- Ақпарат
- 03 Шілде, 2025
Елордада – «Құралайдың» қуыршақтары

Елорда күнін тойлау аясында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, профессор Құралай Ешмұратованың 80 жасына орай IV халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестивалі өтті.
Қуыршақ театры өнерін кеңінен насихаттау, үздік жетістіктер мен озық шығармаларды таныту, дамыған мемлекеттердің тәжірибесін негізге ала отырып, кәсіби танымды дамыту және орындаушылық шеберлікті арттыру мақсат еткен бұл фестивальға 14 театр қатысты. Қонақтар қатарында Англия, Аустрия, Қытай, Түркия, Грузия, Испания, Таиланд, Өзбекстан мемлекеттерінің театрлары, сондай-ақ Қазақстанның өңірлік театрлары бар.
Фестиваль аясында қатысушы ұжымдар үздік қойылымдарын ұсынып, халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және қуыршақ театры саласындағы кәсіби шеберлікті жетілдіру бағытында бірлескен жұмыс жүргізеді.
Астана қаласы әкімдігінің Қуыршақ театры 2010 жылы құрылып, елорданың мәдени өміріндегі маңызды шығармашылық орталықтардың біріне айналды. Театр жұмысын бастаған уақыттан бері халықаралық және республикалық деңгейдегі фестивальдарға белсене қатысып, кәсіби жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Ұжым Тәжікстан, Ресей, Түркия, Болгария, Малайзия, Тунис, Эстония, Сербия және басқа да елдерде өткен беделді фестивальдарда «Үздік спектакль», «Үздік режиссура», «Ұлттық дәстүрге адалдық» секілді номинациялар бойынша марапаттарға ие болған.
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Құралай Ешмұратованың есімімен аталатын Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестивалі 2015 жылдан бастап тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Қуыршақ театры ашылған күнінен бастап халықаралық театр ұйымдарымен тұрақты шығармашылық байланыс орнатқан. Осы уақытқа дейін театр үш мәрте халықаралық фестиваль ұйымдастырып, сондай-ақ көптеген беделді отандық мәдени іс-шараларға қатысып, кәсіби театр өнері саласында жоғары белсенділік танытып отыр.
Сонымен қатар Алматы мемлекеттік қуыршақ театры бұл фестивальға «Қаңбақ шал» спектаклін алып барды. «Қаңбақ шал» ертегісінің авторы мен режиссері – Құралай Ешмұратова. Ертегіде Қаңбақ шал қара күш иелері Қара дәу мен Қызыл дәуді айлакерлік күшпен жеңеді. Дәулерді даңғой, ақылсыз, құр кеуделер ретінде мысқылдайды. Ал қарапайым Қаңбақ шалдың мерейі үстем. Себебі ол – ешкімге жамандық ойламайтын, өзінің адал еңбегімен, ақылымен күнелткен еңбек адамы.
«Құралай Халекетқызы – қазақ қуыршақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан театр әлеміндегі дара тұлға. Оның режиссурасымен сахналанған «Қаңбақ шал» спектаклі ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпаққа жеткізіп, төл мәдениетімізге деген құрметті қалыптастырады. Елордамыз Астана қаласында өтетін IV Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестиваліне қатысу – халықаралық және шығармашылық ынтымақтастықты кеңейтумен қатар, көркемдік және техникалық қызметкерлердің кәсіби өсуіне, тәжірибе алмасуына мол мүмкіндік береді», – дейді театр директоры Алмат Амангелді.
– Мен өнерлі шаңырақта дүниеге келген адаммын. Отбасы мүшелерінің бірі театрда артист болса, бірі биші еді. Бұл киелі өлкеге бет бұруым да ата-анамның ықпалы болса керек. Бірақ талабың мен ниетің болмаса, қанша тыраштанғаныңмен халық жүрегін елжірете алмасың анық. Оның ішінде қуыршақ театрының көрермені – балалар. Бетперде киіп, бар өнеріңді салғаныңмен, баланы жақсы көрмесең, сендіре де алмайсың. Баланың тазалығына адал болуды мақсат еттім. Олар сенің жақсы көріп тұрғаныңды, қандай көңіл-күймен жүргеніңді біліп тұрады. Балалар – менің байлығым. Жұмысым – жүрегімнің таңдауы, – дейді Құралай Халекетқызы.
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, режиссер, профессор Құралай Ешмұратованың 80 жас мерейтойына арналған бұл халықаралық фестиваль – әлемдік қуыршақ театрларының басын қосатын мәдени іс-шара.
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

248 рет
көрсетілді0
пікір