- Ақпарат
- 10 Шілде, 2025
Ауыл шаруашылығы санағы: ұттық па, ұтылдық па?
Қазақстанда 1 тамызда ауыл шаруашылығы санағы басталады. Санақ 2025 жылдың 20 қазанына дейін жалғасады. Онлайн кезең 1–31 тамыз аралығында өтеді. Оған өсімдік және мал шаруашылығымен, балық өсірумен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ үй шаруашылықтары қатысуға тиіс. Сауалдама sanaq.gov.kz сайтында өтеді. Офлайн кезең 20 қыркүйек – 20 қазан аралығында өтеді. Бұл кезеңде интервьюерлер онлайн-сауалдамадан өтіп үлгермеген, бау-бақшасы бар немесе мал ұстайтын үйлерді аралайды. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының халықаралық ұсынысына сәйкес, санақ әр бес-он жыл сайын өтіп тұруы керек. Бірақ Қазақстанда санақтың бұл түрі 2006–2007 жылдары ғана жүргізілген.
«Ауыл шаруашылығы санағына қатысу – жай ғана формалды рәсім емес, бұл – еліміздің аграрлық саласының ертеңіне қосқан үлес. Тек толық әрі нақты деректер ғана мемлекеттік қолдауды дұрыс бағыттап, ауылдың инфрақұрылымын дамытуға және ауыл шаруашылығы мен азық-түлік саясатын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді», – дейді Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Санаққа 2 млн-ға жуық үй шаруашылығын және 300 мыңнан аса ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қамту жоспарланған. Бүкіл ел бойынша сауалдама жүргізу үшін 3 500-ден аса интервьюер тартылады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ауылдық әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінде интернетке қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары болады. Азаматтар 1446 байланыс орталығына хабарласып та кеңес ала алады.
Бұл ауқымды статистикалық санақ республиканың барлық өңірін қамтып, ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы өзекті деректердің маңызды дерегін жинақтайды. Санақты өткізуге 3,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев: «Бөлінген бюджет мәселесіне келсек, санақ жұмысы республикалық бюджеттен 2025 жылға 3,7 млрд теңге сомасында қаржыландырылады. Бір респонденттің құны – 3,2 АҚШ доллары. Шығындардың негізгі бөлігі техникалық қолдау мен еңбекақыға жұмсалады. Санақ жүргізу үшін жұмыссыз азаматтар мен студенттер, сондай-ақ конкурстық іріктеуден және арнайы оқытудан өткен барлық ниет білдірген азамат санатынан 3 700-ден аса адамды интервьюер ретінде жұмысқа тартуды жоспарлап отырмыз», – дейді.
Санақ кезінде мәлімет беруден бас тартқан немесе қате мәлімет бергендер әкімшілік жауапқа тартылады. Бастапқы статистикалық деректерді ұсыну тәртібін бұзғандарға мынадай жаза қарастырылған:
Мемлекеттік статистиканың тиісті органдарына анық емес бастапқы статистикалық деректерді ұсынғандарға ескерту жасалады.
Мемлекеттік статистиканың тиісті органдарына бастапқы статистикалық деректерді белгіленген мерзімде ұсынбаса: жеке тұлғаларға – 10, лауазымды адамдарға, коммерциялық емес ұйымдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 14, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 20, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 120 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Санақ кезінде дерек беруден бас тарту немесе қате деректі көрсету жағдайларының алдын алу үшін Ұлттық статистика бюросы санақ алдында жергілікті әкімдіктермен бірлесе түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Былтыр 54 елді мекенде ауыл шаруашылығы санағының қанатқақты жобасы өткізілген еді. Сонда үй шаруашылықтарының шамамен 2%-ы сауалдамаға қатысудан бас тартқан еді. Былтырғы қанатқақты санақ 20 тамыздан 30 қыркүйекке дейін жүргізіліп, 54 елді мекенді қамтыған еді. Сауалдамаға 32,4 мың үй шаруашылығы қатысқан, олардың 27,1 мыңынан сауалдама алынған. Онлайн сауалдамаға 18,6 мың респондент, оның ішінде 13,3 мың ұйымдасқан шаруашылық және 5,3 мың үй шаруашылығы қатысып, қанатқақты жоба 45,7 мың респондентті қамтыған.
«Үй шаруашылықтарының шамамен 2%-ы сауалдамаға қатысудан бас тартты. Сауалдамаға қатыспаған нысандардың 36%-ы қараусыз қалған үй немесе игерілмеген саяжай, ал 5%-ы адам тұруға арналмаған ғимарат болып шықты», – деген еді сол кезде Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев. Қанатқақты санақ шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі ақпараттық жүйелерінен және ауыл шаруашылығы техникасы тіркелімінен әкімшілік деректер интеграцияланған, ауыл шаруашылығы құрылымдарына СМС тарату ісі жүргізілген.
Қанатқақты жобаның нәтижесін М.Тұрлыбаев былай санамалап бергені есте: «Қанатқақты ауыл шаруашылығы санағының нәтижесі ретінде әкімдіктердің санақты ұйымдастыруға және өткізуге белсенді қатысуын, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің санаққа қатысуға жоғары дайындығын және халықтың онлайн-сауалдамаға қатысуының айтарлықтай деңгейін атап өткен жөн. Сонымен қатар қалалық және саяжай аймақтарында сауалдама жүргізудің қиындықтары, интервьюерлерді қажетті материалдармен және құралдармен жабдықтаудың жеткіліксіздігі және жалған ақпарат тарату мәселелері анықталды. Бұл қиындықтар алдын ала болжанды және қазір біз оларды шешу мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Ауыл шаруашылығының қанатқақты санағы кемшіліктерді анықтап, негізгі санақ процесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Өйткені тестілеу кезеңінде деректерді жинау әдістерін талдап, қолданылатын технологиялардың тиімділігін бағалап, жұмыс процесі кезінде туындауы мүмкін проблемаларды анықтай аламыз. Бұл тәсілдерді түзетуге, кадр даярлығын жақсартуға және 2025 жылғы негізгі ауыл шаруашылығы санағы кезінде ауыл шаруашылығының жай-күйін дәлірек және толық көрсетуге мүмкіндік береді».
Айта кетейік, ауыл шаруашылығы санағы аграрлық сектордың жай-күйі туралы шынайы және жан-жақты ақпарат жинауға көмектеседі. Ол егіс алқаптары, мал басы, шаруашылықтардың құрылымы, материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі, еңбек ресурстары туралы деректерді ұсынады. Бұл аграрлық сектордың әлеуетін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді. Бұл ақпарат негізделген жоспарлау, мемлекеттік ресурстарды тиімді бөлу және тұрақты агроөнеркәсіптік саясатты қалыптастыру үшін маңызды.
Ауыл шаруашылығы санағы деректерін кім пайдаланады? Ұлттық статистика бюросы көрсеткен мәліметке сенсек, ауыл шаруашылығы санағының нәтижелері сұранысқа ие:
• Үкімет пен мемлекеттік органдар тарапынан агроөнеркәсіптік кешен саласында тиімді мемлекеттік саясатты қалыптастыру және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау бағдарламаларын жоспарлау үшін;
• Ғылыми-зерттеу және білім беру мекемелері тарапынан ғылыми зерттеулер жүргізу, орнықты даму үрдістері мен жағдайларын талдау, ауыл шаруашылығы саласында білікті мамандар даярлау үшін;
• Халықаралық ұйымдар тарапынан (БҰҰ ФАО т.б.) жаһандық азық-түлік үрдістерін мониторингілеу, тәуекелдерді бағалау және азық-түлік қауіпсіздігі мен көмектің халықаралық бағдарламаларын қалыптастыру үшін;
• Агробизнес субъектілері тарапынан стратегиялық жоспарлау, нарық конъюнктурасын бағалау, негізделген шешімдер қабылдау және ресурстарды басқару үшін;
• Коммерциялық емес ұйымдар тарапынан ауыл шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау саласындағы бастамаларды/жобаларды әзірлеу үшін санақ деректері маңызды статистикалық деректер көзіне айналады.
Әзірлеген
Қарагөз Сімәділ
643 рет
көрсетілді0
пікір