ал бұл шығынды өсіреді. Осылайша, үлдірлі тасымалдаушылар архив қолжетімділік күрделеніп, цифрландыру мен сақтау жұмысы баяу жүргізіліп жатыр.
Сондықтан архивке қосымша сақтау орындарын аудандау қажет. Халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа архив ғимаратының құрылысы қажет. Бұл – жоғарыда аталған барлық мәселенің шешімі. Сонымен қатар қазіргі аудиовизуалдық құжаттардың толықтыруы арттырылады, архив жанынан кино және фото зертханалар, цифрландыру бөлімдерін ашуға мүмкіндік береді. Жаңа ғимарат жобасы архивтің сақтандыру қоры үшін арнайы кино және фото зертхана қарастырылуға тиіс, онда құжаттарды сақтауға, тексеруге, өңдеуге, қалпына келтіруге және архивке қабылдауға әзірленетін арнаулы бөлімдер болады, бұл еліміздің аудиовизуалдық қорын құруға мүмкіндік береді: ұлттық архив қорына енген аудиовизуалдық мұраны бірегей әрі ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік жасайды.
– Қазір бәрі цифрландыруға көшіп жатыр. Сіздер бұл үрдісті қалай жүргізіп жатсыздар?
– Мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінде сақталған материалдарды цифрландыру, сақтау және жүйелеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл – өте ауқымды жұмыс.
Біз архивтік материалдарды цифрландыру арқылы келесі ұрпаққа аманаттап жеткізуді басты міндет деп санаймыз. Қолда бар мүмкіндікті ескере отырып, материалдарды цифрлық форматқа көшіреміз. Мемлекеттің бізге қойған жоспары бар, біз сол жоспар бойынша жыл сайын 2000-нан астам фотоқұжатты өңдеуден өткіземіз. Сонымен қатар киноқұжаттар мен Қазақ радиосының алтын қорындағы аудиожазбалар да цифрландырылып, архивке енгізіліп жатыр. Әрине, мұндай көлемдегі материалдарды сақтау үшін арнайы кеңістік қажет. Қойма мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, бізге қосымша жағдай жасалса, жұмысымыздың қарқыны да артар еді. Қазірдің өзінде шетелдік ұйымдар тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл – біздің мүмкіндігімізді арттырады.
Біз алдымен HD-форматта, кейін 4K-форматта цифрладық, бірақ технология дамып жатыр – 8K форматы шықты. Алайда цифрлық материалдар кинопленканың сапасына жетпейді. Оның үстіне цифрлық материалдар көшірілген сайын сапасын жоғалтады, ал кинопленка олай емес. Қажет болса, басқа пленкаға көшіруге болады, сөйтіп, сақталу мерзімін 100 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік бар.
2000 жылдан бастап архив аудиовизуалды құжаттарды цифрлық (электрондық) форматқа көшіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда аудиовизуалды қордың 60 пайызға жуығы цифрландырылды, оның негізгі бөлігін Ұлттық архив қорының кино және фотоқұжаттары құрайды.
Қолда бар барлық цифрлық сақтау ресурсты (қатты дискр кешені) толып кеткен. Осыған байланысты архивке цифрландырылған ақпараттың үлкен көлемін сенімді сақтауды қамтамасыз ететін қосымша жабдық қажет. Аудиовизуалды құжаттардың сандық көшірмелеріне тікелей қол жеткізу мүмкіндігімен деректерді ұзақ мерзімді сақтауды қамтамасыз ету міндеті ерекше өзекті болып отыр.
– Ал бұл мәселені шешудің жолы қандай?
– Бұл мәселені шешу үшін архивтік оптикалық дискіні (архив қоймасын) сатып алу қажет. Мұндай жабдықты орналастыру үшін қосымша серверлік кондиционермен (оның ішінде резервтік), тұрақты токтың дербес көзімен, электр қуаты өшкен жағдайда серверлік инфрақұрылымның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін автоматты авариялық генератормен жабдықталған жеке үй-жай қажет. Әйтпесе, архив жылдар бойы цифрландырған және серверлерде сақталған аудиовизуалды құжаттардың барлық цифрлық көшірмесін жоғалту қаупіне тап болады.
Әлемдік тәжірибеде роботтандырылған архив жүйелерінің әсіресе экономикалық дамыған елдерде белсенді дамуы байқалады. Қазіргі заманғы архивтер робот техникасы, ақпараттық технологиялар және климатты бақылау жүйелерін біріктіретін құжаттарды сақтау мен алудың автоматтандырылған технологияларын енгізеді. Мұндай шешімдердің ең көп таралған түрлерінің бірі – ASRS – (Automated Storage and Retrieval Systems) автоматтандырылған сақтау және шығару жүйелері. Бұл жүйелер архивтік құжаттардың үлкен көлемін физикалық және цифрлық түрде тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Роботтандырылған архив – архивтік құжаттарды сақтау үшін қолданылатын жоғары технологиялы жүйе, онда материалдарды орналастыру, алу, бақылау және сақтау үдерістерін басқару автоматтандырылған механизмдер мен бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады. Жүйе әсіресе жарыққа, шаңға, механикалық әсерлерге, сондай-ақ температура мен ылғалдың арнайы режімін талап ететін аудиовизуалды құжаттарды сақтау үшін өте өзекті.
– Шетелдік архивтермен байланыстарыңыз бар ма?
– Әрине, біз Қазақстандағы мекемелермен ғана емес, шетел архивтерімен де жұмыс істейміз. Моңғолия, Германия, Ресей, Белоруссия, Армения – көптеген елге біздің архивистер барып, қазаққа қатысты материалдарды жинап жатыр. Германиядан, мысалы, 1896 жылы Семей экспедициясын жасаған Дудин мен Багаевтың бірегей фотосуреттерін алып келдік. Дудин қазақ халқының сән-салтанатты тұрмысын, мәдениетін көрсетсе, Багаев әлеуметтік жағдайын бейнелеген.
Биыл АҚШ Конгресінің кітапханасымен жұмыс істеуге ниеттіміз. Алматыдағы АҚШ консулы Мишель Еркінмен бірлескен жоба жоспарланып жатыр.
– Ал жасанды интеллект (ЖИ) архивке енді ме?
– Еніп жатыр деуге болады. Қазір бейнежазбалардан сөйлеуді мәтінге айналдыру, субтитр қосу, тұлғаларды автоматты тану сияқты технологияларды сынап жатырмыз. Бірақ оны толық қолдану үшін ЖИ-мен жұмыс істей алатын арнайы маман қажет. Бұл да болашақтағы бағыттарымыздың бірі. Бір күні бізде ЖИ фотодан адамның кім екенін айтып беретін деңгейге жетуі мүмкін.
Цифрлық трансформация жағдайында архив саласының маңызды даму бағыты – жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізу. ЖИ архивтердің жұмыс тиімділігін едәуір арттыра алады, әсіресе мынадай негізгі бағыттарда: ғылыми-анықтамалық аппаратты (ҒАА) жетілдіру. ЖИ архивтік құжаттарды сипаттау, жүйелеу және іздеу жүйелерімен біріктіріле алады. Бұл жаңа мүмкіндіктерге жол ашады: мәтін, сурет немесе видео талдауы негізінде аннотациялар мен метадеректерді автоматты түрде жасау; бейне және дыбыстық жазбаларды өңдеу және тану (OCR + NLP). ЖИ құжаттарды тек кілт сөздермен ғана емес, мағынасы бойынша да табуға көмектеседі; үлкен деректер массивтерін машиналық индекстеу.
Аудиовизуалдық құжаттарды ЖИ арқылы танымал ету – тарихи жазбаларды сақтаудың келешегі зор әдістерінің бірі. ЖИ спикерді және түрлерін тани алады. Субтитрлер мен аудармалар жасау, сондай-ақ тілдер жиынтықтарын қоса жасауға септігін тигізеді, соның ішінде аз тілдерге жинақтар мен интерактивті мультимедиалық құрастыру мүмкіндігі бар. Цифрлық платформаларды жүзеге асыру архивтің қызметін кеңейтеді.
Жасанды интеллектіні архив саласына енгізу – жай ғана технологиялық жаңару емес, заманауи архив қызметін дамытудың стратегиялық шарты. Бұл ішкі тиімділікке (басқару және сақтау), сондай-ақ архивтің сыртқы ашықтығына (ақпарат тарату, білім беру, қолжетімділік) ықпал етеді.
– Жалпы, архивте кадр мәселесі қандай?
– Қазір архивте әкімшілік, құқықтық, ақпараттық және технологиялық міндеттерді атқаратын қызметкерлердің қажетті мамандықтарының тапшылығы байқалады. Архив ісін жүргізуші штат, кәсіби менеджмент, инспектор, заңгер, баспасөз хатшысы және IT-мамандар сияқты мамандардың жоқтығына тап болып отыр. Аудиовизуалдық құжаттар мазмұнының толықтығына байланысты кино, фото және бейнематериалдарды тиісінше өңдеп, сақтауды қамтамасыз ету үшін техникалық бірліктің күші қажет. Архивте атқарылатын жұмыс түрлері әртүрлі болуы себепті техникалық тұрғыда сауаттылық, тәжірибе, көп білікті иелену маңызды.
– Алдағы онжылдықта архив қандай басым бағыттар бойынша дамиды?
– Біздің архивтің 2026–2036 жылдарға арналған басты мақсаты – Қазақстанның аудиовизуалды мұрасын сақтау, қалпына келтіру, цифрландыру және қоғамға қолжетімді ету. Бұл миссия аясында біз архивті тек құжат сақталатын мекеме ретінде ғана емес, заманауи технологиямен жабдықталған, халықаралық деңгейде танылған, цифрлық әрі интеллектуалды инфрақұрылымы бар орталық ретінде дамытуға күш саламыз.
Бірінші кезекте, арнайы ғимарат салу – негізгі міндет. Ол халықаралық стандарттарға сай, экологиялық таза аймақта орналасып, ішкі құрылымы реставрация, консервация және цифрландыру процесіне бейімделіп жобаланады. Сонымен қатар, кинолаборатория мен фотолаборатория құрылып, пленкаларды өңдеу, көшірме жасау, басып шығару және қалпына келтіру жұмысы толық жүзеге асырылады.
Екінші бағыт – серверлік инфрақұрылымды дамыту. Біз 500 терабайттан жоғары көлемді қамтитын заманауи сервер жүйесін орнатып, деректердің қауіпсіздігін, ұзақ сақталуын және үзіліссіз қолжетімділігін қамтамасыз етеміз. Бұл үшін арнайы кондиционерленген бөлме, автономды қуат көзі (генератор), салқындату және энергиямен қамту жүйелері қарастырылады.
Үшінші басымдық – зияткерлік роботтандырылған архив жүйесін енгізу. Роботтық сөрелер арқылы автоматты сақтау, түрлі тасымалдағыштарға сай климаттық жағдай орнату, микроклиматты үздіксіз бақылау, логистика мен түгендеуді автоматтандыру жоспарланып отыр. Әр құжат RFID белгішесі мен QR-код арқылы тіркеліп, жасанды интеллект негізіндегі архивтік басқару жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе құжаттың жай-күйін алдын ала болжауға, сақтау мерзімін жоспарлауға және метадеректермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Төртінші бағыт – жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану. Аудио-бейнематериалдар автоматты түрде танылып, субтитр жасалады, бет-әлпет, нысан, жазулар, географиялық орындар автоматты түрде анықталады. Бұл үдерістер архивтің индекстеу, іздеу және таныстыру жүйесін жетілдіреді. Сонымен қатар фотоальбомдар, жолсілтемелер, цифрлық көрмелер, ашық онлайн платформа сияқты өнімдер арқылы архив материалдары қоғамға кеңінен ұсынылады.
Бесінші бағыт – кадрлық әлеуетті күшейту. Бізге аудиовизуалды қалпына келтіру, цифрландыру, ЖИ жүйелерімен жұмыс істеу бойынша мамандар қажет. Жалақыны көтеру, шетелде тағылымдамадан өткізу, жаңа штат бірлігін енгізу арқылы сапалы кадрлық база қалыптастырамыз. Бағдарламашылар, реставраторлар, цифрлық инженерлер – архив болашағын қамтамасыз ететін басты күш.
Біздің мақсат – Қазақстанның ұлттық жадысын сақтай отырып, оны жаңа буынға жаңа форматта жеткізу. Архив тек өткеннің куәсы емес, болашақпен сөйлесе алатын тірі жүйе болуға тиіс. Біз осы жүйені құрып жатырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

368 рет
көрсетілді0
пікір