- Ақпарат
- 03 Шілде, 2025
Қазақ тілін үйрену жасқа емес, ниетке байланысты

Маржан ТАЛҒАТҚЫЗЫ, Жетісу облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының мемлекеттік тіл оқытушысы
Қазақ тілін үйреніп жатқан жас бала емес, ес білген, өмір көрген, қызметте жүрген, отбасы құрған ересек жан болғандықтан, бұл жай ғана сабақ емес. Бұл – сенім ұялату, кедергіні еңсеру, жігер беру. Себебі «қазақ тілін білмеймін» деген адамның жан дүниесінде «білуім керек қой» деген шынайы ниет жатады. Осы ниетке от беріп, жүрегіне дейін жеткізу – мен үшін ең маңызды міндет.
Сабаққа алғаш келген адамның жүзінен ұялу, қорқу, байқалады. Жасы 40–50-ден асқан адамның «бала сияқты жаңадан үйрену» үдерісі оңай емес. Алайда бір нәрсеге сенімдімін, қазақ тілін үйренуге бел буған адам – шын ниеттеніп, алғашқы қадамын жасаған адам. Жолға түскен адамды ары қарай жетелеп алып кету жеңіл. Қазіргі тіл үйрету үдерісі кітап пен тақта байланысы арқылы ғана шектелмейді. Әсіресе ересек адам үшін тілді үйренудің басты шарты – оның өміріне байланысы мен ішкі уәждемесі. Осы мақсатта менің тәжірибемде мынадай жаңашыл тәсілдер тиімді нәтиже беріп жүр.
Бірінші – цифрлық диалог симуляциясы. Көптеген тыңдаушым шынайы диалогтен ұялады. Сол себепті Telegram чат-боттар мен тілдік көмекші платформалар арқылы күнделікті тіркестерді өз бетінше қолдануға дағдыландырамын. Тіл үйренуші өз сұрағын қою арқылы бірнеше үлгіде жауап алады. Осылайша, нақты жағдайға дайындық жүреді. Күнделікті хабарламаларын да қазақша жаза бастайды. Бір тыңдаушым күйеуіне алғаш рет қазақша «Кешір, кешігіп барамын» деп хабарлама жазғанын ерекше қуанып бөліскен еді. Бұл – шағын әрекет болғанымен, адамның тілге жақындағанының белгісі.
Екінші – мультимедиалық тапсырмалар. Әр сабақты қысқа бейнематериалдан бастаймын. Мысалы, базардағы сауда, дәріханада сөйлесу, пойызға билет алу, қонақ күту. Осы бейнематериал негізінде тірек сөздер мен сөйлеу үлгілерін талдап, тыңдаушыларға өз тіркестерін құрғызу арқылы сөйлеуге ынталандырамын. Кейбіріне шағын бейнежазба жасауды ұсынамын, бұл уәждемені арттырады. Тіл тірі әрекетте ғана дамитынын түсінеді.
Үшінші – интерактивті онлайн платформалар. «Quizlet», «Wordwall», «Kahoot», «Blooket» сияқты құралдарды қолдану арқылы тыңдаушылар тек жаттап қоймай, өмірде кездесетін нақты жағдаяттар бойынша тапсырмалар орындайды. Әр жаттығуда: «Бүгін осы тіркесті қай жерде қолданар едің?» деген сұрақ қою арқылы жұмыс жүргіземін.
Төртінші – «шынайы өмірмен байланыстыру» тапсырмасы. Апта соңында тіл үйренушілерге бір тіркесті шынайы өмірде қолдануды ұсынамын. Қолданған сәтін жазып әкеледі немесе бейнежазба түсіріп әкеледі. Бір тіл үйренушім «Ас болсын!» деген сөзді үйінде айтыпты, балалары анасының қазақша айтқанына таңғалып, сол бір «Ас болсын» деген бірауыз жылы сөз сол отбасының ас ішер алдындағы әдетіне айналған екен.
Менің басты қағидам – тыңдаушыны ұялтпау, қысымға салмау. Тілді үйрету – тек грамматика мен сөз жаттау емес, сенім ояту, сөйлеуге мүмкіндік беру. Себебі тіл – теориямен емес, тәжірибемен келетін тірі құбылыс.
Бірде сабақ үстінде орыс ұлтынан бір тыңдаушым «Кешіріңіз, мен түсінбедім» деудің орнына «Кешіріңіз, мен түсіндім» деп айтып қойды. Бұл сөзін өзі де байқамай қалып, бүкіл топ күліп жіберді. Бірақ дәл осы тіркесті ол кейін ешқашан шатастырған жоқ.
Тағы бірде поляк ұлтының өкілі «күйеуім базарға барды» деудің орнына «базар күйеуіме барды» деді. Барлығымыз жымиып, жылы қабылдадық. Сол күннен кейін ол кісі әр сабақты үй тапсырмасын орындап келетін болды. Кішкентай қате – үлкен ынтаның бастауы болып шықты.
Бір тыңдаушым қазақ тілінде алғаш рет автобус ішінде сөйлесіп көрмек болыпты. Жанындағы қазақ кісіге «Отырыңыз» деудің орнына «Отырып қойыңызшы» деп айтыпты. Қазақ кісі жымиып, орнына отырып, «Рақмет» депті. Сол сәттен кейін ол тыңдаушым: «Мен өзімді қазақша сөйлейтін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезіндім», – деді. Осындай сәттер тыңдаушыларға өзін еркін сезінуге мүмкіндік береді. Қателесу – ұят емес, үйренудің алғышарты екенін түсінген сәттен бастап, олар еркін сөйлеуге, сұрауға, пікір білдіруге бет бұрады. Қазақ тілін үйрену – жасқа емес, ниетке байланысты. Ересек адам үшін бұл – өмір тәжірибесіне жаңа парақ қосу. Ол жай ғана тілді меңгеріп қоймайды, қазақтың болмысын, мінезін, әдебін танып-біле бастайды.
Мен үшін әрбір «Саламатсыз ба!» – үлкен жеңіс. Бұл – тек амандасу емес, бір ұлттың мәдениетіне, тіліне, болмысына жасалған алғашқы қадам. Себебі қазақ тілін үйрену – жүрекке апарар жол іздеу. Тілді үйренген тыңдаушым өзгереді: сенімді сөйлейді, қоғамда еркін араласады, қазақтың қалжыңын түсінеді, қарияның батасын ұғады. Менің мақсатым – тек үйрету емес, үйренушіге өзіне сенуді үйрету. Сонда ғана тіл шын мәнінде өз биігіне жетеді.
Әзірлеген
Элеонора ӘЗІРЖАН

404 рет
көрсетілді0
пікір