• Ақпарат
  • 10 Шілде, 2025

Ұстаз жүрегінің шуағы

Жазсам деген дүниені алға ұзата беретін әдетімді бүгін ғана жеңгендей болып, қолға қалам алып отырмын. Сірә, өзің жақсы білетін жан туралы ой тізгіні ақ қағазға түсерде айналсоқтап, ұстатпай қояды дейтін сөз рас екен. Болмаса, аға, дос, әріптес Шоқан жөнінде – ширек ғасырдан аса әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де табан аудармай еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаз, әдебиетші-ғалым Шоқан Амангелдіұлы Шортанбай туралы бір кісідей білетін сияқтымын. 

Біз оқуға түскен жылдары Кеңес билігінің берекесі кетіп, Тәуелсіздікке ұмтылған республикаларды уысынан шығарып алмау үшін аласұрып жатты. Мен Шоқаннан екі курс төмен оқыдым. Оның курстастары 1986 жылы оқуға түсіп, Желтоқсан көтерілісін көзбен көрген, жүрегімен сезінген студенттер еді. Содан болар, әскерден келгені де, дайындық факультетін тамамдағаны да, тіпті мектеп бітіре сала қабылданған Шоқанның қатарластары да әлдеқайда ерте есейген, өмір көрген үлкен кісілердей көрінетін. Шыны керек, біз ұлт қызметіне жарасам деген осы буынға қарап бой түзедік, ой түзедік. Тәуелсіздік туын көтерген жылы түлеп ұшқан олардың қатарынан азаттық жолында абақты көрген қайраткер де, зерделі зерттеуші де, танымал журналист те шықты. Араларында абыройлы академиктері және бар. 
Кілең мықтылар жиналған осы курстың ішінде Шоқан бізге жақындау болды. Көңілі ақжайлау, көпшіл. Менмендіктен алыс, емен-жарқын жайдары мінезін бәріміз жақсы көреміз. Кей кезде алдағы семестрде оқитын пәндер, оқытушылар жөнінде басталатын барлау әңгімеміз түрлі тақырыпты төңкеріп, түннің бір уағына дейін жалғасады. Шоқанның зеректігіне, білімділігіне сол кездерде-ақ қайран қалатынмын. Біз үшін ол оқымаған кітап, ол білмейтін тақырып жоқтай көрінетін. 
Ғұлама Шоқандай болсын деп ырымдап, азан шақырып қойған атының ұшқыны болар, оның есте сақтау қабілеті тіпті бөлек. Зеректігі сол, кез келген қаламгердің жадыңда жаттала бермейтін туған-қайтқан күндері, шығармасының шыққан жылы, жарияланған баспасы дейсің бе – Шоқан еш жаңылмайтын. Әйтеуір, ол барда энциклопедия іздеп көп әуреге түспейтініміз анық. Оның осы бір ғаламат есте сақтау қабілетіне жүгініп, ұмытып қалған үйдің, таба алмай қалған телефонның нөміріне дейін сұрайтынбыз. Сол жылдары білімді, талантты түлектерді университетте алып қалатын жақсы бір дәстүр бар еді. Шоқан да оқу бітірген жылы ұлағатты ұстазы Тұрсынбек Кәкішұлының ұсынысымен кафедраға қабылданды. Содан бері оның еңбек кітапшасында қазақ әдебиеті кафедрасына оқытушы ретінде қабылданды деген бір ғана бұйрық жазылған. Содан бері Шоқанды кафедрасыз, кафедраны Шоқансыз елестету қиын... 
Бар-жоғы жиырма бір жасында ғана З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Р.Нұрғали, С.Ордалиев, А.Қыраубаева, Д.Ысқақұлы, Ө.Әбдиманұлы, Ә.Бейсебаев сынды көрнекті ұстаз-ғалымдармен қанаттаса еңбек етті. Бұрын тек дәрісін тыңдап, еңбегін оқыған ағай-­апайлардың өмірлік ұстанымын, бекзат болмысын бойына сіңірді. Жан сарайына жарық түсірген жақсы істерін көрді. Ғұлама корифейлердің дәстүрін көңіліне тоқыды. Сондықтан болар, Шоқан біз үшін кафедрамыздың ширек ғасырлық шежірешісі іспетті. Кешегі ұлт әдебиетін ұлықтаған ұстаздарының жолынан жаңылған емес. Қадір тұтқан жандарын ардақтап, үлгі етіп келеді. Жүрегін дүниеге босатқан жоқ, мансап-лауазымның жетегіне де ермеді. Сөз өнерінің, руханият жолының мәңгілік жолаушысына айналды. Ата-анасынан көрген өнегесі өрісін кеңейтіп, адамгершілік болмысымен ұстаздарының ықыласына бөленді.
Шоқан Амангелдіұлының ғылыми еңбектерінің басты ерекшелігі – ол бір ғасырмен, бір кезеңмен, бір жанрмен ғана шектелмейді. Айтпағымыз, Шоқанның әдебиетші-ғалым ретінде зерттеу ауқымының кеңдігі. Асылы, шебер Құдайдың нығметі адамның ныспысымен де үйлесім тапса керек. Әділетті ту еткен Амангелді батырдың да, замана ағымын жырға қосқан Шортанбай ақынның қоғам диагнозын дөп басатын қасиеті де ғұлама ғалымның есімін иеленген біздің кейіпкеріміздің қаламына дарыған. Себебі, оның жан дүниесі әдебиет әлемімен тұтасып кеткен. Кім не жазып жүр, қаламгерлердің беталысы қалай – Шоқанмен өрбіген әңгімеңнің бір арнасы осы тақырыптарды айналып өтпейтіні анық. 
Әдетте, ғалымдардың көпшілігі қорғаған диссертациясының нысанынан ұзай алмай, шиырлап қалатыны бар. Бұл бір нәтижеге жету үшін дұрыс та шығар. Бірақ, жан-жақтылық, тұтас әдеби үдерісті назарда ұстап, баға беріп, талдап отыру – әдебиетші үшін ең құнды қасиет. Міне, Шоқанның зерттеулерінен осы ерекшелікті көреміз. Оның қаламы бір тақырыпты ғана төңіректеп қалған емес. Әдебиет әлемінде болып жатқан жаңалықтар, жазылған жақсы шығармалар әрқашан Шоқанның назарында.
Автордың жақында жарық көрген «Сарасөз» атты еңбегі осыған дәлел. Кітапта қазақ әдебиетінің даму заңдылықтары, ұлт әдебиеті тарихының мәселелері және қаламгерлердің шығармашылық әлемі жан-жақты талданған. Ғалымның әр жылдарда баспасөз бетінде жарияланған сұқбаттары да салиқалы ойын толықтыра түскен. Тарауларының аты да тайға таңба басқандай: «Ғылымның қия жолында», «Қилы кезеңнің көркем шежіресі», «Қара сөзден қамшы өрген», «Сыр-сұхбаттар өзегі – әдеби өмір». 
Ұстаз-ғалым бұл еңбегінде хандық дәуірдегі жыраулар поэзиясынан қазіргі қазақ әдебиетіне де­йінгі дәстүр сабақтастығын саралап берген. Мысалы, «Асан қайғы толғауларының көркемдік әлемі», «Шешендік өнер табиғаты», «Жамбыл мұрасы – мәңгілік елдің мирасы» атты мақалалары сөз зергерлерінің ой өзегіне үңілсе, келесі бір зерттеуінде Көдек Маралбайұлының көп назарына түсе қоймаған туындыларын талдайды. 
Автордың «А.Байтұрсынұлының бастауыш сыныпқа қатысты ұстанымдары» атты мақаласы ұлт ұстазының қайраткерлік тұлғасын жаңа бір қырынан таныстырған. Ұлт әдебиетінің асыл мұраларын жоғары және орта мектепте оқыту әдістемесіне қатысты тұжырымдары «Жамбылдың табиғат лирикасын орта мектепте оқытудың тиімді жолдары», «З.Қабдоловтың тұлға шығармашылығын оқытудағы өзіндік ұстанымдары», «Ұлттық мүдде тұрғысынан оқытатын уақыт жетті» атты зерттеулерінде жан-жақты ашылған. Бұл Шоқан Шортанбайдың әдіскер-ғалым ретіндегі қырын көрсетеді. Ал осы кітаптағы «Махамбет поэзиясындағы сөздердің стильдік-мағыналық қолданысы», «Ұлттық жазудың ұстындары» атты мақалалары тек әдебиетші-ғалымдарға ғана емес, лингвистер үшін де бағалы дереккөз. 
Шоқанның зерттеулерінен аңғаратын тағы бір ерекшелік – жинақылық, нақтылық, жүйелілік. Ол тіпті жазған мақалаларының атынан («Қазіргі қазақ әңгіме жанрындағы драматизм мәселесі», «Абылай хан» пьесасы: шындық пен шеберлік», «Құланның ажалы» романы және тұлға әлеуеті», «Тұйық» романындағы табиғаттың тылсым сыры мен ғажайып суреті» т.б.) да аңғарылады. Не зерттесе де, оның өзектілігін айқындап, соны шешудің, ғылыми айналымға түсірудің жолын іздейді. Жадағай баяндамайды, құрғақ сөзден ада. Сондықтан болар, Шоқанның салмақты ойларын әдебиетші қауым асыға күтеді. Себебі оның шығарма талдауы көп зерттеушіге ұқсай бермейді. Таптаурын терминдерден гөрі таным көкжиегіңді ашатын шығарма оқығандай әсер аласың. Оның шәкірттері, белгілі жас әдебиеттанушы ғалымдар Елдос Тоқтарбай мен Әлібек Байбол: «Оның ізденгіштігі, шығарманы талдау методикасы ешкімнің қолтаңбасына ұқсамайды», – деп дөп басып жазған еді. 
«Сарасөздегі» салиқалы ой Ғ.Мүсірепов, Қ.Ысқақ, Д.Исабеков туындыларының терең әлеміне де бойлатқан. Ұлт әдебиетін ұлықтаған З.Қабдолов, Т.Кәкішұлы, Р.Нұрғали, А.Қыраубаева, Қ.Мәдібай, Ж.Смағұл т.б. шығармашылық портреті Шоқанның парасат-пайымымен үндесіп, рухани сабақтастықтың үзілмеген жібін дәлелдейді. Сын жанры да сырт қалмаған. Сыр-сұқбаттарының өзегі Ә.Бөкейханның, Ж.Аймауытовтың, М.Әуезовтің, Б.Момышұлының мұрасын жас ұрпақтың жүрегіне жеткізіп, ұлттық рухты оятуға негізделген.
Оның қаламынан бүгінге дейін «Қазақ романдарындағы тұлға әлеуеті болмысын қалыптастырудағы дәстүр мен жаңашылдық», «Роман және кейіпкер болмысы», «Қытайдағы қазақ әдебиеті дамуының алғашқы кезеңі», «Қазақ әдебиетіндегі ұлттық идея­ның түп төркіні», «Мәңгілік ер» идеясының ХХІ ғасыр әдебиетіндегі көрінісі», «Қазақ фольклоры және әдебиеті бойынша мәтін талдау сабақтары» т.б. бірнеше зерттеу мен ұжымдық монография, оқу-әдістемелік еңбек туды. Бұл зерттеулер бүгінде әдебиеттанушылар мен жас ғалымдардың игілігіне айналып, ғылыми ізденістерге негіз болып жатыр.
Шоқан – шәкірт болмысын білім нәрімен және ізгілік уызымен нұрландырған ұстаз. Білімді, байсалды, қарапайым ұстаздарына деген шәкірттерінің де ықыласы ерекше. «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Алаш поэзия­сындағы азатшыл идея», «Қазіргі қазақ әңгіме-повес­тері» атты пәндерден дәріс оқиды. Жан дүниесіне үңіліп, жағдайын білуге асығып тұратын Шоқан шәкірттерінің жүрегінде «Әдебиет ағай» болып орныққан. Әр сабағын студенттері асыға күтеді. Ұстаз ұлағатына шәкірттері әрдайым ризашылықпен қарайды. Ерінбейді, білгенін үйретеді, қолдайды. Бұл баз біреу үшін кәдуілгі жұмыс болып көрінсе де, Шоқан танымында ұлт руханияты жолындағы асқақ мақсаттардың бірі. Еліміздің қай түкпіріне барсаң да, түлектердің Шоқан ағайды сұрап, сағынышпен еске алып жататыны содан да болар. Шәкірті шын сағынған ұстаз бақытты ғой, олай болса Шоқан да бақытты ұстаз. 
Шоқан Амангелдіұлының көп жылғы еңбегі ескеріліп, кеудесіне «Ахмет Байтұрсынұлы» медалі тағылды. Ұлт ұстазының атындағы марапаттың Шоқанның төсінде жарқырауын жақсылыққа баладық. Бұл – білім дәнін тәрбие нәрімен суарып тер төккен Шоқанның еңбегіне деген құрмет. 

Самал Дәрібайұлы            

 

566 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы