• Ақпарат
  • 03 Шілде, 2025

Ауылға келді ауыз су

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»
 

Шын мәнінде ауыз су мәселесі қалада, ауылда болсын, түйткіл екені ақиқат. Таза су ішкенге не жетсін?! Бірақ біздің Үкімет қазіргі уақытта тұрғындарды қаншалықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр? Бұл мәселе осы аптада Үкіметтің отырысында қаралғанымен, әлі де шешілмеген мәселелер бар екенін жоққа шығара алмаймыз. 


Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың дерегіне сенсек, сумен жабдықтау қызметіне қала халқының 99,3 пайызы және ауыл халқының 97,5 пайызы қол жеткізе алады. Еліміздің 90 қаласының 73-і 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қалған 17 елді мекен де жыл аяғына дейін ауыз сумен қамтылатын көрінеді. Бірақ бұл жерде мына жайтты да қаперге алған жөн. Кейбір ауылда ауыз су белгілі бір уақытта беріледі. Бұл да бір үнемдеудің әдісі шығар. Десек те, ауыз судың бүкіл тұрғынға жетіп отырғаны жақсы емес пе? 
– Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – аса маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі. Бұл мәселе Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Қажетті қаражат республикалық бюджетте көзделген. Сонымен қатар заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жөніндегі Президент тапсырмасы аясында сумен жабдықтау бойынша 230-ға тарта жобаны іске асыру үшін Арнаулы мемлекеттік қордан қосымша 160 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Тұрғындардың өмір сапасы таза ауыз суға тікелей тәуелді. Сондықтан елді мекендерді сумен қамтамасыз ету – Үкіметтің басым міндеттерінің бірі, – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Үкімет отырысында Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс, Су ресурстары және ирригация министрліктеріне, өңір әкімдіктеріне инфрақұрылымдық бірқатар жобаны жүзеге асыруды жеделдетуді тапсырды. Мәселен, Су ресурстары мен ирригация министрлігі мен Ақмола облысы әкімдігінің алдына қысқа мерзімде елорда маңындағы ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету шараларын қабылдау міндеті қойылды. «Самұрық-Қазына» қоры мен Маңғыстау облысының әкімдігіне 15 шілдеге дейін Кендірлі зауытын іске қосу жұмысын аяқтап, Жаңаөзен қаласына су беруді қамтамасыз ету тапсырылды. Қаржы, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері Ұлытау облысының әкімдігімен бірлесіп, осы жылдың 1 тамызына дейін Жезқазғанда су тазарту құрылысын реконструкциялау жобасын қосымша қаржыландыру жөнінде шешім қабылдауы қажет. Сонымен қатар Премьер-министр коммуналдық инфрақұрылымды жүйелі жаңғырту және желілердің тозу деңгейін әрі қарай төмендету қажеттігін атап өтті. 
– Сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін дамытумен қатар, су үнемдеу технология­ларын енгізу және су ресурстарын басқаруды цифрландыру жұмысын жандандыру қажет. Сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін одан әрі төмендету керек. Ескірген коммуналдық инфрақұрылымды барынша жаңғыртып, жаңасын салуға маңыз берілуге тиіс. Бұл мәселе қабылданған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында шешімін табады, – деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы өңір әкімдіктері жыл аяғына дейін ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша іске асырылып жатқан барлық жобаны пайдалануға беруді қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Әрине, бұл салаға қаржы бөлінбей жатқан жоқ. Сол ақшаны уақытында пайдаланып, құрылысты дер кезінде аяқтаған дұрыс. Президенттің де, Үкіметтің талап қойып отырғаны осы. 
Бір ғана мысал, вице-премьер Қанат Бозымбаевтың айтуына қарағанда, «биыл республикалық бюджет, яғни Су ресурстары және ирригация министрлігі есебінен сумен жабдықтау жүйесін салуға және қайта құруға 124 млрд теңге қарастырылған. Басталған жұмысты аяқтауға екі траншпен арнайы мемлекеттік қордан қосымша 161 млрд теңге бөлінген». Тек осы жұмыстарды құзырлы органдар мен әкімдіктер жұмыс барысын қатаң бақылап, жыл соңына дейін аяқтауы қажет. 
Ал Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің дерегіне сенсек, 5 айдың қорытындысы бойынша шамамен 250 шақырым су құбыры желісі салынған. Жыл соңына дейін 6 облыста 10 жоба пайдалануға беріледі. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде шамамен 500 мың тұрғыны бар 150 ауылдық елді мекеннің сумен қамту жағдайы жақсарады, оның ішінде 1 542 тұрғыны бар 4 ауылға алғаш рет орталықтандырылған ауыз су жүйесі қосылмақ. Сонымен қатар Ақмола, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облысында топтық су құбырын қайта жаңарту бойынша 6 жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Жобалар 102 шақырым су құбыры желісін қайта жаңартуды көздейді. Бұл 335 мың адам тұратын 202 елді мекеннің сумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етумен қатар, су ресурстарын тиімді әрі орнықты пайдалану, оның ішінде заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу, мемлекеттің су саясатының бас­ты басымдығы болмақ. 
– Қазір республикалық меншікте жалпы саны 32 топтық су құбыры бар. Олар 1 миллион 393 мың адамды қамтитын 581 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Әкімшілік реформаның және «Қазсушар» кәсіпорнын трансформациялау аясында 2024 жылдан бастап топтық су құбырларын кезең-кезеңімен жергілікті атқарушы органдардың меншігіне өткізіледі. Бұл қадам халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып, судың көзінен бастап соңғы тұтынушыға дейінгі барлық кезеңге толық бақылау орнатуға мүмкіндік береді, – деді министр Нұржан Нұржігітов.
Сондай-ақ су инфрақұрылымын жақсарту мақсатында министрлік биыл Ақмола, Атырау, Алматы, Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбыры нысандарын салу және қайта жаңарту бойынша 31 жобаны іске асырылып жатыр. 
– Бұл 31 жобаны толық іске асыру нәтижесінде 2,6 мың шақырымнан астам су құбыры салынады және бұл 1,3 млн халық тұратын 468 елді мекеннің сумен жабдықтау сапасын жақсартады. Сонымен қатар 53 елді мекенге орталықтандырылған ауыз су жүйесі алғаш рет қосылатын болады. Бұл жобаларды іске асыру үшін биыл 101 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 38,2 млрд теңге – Ұлттық қордан, 53,9 млрд теңге – Арнайы мемлекеттік қордан, 3,4 млрд теңге республикалық бюджеттен бағытталған, – деді ол. 
Бұл ғана емес, елімізде су тарифін есептеу жүйесін толық цифрландыру жоспарланып отыр. 2027 жылға дейін су есептеу жүйесін толық цифрландыру, сондай-ақ автоматтандырылған гидрожапқыштарды енгізу іске асады. Цифрландыру жобасын әзірлеу барысында басым бағыт отандық өндірушілердің заманауи технологиялық шешімдері мен жабдықтарына беріледі. Іс-шаралар аяқталған соң, су ресурстарына қатысты барлық мәлімет ақпараттық жүйеге толық енгізіледі. Бұл су алу мен бөлу үдерісін тиімді жоспарлауды, сондай-ақ оның ашықтығы мен нақтылығын қамтамасыз етпек.

283 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы