• Ақпарат
  • 03 Шілде, 2025

«Тағзым алаңы» ашылды

Осыдан тура 80 жыл бұрын Екінші Дүниежүзілік соғыстың кең ауқымды және негізгі майданы болған – кеңес-герман майданының соңғы ұрыс қимылдары  Кеңес әскерлерінің Берлин қаласындағы Рейхстагты алуымен  аяқталды.  Төрт жылға созылған жаһандық соғыстың жеңімпаздары – кеңестік жауынгерлер Жеңістің алғашқы қуанышты сәттерін  әуеге оқ атумен  мерекеледі. Одан кейін 1945 жылы Мәскеуде салтанатты түрде Жеңіс шеруі болғаны белгілі. Міне, сол Жеңісті жақындатып, шама-шарқынша  үлес қосқан жеңімпаздар арасында біздің ауыл – Ақеспе ауылының 170-тей ер-азаматы болды. 

 

Ақеспе ауылы – Қызылорда облысы Арал ауданы Қосаман ауылдық округіне қарасты елді мекен. Аудан орталығынан батысқа қарай 100 шақырымдай жерде, теңіз жағалауындағы бұрынғы балықшылар ауылы. Теңіздің асау толқыны жағаға соғып тұрған кездері ауылдың тұрмысы мен сәні жақсы болып, шаңырақ саны 100-ге таяу болатын. Теңіздің қайтуы көп жайтты  өзгертіп жіберді. Қазір мұнда елу шақты ғана отбасы тұрып жатыр. 9 сыныптық мектеп жұмыс істеп, ауыл балалары сонда білім алады. 
Ауыл тұрғындары мал бағып, оның өнімдерін сатумен және балық аулаумен күн көріп отыр. Күнкөрістің қиындығына қарамастан, ауыл тұрғындары кеше ғана болып өткен Жеңістің 80 жылдығына орай өз қаражатына «Тағзым алаңы» атты мемориалдық кешен салып, оның ашылуын өткен аптада ерекше дүбірлетіп, есте қаларлықтай мәнді етіп  атап өтті. 
Ақеспе ауылына сән беріп тұрған бұл мемориалдық кешеннің өзіндік салыну тарихы бар. Ақеспе ауылынан қан майданға аттанған азаматтардың есімін бір тақтаға жазып, ескерткіш ретінде мәңгі есте қалдыру идеясын алғаш рет осыдан 7–8 жыл бұрын 1951 жылы Ақеспеде туған, бұл күндері Алматы қаласында тұратын, майдангердің ұрпағы Жеткерген Қапашұлы Қарақұлов көтерген еді. Ол кезінде Қызылорда қаласындағы бір зауытта бас конструктор болып жұмыс істеген. Бір қызығы, оның әкесі Қапаш Қарақұлов майдангер әрі Ақеспе учаскесінің бригадирі бола жүріп, 1975 жылы Жеңістің 30 жылдығына орай Ақеспе ауылында ескерткіш орнатуға басшылық жасап еді. Биіктігі 3 метрдей болатын ескерткіштің төбесінде қызыл түсті  бес жұлдыз тұрды. Мектептің қарсы бетінде болғандықтан, ондағы көптеген  патриоттық, тәрбиелік мәні бар іс-шаралар ескерткіш маңында өтетін. 
Теңіз қайтып, ауылдағы балық өңдейтін трест жабылды да,  ауыл адамдары біртіндеп басқа жаққа қоныс аудара бастаған кезде ешкімнің де ескерткішпен шаруасы болмай қалды. Тіпті қазіргі кездегі мектеп оқушылары Ақеспе ауылында бір кездері Жеңіске арналған ескерткіштің болғанын білмейді. Осы жағдайдың бәрін ойластыра келе Жеткерген Қапашұлы алдыменен ескерткіш салу идеясын достарына, өзін қолдайтын інішектеріне айтып, ой салады. Өзі аудандық әскери комиссариаттан 1941–1945 жылдары майданға шақыртылған ақеспеліктердің тізімін жасақтай бастайды. Арал ауданы бойынша  материалдар жинақталған  «Боздақтар» атты кітаптан,  интернет арқылы Ресейдегі 1941–1945 жылдардағы  әскери архивтен материалдар іздестіреді. Бірнеше жылға созылған ізденіс, зерттеудің нәтижесінде ол Ақеспе ауылының 168 азаматының  аты-жөнін табады да, олар туралы қосымша мәліметтерді пысықтайды. Майдангерлердің туыстарымен, ұрпақтарымен, жақындарымен байланыс орнатады.
Жәкең әрі ақеспелік көршісі, інісі, әрі майдангер ұрпағы, 1956 жылы туған, кезінде Ақтау қаласының бас архитекторы болған Қалыбек Кенжалиевпен хабарласа отырып, Ақеспе ауылында салынатын Жеңіске арналған ескерткіштің жобасын жасауды өтінеді. Архитектор-дизайнер мамандығы бар Қалыбек ағамыз болса, бұл ұсынысты қуана қабылдап, іске кіріседі. Ақыры, қыс бойы жасалған жобалардың ішінен ең тәуірі таңдалып, ортақ чат ақеспелік азаматтарға ұсынылады. Таңдап алынған жобаға «Тағзым алаңы» деген атау берілді. Қаражат жинауды майдангерлердің ұрпағы өз мойнына алады. Бүкіл Қазақстанға таралып кеткен жерлестер ауызбіршілік көрсетіп, қысқа ғана уақыт ішінде 5–6 млн теңге жинайды. 
Өз идеясын жүзеге асыру үшін Жеткерген ағамыз туған інісі Қарақұлов Жетесті (1956 жылы туған), туған күйеу баласы Атаханов Жұмаділланы (Жұман) (1964 жылы туған) және бас архитектор-дизайнер Қалыбек Кенжалиевті ертіп, сәуір айының ортасында Ақеспеге келеді де, бірден «Тағзым алаңын» салуға кірісіп кетеді. Ауылдың белсенді азаматтары  Жәкеңнің қасынан табылып, жұмыла кіріседі. 18 күнге созылған құрылыс жұмысы аяқталып, айналасы безендіріледі, 50-дей түп ағаш отырғызылады.
«Тағзым алаңын» ресми түрде ашу 21 мау­сымға, сенбі күніне  белгіленді.  Сол күні ақес­пелік 168 майдангердің ұрпағы Ақеспе ауылында бас қосты. Солардың бірі Фарида Мұсақызы Сәдібекова болды. Ол – соғыс жылдары, дәлірек айтсақ, 1941 жылы қазан айында Можайск қорғаныс шебінде Ақтөбе қаласында  жасақталған 312-атқыштар дивизиясында рота командирі болып, Мәскеуді қорғауға қатысқан, одан кейін Ақтөбеде құрылған №101 қазақ ұлттық атқыштар бригадасының басшыларының бірі болып, Ржев қырғынын басынан өткерген, одан кейін полк командирі болған, подполковник Мұса Сәдібековтің қызы. Фарида Мұсақызының Ақеспе ауылына тұңғыш келуі еді. Кейбір майдангердің ұрпағы мен туыстары Орал, Астана, Ақтөбе, Қызылорда, Ақтау, Шымкент, Тараз қалаларында тұратынын айтып жатты.
Ескерткіштің қақ ортасындағы биік  гранит тасқа «Отан үшін от кешкендер. 1941–1945 жылдар» деген сөз, оның екі жағында қара плита тас­қа 168 майдангердің аты-жөні ойып жазылған. Монументтің оң жағында және сол жағында екі кішігірім тасқа екі майдангер есімі жеке тағы берілген. Бірі – подполковник Мұса Сәдібеков­тің есімі болса, екіншісі – гвардия сержанты Дархан Жұбанышовтың есімі. М.Сәдібековті жаңа айттық, ал Дархан Жұбанышов есімін біз мектеп кезінен санамызға жаттап өскен едік. Ақеспе ауылындағы бұрынғы №80 Сарбасат 8 жылдық мектебіндегі Пионерлер дружинасы Дархан Жұбанышов есімімен аталатын. Ал ол қандай ерлік жасаған десек, 1944 жылы атақты «Багратион» операциясы сәтті аяқталып, Кеңес армиясының бір шабуылы Балтық жағалауына бағытталады. Олардың алдында Неман өзені көлденең ағып жатты. Арғы жақта жау мықты бекініп алған. Бүкіл армияның шабуылын үзбей жалғастыру үшін арғы беттен плацдарм алып, негізгі күш жеткенше ұстап тұру керек болады. Сол үшін арнайы топ құрылады. Солардың қатарына гвардия сержанты Дархан Жұбанышов өз еркімен қосылып, жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындайды, бірақ қаза табады. Мұндай ерлік Кеңес Одағының Батыры атағына лайық еді. Өкінішке қарай, батыр жерлесіміз  жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Осылайша, ақеспелік жерлестері батырға осылай құрмет көрсетеді.   
Ақеспеліктер және  Арал аудандық мәдениет департаментінің жауапты өкілдері ресми жиынға жақсылап даярланыпты. Жергілікті ақын алаңның ашылуына орай домбырамен арнайы шығарылған «Арнау» жырын шырқаса, наиб-имам Алпамыс бауырымыз майдангер аталарымыздың рухына Құран бағыштады. Аудандық мәслихат төрағасы Базарбай Тұрахметов Жеңістің 80 жылдығына арналған баяндама жасап, онда ақеспелік майдангерлер – полк командирі, подполковник Мұса Сәдібековті, гвардия сержанты Дархан Жұбанышовты, орденді артиллерист Қапаш Қарақұловты, екі медальмен марапатталған менің көкем Бақтияр Кәрібаевты ерекше атап өтті. Бүгінгі ұрпақ үшін ашылып отырған «Тағзым алаңының» маңызы зор екеніне назар аударды.
Одан кейін сөз алған Жеткерген Қарақұлов «Тағзым алаңын» салудағы мақсаты туралы айтып, құрылысты салу барысында қол ұшын берген азаматтарға ризашылығын білдірді. Бізге де сөз сөйлеу құрметі көрсетілді. Біз сөзімізде «Тағзым алаңын» салу идеясын көтеріп, жүзеге асырған Жеткерген Қарақұловтың еңбегін зор бағалап, оған  алғыс айта отыра, иығына шапан іліп,  оның жұбайы Дүзкен Аймановаға (майдангер Айман Игіліковтің қызы) қамзол кигіздік. Подполковник Мұса Сәдібековтің қызы Фарида апай болса, барша жұртқа ризашылығын білдірді, өзінің әкелген сый-сияпатын ұйымдастырушыларға таратты. 
«Тағзым алаңының» лентасын қию рәсіміне ауыл ақсақалдары мен құрметті қонақтар шақырылды. Осылайша, Ақеспе ауылында бұрын-соңды болмаған дүбірлі тойдың ашылуы керемет өтті. Ақеспе ауылының ұйымдастырушылары мен белсенділері тарапынан да «Тағзым алаңын» салуда белсенділік көрсеткен азаматтарға, ауылдағы мектеп оқушыларына грамоталар мен сыйлықтар тапсырылды.   
Түс кезінде 400-дей адамға ас берілді. Түстен кейін  спорттық ойындар – қол күрестіру, арқан тарту секілді сайыстар өткізіліп, жеңімпаздар анықталды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар берілді. Ал кешке қарай ауылдық клуб маңында гала-концерт берілді. 
Осылайша,  Жеңістің  80 жылдығына орай Ақеспе ауылында «Тағзым алаңының» ашылуы бір жағынан мәнді, тәрбиелік іс-шара болса, екінші жағынан талай қонаққа ой салғызған өнегелі іс болды. 

Берекет Кәрібаев
ҰҒА  академигі,
Қазақстанның еңбек сіңірген 
қайраткері

257 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы