• Ақпарат
  • 10 Шілде, 2025

Суға қатысты саясат: шығын және шындық

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,

«Ana tili»

Күн санап климат өзгеріп жатыр. Бұл құбылыстың ең ауыр салдарын Қазақстан судың тапшылығы түрінде алдағы уақытта қатты сезінері анық. Су – тіршілік көзі ғана емес, ауыл шаруашылығының тірегі, энергетиканың қуаты, экожүйенің тіршілігі. Өкінішке қарай, бүгінде елімізде су тапшы әрі жыл санап азайып келеді. Қазақстанда судың 65 пайызға жуығы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Бұл саладағы судың тиімділігі төмен. Атап айтқанда, суару жүйелерінің жартысынан көбі тозған, ашық каналдардағы судың 20–50 пайызға жуығы ысырап болады, технология мен әдіс ескірген. 2023 жылы ауыл шаруашылығында пайдаланылған әрбір 1 м3 судың экономикалық қайтарымы бар болғаны 0,5 доллардан аспады. Бұл дамыған елдермен салыстырғанда, өте төмен көрсеткіш. Жалпы, елімізде Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бар, ал 9 шілде Су шаруашылығы қызметкерлерінің күні болып белгіленген. Осы орайда аталған институттың мамандарымен су мәселесіне қатысты өзекті проблемаларды талқыладық.

 

Алдымен «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты немен айналысады?» деген сұраққа жауап беріп алайық. Бұл институт – су ресурстарын басқару, мелиорация, экология, сумен қамтамасыздандыру және жайылымдарды суландыру, су шаруашылығының экономикасы саласындағы жетекші ғылыми ұйым. Елдегі су қауіпсіздігі үшін бұл институттың маңызы зор. 
– Атап айтқанда, еліміздегі су ресурстарын пайдалану және басқару мен суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыруға, суармалы топырақтың құнарлылығын қалпына келтіруге және арттыруға, ауыз судың сапасын жақсартуға, суару жүйелерін қалпына келтіруге, реконструкциялауға және құруға, ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету және жайылымдарды суландыруға бағытталған. Соңғы жылдары Қазақстанда су тапшылығы мәселесі жиі көтеріледі. Бұл тақырып тек экологиялық емес, ұлттық қауіпсіздік, экономикалық тұрақтылық және халықтың тұрмыс сапасы тұрғысынан да аса өзекті болып отыр. Су тапшылығы расымен де еліміз үшін күрделі әрі терең дағдарыс көзіне айналып келеді. Ауыл шаруашылығының жағдайы – су тапшылығына тікелей байланысты. Қазақстанда егіншіліктің едәуір бөлігі суармалы жерлерге негізделген. Алайда бұл саланың инфрақұрылымы ескірген: суару жүйелерінің көпшілігі кеңестік кезеңнен бері жаңартылмаған, – дейді Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бас директорының ғылыми-зерттеу жұмыстары жөніндегі орынбасары, техника ғылымының кандидаты Миробит Мирдадаев. 
Судың ысырапшылдығы өте жоғары, кей бағалаулар бойынша, суар­малы жүйелер арқылы берілетін судың 40–60 пайызына дейін далаға кетеді. Мұндай жағдай ауыл шаруа­шылығының өнімділігін төмендетіп, азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. 
– Жалпы алғанда, су тапшылығы мәселесі тек табиғи құбылыс емес, бұл – стратегиялық, басқару және технологиялық шешімдерді қажет ететін кешенді түйткіл. Оны шешу үшін елімізде заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу, су инфрақұрылымын жаңарту, халықаралық деңгейде тиімді келіссөздер жүргізу, ең бастысы, суды тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыру қажет. Қазақстанда су тапшылығынан ең көп зардап шегіп отырған өңірлер – оңтүстік, батыс және шығыс аймақтар. Олардың әрқайсысында су проблемасының сипаты әртүрлі, бірақ салдары ортақ: ауыл шаруашылығына, халықтың тұрмысына және экожүйеге кері әсер, – дейді Миробит Салимұлы. 
Мамандардың айтуынша, еліміздегі су ресурстары тапшылығының артуы, жер үсті және жер асты суларының ластануы, судың орасан зор шығыны, суармалы жерлердің тозуы, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерінің шиеленісуі, суды мемлекетаралық бөлу проблемалары Қазақстандағы су мәселесі болып отыр. 
– Жер көлемінің болуына және су ресурстарының тапшылығына, трансшекаралық келіп түсуіне, ирригациялық жүйелердің техникалық жай-күйінің нашарлауына және гидротехникалық құрылыстардың (ГТҚ) жоғары тозуына байланысты еліміздің ерекше жағдайлары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсартуды ескере отырып, су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, су ресурстарын кешенді интеграцияланған басқару жолымен су үнемдеу проблемасын шешу қажет. Осыған байланысты су шаруашылығының стратегиялық және өзекті міндеті ресурстарды үнемдейтін технологияларды әзірлеу және қолдану, ирригациялық жүйелерді жаңғырту және автоматтандыру, ғарыштық мониторинг технологияларын кеңінен пайдалану, ішкі нарықты барынша қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін дамыту арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігі міндеттерін шешу кезінде орнықты дамуға көшу маңызды, – дейді институттың ғылыми қызметкері, техника ғылымының докторы Оразхан Қарлыханов. 
Сонымен қатар институттың басым бағыттарының бірі – еліміздегі су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін суды үнемдейтін, суару технология­ларын пайдалану кезінде су шығынын азайтуға мүмкіндік беретін су үнемдеу, энергияны үнемдеу суару технологияларын жасау және ендіру. Ал мамандар ол үшін барлық техника мен ғылыми жаңалықты салып, жұмыс істейді. 
– Су үнемдеу суару технология­ларын кеңінен өндіру суармалы суды 20–30 пайызға үнемдеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Тамшылатып, жаңбырлатып, жер асты суару сияқты су үнемдеу суару технологияларын қолдану су ресурстарының өнімділігін 2,0–2,5 есеге арттырады. Яғни суды үнемдейтін суару технологияларын қолданғанда 1 м3 пайдаланылған судан 2,0–2,5 есе көп ауыл шаруашылығы өнімі алынады. Кеңес заманында салынған су жүйелері – Қазақстандағы ауылдық және қалалық инфрақұрылымның маңызды бөлігі екені рас. Алайда бұл жүйелердің көбі бүгінде ескіріп, тозуы жоғары деңгейге жетіп отыр. Оларды жаңарту бағытында жұмыстар атқарылды. Мысалы, мемлекеттік бағдарламалар аясында су және кәріз жүйелерін жөндеу, жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр; кейбір қалада «смарт» технологиялар енгізіліп, суды тиімді пайдалану мен есепке алу жүйелері орнатылды; Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында жергілікті бюджет есебінен су тарту, тазарту жүйелерін орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр, – дейді Оразхан Қарлыханұлы. 
Мамандардың сөзінше, климаттың өзгеруі мен мұздықтардың еруі – Қазақстан үшін стратегиялық қауіп. Бұл – экологиялық ғана емес, экономикалық, саяси және әлеуметтік мәселе. Ғылыми тұрғыда оған дайын­далу – нақты деректерге сүйенген басқару, технологиялық жаңару және аймақаралық әріптестікпен ғана мүмкін. Ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі ғылыми шешім – тамшылатып және жаңбырлатып суару технология­ларын енгізу, климатқа бейімделген сорттарды (қуаңшылыққа төзімді) өсіру, цифрлық агротехнологиялар, су есептеу жүйелерін пайдалану. Осы орайда «Қазақстанның су ресурстары көрші елдерге қаншалықты тәуелді?», «Іле мен Ертіс өзендері бойынша Қытаймен, Сырдария бойынша Орталық Азия елдерімен қарым-қатынас қалай дамып жатыр?» деген сұрақтың туындауы орынды. 
– Қазақстанның су ресурстарына деген көрші елдерге тәуелділігі – экологиялық, экономикалық және саяси маңызы зор мәселе. Климаттың өзгеруі мен мұздықтардың еруі жағдайды одан сайын ушықтырып отыр. Сондықтан су мәселесін тек ұлттық деңгейде емес, аймақтық және халықаралық деңгейде де ғылыми, ашық әрі әділ негізде шешу қажет. Бұл үшін Қазақстанға көрші елдермен құқықтық келісімдер бекіту, ақпарат алмасуды ашық ету және бірлескен су басқару тетіктерін дамыту аса маңызды. Себебі су – тек табиғи ресурс емес, болашақтың қауіпсіздігін айқындайтын стратегиялық байлық. Бұл тұрғыда біздің зерттеу нәтижелеріміздің практикада қолданылуы маңызды. Біз мемлекеттік тапсырыс шеңберінде су шаруашылығы және мелиорация саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргіземіз. Еліміздегі су шаруашылығы мен мелиорациясын интенсификациялау мен тұрақты дамытуды ғылыми қамтамасыз етеміз. Дербес немесе отандық және шетелдік ұйымдармен бірлесіп ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конс­трукторлық жұмыстарды жүргізеді, инновациялық қызметті жүзеге асырамыз. Ғылымды көп қажет ететін және импортты алмастыратын өндірісті құрады, ауыл шаруашылығы өнімдерін, жабдықтардың тәжірибелік және шағын партияларын өндіру мен өткізуді жүзеге асырамыз. Су және топырақ талдауының барлық түрін жүргіземіз. Сонымен қатар ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді тәжірибелерде алынған тәжірибелік мәліметтер негізінде агрохимиялық құралдардың ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігіне, өнім сапасына және топырақ құнарлығына әсері туралы зерттеулер жүргіземіз. 
Тәжірибелік-өндірістік тексеруді және су шаруашылығы мен мелиорация саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижесін ендіру жұмыстарын жүргізіп, елдегі агроөнеркәсіптік кешен жағдайларына қатысты озық шетелдік технологияларды бейімдеу (трансферт) бойынша жұмыстарды жүзеге асырамыз, – дейді Миробит Мирдадаев.
Су шаруашылығы мамандарының сөзінше, су тапшылығының алдын алу үшін Қазақстан шұғыл қолға алуы керек шаруалар бар. Атап айтқанда, Қазақстандағы су ресурстары, климат өзгерісі және трансшекаралық өзендер бойынша жүргізілетін зерттеу­лердің практикалық қолданысы көбейіп келеді, бірақ әлі де кедергілер мен қолданбалы деңгейде қиындықтар бар. 
– Біз осы мәселелерді шешу үшін түрлі шешімді ұсынамыз. Оның ішінде, суды үнемдеу және шығынды азайту, трансшекаралық су қатынастарын күшейту және ауыл шаруашылы­ғында суды тиімді пайдала­ну маңызды еке­нін атап өткім келеді. Сонымен қатар су ресурстарын кешенді басқару және ұтымды пайдалану, экономика секторларын дамыту және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін инновациялық су және ресурс үнемдеу технологияларын қолдану негізінде су шаруашылығы мен гидромелиорацияның тұрақты дамуын ғылыми қолдау қажет, – дейді Оразхан Қарлыханов. 
Бізге белгілісі, Қазақстанның негізгі өзендері – Сырдария, Іле, Ертіс және Шу көрші елден бастау алады. Нақты айтқанда, еліміздің су ресурсының 45 пайызы сырттан келеді. БҰҰ-ның 2023 жылғы деректеріне сәйкес, егер Қазақстан су ресурстарын басқару моделін өзгертпесе, 2040 жылға қарай су тапшылығы 50 пайыздан асады.
Бұл ауыл шаруашылығы өнімділігінің күрт төмендеуіне, азық-түлік бағасының көтерілуіне және халықтың көшуіне (ішкі миграция) алып келуі мүмкін. Сарапшылар ЖІӨ-нің 5–6 пайызына дейін шығын болу ықтималдығын ескертеді.

P.S.

Су тапшылығы – жай ғана экологиялық немесе шаруашылық проблемасы емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздік,экономикалық тұрақтылық және халықтың өмір сүру сапасының негізі. Қазақстан су тапшылығының алдын алу үшін су ресурстарын басқару жүйесін цифрландырып, суды тиімді пайдаланатын технологияларды енгізуі керек. Сонымен қатар халық арасында суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру қажет.

 

3967 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №54

05 Ақпан, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы